КӘРIМ МӘСIМОВ ЖЕТIСУДА ЖЕРЛЕСТЕРIМЕН ҚАУЫШТЫ
КӘРIМ МӘСIМОВ ЖЕТIСУДА ЖЕРЛЕСТЕРIМЕН ҚАУЫШТЫ
Өткен аптада Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов жұмыс сапарымен Алматы облысына келiп қайтты. Елбасының биылғы Жолдауын насихаттауды мақсат тұтқан "Берiк iргемiз — Елбасымен бiргемiз" атты форумға премьермен бiрге "Нұр Отан" партиясы төрағасының бiрiншi орынбасары Н.Нығматуллин қатысты.
Облыс орталығында өтетiн форумға баспасөз өкiлдерi де шақыртылған. Алматы қаласынан аттанған бiр топ журналист азынаған аяз бен Арқарлы асуын артта қалдырып, межелi жерге келiп жеттiк. Талдықорған қаласындағы "Өркен" спорт кешенiнде 2 мыңнан астам халық жиналыпты. Жер жәннаты – Жетiсу халқымен қауышқан үкiметбасы өзiнiң туған жерiне келгендiгiн айта келiп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауда атап өткен негiзгi мәселелерiне тоқталып өттi. "Соңғы он жыл қарқынды даму кезеңi болды. Әлемдi жайлаған дағдарыстан аман өтiп, жаппай жұмыссыздық елiмiзде болған жоқ. Ендi 2020 жылға дейiнгi Даму стратегиясын орындауға кiрiсемiз" – дедi Премьер-министр. Жетiсу өлкесi Президенттiң "Жаңа индустрияландыру" атты бағдарламасын жүзеге асыруда ерекше рөл атқарады. Сонымен қатар, батыс пен шығысты байланыстыруда Алматы облысының тысқары қалмайтынын ескере келiп, "Қазақстан арқылы Азия мен Еуропа арасын жалғайтын көлiк дәлiзiн салуымыз қажет. Жетiсу осы дәлiздiң бiр бөлiгi болады" дедi. Аймақтағы агроөнеркәсiптiң даму үдерiсi баса назар аударуды қажет ететiн басты салалардың бiрi. Жетiсу бүкiл Қазақстанның озық үлгiдегi азық-түлiк алқабына айналатын кезеңiн ел-жұрттың күткенiне көп жылдар өттi. Өзге облыстардың экономикасымен салыстырғанда, Алматы облысының бiршама алда келе жатқанын мойындау керек. Себебi, аталмыш облыста агроөнеркәсiп кең қанат жайып отыр. Елiмiздегi бiрегей кәсiпорындардың бiрi саналатын қант зауыты да осы облыста орналасқан. Ал, 2009 жылы ауылшаруашылығының жалпы өнiмi 219,8 млрд. теңгенi құрады. Ендiгi кезекте алға қойылған негiзгi мiндеттердiң бiрi – агроөнеркәсiптiк кешенде модернизациялау жұмыстарын жүргiзу болып отыр.
Алматы облысында қолға алынған мiндеттердiң негiзгiсi Мойнақ және Балқаш электростанцияларының құрылысы басталып та кеттi. Егер де бұл нысандар болашақта тиянақты және үздiксiз жұмыс жасап тұрса, бүкiл Оңтсүтiктегi жарық көздерiнiң тапшылығы жойылмақшы. "Жолдау жүктеген мiндеттердi табысты жүзеге асыруға бiз барлық бiлiмiмiздi, тәжiрибемiздi салуымыз керек!" – деп Н.Нығматуллин нық сенiм бiлдiрдi.
Елдегi iрi темiржол жобаларының бiрi — Жетiген-Қорғас жолының құрылысы қолға алынуда. Аталмыш темiржол құрылысы 2010 жылдың күз айларында бiтедi деп жоспарланып отыр. Iс ойдағыдай орындалса, биылдан бастап шекарадан тыс сауда қатынасы күшейе түспек.
Соңғы жылдары Талдықорған қаласының керегесi кеңейiп, қала сыртынан көрiктi сәулет кешендерi бой көтере бастапты. Үкiмет басы жұмыс сапарында жаңа нысандарды аралады. Облыс орталығы Талдықорған қаласындағы жергiлiктi жастар мен спортшылардың жаттығуына, тiл бiлiмiн жетiлдiруге мүмкiндiк беретiн бiрнеше нысандар салынды, соның бiрi — Спорт сарайы. Ауқымы жағынан бұл ғимарат жалпы республика көлемiндегi жарыстарды өткiзуге мүмкiндiк бередi. Республика қазынасынан 3 млрд.теңге бөлiнген Спорт сарайына әзiрге 1 млрд. теңге сомасындағы қаражат қана жұмсалған. Кәрiм Мәсiмов мырза 8 гектар аумаққа орналасқан елiмiздегi ең үлкен Спорт сарайының құрылысымен танысты. Яғни, қаланың оңтүстiк батысында тұрғызылып жатқан Спорт кешенi халықаралық талаптарды қанағаттандыра алады. Қыстың қақаған аязында да нысандағы өңдеу жұмыстары тоқтамай жүрiп жатыр. Бұл құрылыс 2010 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берiледi деп жоспарланып отыр.
Үкiметбасы сапары республика аумағындағы тұңғыш салынған Тiл сарайының ашылу рәсiмiмен жалғасты. Қазақстанда "Үштұғырлы тiл" бағдарламасын iске асыруда қолға алынған жобалардың бiрi. Бұл ғимаратта мемлекет қызметкерлерi тiл бiлiмiн жетiлдiре алады. Бар-жоғы арнайы жабдықталған 5 бөлмеде үш тiл тегiн оқытылады. Атап айтсақ, қазақ тiлi, 1 ағылшын тiлi, 1 орыс тiлiн оқыту бөлмелерi жұмыс iстеп тұр.
2009 жылдың мамыр айында тұңғыш тiл сарайының құрылысы басталып, биыл ақпанда пайдалануға берiлдi. 304 миллион сомада қаржы бөлiндi. Үш тiлдi меңгерудегi салмақ, әрине, қазақ тiлiне түседi. Сондықтан да қазақ тiлiне тiл үйренудегi дамыған технологиялармен жабдықталған бөлме 3 лингафонды зал берiлiп отыр. Оқуға ниет бiлдiрушi қала тұрғындары оқуға жазылып та қойды", — дедi Сарайдың ашылу салтанатында Алматы облысы тiлдердi дамыту жөнiндегi басқармасының бастығы Т.Қасымберкебаев.
Ал үкiмет басшысының Жетiсу өлкесiне сапары Достық сарайын аралаумен аяқталды. Тәуелсiздiк алған жылдардан бергi тұңғыш ауқымды этно-мәдени орталық. Жүзден астам диаспораның басын бiрiктiрiп отырған сарайда түрлi ұлт өкiлдерiнiң әрқайсысына жеке көңiл бөлiнедi. Өзге облыстарда "Достық үйiне" бұрын-соңды қолданылған ғимараттар берiлсе, Алматы облысында жаңа талаптарды қамтитын үлкен сарай арнайы салынған. Аталмыш жаңа жобалардың барлығы дерлiк Талдықорған қаласының шеткi нүтелерiнде қоныс тепкен. Жетiсу төрiндегi Талдықорған қаласына сапары тез аяқталғанына Премьер-министр сәл өкiнген сыңайлы. Күншуақты қаланы бiз де қимай қалдырып, аязды Алматыға қайтып оралдық.
Ақниет ОСПАНБАЙ