ӨЗ IСIН СҮЙГЕН ҰСТАЗ
ӨЗ IСIН СҮЙГЕН ҰСТАЗ
Бүгiнгi ұстаз шәкiрттерiне мәлiмет берiп қана қоймай, олардың әлемдiк бiлiм, ақпарат, экономика кеңiстiгiне шығуына, бiр сөзбен айтқанда, бәсекеге қабiлеттi болуына жол ашуы керек. Шәкiртiнiң бойына бiлiм нәрiн сеуiп, адамгершiлiк дәнiн егетiн басты тұлға да осы – ұстаз. Аты жер жарған данышпанның да, талайды тамсандырған ұлы ғалымның да ұстазы бар.
"Ақыл – парасат күшi ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өмiрдi ұғынуына және жақсы мен жаманды ажырата, айыруына көмектесетiн күш" – деп Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыз айтқандай, ұстаз бойынан табандылық, адамгершiлiк, данышпандық, балаға деген сүйiспеншiлiк, мейiрiмдiлiк сияқты қасиеттердiң бәрi табылуы қажет. Бар ғұмырын ұстаздық етуге арнаған қарапайым да, мейiрiмдi жандардың бiрi – №1 Алматы қазақ мемлекеттiк гуманитарлық – педагогикалық колледжiнiң оқытушысы Тұрмыш Жұмабекқызын дәл осындай ұстаздың қатарына жатқызар едiк.
Ол 1977 жылы Қазақтың мемлекеттiк қыздар педагогикалық институтын бiтiргелi берi "Мектепке дейiнгi тәрбие" мамандығы бойынша тапжылмай тер төгiп келедi. Еңбек жолын балабақша тәрбиешiсiнен бастаған Тұрмыш Жұмабекқызы меңгерушi, одан соң бастауыш сынып мұғалiмi баспалдықтарынан өтiп, мол тәжiрибе жинақтады. Жаңалыққа жаны құмар Тұрмыш Жұмабекқызы өзiнiң iзденiмпаздығы мен iскерлiгi арқасында жаңа педагогикалық технологияның да қыр-сырын меңгере бiлдi. Бүгiнде ұлағатты ұстаздың қаламынан туған бiрқанша еңбектерi жарық көрiп үлгердi. Мәселен, "Мектепке дейiнгi тәрбие" мамандығы бойынша "Тiл дамыту", "Қарапайым математика", "Дефектология және логопедия негiздерi" пәндерiнен мемлекеттiк стандарттарының авторы аталған ол "Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру әдiстемесiнiң училищелерге арналған бағдарламасы" (1993 жылы), "Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру әдiстемесiнiң колледж топтарына арналған бағдарламасы" (1996 жылы), "Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру әдiстемесiнiң" сырттай бөлiмге арналған бақылау жұмысы (1997 жылы), "Аруна" баспасынан жарық көрген "Тiл дамытудың ғажайып әлемi" (2002 жылы) мектепалды дайындық топтарына арналған кешендi оқу құралын жазып шықты.
Жыл сайын Тұрмыш Жұмабекқызы арнайы баяндамалар дайындап, ашық сабақтар, тәрбие сағаттарын өткiзiп отырады. Оған дәлел ретiнде ақиық ақын М.Мақатаев шығармашылығына арналған "Айтып өткен ақында арман бар ма?", Т. Айбергеновтiң өлеңдерiне бағытталған "О, адамдар, бiргемiн мен сендермен!", сондай-ақ, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргiн құрбандарына арналған "Ақтарылар архивтерде аз емес" атты және Желтоқсан оқиғасында қыршынынан қиылған жастардың ерлiгiн ұмытпас үшiн "Ар намысым, қасiретiм, қуанышым – Желтоқсан" атты тәрбиелiк мәнi зор iс-шараларды ұйымдастырып, өткiздi. Бұдан бөлек Т. Жұмабекқызы колледж қабырға газеттерiнiң шығуына да белсендi араласып келедi. Өзi еңбек етiп жүрген колледждiң 5 жылдығына арнап "Бiздiң колледж", репрессия құрбандарына "Ақтарылар архивтер де аз емес", Тәуелсiздiк күнiне "Бiлiм ордасы – тәуелсiздiктiң бел құрдасы", Дәмиля Зәкiрқызын еске алуға "Жазылар естелiктер мен туралы…" сынды тақырыпта қалам тербедi.
Тұрмыш Жұмабекқызының ғылыми тақырыпта жасаған баяндамасының өзi бiр төбе. "Ғылыми педагогикалық жұмыстарды ұйымдастырудың басты түрi – әдiстер таңдау", "Математика сабағында проблемалық оқытуды қолдану әдiстерi", "Оқытушының құзыреттiк қабiлеттiлiгiнiң ерекшелiгi және ұтымдылығы", "Математика сабағында қолданылатын мазмұнды – дидактикалық ойындардың маңызы" атты ерекше iзденiстен туған еңбектерi соның бiр дәлелi iспеттес.
1996 жылы Тұрмыш Жұмабекқызының көп жылғы еңбегi бағаланып, ҚР "Бiлiм беру iсiнiң үздiгi" белгiсiмен марапатталды. Тұла бойындағы адами қасиеттерi мен әдiлеттiлiктi ту еткен шыншыл мiнезi ұстазды шәкiрттерге бiртабан жақындата түсiрмесе, еш алыстатқан емес. Тұрмыш Жұмабекқызы оқушы үшiн ең жоғарғы адамгершiлiктiң үлгiсi болып қоймай, отбасында үш қыз, бiр ұл тәрбиелеп өсiрген, аяулы ана. Дiлшат, Әйгерiм, Темiрлан, Зүлияр, Зарина, Ақерке, Айдана, Бейбарыс, Аида атты немерелерiн тәрбиелеп отырған сүйiктi әженiң келешек ұрпақ үшiн берерi көп деп бiлемiз.
Р. ЖҰМАНОВА