ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ОТАНЫ

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ОТАНЫ

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ОТАНЫ
ашық дереккөзі
200

Шымкентте шағын кәсiпкерлер саны артып келедi

Кешегi аптада Шымкент қаласының әкiмi Арман Жетпiсбаев 2009 жылдың қорытындылары бойынша қала тұрғындары алдында есеп бердi. Арман Жетпiсбаевтың бұл қызметке келгенiне екi жылдан асты. Осы уақыт iшiнде шаһардың тұрмысы түзелiп, қордаланған бiрталай шаруалар оң шешiмiн тауып жатыр. Мұны қала тұрғындары да растайды.

Шымкент қаласы – тұрғындарының саны бойынша да, халқының құрамы бойынша да елiмiздiң демографиялық, әлеуметтiк-экономикалық дамуында ерекше орын алатын шаһар. Себебi, мұндағы халықтың 100 пайызға жуығы – қазақтар. Ендеше, ұлт демографиясын өркендетiп, ұлттық экономиканы өрге сүйреп тұрған өлкеңiз де – осы.

Қала әкiмi халыққа есеп беру кезiнде сөйлеген сөзiнде "Елбасымыз атап өткен жетiстiктерге Шымкент қаласының да қосқан үлесi мол деп бiлемiн" деп атап өттi. Әкiмнiң бұлай деуiнiң себебi бар. Өйткенi, қазiргi таңда Шымкентте 15 өңiрлiк (қалалық) бағдарламалар жүзеге асырылып, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшiн жұмыс жүргiзiлуде.

Қалада шағын кәсiпкерлiк саласы жақсы дамып келе жатыр. Статистика деректерiне жүгiнсек, қала тұрғындарының 72 мыңнан астамы осы салада нәпақа тауып жүр екен. Дағдарыс кезеңiнiң өзiнде кәсiпкерлiктiң қанат жайып отырғанына куәмiз. Мысалы, былтырғы жылы шымкенттiк кәсiпкерлiк нысандарының саны 2008 жылғы көрсеткiшпен салыстырғанда 8,1 пайызға өсiп, 49 000-ға жеткен екен. Экономика өсiмiнiң бiр дәлелi – өнеркәсiп 2008 жылмен салыстырғанда былтыр 1,2 пайызға өсiп, 103,8 млрд. теңгенi құраса, ауылшаруашылық саласында өнiм өндiру 3 пайызға өскен.

Экономикалық дағдарыс қала экономикасына айтарлықтай залал тигiзе қойған жоқ. Оның нақты көрсеткiшi былтырғы жылы жұмыспен қамтылған адамдар саны 1 пайызға өсiп, 238,7 мыңнан асты.

Қалада жұмыс iстеп тұрған 65 iрi және орта кәсiпорындар бар. Әкiмшiлiк осы кәсiпорындардағы жұмысшылардың санына, жағдайына үнемi мониторинг жүргiзiп отырады. Бұл кәсiпорындарда жалпы саны 22 мыңнан астам адам жұмыс iстейдi, былтырғы жылы 1622 адам өндiрiс көлемiнiң азаюына байланысты жұмыстан шығып қалған. Дегенмен, жаңадан жұмыс орындары ашылып жатыр. Жалпы, осы уақыт iшiнде қалада 230-дай жаңа жұмыс орындары ашылған. Оның iшiнде, екi iрi өндiрiс орнын айрықша атап өтуге болар. "Южполиметалл" АҚ қарасты жылына 1 млн. аккумулятор шығаратын жаңа цех және "Атамекен корпорациясы" ЖШС қарасты тәулiгiне 240 тонна ұн шығаратын жаңа өндiрiс орындары ашылып, биыл бар қуатымен жұмыс iстейтiн болады.

Шымкент қаласының басшылығы халықтың әл-ауқатын жақсарту мен халық санын арттыру бағытында бар жағдайды жасауды көздеп отыр. Ұлттық саясатты көздеген iрi мақсат – Шымкент қаласы халқының санын 1 миллионға жеткiзу. Қазiргi таңда Шымкентте 576 500 адам тұрады. Осы бағытта қолға алынған жобалардың бiрi – "Нұрлы көш" бағдарламасының аясында "Асар" шағын ауданы ашылмақ. Құрылыс жұмыстары саты бойынша жүргiзiлiп, 2009-2011 жылдар аралығында 1725 оралман отбасыларын қоныстандыру көзделген едi. Қазiргi таңда 239 тұрғын үйдiң құрылысы аяқталып, мұнда 70-тен астам отбасылар көшiп келдi. Ал биыл республикалық бюджеттiң есебiнен бұл шағынауданда бiр қабатты 230 үйдiң және екi қабатты 345 үйдiң құрылысына 5 млрд. 104 млн. теңге, инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылым жүйелерiнiң құрылысына 2 млрд. 534 млн.теңге қаржы бөлiнiп отыр. Ендеше, халықтың табиғи өсiмiмен қоса, оралмандардың демографиялық жарылысқа қосар үлесi ұшан-теңiз болмақ.

Халықтың саны туралы айтқанда, болашақ ұрпақтың тәрбиесiн назардан тыс қалдыру мүмкiн емес. Қазiргi таңда Шымкентте мектепке дейiнгi жастағы 92,2 мың бала бар. Қаладағы 73 балабақшада 13 173 бала тәрбиеленуде, бұл барша баланың 14,1 пайызы ғана. Ал қала бойынша балабақшаларға орналастыру кезегiнде 32 мыңнан астам бала тұр.

Сондықтан шымкенттiктер үшiн балабақшамен қамту мәселесi өзектi тақырыптардың бiрi. Қала әкiмi халықпен кездесуiнде бұл мәселеге ерекше тоқталып, қала бюджетiнiң өзiндiк кiрiстерi есебiнен 153,5 млн. теңгеге екi балабақша мен бiр мектеп салынып жатқанын айтып өттi. Абай ауданындағы 95-орындық балабақша биылғы жылы пайдалануға берiледi.

Ал мемлекеттiк "100 мектеп және 100 аурухана" бағдарламасының шеңберiнде 1200 орындық 6 мектептiң құрылысына 6 млрд. 905 млн.теңге бөлiнген. Абай ауданындағы Қазығұрт, Самал-3, Тұрлан, "Қайтпас-2" шағынаудандарындағы жаңа мектептер биылғы жылы оқушылар қабылдайды. "Бұл бағыттағы жұмыстарға 2010 жылы бюджеттен 700 млн. теңге қаралды. Бағдарламаға сәйкес жұмыстар жалғасын табатын болады. Елбасының тапсырмасына сәйкес 2015 жылға дейiн тұрғындардың балабақшаға сұраныстарын 100 пайызға қанағаттандыруымыз қажет" дедi әкiм. Сондықтан, Елбасының халыққа биылғы Жолдауында айтылған "Балапан" бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргiзiле бермек.

Жалпы, қала әкiмшiлiгi қарапайым азаматтармен қоян-қолтық жұмыс iстеп, олардың мұң-мұқтаждарын ескерiп отырады. Былтыр қалалық әкiмшiлiкке 10 598 арыз бен өтiнiш келiп түсiптi, оның денi, атап айтқанда, 8 744-i тұрғын үй құрылымы үшiн жер телiмiн бөлуге қатысты. Арман Жетпiсбаевтың айтуынша, осы арыздардың 1996-ы бойынша оң шешiм шығарылып, 8 602-iне түсiнiктеме берiлген.

Әкiм бұл жолы былтырғы халықпен кездесуiнде көтерiлген мәселелерге орай пiкiр бiлдiрiп өттi. Мысалы, былтырғы кездесуде тұрғындар тарапынан әкiмге 63 сұрақ пен ұсыныс түскен екен, оның басым көпшiлiгiне, атап айтқанда 44-iне толықтай жауап берiлген. Ал 19 мәселе бойынша iс-шаралар қолға алынып, әкiмнiң тiкелей бақылауына алынған.

2007 жылдан бастап Үкiметтiң жер учаскесiн бөлу жөнiндегi арнайы қаулысына сәйкес, жер учаскелерi инженерлiк инфрақұрылымдар жүргiзiлген жерлерден ғана берiледi. Шымкент қаласы әкiмдiгiнiң www.shymkent.gov.kz. сайтында азаматтардың жеке тұрғын үй құрылысы үшiн берген арыздарының кезегiн бiлуге болады, сондай-ақ аукционға сатуға қойылатын жер учаскелерiнiң тiзбесi де бар. Түгендеу жұмыстарын жүргiзу барысында қала аумағында ауылшаруашылық мақсатында берiлген 2 070,10 га егiстiк жер телiмдерi екi жылдан астам уақыт аралығында өңделмегенi және ауыл шаруашылығы алқаптары ретiнде қолданылмағаны анықталды. Аталған мәселе бойынша ҚР "Жер Кодексiнiң" талаптарына сәйкес жер учаскелерiн нысаналы мақсат бойынша пайдалану қажеттiлiгi туралы жазбаша ескертулер берiлген.

Былтыр облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң бастамасымен "Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi" аясында қаламыздың сәулетiне сәулет қосатын бiршама нысандар құрылысы жүргiзiлiп, пайдалануға берiлдi. Атап айтқанда, Ордабасы алаңындағы "Тәуелсiздiк" монументiнiң ашылу салтанатына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқандығын мақтанышпен айтуға болады.

Iс тетiгiн бiлген адамға Шымкентте атқарар шаруа шаш-етектен. Осы аптада облыс әкiмiнiң қатысуымен өткен қорытынды есепте Асқар Мырзахметов қала әкiмiнiң жұмысына қанағаттанарлық деп баға берiп, 2010 жылы Шымкент қаласында әлi де атқарылуы тиiс жұмыстардың көп екендiгiн ескерттi.

Қала әкiмi Арман Жетпiсбаевтың тұрғындарға берген есебi де осыны аңғартты. "Бiтер iстiң басына, жақсы келер қасына" деймiз.

Сапаркүл БЕКМЫРЗАҚЫЗЫ,

Шымкент қаласы

Серіктес жаңалықтары