ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОҢДЫ IСТЕР
ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОҢДЫ IСТЕР
Асқар Мырзахметов бұрын соңды билiкте iрi лауазымды қызметтер атқарғанымен, алғашқы рет Оңтүстiк Қазақстан облысына әкiм болып келдi. Бұл жақтың саясатын меңгерiп, менталитетiн түсiну оңай шаруа емес. Алайда Асқар Мырзахметов оңтүстiк өңiрi үшiн бейтаныс азамат емес, кiндiк қаны тамған жер – осы аймақ. Жұрт "Елдiң азаматы болса, елге игi жақсылық жасар" – деп үмiтпен қарады. Үмiт ақталса жақсы.
Әрине, Асқар Мырзахметовтен басқа да бұрын бұл өлкеде туып өскен азаматтар әкiмдiк таққа отырды. Халық – қазы. Кейбiр әкiмдердiң соңынан гу-гу әңгiме өрбiдi. Олардың сыртынан жекешелендiруге, жер дауына, кадр мәселесiне қатысты жағымсыз әңгiмелер жиi айтылды. Жаңылысатын жақ, сүрiнетiн тұяқ болатынын ұмытпауымыз керек қой. Әкiмдер де өзiнiң пенде екенiн ұмытпағаны жөн. Тек тақтан түскенде ғана ес жинайды. Елдiң аузына ешкiм қақпақ қоя алмайды. Шындық түбi бәрiбiр айтылады.
Оңтүстiкке келген барлық әкiмдердiң басын ауыртып, балтырын сыздататын басты мәселе – кадр саясаты. Бұл өлке – қазақтар ең көп шоғырланған аймақ. Бұ жақта қазақтың әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрi қатаң сақталады. Әрбiр қазақ өзiнiң ата-тегiн, ағайын-туысын, ру-тайпасын жақсы бiледi.Сондықтан кез келген әкiм кадр таңдауға келгенде бұл жақтың менталитетiне ерекше көңiл бөледi. Iскер, бiлiктi кадрларды таңдау бiр бөлек те, қазақтың бұ жақтағы ынтымақ-бiрлiгiн ойлау бiр бөлек. Шынында кадр таңдау – үлкен өнер. Билiк құрғандар "iс тетiгiн кадр шешедi" деп тектен-тек айтпайды. Мырзахметовтiң кадр таңдаудағы түпкi ойы қарапайым сияқты. Елдiң ынтымақ-бiрлiгiне сызат түсiрмеу. Оның жаңадан тағайындалған орынбасарлары Б.Оспанов, Е.Айтаханов, Б.Әлиев соншалықты елге белгiлi салмақты саяси тұлғалар емес. Бiрақ қолы таза, ары таза жас буын кадрлар өсiп жатса Мырзахметовтiң кадр саясатын қолдауға болады. Ең алдымен кадрлар елдiң экономикалық-әлеуметтiк жағдайына тiкелей жауап беруi тиiс. Кадрлар осы қасиеттерiмен құнды. Бұл облыс әкiмi кадр таңдауда кейбiр тактикалық қателiктер де жiберiп алды. Баз бiр кадрлар өз орынтағында тұрақтамай ат ауыстырды. Бұған ұсақ-түйек кемшiлiк деп те қарауға болады. Соңғы уақытта облыстық iшкi саясат басқармасының орынтағы көп мезгiл бос тұрды. Лайықты кадр табылғандай болды. Бұл қызметке облыстық әкiмшiлiкте бай тәжiрибе жинаған, саясаттың ыңғыл-жыңғылын бiлетiн, елге сыйлы, абыройлы, беделдi азамат Батырбек Жалмұрзаев келдi. Бұл азаматқа облыстың iшкi саясатындағы қордаланған мәселелердi шешуге тура келедi. Бұл орынтақта отырған лауазым иесiне ақпарат саясатындағы түйткiлдер үлкен сынақ болары шындық. Өйткенi республика бойынша ең көп ақпарат көздерi осы оңтүстiкте шоғырланған.
Жақында Асқар Мырзахметов ел алдында есеп бердi. Оның алдында облыс әкiмi аймақтағы 900-ге жуық елдi-мекендi аралап, әлеуметтiк-экономикалық жағдайына жан-жақты сараптама жасаған болатын. Оңтүстiктiң әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындысы бойынша жасалынған есепте атқарылған және болашақта атқарылатын тiрлiктердiң басы ашып айтылды. Ең бастысы бұл өлкенiң стратегиялық жоспары айқын. Дүниежүзiлiк қаржы экономикалық дағдарыстан шығудың айқын бағдарламасы "Жол картасы" болғаны белгiлi. Әлемдiк дағдарыс оңтүстiктiң экономикасына елеулi әсер етпептi. Мұны атқарылған тiрлiктерден айқын көруге болады. Оңтүстiк Қазақстан облысының экономикасын дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары бар. Мұны Елбасы қолдап, Үкiмет мақұлдаған едi.
