ҚАЗАҚЫ ОТБАСЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ — ДIН

ҚАЗАҚЫ ОТБАСЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ — ДIН

ҚАЗАҚЫ ОТБАСЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ — ДIН
ашық дереккөзі
307

Халықтың этномәдени тiршiлiгiндегi отбасылық сыйластық, халықтың дiни дүниетаным негiзiнде яғни, бiр Құдiреттiң барлығы деген сенiм ретiнде жеткiзiлуi, дүниетанымдық қағидалар мен жол-жоралғылардың кiлтi болған. Дiни сенiм өрiсiнде қалыптасқан отбасылық үлгiлерi халықтың рухани төлтумалық, яғни ұлттық сана негiзде орныққанын айқындайды. Мұндай дүниетаным үлгiлерi қазақтың отбасылық тәрбие философиясында мейлiнше анық тұжырымдалып, отбасылық өмiрде түбiрлi ықпал етуiмен, оның мазмұндық сипатын ашып көрсеткен.

Қазақ халқы отбасылық өмiрiндегi сыйластық қарым-қатынас "ыммен" жылы қабақпен, көзбен түсiнiсу – салмақты да сабырлы қалыбына, табиғатына тән құбылыс. Қазақ үшiн сырттан ғайбат айтып, көзiнше түк болмағандай отыру нағыз пасықтық деуге болады. "Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ" дегендi өмiрлiк ұстаным еткен қазақ мұндай пасық мiнездi қайдан алды дер едiңiз? Әрине, сырттан. Бiр ғасырға жуық кең байтақ даламызда тiршiлiк еткен кеңестiк жүйе бiзге жат сипаттағы отбасылық үлгiлердi уағыздады.

Қазақ халқының тағы да бiр отбасылық ерекшелiгiнiң көрiнiсi — салт-дәстүрлер. Салт-дәстүрлердiң мәдени негiзiн бала кезiнен сана-сезiмiне сiңiрiп отыруы. "Дiл негiзi — дәстүрде" деген халықтық тұжырым да бар. Кiшкентайынан әрбiр орындалып жатқан салт-дәстүрге тiкелей араласқан бала қисапсыз мол дерекке жаттығып, дiлiнде түпкiлiктi орын алады. Яғни, халық дәстүрiн танып-түсiну әрбiр баланың өз басындағы сезiм түйсiгiмен сабақтасып отырған. Өз халқының салт-дәстүрiн тану — өз халқыңмен бiте қайнасу, оның бiр бөлшегi ретiнде өзiңдi сезiну.

Қазақ халқының табиғатындағы тағы да бiр ерекшелiк, кез келген адамдармен тiл табыса бiлуi. Осыған байланысты отбасылық тәрбие негiзiндегi қалыптасқан сергек — сезiмталдылық санасы әрдайым парасаттылықты басшылыққа алып, қанына сiңдiрген аталы сөзге, сыйластыққа ден қояды. Амандық-саулық сұрасқаннан кейiн алдындағы адамның жан-дүниесiн тануға, оның көңiлiн табуға деген құлшыныс бар. Ол оның ой-сезiмiне өзiндегi қалыптасқан сергектiгi қазақтың қарапайым шынайы қарым-қатынасының өзегiне айналған. Ортақ әңгiме тауып, көңiл түкпiрiндегi ойды бөлiсiп, тiл табысуда тек өзiмдiкi ғана дұрыс деген тоңмойындық, өндiршектiк болмаған. Тоңмойындық немесе өзiн бiлгiш ретiнде көрсету, Абайша айтсақ, "надандық". Құран, хадистерде де бұл уақытта "мен бiлемге" салынып, жұрттың алдына түсiп, бiлгiшсiнiп көрiнуге тырыспайды, ең құрығаны сол, бiлмегеннiң бiлгiшсiнiп ешкiмге сөз бермеуi. Қазақ атамның: "Шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без, әке тұрып, ұл сөйлегеннен без" деген ғой. Бұл өндiршектемей, тоңмойынға салынбай, жан-жағыңа қара деп тұрғаны емес пе? Яғни, өзгенiң ой-пiкiрiне құлақ асып, оның айтқанын да тыңда, оны түсiнуге тырыс деген тұжырым. Бұл тұжырым – қазақ отбасындағы жиi айтылатын ұстаным. Яғни, бұл да қазақ табиғатының сергек сезiмталдық көрiнiсiнiң айғағы.

Бiлгiшсiнiп, ортаға шығып көкбеттену қазаққа қайдан келдi? Бұл да кешегi кеңестiк дәуiрдiң "құндылықтары".

Қазақ отбасындағы тағы да бiр ерекшелiк — бiрлiк, ынтымақтастық. Бұл қасиеттер ұлт тағылымын өркендететiн, елдiң тәуелсiздiгiн нығайтатын құбылыстар. Ынтымақтастық, бiрлiк адалдықпен астасып, қарапайым шынайы өмiр сүрудiң негiзiне айналған. Қарапайымдылық қайырымдылықпен сабақтасып көркем мiнез түзуге бағыттайды. Көркем мiнез кез келген адамды жатсынбай, оған түсiнiстiкпен қарауға бейiмделген, жақсы-жаманды айыра бiлген, оң мен солын ұғынып тырысуға ықылас танытқан адам.

Қазiргi кезде отбасы тәрбиесi философиясы құрдымға кеткендей. Оның себептерi қандай? Бұл сұраққа жауап өте күрделi. Отбасылық өмiрдегi болып жатқан қиын да, күрделi сұрақтарға жауаптың негiзiн ғылыми-теориялық негiзде түсiндiрудiң қажеттiгiн айтуға болады.

Екi адамның өмiр сүру негiзiндегi өмiрлiк құндылықтар туралы таным түсiнiктерiнiң таяздығы. Сырттан телiнген отбасылық құндылықтарға елiктеу, өзiнiң табиғи болмысынан алшақтауы сияқты жағдайларды айтуға болады. Өзiндiк ұлттық болмыс, ұлттық сана негiзiндегi орныққан қасиеттердiң таяздығынан елiктеуге алып барған құбылыстың бiздiң өмiр салтымызда қалыптаспағаны оның өмiршең емес екендiгiн көрсетедi. Яғни қазақ қоғамына жат. Олай болса, аққа қара жамағандай сiңiсiп кете алмау сияқты құбылыстармен әшкереленiп жатады.

Екiншi, ұлттық салт-дәстүрлердiң ұмытылуы. Жұбайлық өмiрге тән ықыластың жоғарыда айтылғандай, адалдықты, қарапайымдылықты, сыйластықты сақтамау отбасылық өмiрге көлеңкесiн түсiредi. Керiсiнше, тәкаппарлық, өзiмшiлдiк, менмендiк сияқты жағымсыз қылықтар бой көтерiп, түрлi келеңсiз жағдайларға әкелiп соғады.

Көптеген жастарда үйленгеше өмiрлiк ұстанымдары айқын емес. Олар өмiрлiк қағидаға айналған таным-түсiнiктердiң барлығын, оның мәнiн ұғынуға деген көзқарастарының жоқ екендiгiн дәлелдеуде. Күнделiктi өмiр ағымымен тiршiлiк етiп жатқанын түсiне бермейдi. Сондықтан отбасылық өмiрдi түсiнуде бiлiмсiз әрi түпкiлiктi ой-тұжырымдары төмен. “Күйдiм-сүйдiм” деп әке-шешенi сабылтып, той жасатып, ертесiне ажырасып жатады.

Келесi бiр ескеретiн нәрсе — өз қателiгiңдi мойындай бiлу. Қателiктi мойындау ерлiк десе де болады. Бұл әсiресе отбасылық өмiрдегi қатал талап. Отбасылық өмiрдегi сыннан сүрiнбей өтудiң талабы. Мұндай талаптар Құран-Кәрiмде де айтылады. Мысалы: "Ахзаб" сүресiнiң 28-аятында: "Ей, Пайғамбар! Әйелдерiңе былай де (орынсыз қаражат сұрай берiп, ренжiтсе): "Егер сендердiң аңсайтындарың дүние тiрлiгi және өмiрдiң зейнетi ғана болса, жарайды, онда бiраз дүние берейiн де, жақсылықпен қоя берейiн", және "Бiреуге тiл қатқанда қылымсымаңдар. Егер қылымсысаңдар ойы бұзық еркек сендерден дәмеленiп қалады. Демек, сөздерiң сынық болсын" (Құран-Кәрiм. Алматы. Жазушы, 1991, 368-бет). Яғни отбасылық өмiр күрделi сынақ, оның қалыптасқан қағидалары, ұстанымдары, реттiлiгi, тәрбиесi мен тағылымы барлығын әсте ұмытпайық.

Ж.МЕЙIР,философия ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары