КҮРЕТАМЫР ӨМIРДЕН ӨТТI

КҮРЕТАМЫР ӨМIРДЕН ӨТТI

КҮРЕТАМЫР ӨМIРДЕН ӨТТI
ашық дереккөзі
605

Рымғали Нұрғалиев өмiрден өтiптi дегенде, селк ете қалдық. Оның себебi:

Рекең қазақ әдеби сынының көшбастаушылары Әуезов, Мүсiрепов, Тәжiбаев, Кенжебаевтардың көзiн көрiп, сөзiн тыңдаған, көзi тiрi Бердiбаевтың қолынан ет асаған ортамыздағы алыптың бiрi едi. Рекеңнiң әйгiлi "Күретамыры" 70-шi жылдары әдебиетке келiп, қалам ұстағандардың хрестоматиясына айналды; пьеса жазған драматург пен спектакльде ойнаған актер Рекеңнiң алдында өз парызын өтеп жүргендей көрiнедi. Рымғали Нұрғалиев драматургияның күрделi мәселелерiн теориялық тұрғыдан сөз етiп, дәлелдеген тұлға. Бердiбек Соқпақбаевтың "Өлгендер қайтып келмейдiсi" жазылып бiткенде, "Ленишiл жаста" "жаңа шығарма жарыққа шықты" деп жар салған да өзi едi. Ол әдебиет деңгейiн көтерген туынды өмiрге келгенiн айтты. Бiрақ, бәйге сөресiнде ешкiм бұл сөзге құлақ аспады, тек француздар өрекпiп, өз тiлдерiне аударып алды. Соңғы кездерi "Егеменде" жарияланған көсем сөздерi ағалықты артқа тастап, аталыққа бет бұрған тұлғаның терең танымын танытқандай едi. Үстi-үстiне шыққан мақалаларын оқып тұшынғанымызға да көп бола қойған жоқ. Уақыт асықтырды ма екен? Уақыт өз дегенiн iстейдi. Қазақ сынының күретамыры қиылды деуге ауыз бармас, ол алпыс екi тамырлы алып бәйтерек. Хош бол, аға!
Қуандық ТҮМЕНБАЙ
РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ
 

Қазақ ғылымы мен мәдениетi ауыр қазаға ұшырады. Көрнектi әдебиеттанушы ғалым, жазушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғали дүние салды.

Рымғали Нұрғали 1940 жылы 1 маусымда Семей өңiрiндегi Абыралы ауданының Қайнар ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiн бiтiрген соң ол еңбек жолын "Лениншiл жас" газетiнде бастап, кейiн Қазақстан Жазушылар одағында қызмет iстедi. Одан соң Қазақ мемлекеттiк университетiнiң доцентi, профессоры, филология факультетiнiң деканы болды. 1986-1996 жылдарда Қазақ совет энциклопедиясының бас редакциясына басшылық еттi. Өмiрiнiң соңғы күндерiне дейiн Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнiң кафедра меңгерушiсi болып қызмет iстедi. Р.Нұрғали қазақ театры мен драматургиясының тарихы, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов және басқа қазақ әдебиетi классиктерiнiң шығармашылығы туралы iргелi монографиялық еңбектер жазды. Ол белсендi ғылыми-педагогикалық қызметiн әдеби шығармашылықпен қатар алып жүрiп, роман, көркем әңгiмелер мен повестер жазды. Әлем және орыс әдебиетi классиктерiнiң бiрқатар еңбектерiн қазақ тiлiне аударды, өз еңбектерi мен көркем шығармалары да бiраз елдердiң тiлдерiне тәржiмаланды. Р.Нұрғали республикадағы энциклопедия iсiн дамытуға айрықша үлес қосты. Мемлекет алдындағы еңбегi үшiн ол бiрқатар мемлекеттiк марапатқа ие болды. "Парасат" орденiмен марапатталды, "Қазақстанның ғылым мен техникаға еңбек сiңiрген қайраткерi" атағын иелендi, ал 1988 жылы әдебиеттану саласындағы трилогиясы үшiн Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атанды. Көрнектi ғалым, педагог, абзал азамат Рымғали Нұрғалидың жарқын бейнесi бiздiң жүрегiмiзде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасының Үкiметi

Серіктес жаңалықтары