Жоспардың басты мақсаты – облыс экономикасының iлгерi жылжуына қолбайлау болып отырған проблемаларды жан-жақты сараптап, күштi және әлсiз жақтарын айқындап, аудан және қалалардың мүмкiндiктерiн барынша iске қосу және де облыстың өзiн-өзi қамту мәселелерi бойынша бiрiншi кезектегi шараларды iске асыру болып табылады. Облыс экономикасы мен әлеуметтiк саласы соңғы кезде тұрақты дамуымен ерекшеленiп отыр. Бұл көңiлге қуаныш ұялатады.
Өнеркәсiп өнiмдерiн өндiру көлемiнiң өсiмi барлық басты салаларда қамтамасыз етiлiптi. Өнеркәсiптiң өндiру саясатынан өңдеу және қайта өңдеу, ғылыми-техникалық әлеуетiн ұлғайту жолында бiршама жұмыстар жасалынған. Өңдеу өнеркәсiбi 169,2 млрд. теңге өнiмi өндiрiлдi. Отандық тауар өндiрушiлердi қолдау облыстық мемлекеттiк сатып алу аясында да атқарылды. Соның бiр айғағы Кентау экскаватор зауытының жанданғандығы.
Шағын және орта бизнесте кәсiпкерлiктi қолдау мақсатында "Максимум" аймақтық инвестициялық орталығы қайта жасақталып, қызмет саясаты өзгертiлдi, жеңiлдетiлген жылдық өсiмi 7 пайыздық несие берiлуде. Оған қосымша бұл орталықтың өкiлдiктерi барлық аудан, қалаларда ашылып, бизнес-жоспар жасауға көмектесетiн арнайы мамандандырылған топтар өз жұмысын бастады.
“Ауыл – алтын бесiгiмiз” демекшi, егiн алқаптарының тиiмдi құрылымын қамтамасыз ету, ауыспалы егiс айналымын енгiзу және өңiрлiк мамандандыру мақсатында егiс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргiзiлген. Ұсақ шаруашылықта iрiлендiру, тамшылатып суару әдiсiн енгiзу, жылыжайлар салу, асыл тұқымды шаруашылықтарды дамыту мәселелерi қолға алынып отыр.
Бюджет шығыстарын ықшамдау мақсатында әкiмшiлiк шығындары қарастырылып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.
Облыста "Жол картасы" аясына 758 инвестициялық жобаларға 25,8 млрд. теңге бөлiндi.753 нысан бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды, оның iшiнде: 189 бiлiм, 91 денсаулық сақтау, 141 жолдар, 323 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 3 спорт, 5 мәдениет, 1 әлеуметтiк қамтамасыз ету нысандары. Қалған 5-i өтпелi нысандар. Есептi кезеңде 37 971 жаңа жұмыс орындары құрылды, оның iшiнде жұмыспен қамту органдары арқылы орналасқандары – 34 658.
Әлеуметтiк жұмыс орындары бағдарламасын ұлғайтуға 6941 орынға республикалық бюджеттен 624,7 млн. теңге қаржы бөлiндi. Бүгiнгi таңда әлеуметтiк жұмыс орындарын ашу жөнiнде 1219 ұйыммен келiсiм шарт жасалып, нәтижесiнде 8651 маман жұмыспен қамтылды.
Жастар тәжiрибесi бойынша 12 401 жұмыс орнын құруға 1,1 млрд. теңге бөлiнсе, 2 140 ұйыммен келiсiм шарт жасалып, 14 911 адам жұмыспен қамтылды.
Бiлiм саласы бойынша 2010 жылдың 1 қаңтарына дейiн 35 жаңа мектеп, оның iшiнде "100 мектеп және 100 аурухана" бағдарламасы аясында 24 мектеп iске қосылды.
Бюджет саласында алғаш рет 3 жылға арналған облыстық бюджет бекiтiлдi. Бюджеттiң жалпы көлемi 239,4 млрд. теңге, оның iшiнде өзiндiк кiрiстер 40 млрд. теңгенi құрап, бұл өткен жылғы жоспармен салыстырғанда 1 млрд. теңгеге артық.
Сонымен қатар, 2010 жылдық бюджетiнде алғаш рет ауыл шаруашылығындағы бәсекелестiктi арттыру мақсатында инновациялық тәжiрибенi тарату бойынша iс-шараларды жүргiзу бойынша 25,7 млн. теңге қарастырылды.
Мәдениет және спорт салалары бойынша елiмiздiң рухани астанасы Түркiстан қаласының тарихи құндылықтарын сақтау және келер ұрпаққа дәрiптеу мақсатында "Ежелгi Түркiстан" тарихи-мәдени этнографиялық орталығының құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қаралады. Осы жылы аудандық деңгейдегi 4 мәдениет үйi күрделi жөндеуден өткiзiледi. Облыстық филармонияның жаңа ғимараты iске қосылатын болады. Алдағы уақытта облыс орталығынан цирк ғимаратын салу жоспарлануда.
Оңтүстiк Қазақстан облысында экономикалық-әлеуметтiк мақсат айқын болып тұр. Бұл аймақта экономика iлгерiлеп, халықтың тұрмыс жағдайы түзелер деген үмiттемiз.
Балтабек ТYЙЕТАЕВ