ЕЛIМIЗДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСIМ 2 ПАЙЫЗҒА ЖЕТПЕК

ЕЛIМIЗДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСIМ 2 ПАЙЫЗҒА ЖЕТПЕК

ЕЛIМIЗДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСIМ 2 ПАЙЫЗҒА ЖЕТПЕК
ашық дереккөзі
370

Бұған коммуналдық төлемдердiң өсiмi себеп болуда

Қазақстан экономикасының өсiмi ағымдағы жылы 2 пайыз деңгейiнде болмақ. Бұл көрсеткiш, әрине жақсылықтың нышаны. Дегенмен, дағдарыстан кейiнгi бой жазуда Азия мемлекеттерiнiң көш басында екенiн ескерсек, республикалық бюджет көрсеткiшiнiң жоғарылай түскенi керек.

"2009-2011 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы" ҚР Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасы бойынша баяндама жасаған Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов: "Әлемдiк дағдарыстың алғашқы соққысына дер кезiнде назар аударғалы берi Үкiмет әлемдегi және елiмiздегi жағдайға мониторингтi күшейтiп отыр", — дедi. Десе де Қазақстан экономикасының өзге салаларында өзгерiстердiң аулы алыс емес. Айталық, өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 2010 жылғы бағалау бойынша жоспарға сәйкес 3,3 пайызға өседi. Экономикалық өсiмге еңбек өнiмдiлiгiнiң өсiмi есебiнен қол жеткiзу көзделiп отыр. Сонымен қатар мұнай өңдеу көлемi 80 миллион тоннаны құраса, оны экспорттау – 49,6 млрд. АҚШ доллары, ал импорт 34,2 мрлд. АҚШ доллары көлемiнде болады деген болжам бар. Алдын ала "алақайлаудың" ретi болмаса да, әлемдiк мұнай нарығындағы серпiлiстi байқауға болады. Мұнайдың әлемдiк бағасы 1 баррель үшiн 50 АҚШ долларынан 65 АҚШ долларына дейiн ұлғаяды. 2009 жылдың екiншi тоқсанында әлемдiк экономика жағдайы өзгерiп жаңа үдерiстер байқалатын болса, Үкiмет депутаттардың қарауына қосымша нақтылауларды да енгiзiлетiн болады. Бұл туралы экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов үкiметтiң кезектi отырысында мәлiмдедi.

"Биылғы жылдың қаңтар және ақпан айларында инфляция деңгейi өстi. Яғни, екi айдың iшiнде 2,3 пайызды құрап отыр" дедi Ұлттық банктың төрағасы Г.Марченко инфляция бағамының ауытқуларын тәптiштеп саралай келе. Ұлттық банк төрағасының сөзiне назар салсақ, өсу деңгейi негiзiнен жылдың соңы, қаңтар айында байқалған. Тұрғын үйдiң коммуналдық төлемдерi мен маусымдық баға өсiмiнiң тiкелей әсерi бар. Бұл көрсеткiштердiң тұрақтап қалуына ешкiм де кепiлдiк бере алмайды. Себебi дағдарыс сарқыншақтары әлi де болса елдi кезiп жүр. Бұл дағдарыстың келесi толқынының келуi ықтимал дегендi бiлдiрсе керек. Әйтсе де өнiмдiлiктi көбейту, болмаса индустриялық-инновациялық бағдарламаны және тағы да басқа пайдалы-пайдасыз дүниелердi жүзеге асыру үшiн бөлiнген қыруар қаржыны рәсуаламай тиiмдi пайдаланып, Елбасының Жолдауында көрсетiлгендей үнемдеген абзал. Себебi, саяси шешiмдер институты сарапшыларының айтуынша, 2010 жылы экономиканың өсу-даму қарқыны керi бағыт алмақ. Бұл тек Қазақстанға ғана қатысты дерек емес, әлем елдерi экономикасының алдын орайтын жорамал болуы мүмкiн. Әйтсе де әлемдiк банк қаржы жүйесiнiң бiр қалыпқа түсiп келе жатқандығын жариялап та үлгердi. Танымал экономист маман Нуриэль Рубинидың болжамына құлақ асар болсақ, мүлде басқа жағдайды аңғаруға болады. "Экономика жаңадан қалыптасып келедi. Бiрақ ағымдағы жылдың екiншi жартысында АҚШ, Еуропа және Жапонияда экономикалық өсiм баяулайды. Нәтижесiнде әлемдiк нарықтан көптеген елдер қайраңға шығып қалуы мүмкiн" дейдi. Әрине, бұл да тек болжам ғана. Экономикалық сарапшылар мен сараптамалық агенттiктер Қазақстанның жағдайының мүшкiл еместiгiн айтып бағуда. "Жақсы сөз — жарым ырыс" екенiн бiле тұра, елiмiздiң бiрқатар сарапшылары жақын арада отандық экономиканың әп-сәтте оңала қоюы екiталай деп отыр. Әсiлi, сарапшылар (56,7%) Қазақстан әлi де болса дағдарысты бастан кешуде дейдi.

"Азия мемлекеттерi әлемдiк экономиканың көшiн бастап келедi. Бүгiнде дағдарыстың дертiнен арыла отырып, қайта даму жолына түскен де осы елдер. Сондай-ақ алдағы онжылдықта құрлықтың шығыс бөлiгi әлемдiк экономикада өз сүрлеуiн салады деп күтiлуде", — деп болжады Халықаралық Валюта қорының директоры Д.Стросс-Кан.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары