ҚЫРАН БҮРКIТ НЕ АЛМАЙДЫ САЛСА БАПТАП...

ҚЫРАН БҮРКIТ НЕ АЛМАЙДЫ САЛСА БАПТАП...

ҚЫРАН БҮРКIТ НЕ АЛМАЙДЫ САЛСА БАПТАП...
ашық дереккөзі
234

Ата кәсiбiмiз — құсбегiлiк шетелдiктердiң қанжығасында кетпей ме?

Өткен аптаның жұма күнi "Қыран федерациясы" қоғамдық қорының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызының ұйымдастыруымен құсбегiлердiң "Сонар-2010" дәстүрлi жарысы өттi. Бұл жолғы жарыс Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сарыжаз елдi мекенiнiң тау жақ бөктерiнде болды.

Республиканың жетi облысынан келген құсбегiлердiң 40 бүркiтi, 8 қаршығасы екi күнге созылған сайысқа түстi. Бейсенбi күнгi iрiктеу жарысында он бүркiт, бес қаршыға қажеттi ұпай жинап, ақтық айқасқа шықты. Соңғы күнгi қаршыға жарысында Тараз қаласынан Шернияз Бауыржанның Тұнжыркөгi бiрiншi, Оңтүстiк Қазақстаннан Тiлеу Сырымның Көксүңгiсi екiншi, Ассағадан Мейрамбек Зейнеловтың Көкжендетi үшiншi орындарды жеңiп алды.

Ал қыран бүкiтшiлер жарысында Алматы облысынан Алдаберген Шолиповтың Ақиығы бiрiншi, Атырау облысынан Арман Қошқаровтың Ақжайығы екiншi, Ақтөбе облысынан Аягөз Сарсенбиеваның Елегi үшiншi орындарды иемдендi. Федерация қоры жеңiмпаздарға арнайы диплом мен кубоктар және 100, 75 және 25 мың теңге көлемiнде ақшалай сыйлықтар табыс еттi. Негiзiнен қорға бiрнеше жылдардан берi "Ксеll" компаниясы қаржылай көмек көрсетiп келедi. Сонымен қатарынан он үшiншi рет ұйымдастырылған жарысты Райымбек ауданының әкiмшiлiгi ойдағыдай өткiзе бiлдi.

Бүгiнде құсбегiлiктi ұлттық спорт өнерiне жатқызуда. Шын мәнiне келер болсақ, бұл бiздiң ата кәсiп. Бағзы замандарда бiр әулеттi бiр бүркiт қыс бойына қоянның етiмен асырап, қасқыр мен түлкiнiң терiсiмен қамтамасыз еткен. Оны арысы аңыз-әңгiмелерден, эпостық жырлардан, берiсi Ақан серi, Бiржан салдың өмiр-деректерiнен жақсы бiлемiз. Бертiнде жұрттың назары мылтыққа ауып, құсбегiлер қатары сиреп қалды.

Бүркiт — қасиеттi құс. Иесiне адал, өлексенi жемейдi. Әбден қартайғанша арпалыспен өмiр сүредi. Қызғыш қос жанары биiктен көз ұшындағы жемтiк аңдарын тез шалады. Бар күшi қос қанаты мен екi аяғында. Орақтай иiлген болат тырнақтарын жыртқыш аңдардың арқасына алшақтата қадап, жиыра қысқанда бел омыртқасын сындырып жiбередi. Анау-мынау iрi қояндарды тырнақтарымен iлiп алып, тау басындағы балапандарын жемдейдi.

Бiз он үш жылдан берi ата кәсiбiмiздi бүгiнгi күн ыңғайымен спорт өнерi түрiнде жаңғыртамыз деп жүргенде, күнi кеше ғана құсбегiлiктi тамашалауға келген шетелдiктер қазiргi кезде өздерiнiң төл өнерiндей иеленiп алу жағын қарастыруда. Былтыр кабельдi телеарналардың "Әлем жан-жануарлары мен аң-құстары" бағдарламасынан Англиядағы ағылшын ғалымдарының бүркiттi аңдарға қалай салғандарын көрсеттi. Биiк төбеге шығып, қолдарына қондырған бүркiттерiнiң томағасын сыпырып, қоян мен түлкiге салды. Олар аң аулап қана қойған жоқ, бүркiттiң арқасына қондырғы аппарат орнатып, ұшу кезiнде қос қанаты мен құйрығын қалай игеретiнiн, аңға шүйiлгендегi жылдамдығын, жыртқышпен арпалысын компьютерден көрiп, қадағалап, ғылыми зерттеулер жасады. Зерттеу жұмыстары бiткен соң құсбегiлiктi өздерiне заңдастырып, иеленiп алар да түрлерi бар. Ал бiздiң Туризм және спорт министрлiгi әне-мiне деп ырғалып-жырғалып жүргенде, олар “Бұл өнердi, бұл мәдениеттi де бiзден алғансыңдар” деп шыға келмесiне кiм кепiл. Солай ата кәсiбiмiзге өзiмiз ие бола алмай қалу қаупi туып отыр. Кейiнгi кезде осы құсбегiлiк өнерге голландықтар мен австриялықтар да ден қоюда. Еуропалықтар бұрын ормандарында аңдарға құмай тазылар салып, сейiл құрған. Бiрақ оларда құсбегiлiк болған емес. Бүркiт Еуропада да бар. Алайда қолға үйрету, аңға баптап салу тәсiлдерiн бiзден алғаны анық. Сондықтан мұны ұлттық өнер ретiнде халықаралық деңгейде заңдастырып алсақ қана, құсбегiлiкке қатысты атаулар бiздiң тiлде сақталынары хақ. Мысалы, томаға, биялай, тұғыр атаулары секiлдiлер.

"Қыран федерациясы" қоғамдық қорының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы:

— Өкiнiшке қарай, Туризм және спорт министрлiгi тарапынан құсбегiлiкке жiтi көңiл бөлiнбей отыр. Соның салдарынан биыл да мемлекеттiң "Мәдени мұра" бағдарламасына ене алмадық. Ең бастысы осындай ұлттық спортқа қатысты заң жоқ. Арнайы заң болмаған соң бұл мәселенiң оң шешiлуi кенжелеп қалуда. Қырғыз ағайындарда да құсбегiлiк өнерi бар. Егер тиiстi министрлiк осылай ұзын арқан, кең тұсауға салынып қаннен қаперсiз жүре берсе, бұл ұлттық спортты бiзден бұрын сол ағайындардың иеленiп кетуi де мүмкiн, — дейдi.

Тағы бiр түйiндi мәселенi айтпай кетуге болмас. Бүркiт – "Қызыл кiтапқа" кiрген құс. Кеңес өкiметi кезiнде оларға чип тағылған. Алайда сол чипi бар бүркiттердiң өмiр сүру уақыты қысқа. Егер чипi бар бүркiт өлiп қалса, құсбегi он айлық есептiк мөлшерiнде айыппұл төлеуi керек. Бiзде мұны зерттеп, себебiн анықтайтын орнитолог мамандар да жоқтың қасы.

Құсбегiлiк – ұлттық өнерiмiз ғана емес, ұлттық мәдениетiмiздiң бiр саласы. Мұны ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан кезiнде қадап айтып кеткен. "Құсбегiлiк — қазақтың ұлы мәдени мұрасының ашылмай қалған парақтарының бiрi". Бұрын мұндай өнерге ескiлiк деп қараған Кеңес өкiметiн кiнәладық. Ал қазiр ше? Кiмге кiнә артамыз? Бәрi де өз қолымызда тұрған жоқ па?! Тиiстi министрлiк ұлттық құсбегiлiк өнерiмiз жөнiнде халықаралық деңгейде ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып жатса кiм қой дептi. Жалпы жайбасарлықтан не ұттық? Бiз әне-мiне деп жүргенде сол ағылшындарыңыз түйенiң шұбатынан балмұздақ ойлап тауыпты. Анау Израильдегi бiреу қазақтың бес-алты киiз үйiн қала шетiне тiгiп, таңсық көрiп келушiлерге қымыз секiлдi ұлттық сусынымызды ұсынып, бизнес көзiне айналдырып отыр. Тағы бiрi қымызды таблетка түрiнде шығарып жатыр. Құсбегiлiк өнерiмiзге де осылардың керi келiп, мәдени құндылығымыздан айырылып қалмасақ деңiз.

"Қыран бүркiт не алмайды салса баптап…" Кемеңгер Абайдан қалған асыл сөз. Киелi құс бүркiттiң тiршiлiгiмiзбен бiте қайнасқанын сол бiр өлеңiнде асқан шеберлiкпен жеткiзген. Бүркiт бүгiн де сол қасиетiн жоғалтқан жоқ. Барымызды өзiмiз бағалай бiлмесек, басқалардың иеленiп кетуi әбден мүмкiн. Сонда "қап, әттеген-ай!" деп өкiнiштен опынып жүрмесек игi едi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары