ОТЫЗ СОМ СЫЙЛЫҚ ПЕН ӨЛМЕС ТУЫНДЫЛАР

ОТЫЗ СОМ СЫЙЛЫҚ ПЕН ӨЛМЕС ТУЫНДЫЛАР

ОТЫЗ СОМ СЫЙЛЫҚ ПЕН ӨЛМЕС ТУЫНДЫЛАР
ашық дереккөзі
218

Зергер-ұста Тұрсынбай Шаянов жеке шеберханасының жоқтығынан шәкiрттер тәрбиелей алмай жүр

Тұрсынбай ақсақал менi екi рет қайран қалдырды. Алғашқысы мынау. Отыз жылдан соң Қытайдағы туып-өскен жерi Қалмақкүреге барған. Нағашысы Қадыр кеңседегi есепшi қытай қызға: "Бұл ұста Сәдуақастың баласы. Баяғыда коммуна құрылғанда үкiмет әкесiнiң малын тәркiлеген. Соның құнын қайтарыңдар", — дедi. Есепшi сөзге келген жоқ. Шаң басқан есеп кiтапшасын ашып, Шаянбаев Сәдуақас деп жазылған фамилия тұсына қолын қойдырды. Ертеңiне Ақсудың мемлекеттiк банкiсiнен 100 мың юанды қалтасына салып, ойламаған жерден байып қалғаны бар. Ал бiзде мұндай ақшаны соттың шешiмiнсiз қолыңа бiрден ұстата салмайды. Қысқасы, мың әуреге салары хақ. Оның екiншi рет қайран қалдырғаны – бертiнде жер ортасы жастан асқанда атакәсiптi қолға алғаны. Сонда көруi нашарлап кеткен қос жанарының өздiгiнен шырадай қайта жанғаны. Осы екi жайға өзi де күнi бүгiнге дейiн таңырқайды.

“Қанда бар қасиет жетi атаға дейiн кетпейдi” деушi едi. Рас екен. Тұрсынбайдың әкесi Сәдуақас дәулеттi кiсi болған. Сол дәулетке ол қолөнер кәсiпшiлiгiнiң арқасында жетiптi. Ол шапқан ер-тұрман, ат әбзелдерi Қытайдағы ағайын-жұрттың қолында осы күнге дейiн бар. Онда "Сәдуақастың ер-тұрманы", "Сәдуақастың зергерлiк бұйымдары" деген сөздер жиi айтылады.

Олар 1959 жылы алғашқы лекпен шекара асқан. Жүз қырық отбасы Нарынқол ауданының Қайнар ауылынан орын тептi. Тұрекең осында кәсiптiк-техникалық училищеде бiлiм алды. Сонда жүрiп, комбайнның макетiн жасағаны бар. Макет демесең кәдуiлгi комбайындай жүрiп қозғалады. Сол макет Алматыда өткен облыстық көрме жарысында жоғары бағаланып, ол отыз сом сыйлық алған.

Жас маман шаруашылық жұмыстарына белсене араласты. Ол ауылдың алтыауызынан да құралақан емес едi. Домбырадан Қожекеңнiң күйiн күмбiрлете тартып, Шәмшiнiң әндерiн нәшiне келтiре шырқағанда, шаңқобызбен халық әндерiн салғанда, ауыл тұрғындарының айызы қанып тыңдайтын.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары шаруашылық салалары ыдырап, үлкендi-кiшiлi нысандар жекешелендiруге түстi. Жұмыссыздар саны көбейдi. Ол сондай әрi-сәрi кезде "Қазақстан" телеарнасынан Дәркембай Шоқпарұлының атакәсiптi насихаттаған хабарын көрiп, ойға шомды. "Әкем Сәдуақас елге танымал ұста болды. Бала кезiмде әкемнен көргендерiмнiң бәрi көкейiмде сайрап тұр. Сол кәсiптi маған неге жалғастырмасқа!".

Журналист Сағатбек Медеубековтың сiлтеуiмен Дәркембайдың Гагарин көшесi бойындағы пәтерiнен бiр-ақ шыққан. Ол "Рауан" атты шағын кәсiпорын ашқанын, бiрақ соның жұмысын жолға қоя алмай жүргенiн, ұсталық өнер әкесiнен қалған мұра екенiн, содан ұзақ жылдар бойына қол үзiп қалғанын айта келiп, жәрдемдесуiн өтiндi. Дәркембай аз ғана ойланып:

— Ендеше сiздi маған бiр Құдайдың өзi айдап келген екен. Кейiнгi ұрпаққа атакәсiбiмiздi бiрге үйретейiк, — дедi терең тебiренiспен. — Осы нысан шеберханамыз болады, — дедi Дәркембай.

Бөлме iшi оны-мұны темiр терсекке толып тұр. Тұрекең соларды бiр апта бойы сыртқа шығарып, iшiн басқа да қоқыстан тазартты. Дәл сол күнi бөгде бiреулер келiп, "Бұл жайды бiз жекешелендiрiп алдық", — деп иелiк еттi. Дәркембай ойламаған жерден өмiрден озды. Ол амалсыздан үй жанындағы шағын сарайын шеберханаға айналдырды.

Бала кезiнде әкесi айтушы едi. "Тұрсынбай, жұрт ер-тұрманды қайыңнан шауып жүр. Қайың қатты ағаш. Оны шабуға көп күш жұмсайсың. Ер-тұрманды теректен де шауып жасауға болады. Оның тамырдан жоғары адам белiне дейiнгi жерi тығыз келедi. Қақ ортасынан бөлсең екi ер шабуға болады. Ал терек дiңгегi жуан болса, төртеу шығады. Тек ердiң астыңғы ойығын ат арқасына тимейтiндей етiп жасау керек". Әкенiң осы айтқандары құлағында қалыпты.

"Бiссiмiлдә" деп iске кiрiстi. Алғашқыда жүрексiнiп едi, онысы бекер екен. Жүзi қылпыған шот ұстаған қолы, жуан теректi жаңқалап, ердiң сұлбасын шығарды. Содан соң жонығышпен жонып, бетiн тегiстедi. Дайын ердi атқа ерттеп, ары-берi жүрiп те, шауып те көрдi. Атқа жайлы шығып, көңiлi орнықты. Содан кейiн қаншама ер жасап, ауылдағыларға таратты. Кепкен ағаштан домбыра шауып, қобыздың жаңа үлгiсiн жасады. Сырмағын қыл iшегiмен ары берi ысқылағанда қоңыр үн бөлменi кернедi. Асатаяқтың да неше алуан түрiн жасады. Шынының майда сынықтарынан моншақ көздер жабыстырып безендiрдi.

Тұрсынбай Шаянов ақсақал тек атакәсiптi жаңартумен ғана айналысып қойған жоқ, оны халыққа насихаттаумен де айналысады. Республиканың әр аймағынан оны қолдаушылар да табылды. Тұрекеңнiң ендiгi мақсаты – Алматыдан өз мектебiн ашу. Сол үшiн қала әкiмшiлiгiне ұсыныспен шыққан. Ондағылар қолдаса да, әлi әзiрге түпкiлiктi шешiле қойған жоқ.

Республикада қолөнер кәсiпшiлiгiмен айналысатын Тұрекеңдей жандар аз. Ал олар жасаған бұйымдар ауыл тiршiлiгiне әлi де қажет. Ал қазақ шеберлерiнiң қолынан шыққан өлмес туындылар ұлтымыздың рухани құндылықтары екенiн түсiне қоймайтынымыз өкiнiштi-ақ.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары