КҮМIСТIҢ СЫРЫ МЕН СЫҢҒЫРЫ

КҮМIСТIҢ СЫРЫ МЕН СЫҢҒЫРЫ

КҮМIСТIҢ СЫРЫ МЕН СЫҢҒЫРЫ
ашық дереккөзі
422

ХХI қысқы Олимпиада ойындары бел ортасынан ауды. Бақ сынап болған спортшылар елдерiне қайтып жатыр.

Күнде бiр жарыстан екiншiсiне үлгермей жатушы едiк, ендi түстен кейiн қолымыз босайтын болды. Тiптi хоккей матчтарын барып көруге мүмкiндiк болатындай. Астана "Барысының" бесаспап шабуылшысы Йозеф Штумпелдiң қолын қысып, Қазақстан жанкүйерлерi словакиялық шабуылшысын мақтан тұтатындығын бiлдiрсем деймiн. Риза болып қалатын шығар. Ресей клубтарының сапындағы хоккейшiлерiмiздiң бәрi ел намысын қорғағанда, бiздiң де құрама Ванкувер мұз айдынында ойнақ салар едi-ау. Бұл ойымды Ресей журналистерiне құлаққағыс қылып айтып та жүрмiн. Кейбiреуi: "Иә, шынымен-ақ сiздердiң хоккейшiлерiңiз Ванкуверге келгенде, ешбiр елдiң ұлттық құрамасына оңай шағыла қоймас едi" десе, баз бiреулерi иықтарын қомдап, бәрiн де "жазмыштан озмыш жоқ" деген қағидаға сiлтейдi. Ал баскетболдың сүйек майын шаққан даңқты Александр Гомельскийдiң ұлы Владимир Гомельский: "Шынымды айтсам, мен үшiн де Еремеев, Антропов, Корешков, Уппер, Дударев және басқа да хас шебер хоккейшiлердiң Ванкувер Олимпиадасынан тыс қалғандары өкiнiштi-ақ. Бiрақ бұған бiрiншi кезекте өздерiңiздiң ұлттық федерацияларыңыз кiнәлi емес пе?!" деп, өзiме тарпа бас салды…

Айтпақшы, бiр танысым "Бiздiң спортшылар күмiстi қалай алып жүр, не сыры бар?" деп хат жазып жiберiптi, Интернет арқылы. Сыры, қазақтың "бармақтай бағың жансын" деген аталы сөзiнде. Олимпиада ойындары — бап емес, бақ шабатын жауапкершiлiгi шектен тыс дода. Жүйкесi мықтылары ғана еңсесiн басып тұратын жауапкершiлiк жүгiн елең қылмай, сенiмдi ақтап шығады. Осындайда өз ойымен алысқан хас шеберлердi олардың өкшесiн басып келе жатқан бәсекелестерiнiң қапы қалдырып кететiндiгi болады. Сондай-ақ өз дүлдүлдерiн осынау дүбiрлi додаға дайындау барысында бапкерлердiң де жаза басып жататын кездерi болады. Ванкувер Олимпиадасының биатлоншы қыздар арасындағы бәйгелерiнде дәл осындай жағдайлар орын алуда. Әлем кубогы додаларында өзгелерге дес бермейтiн (аракiдiк жеңiс тұғырын түгелдей жаулап алып жүретiн) немiс қыздары аяқтарына жем түскен бәйге аттарындай кiбiртiктеп, көсiле шаба алмай жүр. Тек Магдалена Нойнер ғана сенiм үдесiнен шығып жүрген. Қысқа қашықтықтарда алдына жан салмайтын швед қызы Анна Карин Олафссон-Зидекке де не болғанын түсiну қиын. Немiс аруларымен тайталасып жүретiн орыс қыздары да әзiрше жүлделi орындарға сына қаға алмай келедi. Ауа-райының да қолайсыздығы спортшылардың өз мүмкiндiктерiн толықтай жүзеге асыруларына мүмкiндiк бермей жүр. Жаңбыр жиi жауып, күн жылып кетiп, қар ерiп жатыр. Қар жұмсақ, салмағы ауыр спортшыларға қиындау болып тұр. Бiздiң Елена Хрусталева сияқты жеңiл салмақты биатлоншы қыздардың асықтары алшысынан түсуде. Әрине, ұйымдастырушылар жарыс жолдарын таптап, арнайы химиялық суспензиямен тығыздап (цементтеп) отырады. Әйтпесе қардан түк қалмас едi. Бұған Хрусталеваның 4 рет нысана ату сынында (екi рет шынтақтап жатып, екi мәрте түрегеп тұрып) бiрде-бiр рет мүлт кетпегендiгiн ескеру керек. Бұл оның күмiс медаль еншiлеуiне зор ықпал еттi. Қазақстан құрамасы қатысқан ақ Олимпиадаларда соңғы 12 жылда қол жеткiзген алғашқы медалiмiз күмiс болғанымен, өзгелердiң алтынан бергiсiз. Өйткенi, бұл күнi елiмiздiң көк байрағы өзге де жеңiмпаздар санатында алыс Канаданың аспанында желбiредi.

Нұрғазы САСАЕВ

Серіктес жаңалықтары