60 – ДАНАЛЫҚ, 70 – ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТЫҚ БОЛСА
60 – ДАНАЛЫҚ, 70 – ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТЫҚ БОЛСА
Биылғы жылдың Қазақстан үшiн саяси маңызы ерекше болмақ. Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалықтың елiмiздiң сыртқы және iшкi саясатындағы маңызы зор. Бұл Елбасының биылғы "Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкiндiктерi" атты Жолдауынан-ақ байқалады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында "Адам – елдiң басты байлығы" деп атап көрсеттi. Тiрлiгiмiздi осы сөздiң үдесiнен шығуға ыңғайласақ ләзiм.
"Барлық облыстарда қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсету жақсаруда.
Осының арқасында бiз мыңдаған азаматтарымыздың өмiрiн сақтап қаламыз!" – дедi Елбасы өз Жолдауында. Президенттiң айтуынша, Қазақстандағы қазiргi таңдағы өмiр сүру жасы 65-тен 68-ге ұлғайды. Ендiгi уақытта Президент елiмiздегi өмiр сүру жасын 72-ге дейiн ұзартуды ұсынды. Бұл нәтижеге қалай қол жеткiзуге болады?
"Халық денсаулығы – ол Қазақстанның өзiнiң стратегиялық мақсаттарына жетудегi табысының ажырамас құрамдас бөлiгi" делiнген Жолдауда.
Халық денсаулығының басты көрсеткiшi – өлiм-жiтiм азайып, туудың көбеюi. Соңғы жылдары Қазақстанда бала туу 1,5 есе өскен. Ал ана мен бала өлiмi екi есеге азайған.
Қазақтың "бiрiншi байлық – денсаулық" дейтiнi тегiннен-тегiн емес. Қытайдың ежелгi заман данышпандары: "Кебiсiмнiң тарлығына налып жүргенiмде, екi аяғы жоқ мүсәпiрдi көрiп, шүкiршiлiк қылдым" дейдi екен. Тән саулығын салауатты өмiр сүру салты арқылы ғана сақтауға болады. Бұл ретте аурудың алдын алып, үнемi сақтанып жүргеннiң артықтығы жоқ.
"Салауатты өмiр салты мен адамның өз денсаулығы үшiн ынтымақты жауапкершiлiгi қағидаты – мiне, осылар денсаулық саласындағы және халықтың күнделiктi тұрмысындағы мемлекеттiк саясаттың ең басты мәселесi болуы тиiс.
Алда тұрған онжылдықтың аса маңызды мiндетi – Қазақстанның барлық азаматтарының өмiр сапасы мен деңгейiн жақсарту, әлеуметтiк тұрақтылық пен қорғалуды нығайту. Ел халқы санының 2020 жылы 10 пайызға өсуi үшiн мемлекет барлық қажеттi жағдайларды жасайтын болады" дедi Елбасы.
Дәрiгер мамандар деннiң саулығын ойлаған азамат жылына бiр рет мiндеттi түрде толықтай медициналық тексеруден өтуi керек дейдi. Бiрақ көбiне ауру аяқтан шалып, жан алқымға тiрелгенде ғана дәрiгердiң қабылдауына баратынымызды несiне жасырамыз? Әрбiр азамат өз денсаулығына өзi жауапты екенiн ұмытпаса деймiз. Осы орайда, жылына бiр келетiн еңбек демалысында дәрiгерлiк кеңес алып, арнайы шипажайларда тәндi сауықтырып, кәсiби мамандардың көмегiмен ем алған дұрыс-ақ.
Елiмiздiң Конституциясында Қазақстанның "әлеуметтiк мемлекет" екенi атап көрсетiлген. Мұның мәнi – елiмiздегi азаматтардың қал-ахуалына, денсаулығына, көңiл-күйiне, ұждан бостандығына айрықша назар аударылатындығында. Осы орайда, Президентiмiз: "Елдi жаңғырту стратегиясын iске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың бiлiмiне, әлеуметтiк және дене болмысы, көңiл-күйлерiне байланысты" деп атап көрсеттi. Сондықтан да бiрнеше жылдан берi зейнетақы, шәкiртақы көлемi өсiп, бюджет саласы қызметкерлерiнiң жалақысына үстемақы қосылып жүр. Орташа айлық жалақы 5 есеге, ал зейнетақының орташа мөлшерi 3 есеге өстi. Дегенмен, зейнеткерлерiмiз зейнетақысын дәрi-дәрмек алуға емес, жан тынықтырып, тән сауықтыратын шараларға жұмсаса деген ой бар.
"Ауырып ем iздегенше, ауырмайтын жол iздегенге" не жетсiн!
Егер Қазақстандағы азаматтардың өмiр жасы ұзаратын болса, онда 60-70 жаста да ақыл-ойдың сергек, денсаулықтың мықты болғанына не жетсiн. Осындайда, баяғының "Жақсы адам қартайса, қазыналы қарт болар" деген сөзi еске түседi. Бұрынғының кiсiлерi 60 түгiлi, 80-90-ға дейiн ақылынан ажырамай, ел сөзiн түгендеп отырғаны бүгiнде ертегiдей естiледi. Дегенмен, қарттықты жеңiп, қазыналыққа жету өз қолымызда емес пе?
Асылхан ОЙСАЕВ, "Алтынай" шипажайының директоры