1957
БОСТАН БИДIҢ КЕСЕК СӨЗДЕРI
БОСТАН БИДIҢ КЕСЕК СӨЗДЕРI
Бостан Ұзақұлы ХIХ ғасырдың аяғында өмiр сүрген, жауға шаппаса да, билiк кесiмдерi мен елге танылған тұлға ретiнде ел аузындағы әңгiмелер арқылы бүгiнгi ХХI ғасырдың ұрпақтарына жетiп отыр.
Бiр әңгiме үстiнде Бостанға қарап отырып, замандасының бiрi: "…Осы сенiң атыңды неге Бостан деп қойған, ол не мағына бередi?", дептi. Сонда Бостан би: "Алланың жаратқан жетi күнi бар, соның iшiнде Алла жұма күнi 18 мың ғаламға бостандық берiптi. Мен сол жұма күнi дүниеге келгендiктен Бостан қойған екен", – деп бiр тұжырып тастаған көрiнедi. Ел iшiнде Бостан би айтыпты, пәлен жердегi бiтiспейтiн дауды шешiптi, дескенмен жұрт бидiң кескiн келбетiне қарап, оны қорашсынады екен. Мәжiлiс соңында құрдасы: "…Сөзге шешенсiң, сонша ажарсыз болғаның қалай, құрдасым. Сонда Бостан: "Дүниеде екi базар болады, бiрi – бақ базары, ендi бiрi– ажар базары. Мен бақ базарында көбiрек жүрiп, ажар базарына кешiгiп қалыппын, сол себептен ажарсыз болдым, бiрақ бақ қонды",– дептi. Би туралы мұндай-мұндай нұсқалы сөздерi баршылық. Арқа елiнде арғындар мен Кiшi жүз арасында дау болып, сол дауды шешуге тоқа Сәтбай, керейiт Жорықбай, Бостан тағы басқа билер тобы барыпты. Олардың келетiнiн алдын-ала бiлiп отырған қарсы жақтың билерi бiр сыншысын жiберiп Кiшi жүз билерiн сынамақ болып, көп сөйлесiп, әңгiмелескен. Сыншы: " – Сәтбай әзiр жауап, шыға-шаптың адамы, Жорықбайдың назары төмен, жақын жерге көздi көп салады екен, Бостан дегенi түбi жоқ тұңғиық па деп қалдым", – деп сынапты. Сол мәжiлiсте Сәтбай бастап, Бостан қостап дегендей жылқы дауын бейбiт шешкен көрiнедi. Содан да болар халық арасында "Сәтбай – кiлт, Бостан – сандық" деген сөздер қалыптасқаны. Бiрде екi аңшының арасында iндеткен түлкiге талас туып Бостан биге төрелiкке келедi. Аңшының бiрi тұрып: "…Би аға, түзден түлкi қуып едiм, бiр iнге келiп кiрдi, бiрақ мына жiгiт iн менiң бағып жүрген iнiм едi, түлкi менiкi", – деп дау айтыпты. Сонда Бостан би бiраз ойланып отырып: "Iн баққан әйелдiң iсi, ал аңшылық жетi қазынаның бiрi, түзде жүрiп аң аулау ердiң iсi. Түлкi ұрғашы болса, iн аңдыған сенiкi, еркек болса түзде жүрген аңшы сен ал", – дептi. Сөйтiп бұл таласты әдiл шешiптi. Шөмекей мен кете руларының басқарушысы (кейде хан деп аталған) болған Елкей сұлтан Қасымұлы Бостан Ұзақұлын өзiне шақыртып, тама Өмiрбайдың үйiнде өрен жүйрiк тазысы барлығын, соны өзiне сұрап алып берудi тапсырыпты. Содан Бостан би жолға шығып, Өмiрбай биге жолығып сөйлеседi. Табалдырықта керiлген тазыға қарап: "Өмеке мына тазыңыз арлан ба, әлде қаншық па?" дептi. Бостанның келген жұмысын түсiнiп отырған Өмiрбай би: "Бостаннан бос сөз шықпайды ғой, ол иттiң арланы мен қаншығын сұрап отыр ғой. Мұның мәнiсi еркек болсаң итiңдi бер, сұрап келдiм, қатын болсаң қала бер деген сөзi ғой", – деп итiн жетектетiп жiберiптi. Көршiлес елдер арасында жерге, суға таласу, малдарын барымталау орын алып отырған. Бiрде қазалылық Наурызбай Қожагелдiлердiң малдарын ұры жұмсап алдырған екен. Барған адамдарға Наурызбай теңдiк бермептi. Ағайындары Бостанға баруды өтiнедi. Содан би Бостан ұрыларды жұмсаған Наурызбай үйiне тұралап барып түседi. Бостанға қарап отырып Наурызбай мырс етiп күлiп жiберiптi. Сонда қарсы қарап Бостан би: "…Келiмi келген кермиық бәйбiшеден, Кеңеске жарайтын ұл туады. Кең құрсақ, кер биеден, Жауға мiнетiн құр туады. Өсекшiл қара домалақ тоқалдан, Мысқылшыл құл туады. Сен осының қайсысың?" дегенде, сөзден тосылған Наурызбай тапқыр биден кешiрiм сұрап, ат-шапан айыбын төлеп, ұрланған жылқыларды бидiң алдына салып берiптi. Орта жүздiң белгiлi биiнiң бiрi Баубек бiр даулы iспен Шөмекей елiне келiп, өлген ағайынына құн сұрайды. Осы басқосуда Бостан да болыпты. Қонақтарға су құйып жүрген баланың аяғы бiр нәрсеге шалынып құлап қалады. Мұны ерсi көрген Баубек би: "Бала құлады, олжа келдi, олжадан Бостан да құр қалмас" дептi. Осыны күтiп отырғандай Бостан: "…Бауыр еттiң тағасы. Құлақ сөздiң сағасы. Жарым болар жiгiттiң, Қабағы тардың жағасы. Кем болмайды, кең болар Көпке болар нағашы." Ел қамын ойлайтындарда шындық жоқ, жұрттың нақақ жолын жейдi. Әдiлдiкте арман бар ма? Айналамдағы ел де, жер де менiкi. Кiм қаңғып жүрiп далада өлсе, құн иесi сенiкi. Бiреу ауырып өледi, бiреу жығылып өледi, ал ендi бiреу сүрiнiп өледi. Мен қай жолаушыны қарауылдаймын. Қарауыл десең бiлегiңдi бер, ошағымның қасында, құдағиымның басында болса бiр сiрә, айдалада өлген адамға елiмнен алып берер құн түгiл, бiр сабақ жiбiм жоқ", – деп тоқтаған екен. Сыр сүлейлерiнiң iрi өкiлiнiң бiрi Кете Шораяқтың Омары (ақын) Керейiт Даңмұрын мен Кете Жүсiптiң айтысына айтқан аралық сөзiнде: "…Би Бостан, Тама Өмiрбай, Өтетiлеу, Шықпаған кеңесiнен ешбiр қата", – дегенi елге мәлiм. Бостан би көшiп-қонып жүрiп Арқа жақта қайтыс болады. Соны естiп тiрiде Бостанды жеңе алмадым, ендi өшiмдi өлiден алайын деп моланы тепкiлептi. Бiр Алланың кереметi ғой, табанда ауырып,осы Бостан бейiтiнде қаза тауып, сол жерде жерленедi. Содан да бұл екi бейiт қазiр де "Бостан-Баубек" деп аталады екен. Шежiрелер желiсi бойынша Бостан би Шөмекейге жататын қожагелдi руынан. Атақты Арыстанбай мен Қашқынбай батырлардың ұрпағы. Тiкелей тарқатар болсақ, Қожагелдiнiң – Тынысынан Назар одан Базар, Базардан – Тiлемiс,одан Бейбiт. Бейбiттен – Ұзақ, одан Бостан би туған. Кейбiр құжаттарда Бостан Бейбiтов болып жазылған. Бостаннан Жарасбай, одан тараған 5 баладан да бүгiнде ұрпақ қалмаған. Бiрақ ел аузында абыройлы сөзi, кесек бiтiмi, шешiмi қалмаған кiсi.
Тынышбек Дайрабай, зерттеушi