СТУДЕНТТIК НЕСИЕ КIМГЕ ТИIМДI?

СТУДЕНТТIК НЕСИЕ КIМГЕ ТИIМДI?

СТУДЕНТТIК НЕСИЕ КIМГЕ ТИIМДI?
ашық дереккөзі
229

Елiмiзде жастар проблемасы ушығып тұрғандықтан түрлi жолдар iзделдi. Анығырақ айтсақ, ақылы бөлiмде оқитын студенттерге арнайы жеңiлдетiлген несие қарастырылды. «Самұрық Қазына» ҰӘАҚ басқармасымен 15 млрд. сома оқу ақшасына бөлiнген болатын. Қуанышты хабар халық арасында дереу тарап, студенттер жаппай мәз болысқан едi. Себебi жарты миллион теңгеден астам бiр жылдық оқу ақысын төрт жыл бойы төлеу кез келгеннiң қалтасы көтерер сома емес. Сондықтан дағдарысқа байланысты оқу ақысын 9 пайыздық үстемақымен 15 жылда төлеп шығу кiм-кiмдi де қуантқаны рас. Алайда, 15 жыл iшiнде студент осы қарызға басыбайлы болып, мойнына iлiп жүруi оңай шаруа емес. Себебi, әлеуметтiк өмiрде тағы бiр басты кедергi — жұмыссыздық. Несиеге алынған диплом иегерi — жас маман бiрден жұмысқа орналаса ала ма? Қарызын бiртiндеп өтей ала ма? Аталған себептерден болар, үкiметтен бөлiнген жеңiлдетiлген несие оң нәтиже көрсете қоймады, студенттер тарапынан қолдау таба қойған жоқ.

Бұл бағдарлама бойынша ақылы бөлiмнiң әлеуметтiк жағдайы нашар студенттерi оқу ақысына 15 жылға берiлетiн 9 пайыздық үстемақылы несиеге қол жеткiзе алады. Жеңiлдетiлген несие келiсiм-шарттарын рәсiмдеу Альянс банкi арқылы жүзеге асырылатын болды. Негiзгi қамтамасыз ету ретiнде — «Қаржы орталығы» АҚ кепiлдеме мiндеттемесi бойынша жеке тұлғаның кепiлдемесi және коммерциялық, коммерциялық емес мақсаттағы өзiне тиесiлi жылжымайтын мүлкi қажет. Бұл банктiң қоятын талабы.

Елiмiзде жарты миллионнан астам студент жастар бар. Олардың 100 мыңға жуығы мемлекеттiк грант иегерлерi. Ал несиеге бөлiнген сома тек жарты миллионның он пайызына ғана қарастырылған, яғни ақылы бөлiмдегi барлық студенттердi қамтымайды, ендеше түгелiне дерлiк несиеден күдер үзуге тура келедi деген сөз. Алайда азшылыққа арналған несие де иесiн таппады. Әуелде жеңiлдетiлген студенттiк несие алуға деген сұраныс көбiне Астана мен Алматы қалаларынан түсiп жатқанын Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жауапты хатшысы Фархад Қуанғанов мәлiм еткен болатын. Десе де студенттердiң басым бөлiгi осы қалаларда оқитындықтан, iстiң алға басуына ешкiм күмән келтiрген жоқ. Нелiктен? Бiрiнiң әлеуметтiк жағдайы келiсiм-шартта көрсетiлген мiндеттерден әлдеқайда жақсы болып шықса, бiрiнiң сұрауы тiптi жауапсыз қалған. Ал екiншi бiреулерi бiрнеше жылдық қарызды арқалағысы келмейдi екен. Көпшiлiктiң пiкiрi он бес жыл бойы тоғыз еселеп қарыз арқалағанша, төрт жылда малын сатып, оқып шыққаны артық дегенге келiп тiрелдi. Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы Мысаева Қарлыға керiсiнше бұл студенттер үшiн таптырмас мүмкiндiк екенiн айтады.

— Осы тұрғыдан алғанда, ақылы негiзде үздiк оқитын студенттерге бiлiм беру гранттарын арттырса, бұл — бiрiншiден, оқу сапасын жақсартуға, екiншiден, әлеуметтiк жағынан қорғалмаған студенттердi қолдауға көмегiн тигiзер едi. Сондықтан бүгiнгi студент — ертеңгi маман, болашақта ел тiзгiнiн ұстар азамат деп қараған жөн. Өкiнiшке қарай, қазiргi кезде көптеген студенттерiмiз оқу ақысын төлеу үшiн күн-түн демей жұмыс iстеуде. Демек, түнiмен кафеде немесе басқа жерлерде жұмыс iстеп, күндiз сабаққа келген студенттiң оқу бағдарламасын толығымен меңгере қоюы екiталай. Соған сәйкес олардың үлгерiмi де орта деңгейде болады. Қазiргi кезде бiлiм беру несиесiн алудың бiр талабы — студенттiң оқу үлгерiмiнiң жақсы болуы. Оқу үлгерiмi төмендеген студенттiң несиеге де, мемлекет тарапынан бөлiнетiн грантқа да қолы жете бермейдi.

Айтқандай, бұл несие дүниеге келгеннен кейiн 7 ай iшiнде «Самұрық Қазына» бөлген қаржының 5-ақ пайызы игерiлгенiн ескерiп, қарызды қайтару уақыты 15 жылдан 17 жылға дейiн көбейтiлiп, жеңiлдiк мерзiмi 6 айдан 1 жылға дейiн ұзартылған. Банк мамандары бұл өзгерiстер студенттердi несиелендiруге бөлiнген қаржының толықтай игерiлуiне ықпал етедi деп есептейдi. Алайда бұл жеңiлдiк те несиенi пайдаланушылар санын көбейте қоймады. Мұнда қатып қалған тағы бiр қатаң қағида бар. Ол оқыған бала өз күшiмен мемлекеттiк грантқа түсе алады. Бәсекелестiк үздiктерден үздiктердi оздырады. Олай болса мұндай несие алу мүмкiндiгiнiң ұсынылғаны өте тиiмдi-ақ. Әйтсе де қатаң шарттар кiм-кiмдi де несиеден бас тартуға итермелеп отыр. Студенттiк несиенiң өте жеңiл талаптары несие алуға мүдделi бiлiмгерлердiң қолын байлап отыр. Атап айтар болсақ, жетiм мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер, өзi я ата-анасы мүгедек, көп балалы немесе толық емес отбасылардан шыққан студенттер, ата-анасы зейнеткер студенттерге аталмыш несиенi алуға мүмкiндiк берiлген. Тек бiр кемшiлiгi, айлық жалақысы күнкөрiске ғана татиды. Күнделiктi тiршiлiктiң қамынан аспайтын қаржыны ата-ана баласының оқуына жеткiзе алмасы анық. Өз кезегiнде бұл өте тиiмдi қарастырылған көмек, әсiресе дағдарыс кезiнде қалайда бiлiм алудың таптырмас амалы.

Әлеуметтiк жағынан аз қорғалған қоғам — студенттерге арналған көмек шет елдерде де қолға алынған. Студенттiк несие Еуропа елдерiнде ондаған жыл бұрын берiле бастаған. Ал ТМД елдерiнiң бiрқатарында қазiргi таңда күн тәртiбiне қойылған мәселелер қатарында тұр. Мәселен, Украинаның 1,5 млн. студенттерiне несие 3 пайыздық үстемақы көлемiнде ұсынылып, оқу бiтiрген соң ауылды жерге жұмысқа барса, тiптi несиенi қайтармауға болатыны жайында сөз қозғалған едi. Ал Ресейде 2001-2002 жылдардан бастап бiлiм беру саласына несие берiле бастаған. Құрбымның сол елде бiлiм алып жатқанына да бiрнеше жыл өттi. Оның айтуынша, студенттiк несиенiң енгiзiлгенiне талай уақыт болса да, халық тарапынан сұраныс нашар болған, яғни бұл елде де қолдау таба қоймапты. Батыста банктердiң көпшiлiгi бiлiм беру саласын қаржыландыруға қуана-қуана келiседi. Ресейде бұл несие жекелей банктердiң өз қаражаты және мемлекеттiк бюджет арқылы жүзеге асады. Сондықтан банктер несиенi үлкен пайызбен ұсынады. Атап айтсақ, Жинақ банкi, Одақ банкi, «Сосьете Женераль Восток» банктерi мұндай пайдалы жүйенi iске асырып отыр. Әсiлi жоғарыда көрсетiлген банктер алғашқыда 15 жылдық несиеге 22 пайыз қойса, бертiн келе 18,6 пайызды үстемақымен үлестiрiп келедi. Ресейдiң Жинақ Банкiнiң айтуынша, дәп осы жобаға 15 млрд. рубль көлемiнде (1,5 млн.доллар) қаржы бөлiнген, яғни елiмiзде дәп осы жағдай қайталанып отырған секiлдi. Халық бұл «батпан құйрыққа» қол сұққысы жоқ. Статистикалық агенттiк жеңiлдетiлген несие жайында мәскеулiктердiң 40 пайызы мен өзге аймақтардың 51 пайызы арнайы таныстырылған дейдi. Бiрақ, осынау мүмкiндiктi пайдаланушылар саны тек 3 пайызды ғана құрап отыр.

Ақниет ОМАРҒАЗЫ

Серіктес жаңалықтары