КАНАДАНЫҢ СҰР ҚАЗДАРЫ МЕН ҚАЗАҚ СПОРТШЫЛАРЫ
КАНАДАНЫҢ СҰР ҚАЗДАРЫ МЕН ҚАЗАҚ СПОРТШЫЛАРЫ
Екi аптадан астам уақыт бойы әлемнiң көзi мен құлағы алыс Канаданың әсем Ванкувер қаласына түрлi тәулiктер де ендi, мiне, артта қалды. Дүние жасарып, жаңғырған көгiлдiр көктемнiң алғашқы таңымен бiрге қуаныш пен драмаға, жеңiс пен сәтсiздiктерге толы ХХI қысқы Олимпиаданың шымылдығы да түсiрiлген. Қысқы ойындардың қимас күндерi көздi ашып-жұмғанша қайталанбас тарихқа айналып сала бердi.
Төрткүл әлемнiң миллиондаған спорт сүйер жанкүйерлерi дәл қазақтың асқақ Алатауы болмағанымен, әсем көркi ақ қар, көк мұз жапқан көгiлдiр тауларымыздан аумайтын, бiрақ жатағандау биiктердiң бөктерiндегi Ванкувердiң мұз айдындары мен аппақ қар жапқан жарыс жолдарынан жақсы хабар күтумен таң атырып, күндi батырғаны аян. Өйтетiн жөндерi де бар. Спорт десе iшкен асын жерге қоятындар үшiн төрт жылда бiр келетiн ақ Олимпиаданың жолы бөлек, жөнi басқа. Жанкүйерлер де жарыс жолдары мен мұз айдындарында атойлап бақ сынаған атлеттермен бiрге қу жанын шүберекке түйiп, көгiлдiр жәшiк алдында ақ тер, көк тер болып отыратынын қайтерсiң?!
Дүние жаңғырып, жасаңғырайтын көктемнiң алғашқы күндерiмен бiрге канадалықтардың ұлттық құсы – әсем сұр қаздар түстiктегi алыс-алыс қиырлардан Канадаға-туған жерге сағынышпен қаңқылдап оралуда. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен Ванкуверге бақ пен бап сынауға жиналып, жанкүйерлерге талай-талай естен кетпек қымбат сәттер сыйлаған саңлақ спортшылар да туған Отандарына оралуда. Кейбiр елдiң көпсанды спорт делегециялары Канадаға жердiң үстiмен барып, жердiң астымен қайтуға мәжбүр болды. Мәселен, Олимпиадаға саны жағынан ең көп атлеттер мен спорт функционерлерiн апарған Ресей Федерациясы. Небәрi 3-ақ алтын медальға қол жеткiзген ресейлiктер өз спортшыларының нәтижелерiн ұлттық трагедия ретiнде бағалауда. Олар соңғы рет сонау 1912 жылғы қысқы Олимпиада да ғана осындай нәтиже көрсеткен едi. Мұндай аса төмен көрсеткiшке, масқара жағдайға Ресейдiң президентi Дмитрий Медведевтiң өзi баса назар аударып, өткен дүйсенбi күнi спорт федерацияларының басшылар мен сәтсiздiкке кiнәлi спорт функционерлерiнiң өз ерiктерiмен қызметтен кетуiн талап еттi. Дүлей ашуға мiнген Дмитрий Медведев: "Өз ерiктерiмен кетуге ерiк-жiгерлерi жетпесе, бiз өз тарапымыздан көмектесемiз", – деп кесiп айтқан болатын.
Ванкуверге жалпы саны қырық шақты спортшылар ғана апарған қазақтар ХХI қысқы Олимпиаданы сәттi өттi деп айтуға толығымен қақылы. Өйткенi, бiздiң спортшыларымыз талай жылдардан берi қол жеткiзе алмай жүрген жаңа биiктердi бағындырып, өздерiнiң осыған дейiнгi көрсеткiштерiн жақсартты. Әсiресе, шаңғышыларымыздың аты әлемге кеңiнен таныла бастады. Ал биатлоншы қызымыз, құралайды көзге атқан Елена Хрусталеваның 12 жылдан кейiн Қазақстан қоржынына күмiс медаль салуын үлкен сәттiлiкке санауға болатыны сөзсiз. Сондай-ақ, шаңғыдан 5-орынға көтерiлуiмiз де талайларды таңқалдырып отыр.
Осынау дүбiрлi бәйгеде жас спортшыларымыздың жақсы өнер көсетiп, әлемдiк деңгейдегi спортшылардың қатарына бiр табан жақындай түскенi қуантпай қоймаса керек. Қаршадай Абзал Рахманғалиев, 16 жасында әлемнiң саңлақтарының санатына iлiккен мәнерлеп сырғанушы Денис Тен, атағы дүркiреген дүлдiлдермен бiрге өнер көрсеткен 18 жасар шаңғышы қыз Марина Матросова, Ванкувердiң жарыс жолында қапы кеткенмен, әлi де талай алысқа шабатынын анық танытқан жас перi Алексей Полторнин қазақ спортының келешектерi. Әр Олимпиадаға аттанған сайын спортшыларымыздың соңынан бiр үмiт, бiр күдiкпен қарайтын жанкүйер қауымның көңiлi орнына түскенi хақ. Үмiт ақталып, күдiк бұлты сейiлгендей. 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында өткелi отырған қысқы Азиада ойындары ғана емес, 2014 жылғы Сочидегi қысқы Олимпиада да қазақ спортшыларының бабы мен бағы қатар жанатын шақ келерi сөзсiз.
Тек спортшыларымызды қоғамның назарынан тыс қалдыруға жол бермеу керек. Өйткенi, осыған дейiн жеңiмпаздарымызды тежеусiз жiберiп, бармақ шайнап қалған тұстарымыз жетерлiк…
Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