ҚАРАПАЙЫМ СӨЗДIҢ ҚУАТЫ

ҚАРАПАЙЫМ СӨЗДIҢ ҚУАТЫ

ҚАРАПАЙЫМ СӨЗДIҢ ҚУАТЫ
ашық дереккөзі
225

Әрбiр қарапайым пенде өмiрдiң терең сырын табуға талпынады. Адамзат жаралғалы бергi ықылым заманалардан бастап осылай шарқ ұрғандар қалың түмен. Сондай-ақ, әр қаламгер де сол тылсым жұмбақтың жауабын табу, адам өмiрiнiң мән-мазмұнын айшықтап жазу үшiн талай таңды ұйқысыз атырғаны сөзсiз. Мұның бәрi заңдылық. Шынында да өмiр заңы қарапайым ғана — әрбiр адам өз арының айтқанын бұзбай жүрсе жететiн сияқты. Бiрақ, адамдардың оны сақтай бермейтiнi болмаса, яғни, сырт қарағанға жауабы оңайда жатқан секiлдi көрiнетiн қарапайым, жеңiл жайт ұшын ұстатпай, қиындарға жетелеп әкетедi.

Тынымбай Төлепбайұлы да өзiнiң "Өмiр сыры" атты жинағында осынау мәңгiлiк құпияны — адам өмiрiнiң мән-мазмұнын, оның сырын ұғуға ұмтылады. Автор өз ойлағанын, алға қойған мақсатын толық орындап шыққан деп те айтуға болатыны сөзсiз.

Тынымбай Төлепбайұлының айтулы бiр шығармасын ертеректе алғаш рет жарық көрген "Арман қанатында" жинағынан оқығанымыз бар едi.

Өзiне ерiксiз тартқан әңгiменi бозбала кезiмiзде бас алмай оқығанбыз. Жеңiл оқылатын, оқиғасы күнделiктi өмiрдiң өзiнен ойып алынғандай едi. Күнделiктi өмiрде әрбiр адамның басынан өтуi мүмкiн қарапайым оқиға. Бейтаныс автордың тiлi де қарапайым көрiнген. Қарабайыр емес, адамдар күнделiктi қарым-қатынас жасайтын халықтың қарапайым тiлi. Бiрақ сол қарапайым сөздерден әдемi келiсiм, әсем кесте, iшкi қуат туындап, шығарманың соңғы нүктесiне жеткенше тағат таппай шұқшиып оқығаным есте. Арада сандаған жылдар өттi. Көкiректе терең iз қалдырған Тынымбай Төлепбайұлын әдебиет әлемiнен жоғалтып алғандай едiк.

Мiнеки, өткен 2009 жылдың соңына қарай ескi таныс автормен әдебиет сүйер қауым қайта қауышты. Соңғы жылдары әсем безендiрiлген, көркем кiтаптарымен жұрт аузына жылдам iлiне бастаған "Фолиант" баспасынан Тынымбай Төлепбайұлының "Өмiр сыры" атты жинағы жарық көрген екен. Жинаққа автордың әр жылдарда жазған әңгiмелерi мен хикаяттары енiптi. Ұзақ жылдар бойы өзге салада түрлi қызмет iстей жүрiп, көркем шығармаға да ауық-ауық қалам сiлтеген Тынымбай Төлепбайұлы көркем әдебиетке адал болып қала бiлген, әңгiмелерi мен хикаяттарына қойылатын көркемдiк талапты бiр елi де төмендетпейдi. Шығармаларына достықты, адамгершiлiк махаббатты арқау еткен автор өмiрде өзi көзiмен көрген, санасымен сезiнген жағдайларды әсерлi де иланымды суреттейдi.

"Өмiр сыры" жинағының беташары болып тұрған "Құдiрет" әңгiмесi өзiнiң қарапайымдылығы әрi айтар ойының тереңдiгiмен оқырманды тәнтi етерi сөзсiз. Әңгiме сюжетiнде тосындығымен елең еткiзерлiктей оқыс ештеңе жоқ. Қазақтың әрбiр қоңыр аулында, әр баланың басынан күнделiктi өтiп жатқан қатардағы оқиғалардың бiрi. Жоғалған түйенi iздеуге шыққан жас бала (Тасболат) күзгi дауылда бағдарынан адасып, көзге түртсе көрiнбейтiн түнде құлама тiп-тiк жардың үстiне шығып кетедi. Қадам басса жардан құлайтынынан да бейхабар. Бiрақ өз өмiрi таразыға түскен осынау қиын сәтте оны беймәлiм бiреу желкесiнен тартып қалып, Тасболат шалқасынан түскен.

Ертесiне бала жарқабақтың үстiнен әлдеқандай iздi көредi. Қараңғыда желкесiнен тартқан жұмбақ жан кiм? Бала санасы жұмбақтың жауабын табуға жетпейдi. Бiрақ, табиғатта әлдеқандай жұмбақ, тылсым күштiң, киенiң бар екенiн iштей мойындайды.

"Қанағатсыздық" әңгiмесi де айтар ойының тұңғиық тереңдiгiмен оқырманды ауыр ойға жетелейтiнi сөзсiз. Адамның бақытты болуы үшiн не керек? Сүйiктi жарың тойымсыз, қанағатсыз адам болып шықса қайтесiң? Әрине, адам бiрiн-бiрi тәрбиелеуi, жақсыға жетелеуi керек дейдi. Бiрақ "Көн қатса, қалыбына барады" дегендi қазақ халқы бекер айтпаған-ау. Сондықтан да әңгiменiң кейiпкерi Алтынсақ өмiрден түңiлгендей күй кешедi.

Тынымбай Төлепбайұлы айналадағы сұлулық, әдемiлiктi iлкiден көзi шалатын жазушы. Оның "Шашақтары селдiреген ағаш бастары шулай бастады", "Тұнық ауада самал лебi бiлiнедi. Жазық дала күн сәулесiмен күлiмдейдi Талдың мөлдiреген жас жапырақтары жаңа ғана жуғандай жылтырайды" деген сөйлемдерiнен жазушының айналадағы табиғатпен жүректiң нәзiк үнiмен тiлдесетiн байқампаздығы, қазақтың қарапайым сөзiмен келiстi көркем кесте жасай бiлетiн шеберлiгi аңғарылады. Қарапайым сөздiң iшкi қуатын оқырманға айшықтап жеткiзедi.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары