Жанна ЛЕШОВА: БАЛА КYННЕН ТРАМВАЙДЫ ТҮСIМДЕ КӨРЕТIНМIН

Жанна ЛЕШОВА: БАЛА КYННЕН ТРАМВАЙДЫ ТҮСIМДЕ КӨРЕТIНМIН

Жанна ЛЕШОВА: БАЛА КYННЕН ТРАМВАЙДЫ ТҮСIМДЕ КӨРЕТIНМIН
ашық дереккөзі
452

Алматы қаласында таңғы мүлгiген тыныштықты бұзатын бiр дауыс бар. Оны құдды сахара даланы жаңғырыққа бөлеп келетiн шойын жолдағы пойыздың өзi дерсiң. Ал қаланың көп қабатты үйiнде тұратын балалардың бiразы анадай жерден жүйткiп келетiн сары вагонды көрсе «пойыз келе жатыр» деп мәз болады.

Күнi бойы жол кептелiсiнен босамайтын азан-қазан қала ұйқыда жатыр. Тек бiрте-бiрте шамы көбейген қоғамдық көлiк әдеттегi қызу жұмысына кiрiсiп кеткен. Аялдамада қара-құрым адам. Кенет маужырап тұрған менi тарсылдатып келiп тоқтаған трамвай селк еткiздi. Көзiме жолаушыларына жылы қабақ танытып, сәлемдесiп жатқан қазақ әйелi оттай басылды. Аналар мерекесiне арналған нөмiрдiң бас кейiпкерi болуға лайықты нәзiк жан осы болар дедiм де, трамвайға тұра жүгiрдiм. Қаладағы жүргiзу тәртiбi де өзгеше әрi көлемi де ұзын электр транспортын басқарып келетiн Жанна екеумiз апалы-сiңлiше шүйiркелесе кеттiк. Өзi сұлу, өзi ақкөңiл әйелдiң жанары қуанышқа толы. Бұл оның өз iсiне деген махаббатын, адалдығын байқатқандай болды. Жанына жайғасып алып, жол бойы трамвай жүргiзудiң оңай жұмыс еместiгiне көз жеткiздiм. Әуелгiде көлемi ұзын, түрi үрей туғызатын трамвайды басқару әйел затына қол емес деп ойласам, мүлдем қателеседi екенмiн. Бұл мамандықты бала кезден армандап жүрiп, әрең бағындыратындар да көп екен. Соның бiрi – көпбалалы отбасынан шыққан қазақтың қара қызы Жанна Лешова.

Бүгiнде қазақтың қайсар қыздарын кез келген саладан кездестiре аласыз. Өйткенi, олар өзi ұнатқан iстi жан-тәнiмен берiле iстейдi. 2003 жылдан берi Алматы қаласы үшiн ең тиiмдi көлiк түрiн басқаратын Жанна Владимирқызының негiзгi мамандығы филолог болғандықтан, әңгiменi жандандырып-ақ әкеттi.

– Жанна ханым, неге трамвай жүргiзушi мамандығын таңдадыңыз? Оның құпия бiр сыры бар ма?

– Өзiм бала кезiмнен трамвай жүргiзсем деп армандаушы едiм. Әкеммен Алматыға келiп-кетiп жүргенде жол бойынан трамвайды жүргiзiп бара жатқан әдемi қыздар мен әйелдердi көргенде қатты қызықтым. Несiн айтасың, мектептi бiтiрiп қалаға келгеннен кейiн де осы ой басымнан шықпай қойды. Әке-шешемнiң қалауы бойынша, КазГУ-дiң филология факультетiн бiтiрдiм. Көп ұзамай тұрмыс та құрдым. Бiр қызығы, талай жылғы армандап жүрген трамвайды күйеуiм жүргiздi.

– Бұдан кейiн балалық шақтағы арманымды жүзеге асыратын болдым деп қуанған да шығарсыз…

– Бiр жағынан қуандым. Бiрақ ол кезде жаңадан отбасылы болған бiз көп қиындыққа кезiктiк. 1996-1997 жылдары жалақы азайып, күнкөрiстiң қамы күрделенiп кеттi ғой. Содан қолымды бiр сiлтедiм де, "еркек адам iстеген жұмысты әйел iстей алмай ма?" деген ойға шомдым. Не де болса, белдi бекем буып, 2000 жылы трамвай жүргiзушiнiң курсына келдiм. Ол кезде нәзiк саусақтарымен трамвайды басқарып отыратын орыс әйелдерiн көрiп, қатты қызығушы едiм. "Бұл қазақ қыздарының қолынан келмейтiн iс пе екен?" дедiм де, кiрiсiп кеттiм. Курсты 3 ай оқып, 2 ай iс-тәжiрибеден өтiп, 5 айда трамвай жүргiзудi меңгерiп алдым.

– Сонда мұғалiмдiк мамандықпен жұмыс iстемедiңiз бе?

– 7 жыл ұстаз болып жұмыс iстесем де, бұл жұмыстың өмiрлiк серiк болатынына түбi сенбедiм. Неге екенi белгiсiз, трамвай жүргiзу жаныма ерекше жақынырақ болды.

– Күйеуiңiз қарсы болған жоқ па? Негiзi әйелдiң басты мiндетi – өмiрге ұрпақ әкелiп, оны тәрбиелеу емес пе?

– Әрине, басында қарсылық бiлдiрдi. Бiрақ сол тұс қол қусырып үйде отыратын заман емес едi. Екеумiз екi жақтан жұмыс iстеуге келiстiк. Оның үстiне өмiр бойы бос жүрмей, кез келген жұмысқа араласып кететiн жақсы әдетiм бар. Айтпақшы, күйеуiме тұрмысқа шыққанда: "Менiң жұмыс iстеуiме шектеу қоймайсың. Үйде отырып, қазан-ошақтың айналасында жүре алмаймын" деп мәселенiң басын ашып алғанмын. Содан ба екен, бiр-бiрiмiзге түсiнiстiкпен қарадық. Және отбасында бала-шаға болғаннан кейiн ақшаның ешқашан артықтық етпейтiнiн бiлдiк.

– Қанша балаңыз бар? Оларды тәрбиелеу, сабағына қарау жағына кiм көңiл бөледi?

– Үш ұлым бар. Олардың тәрбиесi көз алдымнан еш уақытта қалыс қалған емес. Мектептерi үйдiң жанында, мұғалiмдерi де мән-жағдайды түсiнедi. Қазiр бұрынғыдай емес, ата-ана баласын қанша жерден үйде оқытқанымен, бағдарламаны жетiк бiле бермейдi. Сондықтан балаларым мектепке барғалы берi арнайы ақылы қосымша сабақ алып тұрады. Құдайға тәубе, үшеуi де сабақты жақсы оқиды. Ол жағынан алаңдайтын ештеңе жоқ. Балаларымның тәрбиесiне үнемi отағасы қарайласып отырады. Туысқандарым да әркез жанымнан табылады. Шешем ылғи да бұл жұмыстың қыз балаға ауыр екенiн, балаларға ыждаһатты тәрбие беру керектiгiн айтса да, немерелерiне өзiм бермеген аналық мейiрiмдi сыйлап келедi. Әкем тiрi кезiнде бұл шешiмiме балаша қуанды. КазГУ-дi бiтiрiп, тұрмысқа шыққан соң, әкеме телефон соқтым. "Әке, трамвайдың оқуын оқиын деп едiм. Қалай қарайсың?" деп сұрап едiм, "Өз құқың бар, өз таңдауың бар. Адал, таза қызметпен нан тапсаң болды ғой" деп қолдау бiлдiрдi.

– Балаларыңыздың сiзге жаны ашып, "Анашым, осы жұмысты тасташы" деген кезi болды ма?

– Рас, кейде қатты шаршайтын күндер болады. Адамның жаны темiр емес қой. Таңғы сағат 4-те тұрып, кешкi сағат 11-де қайтамыз. Бiрiншi жүрiс 5:45-те басталады. Жол кептелiсi болмаса, 5 айналым жасаймыз, ал мереке күндерi 3 айналыммен ғана шектелемiз. Бәрiне де үйренедi екенсiң. Тiптi, мұндай iске әйел адам тұрмақ еркектiң өзi шыдай алмай, шығып кетiп жатады. Сондай бiр ауырып, қатты шаршап келген кезде ұлдарым: "Мама, сәл шыдашы, мектептi бiтiргеннен кейiн жоғары оқу орнына түсiп, айлығы көп жұмыс iстеймiз де, сенi үйге отырғызып қоямыз. Өзiмiз асырайтын боламыз" деп жамырасып жатады. Жылына бiр рет алатын еңбек демалысымды жазғы демалысқа сәйкестендiрiп аламын да, у-шудан қашқым кеп, тып-тыныш ауылға қыдырып кетемiз. Ал бұған дейiн балаларыма аналық мейiрiмнiң жетiспей жатқандығын сезiнсем, бастығыма айтып, бiр-екi күн үзiлiс беруiн сұраймын. Сөйтiп, өзiм де, балаларым да мауқымызды басып аламыз.

– Ал жалақыңыз қанша?

– 50 мың теңгеден жоғары аламын. Кейде тiптi 70-80 мың теңгеге дейiн төлейдi. Негiзi әрқалай, оның бәрi қалай жұмыс iстеуiңе байланысты.

– Жалақыңыздың мөлшерi трамвайға отыратын қала тұрғындарының санына да қатысты шығар…

– Әрине, ең негiзгiсi сол ғой. Бiз жалақыны валидаторға түскен ақшаға байланысты аламыз. Бiр айда жиналған ақша мен сағатың дұрыс болса, жақсы айлық төлейдi.

– Егер де сiзге жалақысы жоғары, шарты жеңiл қызмет ұсынылса барар ма едiңiз?

– Менiңше, ендi жаңа ортаға орнығып, сiңiсiп кету қиын. Өйткенi, қазiргi ұжым екiншi Отаным сияқты. Бастықтар да, әрiптестер де жақсы. Оның үстiне жасым болса 40 -қа кеп қалды. Шынымды айтсам, бұл ұжымнан кете алмайтын сияқтымын.

– Өз iсiңiздi сүйетiнiңiз көрiнiп тұр. Бiрақ кейде өкiнетiн кезiңiз болмай ма?

– Еш өкiнбеймiн. Неге десең, шын көңiлмен трамвай жүргiзушiсi болуды аңсадым.

– Кейде көлiк жүргiзушiлерi шектен шығып, былапыт сөздердi аузына жиi алып жатады. Мұндай жаман әдеттен қалай сақтанасыз?

– Бес саусақ бiрдей емес. Трамвайға күнiне мың адам мiнсе, оның жүзi аузына келген сөздi айтады. Айғай-шу болып жатады. Сондай кезде өзiмдi-өзiм тыныштандыруға тырысамын. Қанша дегенмен, жоғары бiлiмiм бар, адаммен қарым-қатынас жасау мәдениетiнен хабардармын. Бiрақ кейбiреулер адамның мiнез-құлқы, табиғаты атқарған қызметiне қарай өзгерiп отырады деуi мүмкiн. Бұл дұрыс ұғым емес. Қандай адам болмасын, қай ұжымда еңбек етсе де, саналы түрде мәдениеттiлiктi көрсете алады. Шынында да, неге мен жоқтан өзгеге ашулануым керек? Таң атқаннан күн батқанға дейiн жүйкемдi құртып, кез келгенге килiгiп жүрсем үйдегi үш балама деген жылы сөзiм қалмайды ғой. Сол үшiн өзiмдi сабырлы, салмақты ұстаймын. Алайда, жолаушылардың өзi қызыл кеңiрдек болып айқайласып жатады. Бiреулер үйiнен ренжiп шықса, бiреулер жұмыстан көңiлсiз қайтады. Айналып келгенде, солардың бәрi ұрынатын адам таппай бiзге кеп тиiседi. Сондайларды көргенде iштей күйiнiп кетесiң.

– Трамвайды жүргiзуде бiз бiлмейтiн қандай қиыншылықтар бар?

– Ең көп қиналатын нәрсе – жолдағы жеке көлiк иелерiнiң түсiнiспеушiлiкпен қарайтындығы. Жан-жақтан бөгет жасап, кейде бiле тұра алдыңа түсiп алады. Дауыс басқышты бассаң, келеке етiп күледi. Қазiр қарапайым жол ережесiн бiлмейтiндер көп. Тiптi, жаяу жүргiншiлерiнiң өзi көзi ашық, көкiрегi ояу болса да, Алматы қаласы бойынша электротранспорт көлiгi саналатын – трамвай мен троллейбустың жолын жауып алады. Мұндайда трамвай жүргiзушiсi көп тығырыққа тiреледi. Өйткенi, бiз қаншама жолаушының өмiр қауiпсiздiгiн мойнымызға жүктедiк, сол үшiн жауап беремiз. Кей күнi еш жерде тұрмай жақсы жұмыс iстеп кетемiн, ал кейде жолда көлiктер соқтығысады, электр тогы сөнедi. Түрлi трюктарға куә боласың ғой. Жолыңа көлiк шыға келсе, жүрегiң тас төбеңнен шығып, қан қысымың 200-ге дейiн көтерiлiп кетедi. Не iстейсiң? Дәрiңдi iшiп, отыра бересiң.

– Қысқасы, күн сайын жаңа бiр келеңсiздiктер мен оқиғаларға дайын тұрасыздар ғой.

– Бiз мұнда осы қиындықтың бәрiн көрiп, бiлiп келдiк. Күнделiктi бәрiне дайын болуымыз қажет. Өзiм қазiр шәкiрттерiме: "Трамвай жүргiземiн деп келдiң бе, жүргiзушiде он көз болу керек. Сен ел байқамайтынды көруге тиiссiң. Жол қателiктi кешiрмейдi. Бiр минутты ұтамын деп өмiрiңнен айрылуың мүмкiн. Адамның өмiрi темiрден қымбатырақ" деп құйып отырамын. Күн сайын ұйқыдан тұрғанда бiсмiлләмдi айтып, "бүгiнгi жұмысымды аман-есен оңғара гөр" деп тiлеймiн.

– Әрiптестерiңiздiң арасында өзiңiз сияқты қазақ қыздары көп пе?

– Көп қой. Негiзi бiздiң ұжым әр ұлттың өкiлiнен құралған. Қазiр жүргiзушi курсында әр топта 10 шәкiрттен, 3 ай оқиды. Оларға 3 айдың iшiнде 20 мың теңге және тәжiрибеден өткенiне тағы төлейдi. Барлығы 40 мың теңге алады. Қазiр маман тапшылығы қатты сезiлуде. Бiзге оқуға келгеннiң көбi тұрақты жалақы алуға боларлық жұмыс iздеп келсе, ендiгi бiрi трамвай жүргiзушiсi деген атына бола қызығады. Мұндай жастар бiраз iстеп, шығып кетiп жатыр. Өйткенi, кәсiби трамвай жүргiзушiсiне тек шыдамдылық пен төзiмдiлiк керек. Сондықтан да қазiр көбiне өзiм қатарлас әйелдер көп.

– Қазiр жолақын төлеу валидатор қондырғысы арқылы жүзеге асады. Бұл жаңалық жолаушыға қиындық туғызбай ма? Тiптi, жолақыны төлемей түсiп кететiндермен қалай күресесiздер?

– (Күлдi). Әрине, ондайлар жетерлiк. Таңертеңгiсiн мiнiп алып, 5, 10 мың теңгесiн майдалай алмай тұрады. Бiзге ақшаны қолға алуға болмайтынын бiледi де, жететiн жерiне келгенде тегiн түсiп қалады. Сенсеңiз, аппаратқа қырғыздың, ресейдiң тиындарын салып, билет алып жатады. Кейде жастардың сол әрекетiнен валидатордың iстен шығатын кездерi де жоқ емес. Ал, жаңа қондырғының кемшiлiгi де, ұтатын жерi де бар. Аса айырмашылық жоқ. Бiр жақсысы, кешкiсiн қайтарда ақша санап, есiң шықпайды.

– Жанна, айтыңызшы, трамвай жүргiзiп отырып не ойлайсыз?

– Бұл жерде бiр нәрсенi ғана ойлау мүмкiн емес. Екi көзiм жолда болса да, жолаушыны дiттеген жерiне жеткiзудi, үйдегi балаларым тамақ iштi ме екен, сабаққа барды ма екен, күйеуiм жұмысына жеттi ме екен деп бәрiн ойлаймын. Сосын кешкi жоспарымды қалай орындайды екенмiн деп отырам. Бiзде бiр ғана ой болмайды.

– Әңгiмеңiзге рахмет! Әрқашан жолыңыз ашық, жолаушыңыз көп болсын!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары