АҚЫН МҰРАСЫНЫҢ ҚОС ТОМДЫҒЫ

АҚЫН МҰРАСЫНЫҢ ҚОС ТОМДЫҒЫ

АҚЫН МҰРАСЫНЫҢ ҚОС ТОМДЫҒЫ
ашық дереккөзі

Қазақ поэзиясында өзiндiк үнi айқын, дәуiр шындығын өрнектей, суреттей бiлген арқалы ақындардың бiрi — Үмбетәлi Кәрiбаев (1889-1969). Ол кiсiнiң артында қалған өлең мұрасы көлемi жағынана аса қомақты болмаса да, мән-мағынасы, көркемдiгi жағынан қалың оқырманның назарын аударар деңгейде екендiгiн зерттеушiлер айтып жүр. Жуырда, әдебеитiмiзде елеулi iз қалдырған осынау тұлғаның екi томдық кiтабы жарық көрдi. Осынау iргелi еңбектi дайындап, жарыққа шығаруға тiкелей мұрындық болған мекеме — Республикалық кiтап музейi. Құрастырушылары — осы музейдiң директоры Нағашыбек Қапалбекұлы мен ақынның тiкелей ұрпағы Мұхит Кәрiбаев.

Бұдан бұрын да ақынның өлең-жыр жинағы жарық көрген болатын. Ал мына екi томдықтың жөнi бөлек болатын. Себебi — оған Ү.Кәрiбаевтың бұрыннан белгiлi өлеңдерiмен бiрге оқырман көңiлiнен қағыс болып келген жекелеген жырлары, әр жерде суырып салып айтып тастап кете беретiн жекелеген өлең шумақтары енiп отыр. Арқалы ақынның еңбектерi бiршама жинақталып, жүйеге түсiп қалғанын мына соңғы басылымнан айқын көруге болады: “Халық үшiн қаламды қолданамын, Ой жамап, ой үстiне толғанамын. Жаман сөз жанға сауал деген сөз бар, Әдiлдiк ақиқатты қолданамын,” — дейтiн Үмбекеңнiң артында қалдырған поэзиялық мұрасы өзi өмiр сүрген кезеңнiң шындығын жарқырата айтып, қазақ тарихының белестерiн әсерлi шумақтармен өрнектейдi. Үмбетәлi әлемнiң өзiндiк үнi, ұнасымды қыры оқырманға эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, түрлi ой-толғаныстарға қарай жетелейдi. Мәселен, ел арасынан шыққан Ескелдi есiмдi азаматтың басынан кешкендерi жеке поэмаға жүк боларлық екендiгi байқалады. Ақынның оған арнаған өлеңдер цикiлiнен отызыншы-қырқыншы жылдарда қазақ халқының басына түскен түрлi нәубеттердiң iзiн, уақыттың ащы шындығын айқын көруге болады. Жинаққа енген әрбiр өлеңнiң әлеуметтiк салмағы дәуiр тынысын дәл аңғартумен бiрге жазылу өрнегi, көркемдiк құрылымы жағынан да назар аудартады. Жалпы Ү.Кәрiбаев шығармашылығына қатысты осы кiтаптан толық мәлiмет алуға болатыны анық. Өйткенi екi томдық екiншi кiтабында ақын жайлы естелiктер мен түрлi зерттеушiлердiң талдаулары да енгiзiлген. Әр кiтаптың бөлiмге бөлiнiп, қолда бар материалдардың iрiктелiп, топтастырылып берiлуi шығарушылардың жауапкершiлiкпен жұмыс iстегенiн байқататын мысалдар. Екi кiтапта да белгiлi бiр жүйе бары, тиiстi мақалаларды ұсынуда да ғылыми ұстанымның негiзге алғаны байқалып тұр. Талдау мақалалардың бiрсыпырасын кiтапты шығарып отырған Республикалық кiтап музейiнiң қызметкерлерi жазыпты. Рухани мұрамызға сергек қарауды талап етiп отырған бүгiнгi заманда өмiрден өткен дарынды ақынның артында қалған мұрасының жинақталып, толықтырылып жарық көруi оқырмандар көңiлiн бұрып қана қоймай, рухани игiлiгiмiздi толтыратын кезектi бiр игi қадам болып табылары сөзсiз.
Н.АҚЫШ