ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРI “ДЕНСАУЛЫҚТЫ" НЕГЕ ЖАТЫРҚАЙДЫ?

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРI “ДЕНСАУЛЫҚТЫ" НЕГЕ ЖАТЫРҚАЙДЫ?

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРI “ДЕНСАУЛЫҚТЫ" НЕГЕ ЖАТЫРҚАЙДЫ?
ашық дереккөзі
351

Бүгiнгi таңда медицинаның проблемалары шаш етектен. Қоғамда қалыптасқан осы жағдайдан құтқаратын ең басты тетiк – Денсаулық сақтау министрлiгi. Осы ретте жаңа басталып жатқан денсаулық сақтаудағы басты үмiт – жаңа реформаны халыққа кiм жеткiзедi және қалай жеткiзедi?

Денсаулық саласындағы ана тiлiмiздегi "Денсаулық" журналының жарық көрiп келе жатқанына да жиырма жыл болып қалыпты. Осы аралықта қалың ақпарат арасынан қара үзiп, елiмiздегi салауатты өмiр салтын насихаттайтын басылымның бiрi бола тұра жеткiлiктi деңгейде қолдау таппайтыны қалай? Министрлiк неге өз мүддесiн қорғауда шыр-пыр болып жүрген басылымға неге сырт қарайды? Осындай-осындай түйткiлдi ойлардың ықпалымен сол журналдың бас редакторы Молдахмет Қаназды әңгiмеге тартқан едiк.

– Осыдан жиырма жыл бұрын журналдың алғаш ашылар кезiнде көптеген қиындықтар болды. Сол кезде құзырлы органдар тарапынан түсiнiстiк, айтарлықтай қолдау бола қойған жоқ деп естимiз. Осы ақпараттар қаншалықты шындыққа сай?

– Әрбiр бастамаға себеп бар. Салдар – сонан кейiн ғана… Қазақ халқының қазақ тiлiне зәрулiк мәселесi әлдеқашан пiсiп, тiптi ушығуға бет алған проблема.

Осы ретте, сөз арасында айтпаса болмайтын бiр жайт, маған жеткен мағлұматтарға қарағанда, сол кездегi Денсаулық сақтау министрi Талапқали Iзмұқамбетов азаматтық жасаған, журналдың ашылуына көп шаршаған. Қазiр басылым шығарудан оңай iс жоқ. Кеңес дәуiрiнде идеологиялық жағынан жаңа басылым ашу дегенiңiз тура мағынасында тозақ оты болатын. Құзырлы органдарыңыздың өзiнде қауқар шамалы. Сөйтiп журнал 1990 жылдың қаңтарында сәтiмен жарық көрдi. Менiң түсiнiгiмде, Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiнгi саяси жағдай осы басылымның тезiрек жарық көруiне тiкелей әсер еттi. Өзiңiз бiлесiз, желтоқсаншылардың қойған негiзгi талаптарының бiрi – қазақ тiлiнiң тағдыры болатын. Қазақстан коммунистiк партиясы орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Г.Колбин бұл мәселеге амалсыз көңiл бөлуге, халықты алдарқатуға мәжбүр болды. Ол жұртқа қазақ тiлiн тез арада үйренiп аламын деп бөстi де. Сол жылдары қазақ тiлiндегi басылымдар шығару мәселесi күн тәртiбiне шықты. Осы мәселе көтерiлiп жатқан аласапыранда саяси амал ретiнде "Денсаулық" журналы да ашыла салған. "Ашыла салды" дейтiнiм, iс немқұрайдылау басталды. Өйткенi мемлекеттiк тұрғыдан қолға алынған басылымның материалдық iргесi берiк болуға тиiстi едi. Журнал қалдық ақшамен қаржыландырылды. Алайда басылым бiрден-ақ халықтан қолдау тауып кеттi. Қолдау табатын бiрiншi себеп – оқырман мұндай ақпарат көзiне зәру болатын. Қағаз бағасы да тиын. Сондықтан оқырмандар бiрден көбейiп, 10 мыңнан басталып, тез арада 1992-1994 жылдары 110-150 мың данамен тарады. Қазiргi жұртқа айтсаң сенiмсiз. Сол тұста шығып тұрған "Жұлдыз" журналының да таралымы осындай мол болатын. Журналдың алғаш тiк тұруына барынша терiн төккен, бiрiншiден, зәру оқырмандар екендiгi ақиқат. Екiншiден, журнал басында Б.Қойшыбаев, Ж.Түменбаев тәрiздi сауатты журналистер, жанашыр ұлтжанды азаматтар болды. Алғашқы редакторлар осы кiсiлер. Менiң келуiм кездейсоқтық. Ол кезде шығармашылық жұмыстамын. ҚазТАГ-қа қызметке орналасқаныма бiр ай болған. Жақсылық келiп, ұсыныс жасады. Жерлесiм әрi мектептен бiлетiн тетелес iнiм. "Денсаулық саласы маған қол емес." Қашқақтай бердiм. "Дәрi-дәрмектердi шатыстырып алып, ұятқа қалармын" деп талай бұлтардым. Ақыры көнiп, басылымның әлеуметтiк жағына қарайтын бөлiм меңгерушiсi болып орналасқанмын. Ақыл-кеңес беретiн мақалалар, хат қорытулардан тыс экология, халық өсiмi, Алматының болашағы және тазалық жайларына қатысты мақалалар жазып жүрдiм. Аяқасты Жақсылық марқұм болып кеттi. Ұжым мәжiлiс құрып, министрлiкке менi алып барды. Бөлiнген қаржы тақ-тұқ. Журнал шығынының 20-30 пайызын ғана өтейдi. Авторы кемшiн, тiлшiсi жоқ, қаламақысыз журналмыз. Бастапқыда ендi қайттiк деп абыржығанымызбен, кейiн көп еңбектiң нәтижесiнде журнал өз бағытын бiрте-бiрте таба бастады. Дәрiгерлер бар, мақала жазатын адам шақырдық, осылайша жағдайымызды әсте-әсте түзей бастадық.

Әнәбiр өзiмiздiң төл теңгемiздi шығаратын кез бар ғой… Дағдарыс басталды. Абыр да сабыр. Ырың да жырың. Сол кез он түйiр шаштың жетеуiн ағартып кеттi. Бас иемiз тастай қашты. Жылап баратын адам да таба алмай қалдық. Журналдың екi-үш саны қосақталды, шықпай жатты. Қызметкерлер тұс-тұсына кеттi. Дәл сол кезде бiреулерден дәрi-дәрмектi орыс тiлiнде насихаттайтын басылым етейiк деген ұсыныс түсiп… Жауап қысқа: "Өйтiп қарабет болатын жай жоқ. Өлсек, қазақша өлемiз".

– Жиырма жыл бойында денсаулық саласының министрлерi неше рет ауысты. Солардың iшiнде Сiздiң басылымға тiкелей қамқорлық жасағаны болды ма?

– Бұл сауалыңызға орай бiр-екi жайт есiме түсiп отыр. Маған бұл жұмыс жүктелгенде министрiмiз В.Девятко. Қазiр Алматыда бiр жайлы жерде отыр. Сол кезде редакция қызметкерлерi үйiлiп-төгiлiп "Фармация" жертөлесiнiң бiр бөлмесiнде отырамыз. Егеуқұйрықтар еденнiң тесiктерiнен шығып, олай да бұлай шауып жүредi. Министрге кiрiп, жағдайды түсiндiрiп айтайын десем, бiрде жиналыс, бiрде коллегия, бiрде жоқ, бiрде бар. Сырғытпамен ұзақ уақыт қабылдамай қойды. Шыдамның да шегi бар. Не де болса, осы кабинетiңе бiр келерсiң деп бiр күнi өте ерте келдiм. Министр баспалдақтан жайбарақат көтерiлiп келе жатыр. Шырайлы. Амандастым. Ол да жылы амандасты. Себебi менi таниды. Қабылдамай жүргенiн бiледi. Бұйымтайымды кабинетке кiрiп айтуға шамам жетпедi. Не айтқанымды бiлмеймiн, бiр кезде қарасам, министрiм өрт, қып-қызыл болып: "Мәселеңiз шешiледi" дедi түтiгiп. Кабинетке кiргем жоқ. Шамамен былай деген болуым керек: "Қазаққа қарсысың ба? Әлде басылымға қарсысың ба? Мына журналды не жап, не орын тауып бер. Сендер емес пе ұстап отырған? Менiң ар-ұятым таза болсын. Өздерiң жабыңдар". Содан берi министр атаулының қаншасы келiп, қаншасы кеттi. Бiр қосылды. Бiр бөлiндi. Ақыры Астанаға кеттi. Журнал жағдайын бiр де бiреуi сұраған емес. Әйтеуiр тiршiлiк етiп келемiз. Өзiм таңғалып отырмын. Әлi жеке кеңсемiз жоқ. Министрлiкке кейiн қазаққа жақын, қазақ тiлдi, қазақы тәрбиеленген азаматтар келдi. Бiрақ айтылғандай, жағдай сұраған бiреуi болған емес. Әнебiр жылдары Денсаулық жылы болып белгiлендi. Жағдайларың қалай деп бiр де бiр ресми адам хабарласқан жоқ. Өзiмiз әйтеуiр iлiнiп-салынып тiршiлiк етiп жатқан. Мiне, жаңа реформа келдi. Мағлұматты өзiмiз сұрап алып отырмыз. Министрлiк