АЛТЫ ҰЛ ТАПҚАН АНАНЫ, ХАНЫМ ДЕСЕҢ БОЛМАЙ МА?!

АЛТЫ ҰЛ ТАПҚАН АНАНЫ, ХАНЫМ ДЕСЕҢ БОЛМАЙ МА?!

АЛТЫ ҰЛ ТАПҚАН АНАНЫ, ХАНЫМ ДЕСЕҢ БОЛМАЙ МА?!
ашық дереккөзі
763

Қолымда "100 Великих гениев" кiтабы. Әлемнiң 100 мықтыларының өмiрбаянынан құралған кiтап неге қызықтырмасын?! Кiтапты парақтай бастадық. Химия пәнiнен талай рет сүрiндiрген Менделеевтiң өмiрбаянын оқып отырып, ерiксiз мына сөздерге көзiмiз түстi.

"Дмитрий Тобылда дүниеге келдi. Ол – қарапайым отбасындағы он жетiншi сәби. Сол жылы көзiнен айрылып, зағип болып қалған әкесi зейнеткерлiкке шығады. Анасы Мария Дмитриевна барлық шаруа тiзгiнiн өз қолына алып, балаларын бағып-қағу үшiн, күнi-түнi тынбай еңбек еттi. Сол жылы балаларымен Тобылдан Аремзянка ауылына қоныс аударды. Ол жерде Мария Дмитриевнаның ағасының кiшiгiрiм әйнек зауыты бар едi. Ағасының зауытын өз қолына алған анасы кәсiпорын жұмысын iлгерiлету үшiн бар күш-жiгерiн арнады" делiнген.

Қызық. Ұлы Менделеев отбасында он жетiншi бала екен. Он жетi құрсақ көтерген Мария Дмитриевна кенже ұлын босанбағанда, дүниеге мұндай кемеңгер бала келер ме едi, келмес пе едi? Дмитрий Менделеевтiң елден ерек ақылдылығына тәнтi болған достары оған: "Сен данышпансың" деп жиi айтады екен. Сонда ол: "Данышпан? Қайдағы данышпандық? Өмiр бойы жұмыс iстедiм, мүмкiн, данышпандық дегенiмiз осы шығар" деп жауап берген екен. Мүмкiн, еңбектен бөлек, Менделеевке бiткен ерекше дарындылық Ананың құрсағында жатқанында берiлген шығар.

Соғыс жылдарынан кейiн, қазақтың әрбiр отбасында да ондаған балалар дүниеге келдi. Он бiр, он екi құрсақ көтерген алтын Аналар балаларға шектеу қойған жоқ. Зұлмат жылдардағы аштық пен фашизмге қарсы соғыста қазақтың қаншама азаматтары жазықсыз қырылып кеттi. Сол жоғалған қазақтың орнын толтыру үшiн Аналарымыз еңбек даласында бейнет шегiп жүрсе де, қазақтың санын көбейтудi өздерiне мақсат тұтты. Ең бастысы, Аналарымыз сан бар жерде, сапаның болатынын дәлелдеп шықты. Он жетiншi ұлды туғанында, данышпан Менделеевтiң келетiнiн сезген де жоқ шығар, бiрi кездерi Мария Дмитриевна. Сол сияқты, он баланы дүниеге әкелген қазақ отбасыларынан да небiр таланттар мен дарындар шықты. Мәселен, белгiлi жырау, депутат, қайраткер ұлымыз Бекболат Тiлеухан отбасында он төртiншi сәби екен. Айнагүл ана он төртiншi ұлын дүниеге әкелмегенде, Бекболаттай дарын иесi өмiрге келер ме едi, келмес пе едi?! Қырықтың қырқасына шыққанда көрген он төртiншi ұлы бүгiнде елдiң азаматына айналған ерекше дарын иесi. Айнагүл апа Жаңарқа мен Астананың арасын жол қылып, немере-шөберенiң қызығын көрiп жатқан бақытты әже.

"БЕСТЕН КЕМIТПЕҢДЕР" ДЕП ОТЫРМЫН"

Қазақтың батыр оғланы Ермахан Ыбырайымов та көп балалы отбасында дүниеге келiптi. Он құрсақ көтерген Жәмила апаның Ермахан аға жетiншi баласы. Жәмила апа қазiр Астанада тұрады. Батырдың анасымен тiлдесейiк деп, Астанаға қоңырау шалдық. Телефонның тұтқасын көтерген кiсiнiң Жәмила апаны шақырып жатқанында, тұтқаның арғы жағынан: "Газеттенмiн дей ме? Менен интервью алмақ па?" деген апамның ашық-жарқын күлкiсiн естiп қалдым.

— Жәмила апа, қалыңыз қалай?

— Құдайға шүкiр.

— Он құрсақ көтергенiңiздi бiлемiз. Он баланың бiреуiнiң елдiң атын шығарар батыр болатынына сендiңiз бе?

— "Алла Тағала бiр баланы жаратса, бiр топ жусанды артық жаратады" деген сөз бар ғой. Әр баланың өзiнiң нәсiбi бар. Ермаханымның да батыр болғаны Алланың берген нәсiбi деп ойлаймын.

— Сiзде он баланың бәрiн қалай асыраймын деген қорқыныш болған жоқ па?

— Жо-жоқ. Қорқыныш та болған жоқ. Алдыма қойған мақсатым — он баланы жеткiзу болды. Жолдасым екеумiз адал еңбек етiп жүрiп, сол балаларды жетiлдiрдiк. Жас кезiмiзде балаларымыз үшiн еңбек етсек, бүгiнде сол балаларымыздың рахатын көрiп отырмыз.

— Ермахан ағаны босанған кезiңiзде, қандай көңiл-күйде болдыңыз?

— Ермаханым туғанда нышаналы болып туды. Осы баламның елдiң азаматы болатынына сендiм, жүрегiмде әйтеуiр бiр ерекше сезiм болды. Кiшкентайынан өзi де алғыр, шымыр боп өстi. Сол үмiтiм алдамапты. Ермаханым менiң ғана балам емес, елiнiң баласына айналды. Чемпион болды. Елбасының берген туын ұстап барып, асқақ рухпен қайтып алып келгенiне разымын.

— Дүниеге оныншы сәбиiңiз келгенде қанша жаста едiңiз?

— 43 жаста болдым. Алғашқы сәбиiмдi он тоғыз жасымда босандым. 33 жасқа келгенiмше, тоғыз құрсақ көтердiм. Арасында бiр-екi балам шетiнеп кеттi. Сонда сол жасыма дейiн, он екi құрсақ көтерген екем. Содан кейiн құрдастарым: "Сен оныншы балаға келгенде неге бөгелiп қалдың?" деп, қалжыңдайтын. Сөйтiп жүргенiмде, оныншы қызым дүниеге келдi ғой.

— Бүгiнгi келiндерге айтар өкпе-назыңыз бар ма?

— Қазiр келiндерге не айтасың? Әрбiр қазақтың қызы, келiнi ұлттық дәстүр-салтымызды ұстаса екен деп тiлеймiн. Қазақтың салтынан керемет дүние жоқ. Бiз де сол салтпенен жүрдiк. Ата-ананы сыйладық, үлкенге iзет, кiшiге құрмет көрсеттiк. Ана болған соң, Алла Тағаланың берген балаларына көптiк жасамаса екен деп тiлеймiн.

— Жәмила апа, өз келiндерiңiзге "көп балалы болыңдар" деп ақыл бересiз бе?

— Аллаға шүкiр, менiң келiндерiмнiң бәрiнiң балалары төрт-бесеуден. "Бестен кемiтпеңдер" деп, үнемi айтып отырам. Былтыр екi келiнiм босанды. Алланың берген балаларын туып жатыр. Қазiр Астанадамын. Заманымыз тыныш болсын деймiн. Заман тыныш болса, бәрi болады, балам! Адал еңбек етсе, адал жүрiп, адал тiрлiк кешсе, адамдар жаман болмайды.

"БҮГIН БЕЙНЕТIН КӨРСЕ, ЕРТЕҢ ЗЕЙНЕТIН КӨРЕТIН БОЛАДЫ"

Шаяхметова Дарико Сембайқызы он екi құрсақ көтерген аяулы ана. Он екiншi қызы Күнсұлу Тұрғынбекқызы бүгiнде қазақ өнерiндегi талантты жарық жұлдыздарымыздың бiрi. Танымал жүргiзушi, дарынды актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызы бүгiнде Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың белдi әртiсi. Күнсұлудың анасына бiрер сауал қояйық деген оймен, Қызылжар қаласына телефон шалдық.

— Дарико апа, он екi құрсақ көтерген анасыз. Он екiншi қызыңыздың осындай талантты, дарынды болып туатынын сездiңiз бе?

— Қызым кiшкентай күнiнде еркетотайлау болып өстi. Одан актриса шығады деп ойлаған жоқпыз. Қара ала, торы ала боп, әкесiнiң жанында тракторға мiнiп жүретiн. Оған қарап: "Әй, сенен ештеңе шықпайтын шығар" деп айтатын едiм. Қазiр сол еркетотай қызымның шаңырағымыздың атын шығарып жүргенiне қуанам. Балаларымның бәрi жаман емес, Құдайға шүкiр! Алланың бергенiне шүкiршiлiк етiп отырған жайым бар.

— Естуiмiзше, сауыншы болып жұмыс атқарған екенсiз. Әрi бала бағу, әрi жұмыс iстеу қиындық тудырған жоқ па?

— Ол уақытта "түсiк жасау" дегендi бiлмедiк. Алланың берген балаларына шектеу қоймадық. Бергенiне "шүкiр" дестiк ғой. Әрi жұмыста жүрдiм, әрi депутат болдым. Сол балаларды дүниеге әкелгенiмнен жаман болғам жоқ. Тек, шалымнан ерте айрылдым.

— Апа, қазiр қаншаға келдiңiз?

— Жетпiстен астым. Он тоғыз жасымда тұңғышым дүниеге келдi. Қазiр ол да елуден асып кеттi.

– Дарико апа, Алланың берген он екi баласының арқасында, алтыннан алқа тақтыңыз ба?

— Брежнев бiреуiн бердi. Елiмiздiң президентi Нұрсұлтан Назарбаевтан бiреуiн алдым. Былтыр үйдiң тiзiмiне тұрып едiм, "балаларың есейiп кетiптi" деп бермей қойды. "Кiшкентай балаңыз болу керек" дейдi. Оны ендi қайдан табам?

— Жетпiстен асқанда дейсiз ғой.

— Иә, жетпiстен асқанымда. Шалым да жоқ. (Апам риза боп күлiп алды.)

— Келiндерiңiз сiздiң жолыңызды қуып жатыр ма?

— "Бала ту" деп жатырмыз ғой. Қазiргi келiндер оны тыңдай ма? Баладан қиындық көрмейдi ешкiм. Баланың бүгiн бейнетiн көрсе, ертең зейнетiн көретiнiн қазiргi жастарымыз түсiне бермейдi.

"СЫЙЛЫҚТЫҢ ҮЛКЕНI — ЖҮРЕКТIҢ ТАЗАЛЫҒЫ"

Ұлтай апа – Майғазиевтер отбасының ұйытқысы. Ұлтай ана – он бiр құрсақ көтерген жан. Белгiлi әншi Сәкен Майғазиев — Ұлтай ананың тоғызыншы перзентi. Ал, "До Мажор" тобының әншiсi Роман болса, отбасында он бiрiншi ұл екен. Үбiрлi-шүбiрлi отбасының берекесi Ұлтай ана немере-шөбере сүйген аяулы ана. Созақта тұратын анамен телефонмен тiлдесудiң сәтi түстi.

— Ұлтай апа, мерекеңiзбен!

— Рахмет, айналайын!

— Ұлтай апа, он бiр балаңыздың бәрi шетiнен өнерлi ме?

— Барлығы да шеттерiнен өнерпаз. Бiрақ, iшiнен сахнаға суырылып шыққаны екеуi ғана.

— Олардың елдiң алдына шығар өнерпаз боларына сендiңiз бе?

— Ол кездерi ойланған да жоқпыз.

— Балаларыңыздың шетiнен өнерлi болуы анадан берiлген қасиет пе, әлде әкенiң қанымен сiңген әдет пе?

— Әкеден берiлген қасиет деп ойлаймын. Өзiмнiң әкем молда болған кiсi.

— Өзiңiзде өнер жоқ па?

— Қазақтың “алты ауызын” айтып жүрдiк қой. Бiрақ, керемет өнерлiмiн деп айта алмаймын.

— Келiндерiңiзге жиi ақыл айтасыз ба?

— Келiндерiм жаман емес. Бәрi ата-ананың жақсы тәрбиесiн көрген, тәрбиелi балалар. Оған елiм-жұртым куә.

— Өзiңiздiң енеңiзден үйренген тәрбиеңiздi келiндерiңiзге үйретiп жатырсыз ба?

— Төрт ағайындымыз. Үйдiң үлкенi болдық. Кемпiр-шалдың тәрбиесiн көрiп өстiк. Атамыз 1995 жылы 87 жасында қайтыс болды. Енемiз 85 жасында қайтты. Тоғыз баламды аяқтандырып кеттi.

— Бүгiнгi келiндерге қандай ақыл айтар едiңiз?

— "Абысын тату болса, ас көп" демей ме? Татулық та, ынтымақ та сендердiң қолдарыңда дер едiм.

— Аналардың мерекесi қарсаңында балаларыңыздан не күтер едiңiз?

— Не күтем?! Олардың маған деген жүректерiнiң тазалығын ғана күтем. Оларға деген менiң де аналық жүрегiм таза. Ең сыйлықтың үлкенi осы — жүрек тазалығы.

"АЗАМАТТЫҚ НЕКЕ ДЕГЕН ПӘЛЕ ШЫҚТЫ"

Белгiлi айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы Егеухан апаның сүт кенжесi. Дәулеткерейден бөлек, тоғыз баланы дүниеге әкелген Егеухан апа мен марқұм Кәп ағамыз да өнерден құралақан жандар болмаған. Туған жерден шеткерi, сонау Моңғолия жерiнде он бiрдей баланы дүниеге әкелген Егеухан Мұхамәдиқызы бүгiнде Астана қаласында, Дәулеткерейiнiң қолында тұрып жатыр.

— Егеухан апа, Дәулеткерейiңiз үйдiң кенжесi ме?

— Дәулеткерейiм – кенже балам.

— Оныншы баланы тумағаныңызда, "Дәулеткерей дүниеге келмес едi-ау" деп ойлаған кезiңiз болды ма?

— Қазақ "Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар" дейдi ғой. Кiм бiледi?!

— Сол бiр жылдары аналарымыз он-он екi бала, алды он беске дейiн өмiрге ұрпақ әкелдi. Мұның сыры неде? Елiмiзде осындай салт болды ма, әлде Аналарымыздың бойында қазақты көбейту керек деген сияқты ерекше күш-жiгер болды ма?

— Бұл қазақы қасиет ғой. Махамбет бабамыздың анасынан берi жалғасқан қазақы қасиет ғой. Махамбет бабамыз он ағайынды болған екен.

— Сiзде сол Махамбеттiң анасынан қалған қасиеттi жалғастырдым дейсiз бе?

— Алланың бергенiне бөгет жасамау керек ғой, негiзi.

— Алла Тағала берсе, оннан да көп туар ма едiңiз?

— Мүмкiн, кiм бiледi? Қазақта жиырма балаға дейiн туған аналарымыз болған.

— Бүгiнгi күнi аналарымыз баланы көп туғысы келмейдi. "Денсаулығымыз жоқ" дейдi, "жағдайымыз жоқ" дейдi, түрлi себептер көп. Бұған сiз не айтар едiңiз?

— Бұрынғы ата-бабаларымыз соғыс кезiнде де, қай жерлерде жүрсе де, баланы шектемеген ғой. Қазiргi жағдайға көпшiлiгiнде, аналарымыз да, еркектерiмiз де кiнәлi. Жастарымыз еуропаланып барады. Баланы азайтуды қарастырып жатыр. Бұл да дағдыға айналып барады. Еуропаланып бара жатқан жастарымыз неғұрлым баланы азайтуды ойлап жатса, екiншi жағынан бұған отбасылық жағдай да әсер етiп жатыр. Қазiргi кезде азаматтық неке деген шығыпты. Азаматтық неке дегенiмiз немене? Сол азаматтық некенiң салдарынан баланың саны азайып кеттi.

— Бүгiнгi баланың азюының ең басты себепкерi қоғам деп ойлайсыз ба?

— Жоқ, қоғам кiнәлi деп кесiп айтуға болмайды. Әрбiр нәрсенiң өзiндiк әсерi бар. Азаматтық неке дегенiмiз де әсер етедi, сосын әйелдерiмiздi жастай жоғарғы қызметке тағайындайды. Мұның да баланы шектеуге әсерi бар. Мансап ұрпақты болуға керi әсер етедi деп ойлаймын.

P.S. Тiршiлiк бастауы — әйел. Ғабит Мүсiрепов өзiнiң қойын дәптерiне: "Ең жаман деген әйелдiң қолынан адам жасау келедi" деп жазып қалдырыпты. "Әйел бiр қолымен бесiктi, бiр қолымен әлемдi тербетедi". Әйел-ананың ұрпағына қалдырар өсиетi де осында. Әйел тектi болмай, ұрпақтың тектi болмайтынын қазақ дәлелдеп қойған. Қазақтың маңдайына бiткен жарық жұлдыздары, кемеңгер-данышпандары да Анадан жаралған. Ананың сүтiмен, әкенiң қанымен сiңген қазақы қасиеттiң арқасында данышпандық та, кемеңгерлiк те шығып отыр. Абай — дана. Абайды дана еткен Ұлжандай ананың қасиетi. Махамбеттей ұлды дүниеге әкелген де Ана. "Жұмақ — ананың табанының астында" демей ме, ендеше Аналарымызды құрметтейiк! Ал, аналарымыз сан бар жерде, сапа болатынын ұмытпаса екен. Абайдай дананы, Махамбеттей дараны дүниеге әкелген Ана, қазақтың маңдайына бiтетiн оғландарды тудырмай қоймайды.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары