ТӘУЕЛСIЗДIК ҚҰРДАСЫ

ТӘУЕЛСIЗДIК ҚҰРДАСЫ

ТӘУЕЛСIЗДIК ҚҰРДАСЫ
ашық дереккөзі
346

Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепке – 20 жыл

Елiмiз егемендiк алған алғашқы жылдары Алматы қаласында қазақ тiлiнде бiлiм беретiн бiлiм ұялары саусақпен санарлық едi. Оның өзi ұрпағының болашағын ойлаған ұлтжанды азаматтардың батыл қадам жасауымен ашылғаны ел есiнде. Баласының басқа тiлде шүлдiрлегенiне қамыққан кейбiр қазақ отбасылары арақашықтыққа қарамастан дәл сол қазақ мектебiнде бiлiм алуын құп көрдi. Сөйтiп, қазақ мектебiне баратын оқушылардың жылдан жылға артуы мемлекеттiк тiлде тәлiм-тәрбие беретiн бiлiм ұяларының бiртiндеп салынуына алып келдi.

Мiне, сол тәуелсiздiк баспалдағында тұрған шақта есiгiн айқара ашқан мектептiң бiрi – Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясы. Бұл бiлiм ұясының ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсыновтың есiмiмен аталуы тегiн емес. Сонау қиын-қыстау заманда-ақ қазақ баласына "Тiл тағылымы", "Әдебиет танытқыш" атты үлкен еңбек жазып, мол мұра қалдырып кеткен Ахаңның атын бiлiм ұясына берудiң өзiнде терең сыр жатыр. Жетпiс жыл бойы қылышынан қан тамған кеңестiк кезеңнiң бұғауынан сытылып шығып, қазақ баласына ана тiлiнде тәлiм-тәрбие беруге талпыну тек қазақ елiнiң қолынан ғана келетiн тәуекел iс. Директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөнiндегi орынбасары, ҚР Бiлiм беру iсiнiң үздiгi Аманқұлова Шолпан: "Бiздiң мектеп қазақ халқы үшiн қиын кезеңде ашылды. Бұл ауданда қазақ мектебi болмапты. Сол кездегi кiсiлердiң айтуынша, қыркүйекте құрылысы бiтпесе де, ұстаздар өздерi көмектесiп, балаларды қабылдай берiптi" деп бiлiм ұясының өткенiнен сыр шерттi. – Мектептiң тарихын жасайтын бiр адам емес, үлкен ұжым. Бiз түрiк елшiлiгiмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстеп, ағылшын мен түрiк тiлiн тереңдетiп оқытамыз. Бiздегi 87 мұғалiмнiң 51-i жоғары санатта, қалғаны бiрiншi, екiншi санатта" – дейдi Шолпан Мәдиқызы.

Мектеп-гимназия ұжымы осы уақыт iшiнде басынан талай қиындықты да, қуанышты да өткiздi. Әрине, әуелгiде кез келген бiлiм ұясының аяқтан тiк тұрып кетуi оңай емес. Әсiресе, елiмiз аумалы-төкпелi аласапыран уақытқа тап болғанда мектептердiң жағдайы қайбiр жетiсiп тұрды дейсiз. Бiлiм шаңырағының бүгiнгi күнге сынын да сырын да кетiрмей жетуi бiлiктi ұстаздар мен жанашырлық танытқан басшының арқасында екенi даусыз. Мектеп сонау 1990 жылдан берi бiрде-бiр күрделi жөндеуден өтпесе де, өзiнiң биiк тұғырынан түскен емес, түспейдi де…

Алматы қаласында салынған қазақ тiлiндегi мектептiң алғашқы қарлығашы – талай отбасының көзайымына айналған. Мұнда нағыз қазақ тiлiнде терең бiлiм алғысы келетiн талантты, дарынды оқушылардың шоғыры оқиды. Тiптi, бiлiм ұясында әр пән бойынша арнайы кафедра жұмыс iстейдi. Онда ұстаздар оқушылардың жан-жақты бiлiм алуын қадағалап, түрлi байқаулар, шаралар өткiзiп тұрады. Бүгiнгiнiң оқушысын кешегiмен салыстыра алмайсыз. Жаңа заманауи техника дамыған уақытта бiлiм алып жатқан өрелi оқушылардың сөз саптауы да, ой жүйрiктiгi де басқаша. Олар елiмiз еңсесiн тiктеп, тәуелсiздiгiне қол жеткiзген бақытты сәтте бiлiм алып жатқан саналы ұрпақтар емес пе?! Айтулы мектептiң бiр күнiн тамашалауға тырысқан бiз бiлiм ұясынан еркiндiктi, батылдықты, қайсарлықты, туған тiлi үшiн тер төккен адал еңбектi көрдiк.

Таңғы сағат 8. Кешiккен оқушыны көрмейсiз. Бұл уақытта сабақ та басталып кеттi. Бәрi қарсы алдындағы ұлағатты ұстаздың аузынан шыққан сөздердi ұйып тыңдап, санасына құйып алуда. Бiр сәтте өзара пiкiрталас қызып кеттi. Оқушылардың ойы емiн-еркiн. Әркiм өз пiкiрiн дәлелдеуге тырысып жатыр. Ал, осы мектепте қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнен 18 жыл бойында сабақ берiп келетiн Гүлшат апайдың қуанышында шек жоқ. Бүгiн оқушылары сабақ барысында белсендiлiк танытып, берiлген тақырыпқа өте жақсы дайындалып келген. Осы шаңырақтың ыстығы мен суығына бiрге төзiп келетiн жоғары санатты қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi, гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушiсi Гүлшат Нүсiпжанқызының оқушылары талай жарыстарда оқ бойы озық шығып, жүлделi орындарды иемденген. “– Әсiресе, 1998 жылы бiтiрген түлектерiмнiң бәрi де бiр-бiр кiрпiш боп қаланып, өмiрден өз орындарын тапқанына бақыттымын”, – дейдi Гүлшат апай. Әрбiр қаракөз баласының жеткен жетiстiгiне балаша қуанған ұстаздың кең пейiлдi көңiлi мен дарқан жүрегi тағы да тебiренiп сала бердi.

Мектеп дәлiзi. Оқушыларды әдептiлiк пен iзгiлiкке баулитын тақтайшалар мен ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов айтқан өсиет сөздер кез келген баланы оң жолға салатыны бiрден байқалды. Әрбiрден соң, басқа бiлiм ұяларына қарағанда, бұл шаңырақтан қазақы дәстүрдiң сабақтастығын аңғардық. Қазақ баласының ұлтжанды, өз елiнiң патриоты болуына дем беретiн мектеп аурасы бәрiнен де ыстық сезiлдi. Олардың Ахмет Байтұрсынов хақында, бес арыс, үш бәйтерек жайында терең деректер бiлетiнiне күмәнiмiз болған жоқ.

Бұрын мектепте Ахмет Байтұрсынов атындағы мұражай жұмыс iстеп тұрды. 20 жылдық мереке қарсаңында мұражай қайта өңделiп, тың материалдармен толықпақшы. Мұражайға Ахмет Байтұрсыновтың шығармалары, өлеңдерi, Бес арыстың еңбектерiн, тағы басқа сирек кездесетiн деректер қойылады. Мұражайдың қайта түлеген тұсаукесерiне Ахаңның соңында қалған ұрпақтары, алаш арысының жүрiп-өткен жолын зерттеушi-мамандар, зиялы қауым өкiлдерi арнайы келiп, тамашалайды. Бұдан өзге мектеп-гимназиясы жанынан шығатын әдеби-танымдық "Елсана" журналы жарық көредi. Мектеп-гимназиясы ҰБТ нәтижесi бойынша Алматы қаласындағы бiлiм ұяларының алғашқы ондығына кiредi.

“Мектеп – кеме, бiлiм – теңiз”. Ал, ұстаз теңiздегi кеменiң ескегi. Олай дейтiнiмiз, сонау мектеп iргесiн қалаған жылдардан берi осы шаңырақта тапжылмай бiлiм берiп, еңбегiнiң жемiсiн жеп жүрген ұстаздар баршылық. Ендiгi әңгiменiң тiзгiнiн мектептi мектеп еткен ұстаздар қауымына берсек деймiз.

ЖАРҚЫН IСТЕР ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Мектеп 1990 жылы 1020 балаға арналған қазақ орта мектебi болып құрылды. Мектепке 1991 жылы қазақтың бiртуар азаматы Ахмет Байтұрсынұлының есiмi берiлдi. Осы жылы мектеп-гимназия статусын алды.

Ол кездегi мектеп басшысы марқұм Сауле Бекжанова болатын. 1993-1996 жылдар аралығында мектеп-гимназияны биiк белестерге көтерiп, ұжымға басшылық жасаған тарих ғылымдарының докторы Тұрғанжан Төлебаев болатын. Ол кiсi бүгiнгi таңда әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнде ұстаздық қызмет атқаруда.

Мектеп-гимназияда 1997 жылдан бастап ғылыми кеңес жұмыс iстедi. Оған мектеп-гимназия директоры Р. Мұратханова мен Д.Қасенов басшылық жасады.

Мектеп Республикалық "Дарын" орталығында оқушылардың ғылыми жобасына жыл сайын қатысып тұрды. 2001-2002 оқу жылы iшiнде 5 оқушы арнайы диплом алса, 2002-2003 оқу жылында 5 оқушы жүлдегер болды. 2003-2004 оқу жылында 15 оқушы Ғылыми жобаға өз жұмыстарын өткiзiп, биiктен көрiне бiлдi. Мектеп-гимназия қазақ тiлi, ағылшын тiлi, математика, биология пәндерiн тереңдетiп оқытады, экологиялық бағыттағы мектеп болып есептеледi. Шығармашылықпен еңбек етiп, оқулық жазуға ат салысқан ұстаздар бар. Қанымқан Дүйсебаева бастауыш мектептерге арналған "Еңбекке баулу" оқулығының авторы. Роза Балпанова бастауыш сыныпқа арналған математика пәнiнен "Жұмыс дәптерiнiң" авторы. Шолпан Аманқұлова директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөнiндегi орынбасары, дүниежүзi тарихынан дидактикалық материалдар мен әдiстемелiк құралдың авторы. Мектепте "Домбыра – дастан" оркестрi, "Демал" қоғамдық тобы аудандық, қалалық, республикалық жарыстарда жүлделi орындардан көрiнiп жүр. Домбыра үйiрмесiнiң жетекшiсi Мақсат Жүсiпәлi. Педагогика ғылымдарының кандидаты Райхан Мұратханова басшылық жасаған тұста мектеп 2000 жылы қала әкiмi тағайындаған "Ең үздiк жыл мектебi" байқауына қатысып, сыйлыққа ие болды. "Республикалық мектеп директорларының байқауында" Р. Мұратханова II орын иелендi.

Мектебiмiз Түрiк елшiлiгiмен "Бауырлас мектеп" бағдарламасы аясында байланыс жүргiзедi. Жыл сайын мектеп оқушылары директордың оқу тәрбие жұмыстары жөнiндегi орынбасары Шолпан Аманқұлованың ұйымдастыруымен Түрiк елiне барып, оқушылармен танысып, сол елдiң салт-дәстүрiн көрiп, демалып қайтады. 2009-2010 оқу жылында Түркия елiнен мұғалiмдер мен оқушылар бiзге қонаққа келiп кеттi. Осылайша екi ел арасындағы достық қарым-қатынас жылдар өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Мектеп-гимназияда 1994 жылдан берi түрiк тiлi пәнi енгiзiлген. Бұл пәннен Түркиядан келген мамандар дәрiс бередi. Түрiк елшiлiгiнiң көмегiмен түрiк тiлi кабинетi, мұғалiмдер бөлмесi жабдықталған.

Жалпы аумағы 10444м2 болатын үш қабатты мектепте барлық пәндерден оқу бөлмелерi, лингафон және мультимедия, 5 интерактивтi тақталы кабинеттер, 80 орынды асхана және 2 спорт зал, ырғақты гимнастикаға арналған кабинет бар.

Оқу-тәрбие iсiн басқарудың жылдық жоспары негiзiнде жұмыстар атқарылуда.

Мектепте 6 кафедра бар. Әр кафедраның айлығын өткiзудi жолға қойдық. Онда мұғалiмдердiң бiр-бiрнен тәжiрибе алмасып, шығармашылық жұмыс iстеуiне жол ашылары сөзсiз. 13 мұғалiм ресмпубликадағы ең үздiк мұғалiмдер жарық шыққан кiтапқа ендi.

Өткен оқу жылында аудандық олимпиададан 18 оқушы жүлделi орынға ие болды.

Оқушыларымыз спорттық ойын жарыстарында да аудандық, қалалық байқауларда жоғары көрсеткiш көрсетуде. Пән мұғалiмдерi: З. Даулетова, Е.Сәрсенбаев, С. Шораханов, Ұ. Алдабергенова, Б. Разиевалардың еңбегiн ерекше атауға болады.

2009-2010 оқу жылында мектеп бiтiрушi түлектер тест қорытындысы бойынша орташа 87,17% балл, 80.76% сапа көрсеткiш көрсеттi. Мектеп түлегi Серiк Айнұр "Алтын белгi" кеуделiк белгiсiн қорғап шықты.

Ұстаздар мен ата-аналарды, оқушыларды мектептiң 20 жылдық тарихы бар мерекесiмен құттықтаймын. Ұрпақ болашағы – баршаның iсi. Iсiмiзге сәттiлiк берсiн!

Рая Хариқызы, Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназия директоры

Бiлiм негiзi – бастауышта

Елiмiз дамыған 50 елдiң қатарына қосылуды алдына мақсат етiп қойып отыр. Бұл мақсатқа жету үшiн әрбiр азаматты мектеп қабырғасынан кәсiби бiлiктiлiкке дайындау қажет. Дана халқымыз "Баланы – жастан", "Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе" дейдi. Бұл айтылғандар мектептегi бiлiм мен тәрбие беру негiзi бастауыш сыныптардан басталатынын көрсетедi. Мұны өз тәжiрибемнен айта аламын. А. Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназия шаңырақ көтерген алғашқы жылдардан бастап осы мектептiң бастауыш сыныптарымен жұмыс iстеп келемiн. Осы жылдар iшiнде алдымнан бiрнеше жүздеген бүлдiршiн шәкiрттер бiлiм мен тәрбие алды. Шәкiрттерiмдi тәрбиелей жүрiп, өзiм де көп нәрсенi үйренiп, өсiп шыңдалдым.

Бастауыштағы жұмыстың өзiндiк ерекшелiктерi бар. Ұстаз деген ат бәрiнен де гөрi осы бастауыш сыныптардың мұғалiмiне өте-мөте лайық секiлденедi. Өйткенi, мұнда мұғалiм пән оқытушысы ғана емес, ол – бағбан, сонымен қатар баланың мектептегi қамқор қорғанышы әрi екiншi ата-анасы деуге болады. Бұл – мұғалiмнiң мiндетi ғана емес, қызметiнiң айрықша сипаты да.Сондай-ақ бастауыш сынып мұғалiмi ерiксiз және сөзсiз психолог болуға да "мәжүр". Ол әр оқушының мiнез-құлқын дұрыс бағалап, дарын-қабiлетiнiң көзiн ашуы тиiс.

Бастауыш сынып мұғалiмi бiлiм берушi ғана емес, "Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға" деп Абай атамыз айтқандай, ол үздiксiз тәрбиешi де. Және тек арнайы бөлiнген уақыттарда ғана емес, әрбiр сабақтың тәрбиелiк мән-мағынасын аша бiлуi керек болады. Бұл айтқаныма 1-сыныптың ана тiлi пәнi бойынша "Қайдан келдiң, бауырсақ?" атты сабақты түсiндiру барысынан мысал келтiре кетейiн. Сабақты "Ақ бидай туралы аңыз" ертегiсiнен бастадым. Суреттерiн көрсете отырып, бидайдың арамшөптердi жеңiп, қалай өсiп-өнгенiн әңгiмелеп бердiм. Бұдан соң өлең мәтiнiн мәнерлеп оқып шықтым. Ас атасы нанның дастарқанға қалай келетiнiн оқушыларға сұрақ-жауап әдiсiн қолдана отырып түсiндiрдiм. Техникалық құралдарды пайдаланып, мәтiнде баяндалған нанның дастарқанға келу жолын көрсететiн көрiнiстердi оқушылар назарына ұсындым. Үлкен плакатқа "Ас атасы – нан", "Еңбек етсең емерсiң" деген мақал-мәтелдер жазылып қойылды. Нанның дастарқанға келу жолы топтастыру стратегиясы тәсiлiн пайдалану арқылы көрсетiлдi. Жаңа сабақты өткен сабақпен байланыстыру үшiн мәтiндегi заттың қимылын бiлдiретiн сөздер табылды. Сабақ сұрақ-жауап әдiсiмен пысықталып, қорытылды. Сабақ уақытын тиiмдi пайдалану үшiн жоспар жасалды.

Бұл айтылып отырғандар мұғалiмнiң ерекше сабағы емес, әрбiр сабаққа қойылатын талап. Және бұл талапта шек болмайды, соған орай, сабақ та бүгiнгiсi кешегiден өзгеше болып, түрлене бермек. Ал бұл айтарға ғана оңай, iс жүзiнде мұғалiм өзiнiң шығармашылық iзденiстерi үшiн бүкiл уақытын жұмсауына тура келедi. Осылайша әрбiр сабақты түрлендiрiп, әр түрлi әдiс-тәсiлдермен өткiзу арқылы мұғалiм оқушылардың бiлiмi мен бiлiктiлiгiн арттырумен бiрге, оларды адамгершiлiк, iзгiлiк қасиеттерге баулып, алдына қойған мақсатына жетедi. Бұл ретте әр сабақтың өзiндiк сипатына қарай бiлiм беру мен тәрбиелеу тәсiлдерiн нақты таңдап ала бiлудiң маңызы зор. Сонда ғана сабақты оқушылар дұрыс қабылдап, нақты бiлiм алуға қол жеткiзедi. Бұларды iздестiру, дайындау және сабақта бiрiмен-бiрiн байланыстырып, үйлесiмдi түрде қолдана бiлу де – өз алдына үлкен бiр жұмыс. Олай болса, бастауыш сыныптарда бiлiм негiзiн қалау – мұғалiмнiң үздiксiз iзденiсi мен қажымас еңбегi дегендi бiлдiредi.

Қанымқан ДҮЙСЕБАЕВА, ҚР Бiлiм беру iсiнiң үздiгi, жоғары санатты бастауыш сынып мұғалiмi

ТОЙ ЖАСАП ЖАТЫР МЕКТЕП

Ұрпаққа баба өсиетiн аманаттап,

Қазақтың қазақтығын, тiлiн сақтап.

20 мәрте түлетiп шәкiрттерiн,

Мектебiм мерейтойын кеттi бастап.

Күз қоңыраулап, 20 көктем,

Рухани бiлiм күйiн әсем төккен,

Байтұрсынұлы Ахметтiң өсиетiн,

Келер ұрпақ, ұланына үлгi еткен.

Мұнда бар iзгiлiк пен үмiт-арман,

Таймаған ұстаздары ұлы жолдан.

Той жасап жатыр мектеп шежiресiн,

Сыр шертiп сонау тарих қойнауынан.

Бақытгүл Дiнсаламова, психология пәнi мұғалiмi

"Ұстаз күнделiгi" беттерiнен…

САҒЫНЫШ САЗДАРЫ

(Шәкiрттерiммен сырласу)

Күз мезгiлi. Ағаш жапырақтары сарғайып жерге түсе бастаған.

Бiр сәт №9 кабинет терезесiнен сыртқа қарап, ойға шомдым. Шәкiрттерiмдi алтын ұя мектебiнен қияға қанат қақтырып ұшырғаным кеше ғана сияқты едi. Көздi ашып-жұмғанша бес жыл да өте шығыпты-ау. Сол шәкiрттерiм еске түседi ерiксiз.

Мен әр шәкiртiмдi жүрекпен сүйдiм. Ұстаз бен шәкiрт арасындағы сыйластық, түсiнушiлiк көп жағдайларда сирек кездесетiн құбылыс. Сендер менiң қиналған сәтте қасымнан табылар ақылшым, көмекшiм болдыңдар. Өздерiңмен өткiзген қоңыр күз, қаһарлы қыс, көгiлдiр көктем өзiндiк iздерiмен мәңгiлiк есiмде қалды.

Алда бұралаңы көп өмiр жолы. Соған көз жүгiрткен сайын болашақ күндердiң жарық жағалаулары қол бұлғап, қызықтыра түсетiндей. Сол жағалауларға тезiрек жетсем екен деп асықтыңдар. Кiм болса да келер күндерiнен, атар таңдарынан жақсылық күтедi емес пе? "Армансыз адам – қанатсыз құспен тең" дегендей, арман атты құстың көкiрекке қонақтап, қанат қаққан кезi едi сол жылдар.

Әне, сендер бiлiм атты кемеге отырып, жағалаудан алыстай бердiңдер. Сендерге қол бұлғап, мен жалғыз қала бердiм. Осы бiр қимас сәт, қызығы мол тәттi күндер ендi қайтып келмесiн сезгендеймiн. Менiң жүрегiме ұялай қалған осы бiр сезiм, жанарымнан тамған ыстық жас сендердiң бәрiңе де ортақ деп ойладым.

Жылдар жылжып өтiп жатыр. Бүгiнде сендер өмiрден өз орындарыңды таптыңдар. Әрқайсың қолдарыңа диплом алып, жаңа өмiр жолын бастадыңдар. Сендердiң бойларыңда өзiндiк, қайталанбас ерекше қасиеттер болатын. Соның бәрiн сағынышпен еске аламын.

Биыл мектеп-гимназияның ашылғанына 20 жыл толып отыр. Соның он бiр жылы сендердiң мектеп табалдырығын имене аттап, азамат болып шығуларыңмен байланысты екен.

5,6-сыныптан бастап "Елсана" оқушылардың шығармашылық газетiн шығаруға ат салысып, сұхбат, репортаж, ертегi, әңгiме жазуға талпынғандарың естерiңде болар.

Әсiресе, Дәурен Сарсенов, Мәди Сатыбаев, Еркiн Қалқабаев, Әлия Маханова, Динара Бейсенбаева, Алмас Жақыпов, Азамат Қаптағаев, Аманжол Карибаев, Айгерiм Аманқұлова, Ләззат Күдербаева, Ернат Сарсенбаев т.б. оқушыларымды ерекше еске аламын.

Естерiңде ме? Сыныпта кейбiр оқушылар бiрiн-бiрi түсiнiсе алмай, сол тығырықтан шығудың жолын iздегенiмiз. Сол күнде Дәурен мен Әлия "Досым деп кiмдi санайсың?" деген тақырыпта пiкiрталас өткiзiп, содан кейiн балалар арасында достық қарым-қатынас түзелген болатын.

Дос болам десең,

Досымды сыйла, қымбаттым!

Досыңа сонда

Досыммен ғана қымбатпын.

Дос болам десең,

Мендегi доспен достасқын,

Сендегi доспен дос болып сонда тұрмақпын, – деп Мұқағали ақын жырлағандай, сол кезден бастау алған достықтарың күнi бүгiнге дейiн жалғасын табуда.

Мен сендердiң достық сезiмдi биiк, берiк ұстағандарыңды көрiп, қуанышқа бөленемiн. Ұстаздық еңбегiмнiң титтей де болса зая кетпегенiне ризамын.

"Мұғалiмнiң бүкiл мақтанышы – шәкiрттерiнде, өзi шашқан ұрпақтарының өсiп-өнуiнде", – дейдi Д.И. Менделеев. Мен де сендер шыққан биiкке сүйсiне қарап, мақтанамын. Ұстаздық жүректен шыққан сағынышым мен алғысымды айтып отырамын. Ұстаз бақыты деген осы болар.

… Қоңырау үнi естiлдi. Сыныпқа бiрiн-бiрi қуалай, көңiлдi күлкiмен оқушылар кiрдi. Кешегi сендер отырған партаға сөмкелерiн қойып, құрал-жабдықтарын алып жатыр. Олардың мөлдiреген көздерiне қарап, сендердiң бейнелерiңдi iздеймiн, ұқсатамын. Тағы да елес, сағыныш елесi.

Өмiр мектебiнiң келесi бiр беттерi басталып та кеттi…

Гүлнар Толқынбекова, №139 мектеп-гимназиясы директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөнiндегi орынбасары

АЛТЫН ҰЯ МЕКТЕБIМIЗГЕ – 20 ЖЫЛ!

Жас ұрпақты заманға сай оқыту, саналы тәрбие мен сапалы бiлiм беру бүгiнгi күннiң басты талабы. Рухани байлық, ең алдымен әр халықтың ұлттық әдеп-салты, дүниетанымы, шыққан түп тамырында жататыны белгiлi. Әр баланың қабiлетiн, талантын ашу, өзiнiң сенiмiн нығайту – бүгiнгi басты мiндет.

Ұлттық менталитетiмiздi қалыптастыру ең алдымен, мектептен, бiлiм беру, тәрбиеден басталатыны белгiлi. Ұстаздық – киелi, мақтан тұтарлық мамандық. Мұғалiм бiлiм берiп қана қоймай, әр баланы шығармашылық тұлғаға жетелейдi. Шығармашылық дегенiмiздiң өзi iзденiмпаздықтан туады.

Ағартушы-ғалым, аудармашы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназияда ұстаздық еңбек етiп келемiн. "Шәкiртсiз ұстаз – тұл" демекшi, бүгiнге дейiн алдымнан мыңдаған түлек түлеп ұшты. 25 жылдық ұстаздық еңбегiмнiң 15 жылы осы алтын ұя мектебiмiзде өтiп жатыр. Мен бақыттымын. Өйткенi, бұл қасиеттi оқу орны – өмiрiмнiң ыстығы мен суығының куәсi, екiншi үйiм десе де болғандай.

Шынында да, өмiр – өзен. Өзен мен өмiр бәрiмiзге ортақ! Тiршiлiк тынысы тоқтамасын!

Гүлшат БОЛАТБАЕВА, Жоғары санатты қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi, гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушiсi

Серіктес жаңалықтары