осы тұрған дайын басылымды реформаның мән-жайымен халықты таныстыруға пайдаланбай ма? Оқырман ылғи бiзге хабарласады, хат жазады, жөн-жосық сұрайды. Қарапайым адам емделу үшiн қайда барады? Кiмге жүгiнедi? Қандай қағаз керек? Соны бiлулерi керек. Науқас түртiнектеп жүргеннен гөрi, әуре-сарсаңға түспей, осы өз журналынан ақпарат алмас па?

– Қазақ тiлiнде алғаш салалық журналдың көп қиындықтар көргенiн өзiңiз айтып отырсыз. Қазiр жағдай бiрсыпыра оңалған тәрiздi. Сiздiң журналға өзге бәсекелестер бар ма?

– "Отбасы және денсаулық" деген журнал бар деп естимiн… Қыстырыла кетудiң не қисыны бар екенiн бiлмеймiн. Ал соңғы кезде жарық көрген "Жас-Ай" журналы жұртқа тарап жүр. Әр басылымның өз жолы, өз оқырманы болуы керек. "Жас-Ай" шығыс-тибет емдеу тәсiлiн өмiрге енгiзiп отыр. Олар тәжiрибе жүзiнде емдеп те жатыр.

Бiз ғылыми негiздегi, өмiрде дәлелденген ақыл-кеңестердi насихаттайтын журнал болып табыламыз. Ара-тұра халық сенiмiне енген, iс жүзiнде дәлелденген емшiлер туралы жазатынымыз бар. Басқадай уақытша көзбояушы емшiлерден оқырмандарымызды аулақ ұстаймыз.

– Ауылдық медицинаның тамыр соғысы әлсiз. Ауылдағы дәрiгерлер жағдайына сiздердiң көңiл аударып отыратындарыңыз белгiлi. Осы жеткiлiктi деңгейде ме? Журнал республика оқырмандарын түгел қамтып отыр ма?

– Жаңа кезеңге сәйкес ауыл медицинасының жай-күйi мүлде күрделенiп кеттi. Бұл дәрiгер тұрақтандыру, ана мен бала күтiмi, бәсекеге қабiлеттiлiк… болып кете бередi. Айтылғандай, бiздiң өрiсiмiз – азаматтарымыздың денсаулығын нығайту, демек аурулардың алдын алу жөнiндегi насихат. Сондай-ақ аурухана секторын дамыту, кәсiби мамандық және ғылыми әлеуеттi арттыру, фармацевтика секторларын бiртiндеп халықаралық стандарттарға көшiру туралы айтып та, жазып та келемiз. Биылдан басталған бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiнiң жай-күйi жайлы мағлұматтарды да тарату мiндетi тұр.

Саладағы проблема жетiп-артылады. Медицинаның жұмыстары шама-шарқына қарай жүрiп жатыр. Емхана, дәрiгер, дәрi бар деймiз. Ал шұқшия үңiлiп кiрiсер болсаңыз, кезек күттiрмейтiн мәселелер жеткiлiктi. Әскерге шақырылған жiгiттерiмiздiң 30 пайызы әскери қызметке жарамсыз. Нелiктен? Арғы жағы түсiнiктi. Жеткiлiксiз тамақтану, темекiге, iшiмдiкке үйiрсеңдiк, өзiн-өзi күте бiлмеу, тағысын тағы болып кете бередi.

Басылым тек қалың оқырманға емес, кейбiр дәрiгерлерге де керек. Себебi, басылымда жаңа емдеу әдiстерiмен бiрге жаңа құрал-саймандар, аз да болса әлдеқандай ғылыми жаңалықтар жайлы мағлұматтар берiледi. Журнал әр шаңыраққа керек. Мәселен, менiң өзiм бұған дейiн үйде орыс тiлiнде шығатын "Здоровье" журналынан тiгiндi жасайтынмын. Керек кезде қараймын. Бiзге тұс-тұстан емге зәру адамдардан хат келiп жатады. Екiнiң бiрi бiзде ұсынылған ем шараларын пайдаланатындарын айтады. Кеңес сұрайды.

Басылымды Оңтүстiктен бастап, Батыс облыстарында басымдау, ал Солтүстiк, Арқа мен Шығыс жағымыздың тiлдерi сынбай жатқан болуы керек, аздау алады.

– Таралымдарыңызға қарағанда, шүкiр тәрiздi. Сiздердiң басылымдарыңыздың жазылушыларын бiреулер бақылай ма?

– Құдайдан өзге ешкiм де бақыламайды. Қосынымыз жоқ. Тiлшiмiз жоқ. Iссапарлай беретiн қаржы тапшы. Ол түгiлi жиырмаға келген басылымның әлi күнге дейiн меншiктi қызмет орны да жоқ. Былтырғы жинаған ақшаны биылға, биылғы жинаған ақшаны ендiгi жылға жеткiземiз деп аңдысып отырған. Сенетiнiмiз оқырман, демек халық. Қала бердi редакцияның азғантай ұжымы. Жоғарыда айттым ғой, "халық басылымымыз" деген сөздi таратып айтсақ, былай. Бiздiң мағлұматымызға алдымен қарапайым оқырман зәру. Бұны бiр деңiз. Екiншiден, ойға келген бағаны қойсақ, әлгi қарапайым оқырманның қолдары жетпейдi. "Элитный" боп аспандап шыға келедi. Ал қағаз, бояу, қуат көздерiнiң бағалары қалай шырылдасаң да сенiң кiм екендiгiңе басы ауырмайды. Қолыңыздан келсе, осының бәрiн үйлестiрiп, "татуластырып" көрiңiзшi.

– "Денсаулық – зор байлық" дегенiмен, қазақ өз денсаулығына үстiрттеу қарайтын жұрт сияқты. Неге?

– Басылымның негiзгi мақсаты – халықты дәрiгерге бармай емдеуге бейiмдеу. Мүмкiндiгiнше дәрiгерге бармауды әдетке айналдыру керек. Одан да өзiңдi өзiң күт. Бiзге үлгi тұтып жүрген дамыған мемлекеттерде мәселе осылай қойылған. Бiз осы деңгейге ендi-ендi ғана бет бұратын түрiмiз бар. Өйткенi денсаулық сақтау қаржыға келiп тiреледi. Кеңес Одағында емдеу шаралары негiзiнен тегiн болатын. Ал қазiр ақылы. Дәрiгерге бармас үшiн өзiн-өзi күтудiң, қамдана жүрудiң маңызды екендiгi осыдан көрiнiп тұр. Ауру ақша деген сөз. Ақшаң көп болса, ауру атаулыны жинай бер.

Жалпы алғанда, қазақтан бiлгiр адам жоқ. Бiрақ сол өз бiлгенiн өзi жасамайды. "Молданың айтқанын iсте, iстегенiн iстеме". Жасыратыны жоқ, өзiмiз де солаймыз. Қазақтың қарабайыр түсiнiгiнде неғұрлым толық, семiз, жардай болса, соғұрлым денсаулық мықты. Алайда семiз кiсi бейiтке бiр қадам жақын. Көрiп жүрсiз ғой, кейбiр әйелдер ырсылдап автобусқа мiне алмай жатады. Неге? Себебi, асқа обыр. Доңыз етiн жейдi. Доңыз майы ауыр қорытылады, денеде қалады, тұла бойын май басады. Семiздiк жүрекке күш. Американың қазiргi бiр жауы – семiздiк. Осының бәрi жаңалық емес. Қарапайым-ақ жайт. Көшеде үлкен де, кiшi де, шынашақтай қыз да автокөлiкпен жүр. Велосипед айдап жүрген адам көрдiң бе? Жұмысқа велосипедпен келесiз бе? Жоқ. Өйткенi бiздiң түсiнiгiмiзде ол ұят, намыс, баланың iсi. Менiң де велосипед тепкiм келедi, бiрақ бiр күн мiнсем, жұрт бiр ай келекелейдi. Ал халқы құрттай қайнаған Қытайда елдiң көбiсi дерлiк велосипедпен жүредi. Оларда семiздiк, сусамыр дейтiн аурулар атымен жоқ, халқы ұзақ жасайды.

Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiне жүгiнсек, әлем бойынша күн сайын 300 млн. адам ауырсынуды басатын дәрi қолданады. Соның 200 мыңы өз бетiнше емделедi екен. Антибиотиктер алғаш жұқпалы аурулардың бетiн қайтарады, сонан адам дәрiнi суша сапырып iшетiндей жағдайға келдi. Таяқтың екi ұшы болатыны секiлдi, екiншi зардапты жағы халыққа түсiнiксiз. Ал үрдiс болса жалғаса бередi. Еуропаның медицинасы негiзiнен химиялық дәрiлерге арқа сүйейдi. Ал химиялық дәрiлердiң өзi күмән тудырады. Шынтуайтында дәрiлiк өсiмдiктерге ден қоюымыз керек. Бiздiң дәрiгерлерiмiз болса, дереу дәрi iшуге iшiрткi жазып бере қояды. Дәрiгерге барған екенсiң, ақшаң сол емханадан шықпай қалады.

– Ө.Тiлеуқабылұлы "Қол берiп амандасып, сүйiсудi доғарғанда ұлтымыздың денi сау болады" деген екен. Алайда араға қанша уақыт салсақ та бұл дәстүр қалар емес. Денсаулық ұлттық проблемаға айналды. Осыны шешудiң қандай жолдары бар деп бiлесiз?

– Сұрақ өте зор, түйедей екен. Бiз Өтейбойдақтың әлгi айтқанын әлдеқашан жарияладық. Онан кейiн де қол алысып амандасуға қарсы тағы бiр пiкiрдi жарияладық. Алайда қол алыспай амандасып жүрген қазақты көрдiңiз бе? Ауру қалса да, әдет қалмайды. Ата дәстүрдi өзгерту бiздiң қолымыздан келмейдi. Ал бiрақ ата дәстүрдi оңтайлы пайдаланып, денсаулық сақтауға әбден болады. Бабаларымыз таза ауада, таза аспен қоректендi, көлiкке мiнiп, еңбек етiп, сағатқа қарап жанықпай жайбарақат тiршiлiк еткен. Iшiмдiк, есiрткi, ЖИТС атымен жоқ. Қазiр жағдай өзгердi. Негiзiнен бiз ислам дiнiн денсаулық сақтаудың өзегi етiп алғанымыз жөн-ау. Өйткенi ислам дiнi нағыз дене шынықтыру, денсаулықтың кепiлi. Қараңыз, баланың сүндетке отырғызудан бастап күнiге бес рет дәрет алу, бес рет намаз оқу, ораза ұстау – денсаулық. Осының бәрi тазалық, дене шынықтыру, қоқыстан арылу емес пе? Шығыстың емдеу тәсiлiнде медитация деген бар. Ал намаз оқу дегеннiң өзi әрi жаттығу, әрi медитация. Барлығын ұмытып Аллаға берiлесiң, миың, жүйкең тынығады, қан айналымы ретке келедi. Жаттығасың. Денеңдi таза ұстайсың, рухани жағынан да жаның жайбарақат табады. Бiз ата дәстүрдi сақтай алмай шөре-шөре болып қалған халықпыз ғой. Шынттап үңiлсек, ұлттық дәстүр бiздiң денсаулығымызға да сеп.

– Әңгiмеңiзге рахмет.

Сұхбаттасқан Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары