2010 – ТYРКIЛЕР ЖЫЛЫ

2010 – ТYРКIЛЕР ЖЫЛЫ

2010 – ТYРКIЛЕР ЖЫЛЫ
ашық дереккөзі
394

Әлемдiк сарапшылар мұны мойындап отыр

Түрiктер Еуропалық Одаққа балама ұйым – Еуразиялық Одақты құруға ұсыныс айтты. Бұл талпыныстың қолдауға қаншалықты ие болатыны әзiр белгiсiз. Бiрақ бiрiгуге, тiзе қосуға еуразиялық аймақ шынымен мүдделi ме? Оның мүмкiндiктерi қандай?

"ЖЕКЕ-ДАРА ДАМУ МҮМКIН ЕМЕС"

Түркия сыртқы iстер министрi Ахмет Дауытоғлы өткен аптаның соңындағы Түркияның Еуропа мен Азия елдерiндегi елшiлерiмен өткiзген кездесуде Еуропалық Одақтың баламасы болып табылатын Еуразиялық Одақты құруға ұсыныс бiлдiрдi. Еуразияның әлемдiк экономиканы қозғаушы күш болуға мүмкiндiгi барлығын және Түркия үшiн Еуразия елдерiнiң барлығы стратегиялық тұрғыда маңызды екендiгiн көлденең тартқан түрiк министрi ешбiр мемлекет жеке-дара өсiп-өркендей алмайтынын, ал еуразиялық аймақтың гүлденуi бүкiл Жер шарының дамуына ықпал ететiнiн айтты. Осы мақсатта, темiр жол, құрлық пен теңiз қатынасын нығайтатын жобаларды жүзеге асыруға ден қойылуы тиiс. Мысалы, жақын келешекте құрылысы қолға алынғалы отырған Орталық және Оңтүстiк-Шығыс Азияны Еуропалық Одақпен жалғастыратын төте жол – Баку-Тбилиси-Карс темiр жол тармағы.

Энергетикалық қорлар үшiн күрес қызған Каспий жағалауына, яғни, орталықазиялық аймаққа ықпал етуге ұмтылған Батыс және АҚШ-пен бәсекеге түсуге бел буған түрiктер Вашингтон мен Брюссельдiң "ұртоқпағынан" құтылуды көздейдi. Соңғы жылдары Мәскеу мен Анкара арасындағы екiжақты қарым-қатынастардың жиiлей бастауы – соның айғағы. "Түркияның Еуропа мен Азияны өзiмен санастыруға, аймақтық державаға айналуға ұмтылуына не себеп?" деген сауалға түрiктер елiндегi бүгiнгi жаңаша үрдiстермен жауап беруге болады. 2002 жылы билiк басына келген Әдiлет және даму партиясының өкiлдерi жүргiзген реформалар нәтижесiнде бүгiнгi Түркия саяси, дипломатиялық және экономикалық тұрғыда қарқынды дами бастады. Елдегi саяси тұрақтылық нәтижесiнде соңғы он жылда Түркияны халықаралық қауымдастық инвестициялық тұрғыда тартымды, экономикалық еркiндiк пен кепiлдiк қалыптасқан қарқынды дамушы ел ретiнде танып отыр. Күнi кешегi қаржылық дағдарыстан есеңгiреп қалған әлемдiк қаржылық жүйе әлi күнге есiн жинай алмай жатқанда, түрiктердiң банк жүйесi дағдарысқа қыңқ еткен жоқ. Iрi түрiк банктерi, холдингтерi мен кәсiпорындарының халықаралық рейтингтегi көрсеткiштерi жоғары болуы – соның айғағы. Әрине, экономикалық дағдарыс елдiң экономикасына, ЖIӨ мен әлеуметтiк ахуалына ықпалы болмады деу – артық айтқандық. Алайда, сарапшылар алдағы 2-3 жылдықта Түркияның күшейе түсетiнiн айтады. Бұл экономикалық және саяси ықпалды арттыруға сеп болмақ. Айталық, 2010 жылы экспортын 111 млрд. долларға жеткiзудi дiттеп отырған Анкара "сауда дипломатиясын" жүйелi түрде жолға қойған. Африка, Оңтүстiк Америка, Үндiстан және Қытаймен сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуда аса белсендi түрiктер аймақтағы iрi өндiрiстiк орталыққа айналумен бiрге туристiк орталық пен ауыл шаруашылығы және мата өнеркәсiбiнiң басты тасымалдаушыларының бiрi болып табылады.

ТҮРКИЯ ҚЫСЫМҒА КӨНБЕЙТIН ЕЛ

Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, 2010 жыл саяси және экономикалық тұрғыда белсендi қимылға көшкен түркiтектес елдердiң жылына айналмақ. Қазақстанның Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуi, Еуропалық Кеңестiң Парламенттiк Ассамблеясына төрағалыққа тегi түрiк Мовлуд Чауышоғлының сайлануы, үстiмiздегi жылы Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң тiзгiнi Түркияға тапсырылатыны т.б. түркi мемлекеттерiнiң биыл әлемдiк саясатқа үстемдiк құруына негiз болмақ. Сонымен қатар еуропалық нарыққа энергоқор тасымалдауда балама жолдарды көптеп табуға тырысқан орталықазиялық елдер өзара дипломатиялық-экономикалық қатынастарды реттеуге ден қоюы да ахуалды жақсартуға сеп болуда. Мысалы, күнi кешеге дейiн тiл табыса алмай шаршаған Баку мен Ашхабад арасындағы қатынастар жақсарды. Алайда, түркiтектес мемлекеттердiң халықаралық қауымдастыққа ықпалы күштi деуге әлi ерте. Мәселен, қазiр Солтүстiк және Оңтүстiк Кавказдағы қақтығыстар мен саяси дауларды реттеу аса маңызды болып отыр. Өйткенi, аталған аймақтардағы лаңкестiк даулар бiраз елдiң ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiрмек. Армяндық лаңкестiктiң КСРО ыдырауына себеп болғанын көлденең тартқан ресми Баку дипломатиялық қатынастарды реттеуге армяндардың мүдделi еместiгiн айтты. Бүгiнде Карабах дауына Анкара мен Ереван арасындағы "геноцид" мәселесi қосылған. Елу жылға жуық уақыттан берi Еуропалық Одаққа мүшелiкке қабылдана алмай келе жатқан Түркияға батыстықтар тарапынан "армян геноцидiн" мойындау талабы қойылғаны белгiлi. Апта басында америкалық Конгресс "армян геноцидi" мәселесiн күн тәртiбiне шығарды. Мұны саяси қысым деп мәлiмдеген Ахмет Дауытоғлы Вашингтонды сынға алды: "Саясат пен дипломатияда кездейсоқтық болатынына сенбеймiн. Әрине, американдық конгрессмендердiң "геноцид" деп аталатын мәселенi Конгресс талқысына шығаруы қысым жасау болып табылады. Бiрақ Түркияның қысымға көнбейтiн ел екенiн естен шығармаған абзал. Түркия шешiмдердiң барлығын ұлттық мүдделерге сүйене отырып қабылдайды". Бүгiнде Армения мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастар да жақсы емес. Мемлекеттiк деңгейде өткiзiлген бiрнеше кездесу мен келiссөз жылдарға созылған дау-дамайды түбегейлi шешiп бере алмаған.

ОДАҚТЫ ҚҰРУҒА КЕДЕРГI КӨП

Өткен апта соңында журналистерге сұхбат берген Дауытоғлы егер американдықтар түрiктерге қысым жасауға көшетiн болса, армяндар мен түрiктер арасындағы барлық келiсiмдер күшiн жоятынын ескерттi: "Бұл Вашингтонға да, Ереван мен Анкараға да тиiмдi емес. Армяндар Еуроодақ пен Түркия саммитi қарсаңында "ескi дауды" қоздыратын гректер сияқты жыл сайын 24 сәуiр жақындағанда "геноцид" мәселесiн көтерудi әдетке айналдырған. Бұл дегенiңiз – екiжүздiлiк". Армяндармен достасуға талпынған түрiктердiң әрекетi грузиндер мен әзiрбайжандармен қатынасының ушығуына әкеп соқтырды. Анкараның Түркиядағы абхаз диаспорасының Абхазиямен жақындаса бастауына кедергi жасамауын Тбилиси дипломатиялық соққы деп қабылдады. Гүржiлердiң алаңдайтын жөнi бар. Өйткенi, Түркиядағы абхаздардың саны тәуелсiздiгiн бiр-екi ел ғана мойындап үлгерген Абхазиядағы халық санынан 5-6 есеге көп. Еуразиялық Одақ құруға мүдделi Түркия бүгiнгi армяндармен арадағы жер дауына себеп болған түйткiлдi қысым арқылы емес, келiссөздердiң арқасында шешуге шақыруда.

Географиялық жағдайы энергетикалық тасымал дәлiзiне айналуға мүмкiндiк берген Түркия соңғы он жылда газ бен мұнай құбырларының жалпы ұзындығын 6,4 есеге дейiн өсiрген. Мұнай мен газды тасымалдау, мұнай өңдеу, газды сақтайтын жерасты қоймаларын салуға да ден қойған. Энергетикалық қорларды түрiк жерi арқылы "Шығыс – Батыс", "Солтүстiк – Оңтүстiк" дәлiзi бойынша тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған бiрқатар жобаларға белсене қатысып отырған Анкара қазақ пен әзiрбайжанның мұнайын әлемдiк нарыққа жеткiзетiн Баку – Тбилиси – Жейхан құбырын жүзеге асыруға үлес қосты. Сонымен қатар Батыс пен АҚШ-тың басты жобасы – Nabucco газ құбырына, "Бургас – Александруполис" жобасына балама "Самсун – Жейхан" мұнай құбырына, "Оңтүстiк ағын" газ құбыры мен т.б. тиiмдi жобаларға қатысуға мүдделi. Түркия алдағы онжылдықта аймақтық держава атағын алуды көздейдi. Демек, Еуразиялық Одақ құруға ұсыныс бiлдiруi де – саяси шахмат тақтасында ұрымтал тұстарды ұтымды пайдаланып қалуға ұмтылған талпыныс. Әзiрше халықаралық сарапшылар қауымы Еуразиялық Одақтың құрылуына күмән келтiрiп отыр. Өйткенi, табиғи ресурстарға бай ауқымды территорияны уыстан шығарып алмауға жанталасатын мүдделi тараптардың барлығы Анкараның Одақ құруға қатысты айтқан ұсынысын қағаз жүзiнде қалдыруға тырысары анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары