АЛАШТЫҢ ҰЛЫ ХАЛҚЫМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШТЫ

АЛАШТЫҢ ҰЛЫ ХАЛҚЫМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШТЫ

АЛАШТЫҢ ҰЛЫ ХАЛҚЫМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШТЫ
ашық дереккөзі
422

Дүйсенбiде ҚР Ұлттық кiтапханасында ғалым, публицист, көрнектi мемлекет қайраткерi Әлихан Бөкейханның 7 томдық толық шығармалар жинағының бастапқы 3 томының тұсауы кесiлдi.

Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы Ұлттық Кеңесiнiң төрағасы Әлихан Бөкейханның бай мұрасы зерттелмей келдi. Алайда, Ә.Бөкейханның публицистикасы ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан ғана емес, бүкiл Ресейдегi тарихи оқиғаға ұласатын шежiре. Алашорда азаматының еңбектерiн iздеп тауып, бiр жинаққа топтастырған әлихантанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтанхан Аққұлұлы 19 жыл бойы зерттеумен айналысып келедi. 2000 данамен шыққан алғашқы үштомдыққа Әлиханның 1889-1913 жылдар аралығында қазақ және орыс тiлдерiнде жарық көрген мақалалары, хаттары, әдеби аудармалары, ғылыми зерттеулерi кiрген.

— Әлекеңнiң "Степной пионер" газетiнде шыққан 25-ке жуық тың мақаласы топтастырылды. Одан кейiн, жаңа баяндамамда айтып өткендей Әлекең 1906-1907 жылдары "Амич", "Иртыш" және "Голос степей" деген газеттер шығарған. Сол "Амич" газетiнiң әзiрге бiрден-бiр данасы табылған жоқ. "Иртыш" газетiнiң құдай сақтап қалған екi данасы бар екен, соны таптым. Қосымша төрт мақаласын кiргiздiм. Сонымен қатар, "Голос степей" газетiнiң бүкiл 42 саны қолыма тидi, — дейдi Сұлтанхан Аққұлұлы зор ықыласпен.

Әлихантанушы ғалым Мәскеу және Санкт-Петербордың тарихи мұрағаттарынан, Самара мен Омбы қалаларының мәдени қорларынан көптеген еңбектерiн тапқан. Сондай-ақ Әлихан Бөкейханды ату жазасына кесу туралы үкiм мен сол тапсырманың өз уақытында орындалғаны туралы анықтама, Алаш көсемiнiң ату жазасы алдындағы суретi мен өз қолымен толтырылған анықтамасына да қол жеткiзiптi.

Ә.Бөкейхан, Н.Нұрмақов, О.Жандосовтың ұрпақтары мен белгiлi қоғам қайраткерлерi қатысқан тұсаукесер рәсiмде С.Аққұлұлы өзiнiң алдағы жоспарын бiлдiрдi. "Иртыш" газетiнiң қалған 98 санын тапсам, қаншама қазынаға тап болар едiк. Бұл Әлекеңнiң өмiр жолын, саяси қырларын әлдеқайда анық көрсетер едi. Әлекең қазақтың жылқысы туралы бiрнеше очерк жазып қалдырған дейдi. Мiне, сол очерктiң iзiн мен таба алмай отырмын", — дедi ғалым.

Үштомдық Астана қаласындағы "Сарыарқа" Баспа Үйiнде жарық көрiптi. Ал қалған томдары осы жылы жарыққа шықпақшы. Ә.Бөкейханды зерттеу жұмыстары ешқашан тоқталмауы керек. ХХ ғасырдың қиын кезеңдерiн бiлу үшiн осы заманның тұлғаларын танып-бiлуiмiз керек дейдi тарихшылар.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары