АСТАНА САММИТI ЖӘНЕ АДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

АСТАНА САММИТI ЖӘНЕ АДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

АСТАНА САММИТI ЖӘНЕ АДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР
ашық дереккөзі
363

Қазақстан Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйымға 1992 жылдың қаңтар айында мүше болды.

ЕҚЫҰ – қазiргi таңда Солтүстiк Америка, Еуропа мен Орталық Азияның 56 мемлекетiнiң басын бiрiктiрiп отырған әлемдiк деңгейдегi iрi аймақтық ұйым. Бұларға қоса 11 мемлекет осы ұйыммен әрiптес ретiнде келiсiмге қол қойған.

1973 жылы Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi кеңес құрылды. Ал 1975 жылы 1 тамызда 35 мемлекеттiң қол қоюымен Хельсинкi келiсiмi қабылданды.

– ЕҚЫҰ-ның басты қағидалары: егемен елдердiң теңдiгiн тану, бекiтiлген шекаралардың мызғымастығы, халықаралық қатынастарда қоқан-лоққыға жүгiнбеу, күш қолданбау, мемлекеттердiң территориялық бiртұтастығын мойындау, дауларды бейбiт жолмен шешу, басқа мемлекеттердiң iшкi iсiне араласпау, адам құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарау, әрбiр халықтың өз тағдырын билеудегi теңдiгi мен құқығы, халықаралық құқықты сақтау үшiн мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық және мойынға алған мiндеттердi ерiктi түрде жүзеге асыру.

1995 жылы Кеңестiң аты Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйым деп өзгертiлдi.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық ету мәселесi алғаш рет осы ұйымның Тұрақты Кеңесiнiң 2003 жылы 18 ақпанда өткен жиналысында айтылды.

Қазақстанның төраға болу мәселесiне қатысты шешiм 2007 жылы желтоқсанда Мадридте өткен ЕҚЫҰ сыртқы iстер министрлерi кеңесiнде қабылданды.

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев:

"Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудi мен стратегиялық ұлттық жобалардың бiрiне жатқызамын. Бұл – бiздiң елдiң тәуелсiздiк жылдарында жеткен үлкен жетiстiктерiнiң бiрi және оның беделiнiң өсе түскендiгiнiң белгiсi деп бiлемiн".

Бұл оқиғаның саяси маңызы – ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет бұл ұйымға ортаазиялық мемлекет төрағалық етпек.

Қазақстан – қазiргi таңда ТМД аумағында осы ұйымға төраға болған бiрден-бiр мемлекет.

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев:

"Бiздiң Ұйымымыз құрылған 1975 жылы, сол тұста әлi әлемнiң саяси картасында орын алмаған Қазақстан тәрiздi мемлекеттiң 35 жылдан кейiн оны басқаратыны, сiрә, ешкiмнiң ойына кiрiп те шықпаған шығар".

Қазақстан төрағалығы "траст" (сенiм), "традишн" (дәстүр), "транспаренси" (ашықтық) және "толеранс" (төзiмдiлiк) ұрандары аясында жүзеге асуда.

Ал ЕҚЫҰ соңғы саммитi осыдан 11 жыл бұрын, 1999 жылы Стамбұл қаласында өткiзiлген екен.

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев:

"ЕҚЫҰ саммитiн өткiзудегi 10-жылдық үзiлiс бұл ұйымның консессуалдық негiзiнiң дағдарыста болмаса да, тоқырау жағдайында екендiгiнiң анық белгiсi".

– ЕҚЫҰ құрылғанына 35 жыл өтсе де, осы кезге дейiн мемлекет басшылары деңгейiнде басқосу бар-жоғы 6-ақ рет өткiзiлген. Бұған дейiн 1975 жылы – Хельсинкiде, 1990 жылы – Парижде, 1992 жылы – Хельсинкiде, 1994 жылы – Будапештте, 1996 жылы – Лиссабонда ЕҚЫҰ Саммитi өткен.

– Қазақстанның тiкелей мұрындық болуымен шақырылған алдағы саммит – ЕҚЫҰ тарихындағы жоғары деңгейдегi 7-шi басқосу.

– Қазақстанның осы ұйымға төрағалығы тұсында, әсiресе, алдағы саммитке дайындық пен оны өткiзу барысында әлемдiк қауымдастыққа халқымыздың мәдениетi мен демократияшыл дәстүрiн, тұрақтылық пен татулық сақтаудағы тәжiрибесiн жан-жақты насихаттаудың мүмкiндiгi мол.

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев:

"Жоғары дәрежелi кездесудiң бiздiң Ұйымды қазiргi өмiр шындығына бейiмдеуге жағдай жасайтынына сенiмiм мол.

Ол әлем жұртшылығына ЕҚЫҰ-ның "Хельсинкiден Астанаға дейiнгi" табысты эволюциясын паш ететiн болады.

Астанада халықаралық өмiрдегi ең басты саяси оқиғалардың бiрiн өткiзу – бiздiң елiмiздiң әлем алдындағы беделiн көтерiп қана қоймайды. Астана саммитi Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық және демократиялық дамуына серпiн берiп, қазақстандықтардың бiрлiгi мен патриотизмiн бұрынғыдан бетер нығайта түсетiн болады".

– Алдағы саммитке әлемнiң 55 мемлекетi мен 60-қа жуық халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ 500-дей үкiметтiк емес ұйым өкiлдерi келедi. Оның үстiне, 1500-дей шетелдiк журналист тiркелмек. Жиынға келетiн ресми қонақтардың саны 5000-нан асуы мүмкiн.

– Саммит жұмысын отандық жетекшi телеарналар республика жұртшылығына тiкелей эфир арқылы көрсетедi.

ЕҚЫҰ төрағасы, ҚР Мемлекеттiк хатшы – Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев:

"Саммит өтетiн күндерi барша әлем назары бiздiң елордамызға қадалмақ. Осы тұста бiз әлемдiк БАҚ-тардағы ең басты жаңалықтың нысанасы боламыз. Әрине, сондықтан да саммит кезiнде БАҚ өкiлдерiнiң жұмыс iстеуiне лайықты жағдай жасау мен олардың Қазақстан туралы, Қазақстандағы өмiр туралы көбiрек мағлұмат алып, тәуелсiздiктiң кейiнгi жылдарындағы айтулы жетiстiктерiмiз жайында бiлiп қайтуы үшiн бiздiң мойнымызға артылатын жауапкершiлiк жүгi орасан".

ЕҚЫҰ негiзгi мiндеттерi "үш себеттен" тұрады: бiрiншi себет – саяси-әскери бағыт. Қару-жарақты таратпауды бақылауда ұстау, кикiлжiңдердi шешуде дипломатиялық ерiк-жiгердi пайдалану және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн сенiмдiлiк орнату шаралары. Екiншi себет – экономикалық және экологиялық мәселелер. Үшiншi себет – адами құндылықтарға қатысты. Адам құқығының сақталуы, демократиялық институттардың дамуы және сайлауларға мониторинг жасау.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның "үш себетiн" бiрдей толтыруды ұсынады.

ЕҚЫҰ төрағасы, Мемлекеттiк хатшы – Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев:

"Бiз ЕҚЫҰ төрағасы ретiнде әу бастан-ақ ерiк-жiгерiмiздi қауiпсiздiк кеңiстiгi емес, қауiпсiздiк қауымдастығын құруға бағыттадық, бұл қауымдастық бөлiну сызықтарынан ада, тұтас аумағында қауiпсiздiк деңгейi бiрдей, оның аясында күш қолдану мүмкiн емес, ал ең бастысы, мүдде ортақтастығына баса назар аударылады".

– Осы төрағалық тұсында Қазақстанға көршiлес ел Қырғызстандағы саяси жағдайдың шиеленiсуi де үлкен сынақ болды. Шекаралас, бауырлас ел ретiнде Қазақстан бұл елге гуманитарлық көмек жiберiп, арнайы конференция ұйымдастырды.

– Қазақстан төрағалығы тұсында жасалған жұмыстардың бiрi "Корфу процесi" бойынша Вена кеңестерiнiң нәтижелерi қару-жарақты таратпауды жiтi бақылауда ұстау мен сенiм шараларын күшейтудiң маңыздылығын көрсеттi.

– Ауғанстандағы саяси-экономикалық жағдайдың ғаламдық және аймақтық қауiпсiздiкке тигiзетiн әсерiн ескере отырып, халықаралық қауымдастықтың назарын осы елде кешендi бағдарламалар жасау қажеттiгiне аудармақ. Бұл орайда, Қазақстан ұйым төрағасы ретiнде бiрқатар жобаларға бастамашы болды. Ауған экономикасын алға жылжытатын ұлттық кадрлар дайындауға байланысты iрi жобалар жасалды. Мысалы, ауған шекара, полиция және кеден қызметкерлерi ЕҚЫҰ Тәжiкстандағы Шекаралық колледжiнде және Қырғызстандағы Кеден оқыту орталығында бiлiм жетiлдiредi. Қазақстанда Iшкi iстер академиясында ауған полиция нұсқаушылары дәрiс алады. Бұдан бөлек, биылдан бастап 2018 жылға дейiн 1000 ауған мамандары қазақстандық ЖОО-ларда бiлiм алмақ. Бұл жобаға ҚР үкiметi 50 млн. АҚШ долларын бөлiп отыр.

– Қазақстан басшысы ЕҚЫҰ экономикалық-экологиялық өлшемдi дамытуға көбiрек көңiл бөлуi тиiс деп санайды. ЕҚЫҰ-ның Бонн декларациясы мен Маастрихт стратегиясын қазiргi жағдайға бейiмдеудi және "Маастрихт плюс" құжатын жасау қажеттiгiн айтып жүр. Бұл құжаттың жобасы да Саммит қарауына ұсынылмақ. Ұйымның аясында дағдарыс және дағдарыспен күрес мәселелерi алғаш рет Астана экономикалық форумында талқыланды.

– Қазақстан төраға ретiнде ұйым мүшелерi арасындағы көлiк қатынасы мен көлiк дәлiздерiн дамыту мәселесiн қолға алғаны белгiлi. Осы орайда, теңiзге шығатын жолы жоқ мемлекеттердiң мүддесi көбiрек ескерiлiп отыр. Көлiк дәлiзiн дамыту ЕҚЫҰ мүше мемлекеттерi дамуы арасындағы айырманы жоюға ықпал етпек.

– Экологиялық бағыт бойынша, халықаралық қауымдастықтың назарын Арал теңiзiне аударуға күш салынбақ. Бұл аймақтағы экологиялық, әлеуметтiк-экономикалық мәселелердi шешуде күш жұмылдыруға шақырудың талпынысы жасалады. Бұл үшiн ЕҚЫҰ жанындағы Орталық Азия мемлекеттерi Тұрақты мүшелерiнiң бiрлескен мәлiмдемесi жасалады деп жоспарланған.

– Қазақстан көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет ретiнде қоғамдағы тұрақтылық пен бейбiт келiсiмдi орнатудың механизмдерi жөнiнде ой бөлiсуге әзiр.

– Қазақстан ЕҚЫҰ ұйымы аясында төзiмдiлiк қағидаларын таратудың жолы ретiнде екi ұсыныс бiлдiрдi. Бiрiншiсi, Төзiмдiлiк пен кемсiтушiлiкке жол бермеу жөнiндегi ЕҚЫҰ Орталығын құру. Екiншiсi, ЕҚЫҰ-ның этносаралық және дiнаралық төзiмдiлiк мәселесiндегi рөлiн күшейтудi талқыға салу.

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев:

"Елдердiң барлығында бiрдей этностық және дiни төзiмдiлiк саласында көптеген түйткiлдi мәселелер қордаланып қалды. Бүгiнде ЕҚЫҰ-ның жауапкершiлiк аймағында мәдени, өркениеттi және дiнаралық қарым-қатынас жасаудың қажеттiлiгi пiсiп-жетiлдi".

2010 жылы Хельсинкiдегi Қорытынды Актiге қол қойылғанына – 35 жыл, Париж Хартиясының қабылданғанына – 20 жыл, Копенгаген құжатының қабылданғанына – 20 жыл толды.

11 жылдан берi шақырылмай, биыл желтоқсан айының басында Астанада өткiзiлетiн ЕҚЫҰ саммитi қазақ елi үшiн ғана емес, 56 мүше мемлекеттер үшiн де айтулы оқиға болмақ.

Еуропадағы беделдi ұйымға төрағалық тәжiрибесi алдағы жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық кезiнде өнегелi сабақ болатыны анық.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары