ОСПАН БАТЫР ЖӘНЕ ШЫҒЫС ТҮРКIСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

ОСПАН БАТЫР ЖӘНЕ ШЫҒЫС ТҮРКIСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

ОСПАН БАТЫР ЖӘНЕ ШЫҒЫС ТҮРКIСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ашық дереккөзі
274

Кезiнде қыс қыстауы, жаз жайлауын өзiнiң атамекенiн көздiң қарашығындай сақтай бiлген қазақ жұрты, кейiннен екi iрi державаның уысына түсiп, үлкен бөлiгi орыстың, бiраз бөлiгi Қытайдың дәргейiне көшкенi белгiлi. Заманында осы екi елдiң шаңын қағып, титығына жеткен көшпендi ұлы жұрт, iшкi дүрдараздық пен алауыздықтан қолындағы билiгiнен, басты байлығы болып саналатын алып сахарасынан осылай уақытша болса да (бiрнеше ғасыр) айырылып қалған едi.

Қытай жағында қалған ел өз жерiнде тұрып жатқанмен алып елдiң теперiшiн аса көп көрдi.

Соның бiрi – Шан Кай Ши бастаған Гоминдан үкiметiнiң қорлау мен жаншу, тоз-тозын шығару iстерiне шыдамаған Алтай, Iле, Тарбағатай аймағын мекендеген қалың қазақ Оспан батырдың бастауымен көтерiлiске шықты. Жүрегi түктi батырдың қолбасшылығымен Гоминдан әскерiмен қиян-кескi ұрыстар жүрiп жатты. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары басталған бұл көтерiлiс ел арасында кеңiнен қолдау тапты. Оспан батыр егер бұдан бес-алты ғасыр бұрын дүниеге келгенде, аталары Шыңғыс және Темiрлан деңгейлес ұлы қолбасшы болар ма едi?..

Гоминдан үкiметiмен өз уақытында келiсiмге келе алмай, екi арадағы араздығы өсе түскен Сталин Моңғол мемлекетi арқылы Оспан батыр бастаған көтерiлiске дем берiп, соғысқа керектi көп мөлшердегi қару-жарақ жiберткен едi. Кезiнде кеңестiк шенеунiк Пахомов бастаған бiраз адамдарды Оспанға жiберiп, алдағы мезгiлде не iстеу жөнiнде ақыл-кеңес те берiп отырды. Осылайша ұзақ жылғы табан тiрескен соғыстың нәтижесiнде Оспан батырдың сарбаздары Алтай, Тарбағатай және Iле өзенi бойындағы туған елiнде, өскен жерiн уақытша болса да азат ете бiлдi.

Шыңжаңның солтүстiк қанатты саналатын үш аймақ Гоминдан езгiсi мен өктемдiгiнен тазартылып, бостандық алды. Сөйтiп, 1944 жылы күзде Оспан батырдың ұзақ жылғы жан аямаған қан төгiс күресi арқасында Шығыс Түркiстан республикасы (немесе уақытша өкiметi) дүниеге келдi. Бұған әрине, сталиндiк саясаттың үлкен көмегi де болған едi. Бiрiншi болып осы уақытша үкiметтi таныған Кеңестiк жүйе мен Монғол елi едi. Оның бастығы болып сол кезеңнiң оқыған-тоқығаны мол азаматы, қазақ Әлихан төре тағайындалды. Кейiннен аз ғана уақыт оны басқа ұлт өкiлдерi де басқарды. Ал, Оспан батыр Алтай аймақтық әкiмшiлiгiнiң әкiмi болса, орынбасарлығына Дәлелхан Сүгiрбаев ие болды.

Гоминдан өкiметiмен кескiлескен соғыста, тобықтан қан кешiп жүрiп, жеңiп алған әрi орнатқан республикасын, өзi реттеп бергендей көрiнетiн Чойбалсан өкiметi мен орыстарға Оспан батырдың көңiлi оншалықты тола қоймады. Нақты алға қойған тiлегi орындалмай, орыстың айтқанымен жүруге көндiге алмаған батыр, ыстық пен суықта ондаған жыл соғысып, талай мыңдаған сарбаздарын құрбан етсе де, ешкiмге тәуелсiз мемлекет құруға қол жеткiзе алмағанын анық түсiндi. Мiне, сондықтан ол күресуiн тоқтатпады.

"Мен қар жамылып, мұз төсенiп, халқым үшiн күрестiм, ендi оның қызығын дайын астық иелерi көрiп отыр. Билiктi ана орыс үйреткен Дәлелханға бердiм" – деген едi бiр сөзiнде. Дәлелхан Сүгiрбаев пен орыс генералы Викторов ақылдасып, Оспан батырды үгiттеп, Шығыс Түркiстанды қайта қолға алуды алдыға тартады. Халықты көтеретiн де, көндiре алатын да тек абырой, беделi алысқа кеткен Оспан ғана едi.

Кезiнде Гоминдан билiгiн өмiрге әкелген Шан Кай Ши мен Шыңжанды өктемдiкпен әрi аса қаталдықпен басқарып отырған Шыңшысай Қытайдың Мао бастаған қызыл коммунистерiнен жеңiлiс тапты. Бұл кезеңде Кеңес өкiметi Германия фашистерiн күйретiп тынған болатын. Ендi Гоминданды қытай коммунистерi жеңiп, билiктi қолға алған соң, Сталинге Оспан батыр да, оның өзi үш аймақты бiрiктiрiп құрған Шығыс Түркiстан республикасы да ендi керексiз болып қалды. Бiр жағынан оның тәуелсiз болып тұрғаны Орталық Азия республикалары үшiн де қауiптi едi. Ендi орыс жағынан да, қытай жағынан да Оспан батырды қудалау, жою, сонымен қатар, қан төгiп жүрiп құрған Шығыс Түркiстан республикасын құлату керек болды. Сталин, ерiктi Қытай коммунистерiне бердi.

Әттең, батырға ендi көмекке келетiн ешкiм болмады. Оспан бастап үш аймақ (Алтай, Тарбағатай, Iле) дүрлiгiп жатқанда, басқа өлкелер (Қытайға бағынышты) үн-түнсiз жатқан едi. Майдандасқан қызу күрес елуiншi жылға дейiн жалғасты. Сол кездегi Шығыс Түркiстан әскерiнiң бас қолбасшысы Ысқақбек батыр ауылына бiр топ нөкерлерiмен барып, оған ақыл-кеңес бермек болды. Бiрақ, батыр көнбедi. Иә, Оспан батырдың көнбеуiнiң жөнi бар. Ол екi жаққа да тәуелдi болғысы келмедi. Кезiнде өзi iргесiн көтерiп, шаңырағын бекiткен республиканың дербес болғанын армандап едi.

Ол сонау 1939 жылдың аяғынан бастап елiнiң тәуелсiздiгi үшiн жаппай үш аймақты көтерiп, қан майдан ашып, соғысып келген адамға Шығыс Түркiстан аумағында тең келетiн батыр жоқ едi.

Сол үшiн Оспан батырды қазақтар ғана емес, шет елдiктер де жоғары бағалады.

Дегенмен, өзiнiң жұртынан басқа, жан-жақтағы елдерден ешбiр қолдаусыз қалған батыр 1951 жылы қытайлардың қолына түсiп, мерт болды.

Оспан батыр көтерiлiсi, тарихта Гоминдандық отарлау, езiп-жаншуға және онан кейiнгi қызыл коммунистерге қарсы ХХ ғасырдағы аса iрi кескiлескен көтерiлiс болды. Оспан батырдың қазақ елi тарихында алатын орны ерекше болмақ.

Уақытында Шыңжаңның жарты өлкесiн азат етiп, тәуелсiз ел құрам деген асыл арманы орындалмай кеттi. Көп ұзамай өзi құрған уақытша өкiмет те (республика) құрдымға құлады. Оны қызыл хансулар құртып тынған едi. Әрине, қазiр бәрi тарихқа айналды. Бiрақ, ел азаттығын ту етiп көтерген азаматтың ерлiгi мен еңбегiн кейiнгi бiз, ұрпақтары еш уақытта ұмытпауымыз керек.

Бейсенғазы Ұлықбек, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары