Алматыда 11 жастағы қыз бала каруселден құлап, миы шайқалған, жабық бас-ми жарақатын алған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Анасы Мадина Аскенованың айтуынша, оқиға 5 шілдеде болған.
«Ол күні мен балаларыммен бірге “Family паркке” бардым, аттракциондарға билеттер сатып алдым. Біз бұл парктің жанында 10 жылдан астам уақыт тұрамыз және оны жиі келіп көреміз. Балаларым қауіпсіздік ережелерін және аттракциондардағы тәртіпті жақсы біледі. Алайда сол күнгі оқиға “Вальс” аттракционында болды. Оператор келушілерді турникеттен бір-бірден өткізіп тұрды. Үлкен қызым бірінші болып кабинкаға отырды, артынан кенже қызым келе жатты. Кенжем кабинкаға енді отыра бергенде, кабинка кенеттен қатты жылдамдықпен айнала бастады. Мен баланы ұстап үлгермедім. Нәтижесінде ол басын темір конструкцияға соғып алып, шұңқырға құлап кетті», – дейді Мадина Аскенова.
Ол жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Балаға екі ота жасалып, жарасы тігілген. Бір айдан астам уақыт өтсе де парк әкімшілігі осы уақыт ішінде ешқандай көмек көрсетпеген. Полицияда қылмыстық іс қозғаған.
«Аталған факті бойынша Әуезов ауданы полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмағандарға арналған, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету ) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іс бойынша кешенді тергеу іс-шараларының нәтижесінде іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Фото: Halyqstan