"КЮВЕЗДЕН" ШЫҒА АЛМАҒАН ХАЛЫҚПЫЗ

"КЮВЕЗДЕН" ШЫҒА АЛМАҒАН ХАЛЫҚПЫЗ

"КЮВЕЗДЕН" ШЫҒА АЛМАҒАН ХАЛЫҚПЫЗ
ашық дереккөзі
363

Балалар ауруханасына жас қыздар көп түседi

Тәуелсiз мемлекетiмiздiң дүниежүзiлiк бiлiм беру кеңiстiгiне енуi — бiлiм беру жүйесiне жаңа талаптар қоюда. Онымен қатар қарқынды жүрiп жатқан әлеуметтiк, экономикалық өзгерiстерге байланысты өмiр қажеттiгiнен туындайтын сұраныстар рухани жаңаруды, бiлiм берудiң мемлекеттiк стандартын жетiлдiрiп, оның жолында еңбектене бiлудi тiлеп отыр.

Өркениетке бет алған егемендi елiмiздiң ендiгi болашағы — ұрпақ тәрбиесi деген ұлы мiндетпен ұштасып жатыр. Онсыз болашағымыз бұлдыр елес, бос қиял екенi даусыз.

Сонда не iстеу керек? Менiңше, отаршылдық саясатқа негiзделген кеңестiк оқу жүйесiне малдана берудi қойып, ұрпақ тәрбиесiнiң өркениетке сай келетiн, халық педагогикасына негiзделген, төл ұлттық бағдарламасын жасау қажет. Батыстың стандарттарын да, ұлттық менталитетiмiздi ескерiп, байыптап енгiзген жөн сияқты…

Тәуелсiз ел болып, өркениеттi ел қатарына қосылу — өткендi мұқият зерделемей, келешектi кеңiнен болжамай, жүзеге аса қоймасын да бiлемiз.

Жұртқа белгiлi отаршылдардың қай-қайсысы болмасын, уысындағы бұратана халықты мәңгi құлдана беру үшiн қолданатын ең қанқұйлы қатiгез тәсiлi — алдымен сол халықтың тарихын сызып тастау, одан соң барып төл мәдениетiн жоққа шығару, сана-сезiмiн аяққа таптау, ең соңында тiлiнен және дiнiнен айырып, мәңгi бiрiкпейтiн Ұлт және Отан сияқты киелi ұғымдардан жұрдай мәңгүртке айналдыру. Әне, соның нәтижесiнде, қазiр қазақ арасынан да ата — дәстүрiнен айрылған қанiшер қарақшылар, әке-шешесiне қол жұмсайтын көргенсiздер, баукеспе ұрылар, нашақорлар, жезөкшелер, тастанды балалар, ұл-қыздары бола тұра панасыздарға айналған қарттар… Қойшы әйтеуiр, жер бетiндегi нелер сұмдықтың сорақы үлгiлерiн таба алатын болдық.

Тәуелсiздiк алғалы берi теледидардан берiлетiн кинофильмдер де өздерiнше "тәуелсiздiк" алды — күнi-түнi көрсететiндерi жастар түгiлi ересек адамдар көруге ұялатын "келеңсiз-мәдениетсiз" көрiлiмдер мен өңкей атыс-шабыс мафиялардың "батырлықтары" сияқты көрiнiстер… Соның салдарынан балалар да қатiгездiкке тәрбиеленiп жатыр. Бiздiң Алматыдағы балалар ауруханасына да күнде бiр-бiрiнiң саусақтарын сындырған балалар (мектеп оқушылары) түсiп жатады (таңғаларлығы солардың көбiсi қыз балалар). Ауылдық жерлердегi жасжеткiншектердiң "қылмыстық iстерi" де көбейiп жатқаны белгiлi…

Кеңестiк идеология тұрғысынан қарайтын болсақ, қазақ халқында тарих, мәдениет болмапты-мыс. Тек "қазақ даласы" деп аталатын осынау кең өлкеде малмен бiрге көшiп-қонып жүрген, сан мың жылдарды артқа тастаған жабайы, тағы халық екенбiз. Бақытымызға қарай тек Октябрь революциясынан кейiн ғана сауаттанып, "көзiмiз ашылыпты".

Өкiнiшке қарай, осындай ойдан жасалған қисынға, қарапайым халықты былай қойғанда, "шала қазақ" интеллегенттерiмiздiң көпшiлiгi де, әлi күнге дейiн, ойланбай сенедi. Себебi олардың миындағы мағлұматтардың "барлығы дерлiк" орысша жазылған кiтаптардан, газет-журналдардан т.б ақпарат көздерiнен алынған. Олар өз ұрпақтарын да сол психологияда тәрбиелеп жатыр. Тек қазақ басылымдарында ғана, егемендiкке қол жеткiзгелi берi шындық аздап болса да жазыла бастады. Сол мәлiметтердiң өзiнен бiлгенiмiз (медицина саласынан ғана): 1. Бiздiң әл-Фараби бабамыз дүниежүзiнде соқырiшекке бiрiншi операция жасаған (медицина тарихындағы Мұхаммед пен Кронлейннен мың жылдай бұрын) екен және сол өзiнiң кiшкентайдан бiрге өскен жолдасына жасаған операцияның кесiрiнен (ол кезде ислам дiнi тiрi адамды союға рұқсат етпейтiн) араб елiне қашып кеткен екен.

2. Бiздiң Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы бабамыз ("Шипагерлiк Баян" кiтабын жазған) балаларға шешекке қарсы вакцина егудi ағылшын ғалымы Эдуард Женнерден (1796 ж.) 350 жыл бұрын бастапты. Сонымен қатар, Жетi атаға жетпей қыз бен жiгiттiң үйленуiне болмайтын заңды Әз Жәнiбек ханға мойындатып, заңдастырып, қазақ халқының генофонын сақтаған да сол Өтейбойдақ бабамыздың көрегендiгiнiң арқасы екен…

Қазiргi билiк басындағылардың шығарып отырған "қазақстандық ұлт", "Үштұғырлы тiл" дегендерi де сол саясаттың жалғасы.

Бiз қазақ елi осы отаршылдық саясаттың салдарынан, өзiмiздiң табиғи аңғал-сенгiштiк кеңпейiлдiгiмiздiң арқасында, дiнiмiзбен күресiп — дiнсiз, тектiлерiмiзбен күресiп — тексiз, ұлтжандыларымызбен күресiп — рухсыз, бiлiмдiлерiмiзбен күресiп — бiлiксiз, салт-дәстүрiмiздi жойып — санатсыз қала жаздаған "шашыранды рухты" елмiз. Медицина тiлiмен айтқанда, бiз тәуелсiздiк алғанымызбен, "шала туылған нәресте" сияқты "кювезден" шыға алмай жатқан халықпыз. Осы шындықты, намысымызға тисе де, мойындауымыз керек. Өзбек ағайындар Кеңес үкiметi кезiнде-ақ, мысқылдап айтатын: "Орыс болу үшiн — әуелi қазақ болу керек" — деп. Ол да шындық.

Қ а з а қ — ежелден ақылға жүйрiк, әлемдiк философияның негiздерiн бойына табиғи сiңiрген, кең-байтақ жердi мекендеген, кеңпейiл халық. Мүмкiн мұның өзi оның табиғатпен етене өмiр сүргенiнен де болар. Қазақтың әрбiр мақал-мәтелi, билер мен ақындардың шешендiк сөздерi өмiрлiк тәжiрибеден туғандықтан ақыл мен нақылға толы. Бiздiң бабаларымыз ұлан-байтақ иен далада көшiп-қонып, төрт түлiк малын өсiрiп, табиғатпен бiте қайнасып, жөнсiз жерiн жыртқызбай, көк майса шалғынын таптатпай, орман-тоғайын орғызбай, ұшқан құс, жүгiрген аңын қорғаған, бастау-бұлақтарының көзiн аштырып, өз дәстүр-салттарымен табиғаттың тепе-теңдiк заңына сәйкес өмiр кешкен.

Адам бойындағы адамгершiлiк асыл қасиеттер де туған жерiмен, өскен табиғат ортасымен сабақтасып жататынын ғалымдар ерекше атап көрсетедi. Олай болса, қазақ халқының жанының жомарттығы, кеңпейiл дархандығы, қиялының ұшқырлығы, сезiмiнiң асқақтығы мен мөлдiрлiгi кең даламызбен, өзен-көлдерiмiзбен, асқар тауларымызбен тiкелей үндесiп жатады.

Табиғаттың қадiр-қасиетiн тереңнен түсiнген халқымыз табиғаттың өзiн де ұлы ұстаз, тәлiмi мол тәрбиешi санап, күнделiктi ұрпақ тәрбиесiне басты құрал етiп пайдалана бiлген. Тiптi бала құрсақта жатқан кезiнен бастап-ақ екiқабат ананы ренжiтуге тыйым салынған. Бұл шындықты Батыстың ғалымдары ендi ғана, ХХI ғасырда, дәлелдеп жатыр. Өмiрдi көрген, көңiлiне түйгенi бар аналар аяғы ауыр өз келiндерiне: "Биiк тауға қара, көңiлiң өседi, көңiлiң өссе дүниеге келетiн нәресте кеңпейiлдi болады, жайқалған жасыл желекке, жайнаған гүлге қара, сәбиiңнiң шырайлы жүзi жарқын болады, бұлақ көзiн ашып жүр, балаң қайырымды болады" — деген өсиет-өнегесiн үнемi айтып отырған.

Шығыс халықтарында имандылықтан келетiн үш сауап бар: шөлге құдық қазған, өзенге көпiр салған, жолға ағаш еккен. Шөлдi жерге құдық қазып, халық шөлiн қандырса, малын суарып, айналасына жасыл желек отырғызса, табиғаттың көркi емес пе!

“Бiрi — жақсы артыңда бала қалмақ,

Бiрi — терең суларға көпiр салмақ.

Бiрi — сусыз шөлдерден құдық қазып,

Басына ұлы рабат сарай салмақ.”

(М. Байзақұлы)

Бұл адамдарды жақсылық iстерге жұмылдырудағы өнегелi өсиет. "Бабалар еккен шынарды балалары саялайды", "Бағбан болсаң бақ өсiр", "Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын" — деген даналық нақылдарда да терең ұғым бар. Мұндай асыл мұралар — ұрпақтар үшiн тағылымы мол тәрбие құралы.

Ертеде халқымыздың ұл баланың кiндiгiн алты қырдан асыра апарып көмiп тастау салты да болған. Оның мәнi де тереңде жатыр. Ол ержеткенде "үйкүшiк" болмай, алты қырдан асып, туған елi мен жерiн қорғап жүрсiн деген iзгi ниеттен туындаған.

Осының бәрiн ескерiп, қазiргi өмiр сүрiп жатқан бiз, бiзден кейiнгi ұрпақтар ата-бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен, қанын төгiп, жанын берiп қорғап қалған, бiзге мұра етiп қалдырып кеткен қазақтың қасиеттi жерiн, оның тамаша табиғатын аялай бiлу перзенттiк парызымыз деп аса зор жауапкершiлiк сезiммен қарауымыз қажет.

Әйгiлi ғалым Мичуриннiң "табиғатты бағындыру" теориясының арқасында қазiргi "экологиялық зардаптарға" жетпедiк пе? Осыдан-ақ бiздiң бабаларымыздың көрегендiгiне көз жеткiзуге болады.

Адамзат өркениетiнде өзiндiк лайықты орны бар бүгiнгi түркiтiлдес халықтардың тербелiп өскен тал бесiгi — Ұлы дала. Бұл даланың өзiндiк терең тарихы бар. Ол тарих әрiсi жұмыр жердiң, берiсi адамзат әулетiнiң шежiрелi тарихымен шендесiп жатыр. Сол шежiреге ден қойып, жалпы адамзаттық дамудың ширақ iлгерiлеуiне далалықтар ықпалының аз болмағанын көремiз. Ал, осының бәрiне, негiзiнен, тек ана тiлiмiзде жазылған басылымдарды оқу арқылы ғана көз жеткiзуге болатыны айдан анық.

Кез келген мемлекеттiң ұлттық идеологиясы сол мемлекеттi құрушы ұлттың тарихи мәдениетi негiзiнде, заманаға сәйкес жасалатыны белгiлi. Өйткенi, мемлекет құрушы ұлт — сол мемлекеттiң негiзгi тiрегi болғандықтан, мемлекеттiң көркеюi де, құлдырап күйреуi де сол халыққа тiкелей байланысты. Мемлекеттiк "Мәдени мұра" бағдарламасының мақсаты да тарихымыздың деректiк базасын нығайту болса керек. Қазiр қазақ ұлтының дамуына қатысты ғылыми көзқарас жетiспей жатыр. Ғылым да ұлттың дамуына толықтай өзiнiң жемiсiн бере алмай отыр. Негiзгi себебi — билiк жүйесiнде, Мекемтас ағаның тiлiмен айтқанда, "шала қазақтар" мен "ада қазақтар" көп, ал қазақтың төл тарихын, тiлiн-дiлiн жетiк бiлетiн "таза қазақтар" жоқтың қасы.

Әрине әр заманның өз талабы бар. Бастапқы кезеңде экономикалық және әлеуметтiк реформа алға шыққаны белгiлi. Ендi жаһанданудың қазақ болмысына тигiзер керi әсерi айдан анық. Сондықтан, ендiгi жерде осы мемлекеттiң дiңгегi, ұйытқысы бола тұрып, ең көп қиындық көрiп келе жатқан — өз ағайындарымыздың қамын жейтiн уақыт жеткен сияқты. Ол үшiн өз елiмiзде 63% халықтың хал-ахуалын жақсартатын, патриоттық сезiмдерiн оятатын, рухын көтеретiн ұлттық идеология жүргiзу қажет. Ол үшiн билiк жүйесiнде, әр реформаның басын бiр шалып, аяғына жеткiзбей кетiп қалатындарды емес, ұлтжанды, өз халқымызға шын мәнiнде жаны ашитын, ауылдың иiсi сiңген, басшыларды көбейту керек. Әсiресе ғылым мен бiлiмнiң билiк басында, қазақ тiлiн жетiк бiлетiн, ұлттық намысы бар, ұрпақ қамын ойлап-жүрегi сыздайтын, ұлтжанды жас-азаматтарды көбейту қажет. Онсыз "құрғақ сөзге" тойып болдық қой деймiн.

Тағы бiр ескеретiн жай. Халқымызда жақсы мақал бар: "Көршi тауығы көрiктi, әтештерi бөрiктi" — деген. Бiздiң зиялы қауымда бiр жаман әдет бар — өзiмiздi жамандап, басқа жұртты марапаттау сияқты. Жастардың психологиясына бұл да өте қатты зияндығын тигiзiп жатыр. Осыған қарсы тұруымыз керек. Қанша "мықты" болсаң да халықтан биiк емессiң!!! Соны естен шығармау керек.

Әзiрге руханият жағынан жат жұртқа елiктеуден есiмiздi жиятын кезге жете алмай келе жатқанымыз, өкiнiштi-ақ! Өзiнiң ұлттық құндылықтарының болашағы жоқ деген түсiнiктiң қалыптасуы — адамның жан дүниесiн аздыратын қатердiң бiрi. Жатқа елiктеу — өзiн-өзi қор санау. Бұл ұлттық санасы жетiлмеген елде болатын көрiнiс. Оның жастарымыздың бала сенiмiне ұялауына жол берiп қою — болашақ ұрпақ алдында кешiрiлмейтiн қателiк деп бiлемiн.

Әбдiсабыр ӨМЕШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары