ТҰРАЛАFАН ТЕАТРЛАР, ТЫҒЫРЫҚҚА ТIРЕЛГЕН ДАРЫНДАР

ТҰРАЛАFАН ТЕАТРЛАР, ТЫҒЫРЫҚҚА ТIРЕЛГЕН ДАРЫНДАР

ТҰРАЛАFАН ТЕАТРЛАР, ТЫҒЫРЫҚҚА ТIРЕЛГЕН ДАРЫНДАР
ашық дереккөзі
270

Алматыда театр қайраткерлерi келелi жиын өткiздi

Театр – синтездi өнер. Актер – театрдың лүпiлдеп соққан жүрегi. Ал, режиссер – драматургия мен актердi шебер байланыстыратын басты тұлға. Демек, театр – актер, драматургия, режиссура сынды үш тұғыр бiр мезетте қызмет атқарып тұрғанда ғана нағыз талант төрiне айнала алады.

Театр айналасында әлi күнге шешiмiн таппай жатқан мәселе көп. Соның бiр парасы – театрда көркемдiк шеберлiктiң жетiмсiздiгi, жас актерлардың шалғайдағы облыстарға ат iзiн салмауы, драматургияның ақсап жатуы. Бұл қордаланып қалған мәселенiң бергi жағы ғана. Ал, бұл саланың терең тұңғиығына бойлай түссеңiз, бiз бiлмейтiн қалтарысы мен бұлтарысы көп екен.

Жақында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясында өткен "Қазақстан өнерiнiң стратегиялық бағыттары мен перспективалық дамуы" (театр өнерi мысалында) атты халықаралық форумда театрдың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi мен бет-алысы жайында кеңiнен әңгiме өрбiдi. Бұл шараға талай жылдардан берi театрдың ыстығы мен суығына төзiп келе жатқан майталман мамандар мен актерлар қатысып, көптен берi қордаланып қалған ойлары мен ұсыныстарын ашық әрi ащы түрде жеткiздi. Олардың ұтымды пiкiрлерiн Парламент Мәжiлiсiнен келген депутат Мұрат Ахмадиев, Президент әкiмшiлiгiнiң мәдениет секторының жетекшiсi Қуат Бораш және Мәдениет министрлiгiнiң өкiлдерi қағаздарына түртiп отырды.

Әрине, жаңа тарихи және экономикалық өрлеу кезеңi отандық көркем мәдениет саласында қоғаммен тығыз байланысты күшейтудiң жаңа жолдарын қалыптастырды. Бұл – уақыт талабы. Бiрақ, өркениет пен мәдениеттiң қарыштап дамып бара жатқандығын ескерсек, бiз театр және кино саласында соншалықты жедел-ғабыл әрекет етуiмiз керек. Десек те, күнi бүгiн театр туралы әңгiме қозғасаңыз, күрмеуi қиын мәселеден аяқ алып жүре алмайсыз. Неге?

Өнерде тақырыптардың жүйеленбеуi, театрдың ашық эротика мен тұрпайы саясатқа айналуы сахна қайраткерлерiн тығырыққа тiреп отыр. Өнердiң коммерциялануы ешқандай нәтиже бермедi. Театр – электронды ақпарат құралдарымен бәсекелесе алмай, көрермендерiнен айрыла бастады. Адамгершiлiк құндылықтар мен рухани мұраларды, сондай-ақ, халық дәстүрлерi мен ұлттық болмысты сақтап қалу алдыңғы кезекте тұрғанда бұл ауыр соққы болып тигенi аян.

Форумда алғашқылардың бiрi болып сөз алған Мәжiлiс депутаты Мұрат Ахмадиев өзiнiң шағын баяндамасында "Елiмiздiң театр саласында түрлi мәселелер бар. Бiрақ бiз бұл мәселенi дер кезiнде шешуiмiз керек" деуден асқан жоқ. Парламент төрiнен келiп отырған халық қалаулысын билiктiң бiр өкiлi ретiнде қабылдаған театр сыншысы Әшiрбек Сығай қазақ театр өнерiнiң күйiп тұрған мәселелерiн орын-орнымен жiпке тiзiп бердi.

"Парламентте өнер туралы көтерiлiп жатқан мәселелердi естiмеймiз. Бастапқыда Парламентке өнер адамдарынан Нұрлан Өнербаев, Мұрат Ахмадиев, Бекболат Тiлеухан сайланғанда, өнер адамдары қауға тиген өрттей қылып, көп нәрсенi шешедi ғой деп сендiк. Театр өнерi аясында шешiлмей жатқан мәселенiң көптiгiн өзiмiз де бiлемiз. Себебi, өзiмiз сол терiнiң iшiнде иленiп келемiз. Жақында Астанада бiр театр жоқ екендiгiн халық үмiт артқан сiздер емес, депутат Светлана Жалмағамбетова көтердi. Қазiр Астанада бәрiн салдық, бiрақ Қалибек Қуанышбаев атындағы театр әртiстерi қуықтай ғана бөлмеде жұмыс iстеп келедi. Бұл деген ұят нәрсе. Мiне, осы сияқты мәселелердi депутаттар көтеруi тиiс едi. Ал, Абай атындағы Опера және балет театрының бишiлерi 60-қа келiп, тiрсегi шыққанша билеуге мәжбүр. Осы мәселенi неге көтермейсiздер?" дедi депутат Ахмадиевке қарата айтқан сөзiнде. Сол сияқты театр сыншысы Әшiрбек Сығай театр мамандарын даярлайтын академияның әлi күнге екi министрлiктiң, яғни, Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Мәдениет министрлiгiнiң арасында сандалтып қойғанына 15 жыл толғанын айтады. "Бiз қалай десек те, Мәдениет министрлiгiне жақынбыз. Академия жоғары оқу орны болғанымен, шәкiрттерiмiз театрсыз, филармониясыз өмiр сүре алмайды" дейдi ол. Әшiрбек Сығайдың айтуынша, "бiрiншiден, қазiр облыстағы театрлардың бәрi өз бетiнше өмiр сүрiп жатыр. Ашығын айтқанда, жергiлiктi әкiмшiлiктегiлер өнер саласының жықпыл-жықпылын түсiнiп жатқан жоқ. Олар театрды облыс қарамағындағы, халық театрының деңгейiндегi кездейсоқ топ деп түсiнедi. Мәселен, Шымкенттегi театрда не қойылып жатыр? Семейде ше? Бәрiнен хабар жоқ. Әр облысты аралап, көрiп жүрмiн. Сонда қазақ театрларының иесiз қалғанына жаным удай ашиды. Ол аз десеңiз, мүлдем гастрольдiк сапарға шықпаған театрлар да бар. Ауыл халқына өнерiн көрсетпейдi. Халық рухани нәр алмаса, оның көркемдiгiнен ләззат алмаса, ондай театрдың не керегi бар? Демек, театр бiр орталықтан қаржыландырылып, қадағалануы керек. Әр облыста театрға ала-құла, әрқилы көзқарас, әрқилы қамқорлық жасалады. Театр – үлкен механизм, психологиялық жұмыс. Егер бiр орталықтан қаржыландырылса, министрлiкке де, облыстарға да тиiмдi болар едi.

Екiншiден, академияны қанша студент бiтiрдi, оның қаншасы жұмысқа орналасты? Бұны ешкiм бiлмейдi. Бiздiң жоғары оқу орнын бiтiргеннiң көбi қазiр асаба, әншi болып жүр. Бiз сонда 4-5 жыл бойы кәсiби мамандарды емес, асабаларды дайындадық па? Жасыратын түгi жоқ, қазiр академияда моральдық тұрғыдан сабақ беруге құқысы жоқ адамдар, тамада болып жүргендер жұмыс iстеп келедi. Олар тойды қалай жүргiзетiндiгiн айтпаса, не айтады? Қаншама жүйке жұқарды, жүрек ауырды. Нағыз маман қайда? Бiз студенттерге дәрiс беру кезiнде облыстарға бару керектiгiн көп түсiндiрмейтiн сияқтымыз. Қазiр студенттер Обаев пен Теменовтың театрында жұмыс iстеудi 2-курстан бастап армандайды. Оның iшiнен бес-алтауы таңдап алынады. Ал қалғанының өзi сол облыстарға барғысы келмейдi. Нағыз талантты актерлер мен актрисалар шығатын әп-әдемi қыз-жiгiттердi сахнадан көргiм келген. Қайда солар? Демек, шәкiрттерiнiң қайда жүргенiн академияның оқу бөлiмi де бiлмейдi. Өйткенi, қадағалайтын жүйе жоқ.

Айта кететiн үшiншi бiр мәселе – атақ туралы болып тұр. Қазiр республика бойынша 37 ғана Халық әртiсi бар болса, 37 ғана жазушы Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты. Осындай байтақ егемен елге бұл аз емес пе? Әрине, атақтың керегi не дейтiндер бар. Онда бiржола түгел алып тастасын. Бiрақ театр мен кино өнерiне қадам басқан жастарды немен қанаттандырамыз, немен талпындырамыз? Берiп жатқан еңбекақысының түрi анау. Әрбiрден соң "Халық әртiсi" деген атақ алған адам ақша сұрап жатқан жоқ қой. Халық әртiсi жоқ елдi қай ел, қай мемлекет таниды? Бұл ынталандырады, құлшындырады, ертеңге жетелейдi. Осыған тарылмау керек".

