ЕКIНШI АКТIНIҢ АЛДЫНДА...

ЕКIНШI АКТIНIҢ АЛДЫНДА...

ЕКIНШI АКТIНIҢ АЛДЫНДА...
ашық дереккөзі
276

Қазақ әйелi — нағыз майталман мамандар. Олардың бүгiнгi замандағы еңбегi тiптен ерен. Өзi ұнатқан жұмысты дөңгелетiп әкетуге әрқашан дайын нәзiк жандылар қоғамның барлық саласын қамтып жүр. Отбасында адал жар, аяулы ана, бақытты әйел мiндетiн атқарумен қатар, қоғамда ерекше ықпалды күшке де айналды.

Дәл осындай өр мiнездi, батыл жүректi қазақ қыздарының әрқайсысын әр әңгiмеге арқау етсек артық етпес. Аналар мерекесi қарсаңында газетiмiздiң тiлшiлерi күнделiктi көзге көп түспейтiн, еңбегi елене бермейтiн нағыз қазақ әйелдерiн келелi әңгiмеге тартқан болатын.

Қарапайым көрермен үшiн театрда сахнада жарқырап жүрген актерлерден өзге ешкiм жоқ сияқты көрiнедi. Көңiлiңдi баурап алып, жаныңа тiкелей әсер ететiн қойылымды да әртiстер өз ойынан құрастырып айтатын секiлдi. Бiр ғана туындыны өмiрге әкелуде қаншама адам еңбек етерiн ойлана бермеймiз. Әсiресе, декорация, эскиз, әрлеу жұмыстары ұсақ деталь болып көрiнгенмен, өте маңызды рольге ие. Бiрақ осындай ұсақ-түйекке саналатын маңызды жұмыстардың еленбейтiнi рас. Соның бiрi әрлеу – грим жасау.

Бiздiң кейiпкерiмiз М.Әуезов атындағы мемлекеттiк академиялық драма-театрының әрлеушiсi Күлия Алтаева. 1980 жылдардан сахнаға шыққан әрбiр жаңа қойылымның бет-әлпетi, кейiпкердiң жас шамасын әрлеу арқылы дәл көрсету Күлия апайдың мойнында. Отыз жылдай уақыт исi қазақ еркелеткен танымал тұлғалар Сәбира Майқанова, Бикен Римовамен сырлас, жақын болған Күлия апай сахна сыртындағы басты кейiпкерге айналған.

Осы күнде аты аңызға айналған саңлақтардың көзiн көрген, солардың тәрбиесiн алған әрлеушi апайды әдейiлеп iздеп бардық. Кезектi қойылымның алдында барғандықтан Күлия апай қауырт жұмыс үстiнде болып шықты. Әрлеу жұмыстарының қыр-сырымен бiздi таныстыра жүрiп, әңгiмесiн одан әрi жалғастырды. "Театрға келуiме себепкер бала шақтағы өнерге құштарлығым. Үйге қонақ келгенде ата-анамыз бiзге ән салдыратын. Мектептен соң Мәскеудегi Мемлекеттiк театр өнерi институтын актерлiк мамандық бойынша бiтiрдiм. Алматыға келгенде түлектердi екi театрға бөлiп тастады. Мен осы жерде алдымен актриса болдым. "Мұрагер", "Мен iшпеген у бар ма?" қойылымдарындағы кейiпкерлердi сомдадым. Кейiннен актерлiк өнерiмдi әрлеу өнерiне алмастыруға тура келдi", – дейдi әрлеушi. Иә, театр өнерiнiң таңғажайып құпияларының бiрi – әрлеу өнерi. Қойылым алдындағы әрбiр мезет әрлеушiнiң қолында екенiн де екiнiң бiрi бiлмейдi. "Кейде актерлерiмiз кеш қалып жатады. Ондайда бiрiншi актiге шығып бара жатқанын қолға аласың. Қанша жылдан берi сырына қанық болсаң да, кей кездерi жасағаным өзiме ұнамай қалып жатады. Мәселен, Салиқа апайға дұрыс шаш үлгiсi мен грим жасалмаса, ролiн дұрыс ойнай алмай қалады" дейдi әрлеушi.

"Жаңа қойылым шыққанда "прогон" болады. Мен пьесаны оқып аламын да, оқиғаның қай уақытта болғаны, кейiпкердiң жасы нешеде екенiн бiлген соң өз ойымша эскиз жасаймын. Онда да кiмге жарасады, жараспайды және де бойына қарай ыңғайлайсың. Кейде "басымыздың ой-шұқырын сiз ғана бiлесiз деп актерлер күлiп жатады", – дедi қарбаластағы әрлеушiмiз. Кейбiр детальдар ғана болмаса, режиссерлер де әрлеушi апайдың фантазиясына әбден сенiп алған көрiнедi.

Театр бұлбұлдарының көзiн көрiп, сырлас болған Күлия апай олар туралы айта кетудi жөн көрдi. "Бикен апаймен бiрге "Бiздiң кластың қыздары" атты спектакль бойынша гастрольдiк сапарда бiрге болдық. Сондай-ақ Шолпан Жандарбекова гастрольдiк сапарда жүргенде менi қасынан тастамайтын. Мен жастар жаққа ұмтылсам, ол кiсi менiң қасыма жайлы адам керек деп ертiп кететiн" деп еске алды Күлия апай кезектi шаш үлгiсiн демде жасап үлгерiп.

Қойылымның басталар уақыты да тақап қалды. Әрлеушi өз жұмысын тәмамдап, бағанадан бақылап отырған менiң жаныма келiп жайғасты. "Жас кезiңде талай нәрсенiң қадiрiн бiлiп, бағаламайды екенсiң. Кезiнде Сәбира апай (Сәбира Майқанова) әрлеп жатқанда "Қоя тұршы асықпай, қасыма отыр" деп отырғызып алатын. Ол кiсiлер күнара ойнайтын шағы ғой. Содан соң "Қалай жағдайың?" деп жұмысты ысырып қойып, маған көңiл бөледi. Мен баламмен қатты қиналып жүрсем де, "жақсы" деп қысқа қайтарамын. Бiрақ соның өзi маған қуат беретiн. Қазiр ойласам, кiм кiмнiң қалын сұрап жатыр? Мен кiм едiм ол кiсiге? Заманға қарай адам да өзгердi ме дейсiң", – деп елес болған сәттердi есiне алды.

"Зәмзәгүл апай (Зәмзәгүл Шарипова) "Ғасырдан да ұзақ күн" спектаклiнде менiң баламды жетектеп шығатын. Айдос оны "менiң әжем" дейтiн" деп күлдi. "Сол кiсiлердi көрмегендер де, бiр көруге зар болғандар да бар. Ал мен қасында жүрiп, тiптi суретке де түспеппiн. Сол кiсiлердiң көзiн көрген, қасында жүрген деп кiм айтады қазiр?"

Сахна сыртындағы еңбегi ерен, елеусiз кейiпкерлердiң бiрi – Күлия апай театрмен бiрге жасап келе жатқан ғұмырында талай басшы, талай режиссер келдi. Жарқырап жұлдыздар да шығып жатты. Бiрақ сахнаға шыққан әрбiр жасты қартайтып, болмаса кәрiнi жасартып, адам танымастай өзгертетiн өнер иесiнiң еңбегi зор. Тiптi, сахна саңлақтарының бiзге беймағлұм сырларына қанық әрлеушiнiң әрлеуден өзге айтары мол.

Күлия апайды келе жатқан "Аналар күнiмен" құттықтап кете бардық. Ал ол кiсi екiншi актiнiң актерлерiн әрлеуге кiрiсiп кеттi.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары