Еуропада Rewind бренді дәмі ерекше өнім 9 вольттық батарейканың дәмі бар жүгері чипсыларын ұсынды. Өндіруші компания өнімге лимон қышқылы, сода және арнайы минералдар қосып, жеңіл металл дәмін шығаруға тырысқан, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі theverge.com-ға сілтеме жасап.
Rewind бұл дәмді “бала кездегі естеліктердің біріне”, батарейканың дәмін көру әдетіне арнап шығарылғанын айтады. Компания мұндай әрекетті шын өмірде қайталауға үзілді-кесілді қарсы: «Батарейканы жалау, тістеу немесе жұтуға болмайды», – деп ескерткен.
Жоба Нидерландыдан басталып, Еуропа нарығына ұсынылмақ. Rewind тұтынушыларға ностальгия мен ерекше дәмдерді үйлестіреміз деп уәде береді. Жаңа чипсы түрлері арасында срирача, ірімшік-пияз, паприка сияқты дәстүрлі дәмдермен қатар, батарейка дәмі де бар.
Журналистердің бірі бұл чипсыны сынап көру үшін тіпті шынайы батарейканы жалап көргенін жазды. «Жеңіл шок, тілді қарығандай әсер және ұзаққа сақталатын металл дәм – бұл әдеттегі чипсыдан күткен нәрсе емес», – деп пікір білдірген ол.
Әзірге өнім кең таралып жатқан жоқ.