1109
АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ
АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ
Осыдан бiр жыл бұрын есiмi бiр Сыр өңiрiне ғана емес, бүкiл қазақтың зиялы қауымына белгiлi қоғам қайраткерi, атақты би, шешен, ақын, әрi суретшi Сердалы Бекшорин жөнiнде жазылған құнды кiтап қолыма тидi.
Бұрында да осы бiр сегiз қырлы, бiр сырлы, Кiшi жүздiң iшiндегi Әлiм Төртқара руының правителi болған зиялы жан туралы азын-аулақ мақалаларды қызыға оқығаным бар. Республикалық «Жас Алаш» газетiнiң 2005 жылғы 8 қыркүйек күнгi нөмерiнде жарияланған «Батыс қазақтарының депутациясы» атты мақалада Сердалы Бекшориннiң бiр топ игi жақсыларымен бiрге түскен суретi дәлелденiп, жақсы пiкiр бiлдiрдi. Орта бойлы, жылы жүздi, сұлу мұртты жiгiт ағасының бейнесiнен қайсарлықпен бiрге ерекше бiр зиялылық пен парасаттылықтың белгiсi аңғарылады. Арада қанша уақыт өтсе де, жасаған iзгi iстерi, ардақты есiмi де ел арасында аңыз болып қалған тектi жаннан қалған ұрпақтың тағдыры кiмдi болмасын қатты қызықтырады. Белгiлi қаламгер, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әмiрхан Меңдеке құрастырған құнды кiтаптан осы сауалға да жауап тапқандай едiм. Бекшориндей тектi азаматтың өнiп-өскен ұрпағы Қызылорда облысында, Республикамыздың басқа да жерiнде тұрады екен. Бүкiл қазаққа белгiлi бабамыздың туған шөбересi Қаражан Сердалиев өзiмiздiң әрiптесiмiз болып шықты. Қаражан 1974 жылы сол кездегi Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiн бiтiргенде, бiрнеше жiгiттi Республикалық Ұлттық қауiпсiздiгiне жұмысқа шақырады, солардың арасында Қаражан да бар едi. Екi айға созылған мұқият тексеруден өткен Қаражанға кадр мәселесiмен шұғылданатын Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң жауапты қызметкерi: «Өзiң нағыз шынжыр балақ, шұбар төстiң ұрпағы екенсiң ғой» деп, басын шайқайды. Бұған кiшкентайынан қайсар болып өскен Қаражан мұқала қойған жоқ. «Шақырған да өздерi, айныған да өздерi, оған менiң мұртым да қисаймайды», – деп қолына дипломын алған Қарекең жолдама бойынша Маңғыстау облысына тартып кетедi. Бiраз жыл өз мамандығы бойынша еңбек етедi. Қазақстан тәуелсiздiгiн алып, бiр дәуiрден екiншi дәуiрге көшiп жатқан күрделi де қиын кезеңде Қаражан нарық экономикасында бағын сынамақ болып, бизнеске көштi. Құдайға шүкiр, бүгiнде мұнайлы Маңғыстау жерiндегi шаруасы төрт аяғынан тiк тұрып тұрған кәсiпкердiң бiрi. Оның көп кәсiпкерлерге қарағанда үлкен ерекшелiгi – байлық, ақша қуып, бiр қарын мәселесiн ғана ойламайды. Халқының рухани байлығы, оның бүгiнi мен ертеңiн ойлайды. Қолынан келгенше қолдайды, демеушiлiк жасайды. Бiздi де жақындатып, табыстырып жiберген Қаражанның бойындағы осы асыл қасиеттер едi. Қазақтың халық болып қалыптасуына, мемлекет ретiнде нығаюына үлкен үлес қосқан Әйтеке би мен оның атасы Сейiтқұл әулиенiң басын қарайтып, кесене салу бүкiл иiсi қазақтың iзгi арманы едi. Өйткенi, қос арыстың бейiтi үш жүз жылға жуық сұраусыз, елеусiз жатты. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бүкiл қазақтың көкейiнде жүрген игiлiктi iс қолға алынып, сiрескен мұз жiбиiн дедi. Шын мәнiнде бұл үлкен жұмысқа қомақты қаржы мен намысқа толы iзгi жүрек, ақ ниет қажет болатын. Әр бiр игi iстiң бастауы болады. Қаражан Бекшорин мен көрнектi мемлекет қайраткерi, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы өкiлеттi және төтенше елшiсi Зауытбек Тұрысбековтың арасындағы жастық шақтан берi шыңдалған үлкен достық болмаса, игi iстiң қолға алынуы екi талай едi. Зауытбек пен Қаражан бастаған игi бастаманы алғаш қолдағандар Рахат Байзақов, Арынғазы Беркiнбаев, Есенғали Бәйменов, Ибатулла Қалыбеков, Шахарбек Усманов, Бернард Сердалиев сияқты атымтай жiгiттер болып, игi iске қаржысын да қажырын да, аяған жоқ. Қарап отырсақ, бәрi де тектi жiгiттер. Қаражан және Бернард Сердалиевтер атақты Сердалы Бекшориннiң шөберелерi. Шахарбек Усманов – ағамыз қазақтың арыс ұлдарының бiрi, көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтың немере iнiсi. Өзiнiң үлкен азаматтығымен, iзгi iстерiмен аты ел аузына iлiккен белгiлi кәсiпкер Рахат Байзақов Самарқанға 47 жыл бойы әмiрлiк еткен, бұл қаланы Орта Азиядағы гүлденген, мәдениетi мен өнерi өркендеген қалаға айналдырған Жалаңтөс Баһадүрдiң тiкелей ұрпағы. Арынғазы Беркiмбаев та бүкiл Батыс өңiрiне аты шыққан, қара қылды қақ жарған Дербiсәлi бидiң ұрпағынан тарайды. Есенғали Байменов пен Ибатулла Қалыбеков те тектi жерден шыққан жiгiттер. Бәрi де алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы. Елiм, жерiм деп жүрген iзгi жүректi жандар. Сырт қараған көзге осының бәрi кездейсоқ жай болып көрiнедi. Жоқ, бұл кездейсоқтық емес. Олардың басын рухы асқақ бабалары қосты, тереңнен тартқан тектiлiк деген осы. Ұлтжандылық пен бекзаттық деген осы! Қазақтың кемеңгер ұлы, атақты би Әйтеке туралы деректi фильм жасамақ ниетпен Өзбекстанның Новои облысына қарасты Нұрата қаласында бұдан бұрын да екi рет болғаным бар. Iздеусiз, сұраусыз жатқан, әбден мүжiлiп, құлауға айналған Сейiтқұл баба мен Әйтеке бидiң ескi бейiтiн көргенде, жанымдағы сапарлас жолдастарым сияқты менiң де еңсем түсiп, көңiлiм қатты құлазыған болатын. Түбi бiр, тегi бiр туысқан қазақ және өзбек елдерiнiң арасына асқақ рухымыздың алтын көпiрiн салып жүрген Қазақстанның Өзбекстандағы елшiсi Зауытбек Тұрысбеков бастаған атымтай жiгiттермен Нұрата қаласындағы ескi зиратқа үшiншi рет келгенiмде кинооператор Сәрсенбай Тәжiмұратов екеумiз өз көзiмiзге өзiмiз сенбедiк. Қасиеттi жерде аз уақыттың iшiнде өзiндiк архитектуралық болмысы бар, айшықты кесене бой көтерiптi. Бұл бәрiмiз көптен күткен Сейiтқұл баба мен Әйтеке бидiң кесенесi едi. Кесененiң жанынан салынып жатқан медресе және басқа да маңызды құрылыстарды көрiп, қуаныш құшағына бөлендiк. Осы игi iстiң ортасында жүрген Қаражан Сердалиевтен сұхбат алғанымда ол қатты толқыды. Оның нақты себебi де бар едi. 1892 жылы Қаражанның бабасы Сейдалы Бекшорин Бұқара әмiрлiгiнде болып, белгiлi банкир әрi финансист Сийд Самойи Музафформен бiрге Карман қаласындағы Қасым-Шейхтың мавзолейiне атбасын бұрады. Сонан соң жанындағы нөкерлерiмен бiрге ұлы бабалары Сейiтқұл әулие мен Әйтеке биге құран бағыштау үшiн Нұратадағы қазақтардың ескi зиратына арнайы соғады. Әлiм-Төртқара руының правителi Сердалы Бекшорин өзiнiң қаржысына қос бабасының басын қарайтып, бейiт салады. Осы деректердi Өзбекстан Республикасының орталық мұрағатынан табылған құжаттар растап отыр. Арада 120 жыл өткенде Сердалы Бекшориннiң туған шөберелерi Қаражан Сердалиев пен Бернард Сердалиев қасиеттi Нұрата жерiне аяқ басып, iзгi мақсаты бiр жолдастарымен Сейiтқұл әулие мен Әйтеке бидiң айшықты кесенесiн салуды қолға алды. Бұл құнды деректер туралы Қаражан тебiрене әңгiмелеп бердi. Мен замандасымның жүрекжарды әңгiмесiн тыңдап тұрып, халықтың «Тұлпардан – тұлпар туар, сұңқардан – сұңқар туар» деген қанатты сөзiн есiме алдым. …Шiлденiң басында Ақтау қаласынан Қаражан телефон қоңыраулатты: – Доқтырхан, екi күннен соң Шымкентке баруларың керек. Ары қарай Нұратаға жүремiз. Кесене құрылысы негiзiнен аяқталып қалды, бас қосып, бiр көрiп келсек деген ойымыз бар, – деп мән-жайды түсiндiрiп жатыр. Кинооператор Сәрсенбай Тәжiмұратов екеумiз тез жиналып, жүрiп кеттiк. Осы мақаланың басында Қаражан туралы сөз қозғағанда, дүниеде кездейсоқтық деген болмайды деген пiкiр айтқан едiм. Әйтеке би туралы деректi фильм түсiру мақсатымен менiмен бiрге шапқылап жүрген Сәрсенбайдың тындырымды шаруасы да кездейсоқтыққа жатпайды. Тәжiрибелi, өзiндiк қол таңбасы бар кинооператор Әйтеке бидiң ұрпағы болып келедi. Сәрсенбай – алыста жатқан Сейiтқұл және Әйтеке би бабасын осыдан үш жыл бұрын арнайы iздеп келiп, басына белгiтас орнатқан, құран бағыштаған зиялы азаматтың бiрi. Бiздi Шымкенттiң темiржол бекетiнде Шахарбек Усманов ағамыз қарсы алды. Бәрiмiздiң басымызды алғаш Қаражан қосқандықтан болу керек, ашық-жарқын жiгiтке кәдiмгiдей бауыр басып қалып едiк. Оның үстiне Қарекең сапар кезiнде таптыра бермейтiн ғажап адам. Алуан-алуан тақырыпқа әңгiме қозғағанда аузыңды ашып қаласың. «Әзiлiң жарасса – атаңмен ойна» демекшi, жанындағы үлкен-кiшiмен орынды әзiлдесе-қалжыңдаса бiледi. – «Келiншектiң бетiн кiм бұрын ашса – сол ыстық көрiнедi» дегендей, Қаражанды iздеп тұрсыңдар ма? Ол дәл осы уақытта Ақтаудан Қызылордаға қарай ұшып келедi. Бiз Ташкентке жүргенше, Қарекең де келiп қалар, – дейдi Шәкең бiздiң ойымызды дөп басып. Қайбiр iсте “әй!” дейтiн әже, “қой!” дейтiн қожа болатын, үлкен iстiң кiшкентай тетiгiне дейiн жан-жақты бiлетiн жандар болады. Осындай жауапты iстi өз мойнына алып, Шымкент пен Нұрата арасында шапқылап, құрылысқа басшылық жасап жүрген Шахарбек Усманов ағамыз. Осындай ыстық күнде жасы келген адамға әрi-берi ұзақ жол жүру оңай емес. Бiрақ, қиындық атаулыға бiздiң Шәкең пысқырып та қарамайды, оның ең үлкен iзгi арманы – кiлең атымтай жiгiттер болып қолға алған iстi тезiрек бiтiру. Осыдан он күн бұрын ғана Шәкең Нұратаға барып қайтыпты. Атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарына дән риза. Түс қайта жолға жиналдық. Қаражан телефон соғып, Қазақстан мен Өзбекстанды жалғастырып жатқан Қапланбек кеден бекетiнде кездесетiндiгiн айтты. Көздеген жерiмiзге жақындап қалғанда, Қаражан тағы хабарласты, дауысы пәс, көңiл-күйi жоқ. Асығып-аптығып жүрiп, Ақтау қаласындағы үйiнде төлқұжатын ұмытып кетiптi. Ал, кеден бекетiнде паспортсыз бiр қадам да аттай алмайсың. Бiздiң де көңiл-күйiмiз түсiп кеткен. Қаражанның қандай халде тұрғанын көз алдына елестеткен болу керек, Шәкең шыдай алмай iнiсiне телефон соқты. – Қаражан, әрине, орта жолдан кейiн қайту оңай емес. Алтын уақытың босқа кеттi. Бiрақ, өткен iске өкiнгеннен не пайда, шекарада бәрiбiр өткiзбейдi. Қызылордаға қайтып, өз шаруаңмен айналыса бер. Бұл жолы Нұратаға сенсiз баруға тура келiп тұр, – деп Қаражанға жұбату айтты. Телефон тұтқасын мен алдым. – Ұлы адамдар ұмытшақ болады, – деймiн әзiлдеп. – Ақымақ бас – екi аяқтың соры, – дейдi Қаражан әзiлiме жауап берiп. Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Өкiлеттi және төтенше елшiсi Зауытбек Тұрысбеков бауырымыз бiздi Ташкентте қарсы алды. Адамгершiлiк пен парасаттылықты әрдайым биiк ұстайтын белгiлi тұлға өмiрдiң талай-талай белестерiнен асқан азамат. Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi болды, содан соң Астанаға ауысып, көптеген лауазымды қызметтер атқарды, Өзбекстанға елшi болып келместен бұрын Қазақстанның Iшкi iстер министрi болып, абыройлы қызмет атқарды. «Бiтер iстiң басына, жақсы келер қасына» демекшi, Зәкең – түбi бiр, тегi бiр екi туысқан халықтың, iзгi ниеттi екi мемлекеттiң саяси-экономикалык және мәдени-рухани байланысын жақсартуға үлкен еңбек сiңiрiп, алтын көпiр болып жүрген көрнектi мемлекет қайраткерi. Оңтүстiк өңiрiнде шығатын беделдi басылымдардың бiрiнде: «Кiм бiледi, егер Зауытбек Тұрысбеков Өзбекстанға елшi болып келмегенде, Сейiтқұл әулие мен Әйтеке бидiң кесенесi салынар ма едi, салынбас па едi» – деп, әдiл жазылыпты. Шындығында, Ташкентке талай елшi келiп, талай елшi кеттi. Әрине, олардың екi туысқан мемлекеттiң абыройы мен беделi үшiн атқарған iсiн жоққа шығара алмаймыз. Зәкең үлкен iстi ұйымдастыра бiлдi, өзбек ағайындармен тiл табысты, қазақтың “елiм!” деген атымтай жiгiттердiң басын қосып, игi iстi қолға алды. Соның нәтижесiнде бас-аяғы бiр жылдың iшiнде Сейiтқұл әулие және Әйтеке би кесенесi бой көтерiп, құрылыс аяқталу алдында тұр. Әрбiр қазақтың жүрегiнiң төрiнен орын алатын Төле бидiң Ташкенттегi ескi зираты осы күнге дейiн Қарлығаш би аталып келгенi баршамызға жақсы белгiлi. Зауытбектiң тарихты терең бiлетiндiгiнiң, iскерлiгiнiң, үлкен парасаттылығының арқасында Төле би бабамыздың зиратына өзiнiң тарихи аты қайтарылды. Сондай-ақ, Төле би кесенесi күрделi жөндеуден өткiзiлiп, Орта Азиядағы айшықты ғимараттың бiрiне айналды. Әрине, көңiлге қуаныш әкелетiн игi iсте Қазақстан мен Өзбекстанның президенттерi Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтың көрегендiк саясаты жатыр. Екi туысқан халықты жақындата түсетiн жақсы iстiң басы-қасында Зауытбек Тұрысбеков жүрдi. “Елдестiрмек – елшiден” деген осы. Зәкең бiрден Қаражанды iздеп, болған жағдайдан хабардар болған соң: «Қап, Қаражанның орны бөлек қой», – деп өкiнiш бiлдiрдi. Сапар кезiнде Зауытбек Қаражан туралы қызықты бiр әңгiме айтты. – Мен 1960 жылдардың ортасында Шымкенттегi химия-технологиялық институтқа оқуға түстiм. Менiмен бiрге Қаражанның ұнатып, жүрген қызы Күләйша бiр группада оқыды. Ол кезде Қаракең Алматыда, КазГУ-де оқитын. Қалыңдығын iздеп, жиi-жиi келiп тұратын. Содан танысып, дос болып кеттiк. Кейiн үйлендiк, үйлi-баранды болдық. Содан берi қырық жылдан астам уақыт өтiптi. Арамыздан қыл өтпейтiн достармыз. Қаражан – жаны нәзiк жiгiт, бiрақ қайсар да алғыр. Достыққа, махаббатқа берiк, тұрақты жiгiт. Қай iске болса да адал дедi, – Зәкең тебiрене сөйлеп. Нұрата қаласына ертелеп жеттiк. Сейiтқұл әулие мен Әйтеке бидiң кесенесi алыстан асқақтап қарсы алды. Бiз келмеген үш айдың iшiнде көп жұмыстар атқарылыпты. Кесене мен медресе дайын болып, құрылысшылар көрiктендiру мен көгерiштендiру жұмыстарын қызу қолға алыпты. Бiз Нұратадан көңiлiмiз марқайып, қуанып қайттық. Биылғы жылдың шiлдесiнiң соңғы күнi Сейiтқұл әулие – Әйтеке би кесенесiнiң салынып бiтуiне орай, атымтай жiгiттер ұлы бабалар рухына құран бағыштап, ас бердi. Бұл жиынға Қазақстан және Өзбекстанның түкпiр-түкпiрiнде тұратын Әйтеке би мен Сейiтқұл әулиенiң ұрпақтары, зиялы қауым арнайы ат шаршатып, осында қауышып жатты. Кесененiң салынып бiтуiне арналған салтанатты жиында Қазақстанның Өзбекстандағы Өкiлеттi және төтенше елшiсi Зауытбек Тұрысбеков, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, көрнектi жазушы Әбiш Кекiлбаев, Өзбекстан Республикасы Мәдени мұраларды сақтау және пайдалану бас басқармасының бастығы Раушанбек Мансуров және басқалар сөз сөйлеп, қазақ халқы 300 жыл бойы күткен қуанышты оқиғамен құттықтады. Жиналған халық қос бабаның кесенесiн көтеруде үлкен ұлтжандылық пен жанашырлық көрсеткен атымтай жiгiттердi хан көтерiп, үстерiне зерделi шапан жауып, құндыз бөрiк кигiздi. Солардың арасында Сердалы Бекшориннiң шөбересi Қаражан Сердалиев те бар едi. Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы, Халықаралық «Түркi әлемi» телестудиясының Бас директоры