Театр сыншысы Әшiрбек Сығай тоқетер сөзiнде кадр, репертуар мәселесi шешiлмей ештеңенiң де болмайтындығын қадап айтты. Ал, кино өнерiнiң майталманы Асанәлi Әшiмов тақырыпқа қатысты ойын қарапайым мысалдан бастады. "Астанадағы театрға барсаң бiр депутат, бiр сенаторды көрмейсiң. Есесiне, оларды сауық қуатын орындардан кездестiруiңiз мүмкiн" деп театрға басын сұқпайтындарды түйреп өттi. "Театр аясында мәселе көп. Театр қайраткерлерi одағының көтеретiн, пiкiр туғызатын орны бар. Бiзде қарым-қатынас жоқ. Бұрын жас актерлердi тәжiрибе жинауға, оқуға Мәскеуге, Ленинградқа жiберетiн. Қазiр бұл атымен жоқ. Расында да, бiздiң оқу орны академия болғандықтан мұнда академиктер жұмыс iстеуi керек. Әшiрбек Сығай айтпақшы, Халық әртiстерiн көбейту керек. Билiктегiлер шетелге елiктейдi. Ол да дұрыс шығар. Бiрақ шетелде мықты актерлердi мемлекет өз қарамағына, өз қамқорлығына алады" деп бұрынғы жүйе мен тәртiптiң құрдымға кеткендiгiн қаперге сала кеттi.

Жазушы, драматург Дулат Исабеков ә дегеннен-ақ ел үкiметiнiң кадр мәселесiне келгенде тұрақсыз екендiгiне тоқталды. "Министрдi тағайындайды да, оларға жұмыс iстеуге мұрсат бермейдi. Бiр саланы қай басшы болса да, 3, 4 жылсыз жетiк меңгере алмайды. Сондықтан министрдiң қабiлетiн көрсетуге уақыт берiлуi тиiс" дегендi бiлдiрдi. Негiзiнен драматургия жөнiнде сөз алған Дулат Исабеков қазiргi таңда драматургтер санының сиреп кеткенiн ашына жеткiздi. Себебi, бүгiнде ең жас драматург 40-тың қырқасына шыққан. Шындап келгенде, нағыз драматургияны, оның өнiмi – пьесаны 25 пен 50 жас аралығындағылар өндiрiп жаза алады екен.

Бiз театр тұрғысында көтерiлiп отырған мәселелердiң жай-жапсарын тыңдаған соң, Президент әкiмшiлiгi мәдениет секторының жетекшiсi Қуат Борашты әңгiмеге тартып көрдiк. Ол өз сөзiнде бұл жайттардың көптен берi күн тәртiбiнде екендiгiн айта келе, "Театр саласын заманға сай өркендету және бұрынғы майталман шеберлердiң iзiн жалғастырушы ретiнде жаңа буын қалыптастыру мәселесi қарастырылып жатыр. Осы форумға арнайы келуiмiздiң бiр себебi осы. Жақында Елбасының өзi театрларды заманға сай икемдеу, бейiмдеу туралы тапсырма бердi. Осыған байланысты Мәдениет министрлiгiне арнайы мiндет қойылды. Қазiр мемлекет қаржыландырып отырған 50 театрдың соңғы бес жылдағы "репертуарлық саясаты қалай жүрдi? Қанша актер келдi? Даму мәселесi қалай?" деп келетiн 50 сұрақтан тұратын сауалнама жолданды. Оның қорытындылары жәймен келiп жатыр. Арнайы жұмыс тобын құрып, сараптайтын боламыз. Ал, театрларды бiр орталықтан қаржыландыру мәселесi туралы айтсам, "Жергiлiктi өзiн-өзi басқару туралы" Заң бойынша театр да сол жергiлiктi жердiң балансында тұрады. Бұл жерде бұрынғы форманың бәрiн қайтадан көшiрiп алудың қажетi жоқ. Қазiр заманға сай өркениеттi елдердiң, Еуропа елдерiнiң үздiк үлгiлерiн зерттеу керек. Бұл мәселенi тiзеге салуға болмайды. Қазақтың болмысына, экономикасына сәйкес келетiн формасы табылады. Сол арқылы енгiзуге болады", – дейдi Президент әкiмшiлiгi мәдениет секторының жетекшiсi Қуат Бораш.

Форумда отандық театр және кино саласының хас шеберлерiнен бөлек, Ресей мен Кореядан, тағы басқа елдерден ат терлетiп келген режиссер-мамандар сөз алып, театр мәселесi жөнiнде пiкiр алмасты. Бұдан әр елдiң рухани мұрасы, эстетикалық тәрбиесi болатынын тағы да түйсiне бiлдiк. Алайда, нелiктен мемлекеттiк идеологияның тұғыры саналатын театр өнерi алдыңғы қатарда емес? Бұл форумға жиналған көпшiлiктiң көкейiнде кеткен жауапсыз сұрақ болды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары