Дүйсенбі, 28 Қараша, 2022

«Ақ желкен» №11

«Ақ желкен» журналының кезектi санында белгiлi қоғам қайраткерi Амангелдi Айталымен болған «Айқайшы» Айталының әлi де айтары бар» деген тақырыпта сұхбат жарияланды. Мәжiлiсте жүрмесе де, ел мен жердiң мұңын мұңдаудан танбаған, жетпiске келсе де «болдым, толдым, қартайдым» дегендi де айтпайтын елжанды Айталының «Ақ желкеннiң» оқырмандары үшiн айтқан әңгiмесi де тағылымға мол. Сондай-ақ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкiр Қайранның «Арналар кеуiп, ағаштар қурап қалмасын» атты мақаласы да көп ой салады. Ақын ұрпақ тәрбиесiне қатысты түйiткiлдердiң түйiнiн тарқатып, өзiмен тұстас аға буын өкiлдерiнiң балалығы жайлы сөз етедi. Түркияның Стамбұл қаласында тұратын қазақ кино актерi Бахадүр Хәкiммен болған сұхбат та қызықты оқылады. Түрiк телехикаяларының көпшiлiгiнде азиялық ұлттардың рөлiн сомдап жүрген қандасымыздың арманы – атажұртқа келiп, қазақ киносына түсу екен. «Көшпендiлерде» қазақ Абылайдың рөлiн мексикалық, «Моңғолда» қазақтың рөлiн қытай сомдайды. Мен Түркияда отырып, осының мәнiсiн түсiнбедiм» – дейдi өнерпаз қандасымыз «Ақ желкенге» берген сұхбатында. Журналист Жадыра Нармаханованың «Көнемiз ғой, қайтемiз, көнбегенде» атты мақаласы зағип жандардың жан тебiренiсiнен хабар бередi. «Ендi зағиптар кiтаптағы, кез келген газет-журналдағы мәлiметтi өздерi оқып, оны дайын өнiм ретiнде шығара алады. Мұндай бағдарламаға негiзделген компьютер мен принтердi Жапонияның орталық Браиль кiтапханасының директоры Тетсежу Танака сыйға тартып отыр» – деп сүйiншiлейдi тiлшi. Сондай-ақ, журналист Серiкбол Хасан «Ерте солған балалық» атты мақаласында Бангладеш, Қытай, Өзбекстан мен Ауғанстан балаларының тауқыметтi тағдыры туралы сөз етедi. «Он үш санының не құдiретi бар?» атты мақала да қызықты оқылады. Сол сияқты, белгiлi пародист Нұржан Тұтовтың, әншi Қайрат Нұртастың және Бейжiң олимпиадасының қола жүлдегерi Нұрбақыт Теңiзбаевтың «Ақ желкенге» айтқан әңгiмелерi де оқырманды бей-жай қалдырмайды.

Д. ДҮРМӘН

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button