ЫСЫРАП ЖӘНЕ КЕШ ҚАҒЫЛҒАН ДАБЫЛ

ЫСЫРАП ЖӘНЕ КЕШ ҚАҒЫЛҒАН ДАБЫЛ

ЫСЫРАП ЖӘНЕ КЕШ ҚАҒЫЛҒАН ДАБЫЛ
ашық дереккөзі
188

Небары екi жылдың iшiнде 25 млрд. теңгеден астам қаржыны ысырап еткен менеджерлердiң қандай жазаға тартылары әзiр белгiсiз. Белгiлiсi, былықтың бетiн ашқан Есеп комитетi осыдан екi жыл бұрын болған заң бұзушылықтарға қатысты дабыл қаққан екен. Жемқорлармен күресуге мiндеттi мекемелердiң бiрi — Есеп комитетi "қолын мезгiлiнен неге кеш сермедi?" Әлбетте, ештен гөрi кештiң жақсы екенiн бiлемiз. Қылмыскерлер жазасын өтеуi тиiс. Ал тоғышар да ашкөз менеджерлердiң қылмысына дағдарыспен күрес мақсатында құрылған "Самұрық-Қазынаның" қандай қатысы бар?

Газетiмiздiң өткен санында жарық көрген "Мемлекеттi тонаған менеджерлер" атты мақалада халық қаржысын желге шашқан екi мекеме – инновациялық және инвестициялық қорлардың менеджерлерi туралы мәселе көтерген едiк. Қарапайым азаматтардың маңдай терiмен табылған қаражатты заңсыз түрде қалтасына салып алуға ешкiмнiң құқығы жоқ. Екi жылдың iшiнде 25 млрд. теңгенiң ысырап болғанын және құрылғалы аз уақыт өтсе де, 11 менеджер ауыстырған екi қордағы берекесiздiктiң бетiн ашқан Есеп комитетiнiң төрағасы Ө.Өксiкбаев мырза аталған мекеме басшыларын заң жүзiнде жауапқа тартуға ұсыныс бiлдiрдi. Осы мақалаға орай, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорына жолдаған сауалымызға Қордың баспасөз қызметi "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ Басқарушы директоры, Қордың Басқарма мүшесi Қайрат Әйтекеновке сiлтеме жасай отырып, түсiнiктеме бердi:

"Инвестициялық Қор және Инновациялық Қор қазiр – "Самұрық-Қазына" Қорының еншiлес компаниялары. "Самұрық-Қазына" бiрiккенге дейiн бұл екi даму институты "Қазына" Орнықты даму қорының құрамында болған. Қор Басқарушы директоры-Басқарма мүшесi Қайрат Әйтекеновтiң айтуына қарағанда, "Қазына" Орнықты даму қоры 2006-2007 жылдары-ақ Инвестициялық Қор жұмысын тексеру шараларын бастаған. Сол кезде анықталған мәселелердi "Қазына" Орнықты даму қоры әрi қарай шара қолдану үшiн құқық қорғау орындарына бағыттаған. Сөйтiп, "Қазына" Орнықты даму Қорының сол шараларының арқасында мемлекет мүддесiн қорғау мақсатында сотқа 19-дан астам арыз түскен.

Қор Басқарушы директоры-Басқарма мүшесi Қайрат Әйтекенов: "Есеп комитетi жүйелi мәселелердi табуға көмектестi. Өзге еншiлес компаниялардың активтерiн тескеру кезiнде де бiрiгiп жұмыс iстеймiз" дейдi. Қор осы жылдың қаңтар айынан бастап, Есеп комитетiмен бiрге Қордың еншiлес және тәуелдi компанияларын бiрiгiп тексеру бойынша Ынтымақтастық Меморандумына қол қою шараларын қарастырып жатыр.

Әрi Әйтекеновтiң сөзiне сүйенсек, қазiр "Самұрық-Қазына" Қоры мен Инвестициялық Қордың жаңа менеджментi осы Қордағы инвестициялық портфельдi сауықтыру үшiн, борышкерлердiң кепiлдемелiк дүниесiн алу бойынша жұмыс iстеуде.

Бүкiл активтер инвентаризациядан өтiп, қазiр заңға байланысты құрылымдалып жатыр. Яғни, Қорға қарыз болған борышкерлердiң активтерi, құрылғылары қайтарылып, жобалары қайтадан бағамдалуда.

Тағы бiр айта кететiн нәрсе, "Самұрық-Қазына" Қоры 2008 жылдың қазан айында құрылғаннан берi Инвестициялық Қордың капитализациясы үшiн бiрде бiр бөлiнбеген. Яғни, соңғы 1 жыл 4 ай iшiнде аталған қорға "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры тарапынан ақша салынбаған. Ал Инновациялық қор 2009 жылдың шiлдесiнен бастап ҚР Индустрия және сауда министрлiгiнiң құзырына бекiтiлген".

Сонымен, түсiнiктемеде айтылған деректерге сүйенсек, Инвестициялық қор мен Инновациялық қордағы былықтардың бетi осыдан 3-4 жыл бұрын яғни, "Самұрық-Қазына" қоры құрылмай тұрып ашылған. Құқық қорғау органдарына түскен арыз-шағымдар – соның айғағы. Оның үстiне, Инновациялық қордың тiзгiнi былтыр басқа министрiлiкке берiлген. Бiзге түсiнiксiзi, "менеджерлер халықтың қаржысын желге шашты" деп дабыл қаққан Есеп комитетiнiң үнi үш-төрт жылдан берi неге ащы шықпады? "Болары болып, бояуы сiңгенде" ғана аттанға басқаны қалай? Қоғамды iштен iрiтетiн ауыр дерт – жемқорлық пен жемқорлардың "қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi" қағидасына сүйенетiнi бесiктегi балаға аян. Демек, заңсыздықтармен күресетiн ұйымдардың бiрi – Есеп комитетiне де қырағылық қажет-ақ. Ал "жұмыртқадан жүн қырыққан" әлгi "пысықай" менеджерлер сыйақы мен бонус түрiнде алған елдiң ақшасын керi қайтаруға, Заң алдында жауап беруге мiндеттi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары