Мұқағали МАҚАТАЕВ: БӘРI ДЕ АЛДЫМА БАС ИЕР МЕНIҢ...

Мұқағали МАҚАТАЕВ: БӘРI ДЕ АЛДЫМА БАС ИЕР МЕНIҢ...

Мұқағали МАҚАТАЕВ: БӘРI ДЕ АЛДЫМА БАС ИЕР МЕНIҢ...
ашық дереккөзі
735

Адамның қандай екенiн бiлгiңiз келсе, оның күнделiгiне зер салыңыз. Себебi, адам баласының барлық тыныс-тiршiлiгi, күйiнiшi мен сүйiнiшi, қайғысы мен қуанышы күнделiкте баяндалады. "Қазақтың қара өлеңiн шекпен жауып өзiне қайтарған" ақын Мұқағали Мақатаевтың 1991 жылы "Жалын" баспасынан жарық көрген "Күнделiгiн" оқи отырып, ақын жүрегiнiң түбiне терең бойлаған сияқтымыз. "Күнделiктегi" әр ойдан кейiн ақынның отты өлеңдерi санаға оралады.

"Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиiс"…

Дүниеге жаңа келгендеймiн. Ой-санам, жүрiс-тұрыс, мiнезiмде сұмдық өзгерiс бар. Сәл кештеу оянған жоқ па?.. Әлде дер шағы ма екен?!

27 наурыз, 1972 жыл

Бiр күнi,

Бiр жылдары,

Бiр заманда,

Уақыт қуатымды ұрлағанда,

Шабыттың ақ бастауы құрғағанда,

Шынымен қалам алып, жыр жазам ба?

Жүректе от,

Ойда жасын қалмағанда

Тағы да жыр жазам деп қарманам ба?!

Жастықта жазып кеткен жырымды оқып,

Таңданам ба, кiм бiлсiн, алданам ба?!

О, Муза!

Мәңгi жастық!

Қайран досым!

Қай күнi ауар екен сайран қосым.

Поэзия — жастық қой жалын ұшқан,

Жас күнде жазғаныңдай қайдан болсын.

О, жастық!

Сен өлгенде, мен өлемiн,

Сенсiз мен қиылған бiр бөренемiн.

Көнеремiн, бiлемiн, көнеремiн.

Көгере гөр мәңгiлiк сен өлеңiм!…

* * *

Ақын адамның бүкiл өмiрi — оның бүкiл творчествосының лейтмотивi. Себебi өз жүрегiнiң құпиясы, өз өмiрiнiң күйiнiш, сүйiнiшiн, лирикалық кейiпкерi арқылы ма, басқа арқылы ма, әйтеуiр, ағынан жарылып, нанымды түрде айта алмаған ақынның басқа жүрекке жол тауып, басқа ғұмырды зерттеуiне, оның жан-дүниесiнiң бұлтарыс-қалтарысын ашуға шамасы келмек емес. Ақын жүрегiнiң жауы да, жанашыры да — өзi.

… Ақынның өмiрдi зерттегенi — алдымен өзiн зерттегенi. Ақын құдiретi — өмiрден өзiн, өзiнен өмiр жасай бiлуiнде. Бұл — ақынның әлеуметтiк-экономикалық көзқарасы.

17 сәуiр, 1972 жыл

Жаның ашып, жарылқама

Жарылқама

Жарылқама, қымбаттым.

Жан ауырып баратқасын

Жасыра алмай, тiл қаттым,

Барса келмес сапарында түсiм қашып, түн қаттым.

Бiр нәрсемдi жоғалттым да,

Бiр нәрсемдi ұрлаттым.

Сан соқпақты сапарымда

Мықтымын ғой деушi едiм,

Биiктiктiң барлығын да бойымменен өлшедiм.

Жарылқама!

Берме маған жауыздықтың семсерiн,

Мейiрiм бер, мұңайғанда жасың сүртем мен сенiң.

Мейiрiм бер,

Мейiрiм бер, жүрегiмдi тас қылма,

Үйдегi Ана мейiрiн бер, түзде жортқан қасқырға.

… Сенесiң бе, сезесiң бе?..

Сенiң үшiн бас құрбан,

Естiлмеген әнiңмiн мен алты қырдың астынан,

Бiр нәрсемдi жоғалттым мен,

Бiр нәрсемдi ұрлаттым…

Соны iздедiм,

Айдың көлдiң аққуларын шулаттым,

Барса келмес сапарында түсiм қашып, түн қаттым.

Мейiрiм бер, мейiрiм бер…

Саған келдiм, қымбаттым!

* * *

Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерiң қараң! Оны сүйемiн деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола бiлiңдер!

22 ақпан, 1973 жыл

Келемiз өзiмiздi жаңа танып,

Ұшамыз халқымыздан қанат алып.

Жанымыздың зәредей жақсылығын,

Қажетiне халықтың жараталық!

Халықпенен өмiрдi бiр сүремiз,

Ол күрсiнсе, бiздер де күрсiнемiз.

Жан-жүректi жалғайық халықпенен,

Халықпенен қашанда жүрсiн егiз.

Ел-жұртым деп, емiренiп, соғар қаны.

Елсiз ақын — есалаң жоғалғаны.

Ақын елдiң, ағайын, еркесi емес.

Ақын — елдiң елшiсi ООН-дағы.

Жұртыңның ақыны боп жаралғасын,

Барыңды жұртыңа бер, қаламдасым.

Алдында аждаһаның тұрсаң-дағы,

Махаббат жұртқа деген жоғалмасын.

* * *

… Поэзия — ғылым. Зерттеу керек. Адам өмiрiнiң, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несi қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезiмiн жан-жақты зерттейтiн құдiрет болса, ол — тек поэзия. Басқа ешқандай ғылымның қолынан келмейтiн шаруа бұл!

6 наурыз, 1973 жыл

Қадiрлi дос!

Қайтесiң ренжiме,

Айтпай-ақ қой,

Халiңдi бiлем, бiлем…

Таппай жүрсiң сырласар сыңарыңды,

Жiбi түзу жан iздеп жылы өңдiден.

Айтпасаң да халiңдi бiлем, бiлем…

Жанның бәрiн жаныңа дос санадың,

Дос санадың…

Қалмады басқа амалың.

Ал, жүрегiң?…

Жүрегiң тулап жатыр,

Қирата алмай кеудеңнiң тас қамалын.

Бәрi де алдыма бас иер менiң,

Бiр құдiрет қолыма тиер ме едi,

Қызылшақа сәбидей жүрегiңдi,

Босатып ап түрмеңнен, сүйер ме едiм.

* * *

… Бүгiн таңертең балконға шығып едiм, мұрныма ауылдың көктемiнiң иiсi келдi. Сонау "Айқайтастан" соққан жайлаудың самалының иiсi келдi. Сонау соғыс жылдары шешем екеумiз, әжем де бар, қой айдап жайлауға алғаш көшiп барған балауса, балғын шақ есiме түстi. Әлi мал аяғы таптамаған Шалкөденiң жап-жасыл жазығы тұрды көз алдымда. Сол кездi, сол табиғатты бiрiншi рет маған көрсеткенiне, құлдық, тәңiрiм…

Сұлу сүйiп, сауық құрмай өтiп барам. Мейлi, өкiнбеймiн. Туған жерiмнiң тұнып тұрған, қылшығына қылаң түспеген сұлулығын алдымен мен сүйгем! Соның бәрiнiң қызығы менде, менiмен, өзiммен бiрге кетедi. Ол аймақ баяғыдай менiң балауса шағымдай сұлу емес қазiр. Жоқ, сұлу емес. Ол да бөлек қазiр, мен де бөлек. Екеуi де өлген. Тек менiң кеудем мен миымда ғана. Менiмен бiрге өледi.

21 сәуiр, 1973 жыл

Бүлiнiп кеттiң дейсiң бүгiнде сен,

Мен мына табиғатпен күбiрлесем.

Осы бiр жаратылыс құбылмаса,

Мен-дағы құбылмас ем, бүлiнбес ем.

Сүрiнiп жүрсiң дейсiң бүгiнде сен,

Жерiмдi сүйе алмаймын сүрiнбесем.

Осы бiр жаратылыс жалтармаса,

Жалтарып, тiзе бүгiп, жүгiнбес ем.

Жалтарма, жаратылыс, құбылма сен!

Құбылмасаң, қуала, жығылмас ем.

Кез келгенге кезбе жел ұрынбаса,

Кез келгенге мен-дағы ұрынбас ем.

Бүлiнiп жүрсiң дейсiң бүгiнде сен,

Бүтiнделе алмаймын бүлiнбесем!

Жаратылыс мен сенен түңiлмеймiн,

Сен өзiңнен сезiк ап, түңiлмесең.

* * *

… Жылдар өтер, жаңа ұрпақ дүние есiгiн ашар, мiне сол кезде олар бiздiң әрқайсымызды өз тұғырымызға қондырады. Ежелден солай болған, солай бола бередi де… Өзiм туралы былай дер едiм: Мен ХХI ғасырдың, мүмкiн одан да кейiнгi ұрпақтың құрдасымын.

…Ойлаңдар, достар!

Өнерде "жарыс" болмайды!

Өресi жетпей,

Күндестiк қылған оңбайды.

Өнерiң жетiп,

Өсе алмай қалсаң, сол қайғы…

Күнде таласқан

Өнерiң өнер болмайды!!!

16 желтоқсан, 1974 жыл

* * *

… Менi адамның өзi, сыртқы сүлдерi емес, мiнез-құлқы, қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсiнуге тырысамын. Адамдарды түсiнем, олардың да менi түсiнгенiн қалаймын. Менiң бүкiл поэзиямның мәнi — мiне, осы. Поэзия — мен үшiн жанымның шырылы. Басқа ештеңе емес…

24 қаңтар, 1975 жыл

Сен әлi серiксiз бе едiң.

Серiксiз бе едiң,

Құрбыжан?

Өтiптi-ау айлар, ерiксiз жылдар жылжыған,

Жападан-жалғыз,

Жауатын күндей тұнжырап,

Жүресiң құрбым,

Не iстеймiн саған?

Қынжылам.

Жаңа жарылған,

Жауқазын едiң көктемде

Жылысып жазың өткен бе?

Лапылдап тұрған,

Жалын едiң ғой өрт-кеуде,

Тәйiр алғырлар,

Танымай сенi кеткен бе?!

Өмiрде мына,

Тап болар талай тосын жай,

Өмiр — өмiр ғой,

Өмiрдiң заңы осындай,

Бiрi — Батыста,

Бiрi — Шығыста,

Жарқ етiп, сөнген жасындай,

Өтуi мүмкiн жақсы мен жақсы қосылмай.

* * *

Мен өлеңдi үзiп-жұлқып, орайы келгенде, кезi келген жерде жазуға әрекеттенбегем. Жоқ! …Өлең — ең әуелi шығармашылық, қажырлы еңбек. Азапты, жүйкеге салмақ салатын жұмыс. Оңашалануды және тыныштықты сүйедi. Егер мен ондай толғақ үстiнде жарым жолда тоқтап қалсам, кейiн онда ой соңынан қуалау маған қиын. Алғашқы құмарлықтан ажырап қалам.

12 ақпан, 1976 жыл

Көңiлсiзсiң, көңiлiң қаяулы ма?

Түнерген аспандайсың жай алдында,

Жаным-ау саған қатер таянды ма?!

… Тiршiлiктiң тынысын бағып тұрған,

Кiм екен тiл тигiзген аяулыма?!

Айнытпастан таныған ақ-қараны,

Осы бiр жан өзiмдей боп барады.

Неден секем алды екен, сақтанады?!

Көңiлiне көлеңке түсiрдi ме,

Көбiк езу бiреудiң даттағаны?!

Көзiн жұмып отыр ғой көре-бiле…

Сыңар езу сыншының керегi не,

Сыңарымның үңiлдiм өлеңiне.

… Тағдыр маған тағдырлас дос сыйлапты,

Егiз жүрсiн екеуi дегенi ме?

Менiң қымбатты достарым! Егер сiздер шынымен менiң өмiрбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрiн түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Менi өз өлеңдерiмнен бөлiп қарамауларыңызды өтiнем. Естерiңiзде болсын, менiң өлеңдерiм жеке тұрғанда түк те емес. Бiрiктiрiп қарағанда ол поэма iспеттi. Басы және аяғы бар. Ол кейде күлiмдеген, кейде түңiлген жанымның құдды дауысындай. Жалған күйiнiш, жалған махаббат пен қуаныш, өтiрiк патриотизм және тағы тағылар поэзияның жаулары.

14 ақпан, 1976 жыл

Дайындаған Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары