Жаңаөзендік спортшылар 17–27 шілде аралығында Чехияның Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан өткен халықаралық турнирде жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған жарысқа әлемнің бірнеше елінен мықты спортшылар қатысып, өзара бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Жаңаөзен қаласының №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары топ жарып, ел мерейін үстем етті.
Рапид түрі бойынша 15 жасқа дейінгі ұлдар арасында Мирас Наурызбай чемпион атанса, 13 жас санатында Абылай Бекишов күміс жүлдені иеленді. Ал классикалық форматта өткен бәсекеде Мирас Наурызбай қола жүлдені жеңіп алды.
Сонымен қатар Чехияда өткен бірнеше зияткерлік ойын түрлерінен де жаңаөзендік спортшылар сәтті өнер көрсетті. Бестемше бойынша өткен Әлем кубогында 13 жасқа дейінгі ұлдар арасында Абылай Бекишов чемпион атанып, алтыннан алқа тақты. Мангала ойынынан ұйымдастырылған халықаралық турнирде Мирас Наурызбай екінші орынды иеленді.
Айта кетейік, жас спортшыларды бапкерлері Түгелбай Қуанышов пен Күлаш Мәдрешова дайындаған.