АЗИЯША ОРТАҚ САЯСАТ

АЗИЯША ОРТАҚ САЯСАТ

АЗИЯША ОРТАҚ САЯСАТ
ашық дереккөзі
197

Бiр ұйымға мүше мемлекеттердiң мүдделерi бiр болуы шарт па?

Орта Азиядағы геосаяси мүдделердiң тоғысуының тарихи себептерi айқын. Алпауыт мемлекеттердiң мүддесi осы аймақтың қауiпсiздiгiн сақтау үшiн құрылған ұйым жұмысы аясында да байқалып қалады.

Осыдан 14 жыл бұрын "Шанхай бестiгi" ұйымының құрылуынан бастау алатын Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) әу баста аймақтағы әскери ынтымақтастықты дамытуды көздеген.

Қазiр оған алты мемлекет: Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжiкстан, Қырғызстан, Өзбекстан мүше. Үндiстан, Иран, Моңғолия, Пәкiстан бақылушы-мемлекеттер қатарында. Осы ұйымға бақылаушы болуға ықылас бiлдiрген Белоруссияға оның "азиялық емес мемлекет" екенi жөнiнде ескерту жасалып, мүшелiкке қабылданбай қалды. Дегенмен, осы мемлекет үшiн арнайы "Диалог бойынша әрiптес" деген статус бекiтiлдi. Қазiр Шри-Ланка да осы статусқа ие.

Ресми тұрғыдан алғанда, ШЫҰ басты мiндеттерi мүше-мемлекеттердi бiрiктiретiн кеңiстiктегi тұрақтылық пен қауiпсiздiктi нығайтуға күш салу, терроризммен, сепаратизммен, экстремизммен және есiрткi тасымалымен күрес. Сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастық, энергетикалық әрiптестiктi, ғылыми және мәдени ықпалдастықты дамыту да құзырына кiредi.

Бұл ұйым жағрафиялық тұрғыда 30 миллион шаршы шақырым аумақты қамтиды. Басқаша айтқанда, Евразия құрлығының 60 пайызын алып жатқан iрi құрылым. Сарапшылардың айтуынша, ұйым аясына демографиялық көрсеткiштерi бойынша, жер шарының халқының төрттен бiрi кiредi. Экономикалық мүмкiндiктерi де осал емес. Бiр ғана Қытай экономикасының өзi ұйымның халықаралық қауымдастықтағы ролiнiң салмақты болуына себепкер.

2003 жылы ШЫҰ мүше-мемлекеттердiң үкiмет басшылары алдағы 20 жылға арналған "Көпсалалы сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын" қабылдады. Оның аясында бұл аймақта еркiн сауда аймағын құру жоспарланған. Қысқа мерзiмдi мақсаттардың бiрi – аймақтағы тауар айналымын ұлғайту. Ынтымақтастық барлық салаларды: энергетика, көлiк, ауыл шаруашылығы, телекоммуникация, қоршаған ортаны қорғау т.б. қамтуы тиiс.

Ұйым кеңiстiгi аясында Қытайдың экономикалық қуаты басым екенi анық. Аймақта еркiн сауда аймағын құруға да, сауда мен инвестицияға ыңғайлы инфрақұрылым жасауға да мүдделiлiк танытып отырған да – Қытай. Бiрақ негiзiнен Орта Азия аймағы Қытай үшiн өз тауарын өткiзу рыногы екенi жасырын емес. Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының өсiп келе жатқандығы осының анық дәлелi. Сондықтан да бұл мемлекет Орта Азия мемлекеттерiнiң Бүкiләлемдiк сауда ұйымына тезiрек мүше болуына қолдау көрсетуге дайын. Дегенмен, Қытайдың экономикалық мүддесiн Ресей барынша тежеуге талпынып отырғаны анық.

"Шанхай бестiгiнiң" де, кейiн Шанхай ынтымақтастық ұйымының да құрылу кезеңi АҚШ, Қытай, Ресей ара-қатынастарының неғұрлым ушыға жаздаған кезеңiне тұспа-тұс келгенiнде бiр гәп бар болса керек. Дегенмен, ШЫҰ өкiлдерi бұл ұйымының Америкамен де, НАТО-мен де теке-тiресу үшiн құрылғанын жоққа шығарудан жалыққан емес.

ШЫҰ-ның тарапынан Американың Орта Азиядағы әскери базаларын шығаруға бiршама талпыныстар жасалды. Соның бiрi – 2005 жылы 5 шiлдеде Астанада өткен саммитте ШЫҰ мүше-мемлекеттер АҚШ-ты Орталық Азиядағы базаларды шығарудың мерзiмiн нақтылауға шақырған декларация қабылданған. Бұл құжатта америкалық әскерiнiң Ауғанстандағы "Талибан" жүйесiне тойтарыс беруге күш салу керектiгi ескертiлген едi. Көп ұзамай, осы жылдың 19 шiлдесiнде АҚШ Өкiлдер палатасы Конгресi резолюция қабылдап, онда ШЫҰ мәлiмдемесiнiң мәтiнiнен Қытай мен Ресейдiң бұл аймақтан АҚШ-ты тықсыруға деген ниет байқалатынына алаң көңiл бiлдiрген. Осыдан соң Өзбекстан Карши-Ханабадтағы американдық әскерилер жарты жыл iшiнде елдi тастап шығатынын мәлiмдедi.

Дегенмен, осы кiшiгiрiм ресми теке-тiрестен соң бес жыл өткен соң да, АҚШ әуе базалары Орталық Азиядан әлi табан аудара қойған жоқ.

ШЫҰ мүшелерi де, АҚШ-та әлемдiк саясаттағы тегеурiндi теке-тiрестен бойды аулақ ұстауға тырысып бағуда. Жаһандық саясаттағы ендiгi ұран: "Бөлiп ал да, билей бер!" дегенге саяды.

Әу баста құрылғанда әскери ұйымға да, тұрақты кеңеске де ұқсамайтындығы айтылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының болашақта аймақтың дамуында ықпалы айрықша болуы мүмкiн. Оның Еуразия кеңiстiгiнде беделдi ұйымға айналу потенциалын жоққа шығаруға болмас. Мұның алғышарттары баршылық. Қазiрдiң өзiнде анық жайт – ШЫҰ-ның беделiнiң нығаюы осы аймақтағы Қытайдың ықпалының артуына әкелетiнi сөзсiз.

Сәтi түскен сұхбат

Алматыға ат басын тiреген Шанхай қоғамдық ғылымдар Академиясы Евразия институтының директоры, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Зерттеу орталығы ШҚҒА директорының орынбасары Юй Цзян Хуаға бiрнеше сұрақ қоюдың сәтi түстi.

Юй Цзян Хуа: ҚЫТАЙ САЯСАТЫ – ӨТЕ ОРНЫҚТЫ, ҚАЛЫПТЫ, ТҰРАҚТЫ САЯСАТ

– Орта Азияда қазiргi таңда терроризм мен экстремизмнiң қаупi қаншалықты деп ойлайсыз?

– Бұл аймақта 2002 жылға дейiн терроризм, экстремизм қаупi зор болған. Бiрақ одан берi Шанхай ынтымақтастық ұйымының арқасында терроризм қаупi әлсiредi. 2003 жылы Иракта соғыс басталғаннан кейiн терроризм қаупi қайтадан күшею қаупi болды. Менiңше, экономикалық дағдарыстан кейiн әртүрлi күштер қайтадан бас көтерiп жатыр. Мысалы, Қырғызстандағы оқиғадан кейiн оларға белгiлi бiр дәрежеде қуат бiтуi мүмкiн. Ал ШЫҰ аясында Қазақстан, Қытай, Ресей экстремизмге қарсы қатты соққы берiп отыр. Осы жағдайда қазiр ондай қатты қауiп жоқ деуге болады. ШЫҰ аясында лаңкестiкке қарсы күрес бұдан кейiн де жалғасады. Оның қарқынын төмендетуге болмайды.

– Осы аймақтың қауiпсiздiгi тұрғысынан келгенде, Ауғанстанның бүгiнгi ролi қандай?

– Ауғанстанда соғыс ашқаннан кейiн бұл қауiп азайды. АҚШ Ауғанстандағы "Талибан" мәселесiн шешпей тұрып, Иракта соғыс ашты, содан кейiн Орталық Азияда "Талибан" қозғалысы қайтадан күш алды. Қазiр "Талибан" қозғалысынан Орта Азияға төнiп тұрған қауiп жоқ. Бiрақ "талибандарды" бұл аймақ үшiн қауiптi сыртқы күш ретiнде санау керек.

– Қытайдың Орта Азиядағы саясаты туралы не айтасыз?

– Жалпы айтқанда, Қытайдың Орта Азиядағы саясаты – өте орнықты, қалыпты, тұрақты саясат. Ол осы аймақтың тұрақтылығына, бейбiтшiлiгiне, дамуына iлгерiлетушi күш ретiнде әсер етедi, жағдай жасайды.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары