ҰЛТТЫ ӨЗБЕКШЕ СҮЮ

ҰЛТТЫ ӨЗБЕКШЕ СҮЮ

ҰЛТТЫ ӨЗБЕКШЕ СҮЮ
ашық дереккөзі

Бiз ұлтымызды дәл осылай сүйе аламыз ба?

Ұлттық патриотизм деген не? Ұлттық намыс па? Ұлтыңды жан-тәнiңмен сүю ме? Бәлкiм, өзiңдi сүю шығар… Өзiн сүйген адам ұлтын да сүймей ме? Ұлтын сүю деген ұлттық болмысын, тiлiн, дәстүрiн, әдет-ғұрпын сүю емес пе? Бiз өз дәстүрiмiздi, өз ғұрпымызды, өз болмысымызды сақтап жүрмiз бе? Тақия киiп, қазақша көйлек кию керек шығар, бәлкiм. Бiрақ, бiз ұлттық киiмiмiздi жарқыратып, көшеге киiп шыға аламыз ба? Қазақ екендiгiмiздi көрсететiн ұлттық ерекшелiктердi пайдалануға неге ұяламыз? Неге? Бiрақ, сол ерекшелiктердi жасаудан көршi өзбек халқы неге ұялмайды? Сауал көп… Жауап жоқ…

Ташкентке барғам жоқ. Теледидардан көргенiмiз болмаса, Ташкент туралы көп нәрсенi бiлмеймiз де. Бiрақ, Қазақстандағы, әсiресе Түркiстандағы өзбектердiң тыныс-тiршiлiгi, тұрмысы бiзге жақсы таныс. Фильмдерi, бейнеклиптерi оңтүстiкте өте көп көрсетiледi. Тiптi, әнебiр жылдары «Фатима мен Зухра» фильмi шыққан кезде, сол фильмдi көремiз деп қырылып қала жаздағанбыз. Одан кейiн де бiрнеше рет «Өзбекфильм» киностудиясы бар, жекеменшiк киностудиялар бар, өзбектер түсiрген фильмдер қазақ даласын шарлап жүрдi. Бұл жерде мәселе, өзбек фильмдерiнiң сапасында емес, тiлiнде… Сол бәрiмiз жанталасып, таласып-тармасып көрген фильмдердiң барлығы дерлiк, өзбек тiлiнде көрсетiлдi. Олардың ешқайсысының не орысша, не қазақша дубляжы болған жоқ. Тiлiн анық түсiнбесек те, сол фильмдердiң барлығын дерлiк тамашаладық. Көрдiк, мұңайдық, жылайтын жерiнде жыладық, күлетiн тұсында күлдiк. Ал, бiзде керiсiнше, фильмдердiң көбi әуелi орыс тiлiнде түсiрiлетiндiгi еске түскенде, жүрегiмiз ауырады.

«Мир» телеарнасынан көрдiм. Медведев Ташкентке келгенiнде, базар аралап қайтты. Орталық базарға келгенiнде ұлттық киiм киген кейуана Ресей президентiне дәм ұсынды. Өзбекше сөйлеп, ана тiлiнде нан ұсынған кейуананың тiлiн сақтағанына, ұлттық болмысын сақтағанына бiз де разы болған едiк…

ҚАЗАҚТЫҢ ҮЙIН ӨЗБЕК САЛАДЫ

Рүстемнiң Алматыға келiп, құрылыста жұмыс iстеп жүргенiне екi жылдан асыпты. Күнделiктi нәпақасын қазақтардың тiрлiгiн iстеп тауып жүрген осы бiр өзбек жiгiтiнiң патриоттығы сұмдық. Үй соғып жүрген бес-алты жiгiттiң көшбасшысы да осы Рүстем. Бiрауыз орысша бiлмейтiн, қазақшаны ептеп-ептеп қосатын Рүстеммен көбiне әңгiмемiз өзбек тiлiнде жарасып жатады. Мен өз тiлiмде, ол өз тiлiнде, кей-кейде дауласып та қаламыз.

– Сендерде бәрi жақсы ғой. Ақша да бар. Ақша болса, кез келген тiрлiктi жасар едiм, – дейдi кейде Рүстем мұңайып. Мұңаймағанда қайтсiн, шиеттей балаларын көрмегенiне де бес-алты айдың жүзi болыпты.

— Саған үйiңнен кетiп, мұнда кел деген бiреу бар ма? — деймiн әдейi қажап сөйлеп… Ол мұнымды естiгенде, тiптi мұңайып қалады. Бiрақ, тiлi мiрдiң оғындай. Шағып сөйлейдi. Дауласқанда, кейде сөзден жеңiлiп қалам. «Қазақтардың көбi жалқау» дейдi менi сөзден тұқыртып. «Жалқау емеспiз» деймiн сөзден ыққым келмей. «Жалқау емей, немене, үйлерiңдi де бiз соғып жатырмыз» дейдi. Оған мен намыстанып қалам. «Мен өз үйiмдi сiздерге соқтырмаймын» деймiн намыстанып… «Сен соқтырмасаң да, өзгелер соқтырады. Соқтырып та жатыр» дейдi одан сайын. Оған тiптен өршеленiп қалам. Өршеленгенмен не пайда? Әпкемнiң үйiн соғып жатқан соң, оған не деп дау айтарсың?! «Сендерде неге осы, көпшiлiк қазақша сөйлемейдi?» деп тағы бастайды. «Неге сөйлемейдi? Бiз сөйлеп жүрмiз ғой» деймiн. «Сендер сөйлейсiңдер. Бiрақ, мына айналадағы көршiлердiң көбi қазақ болса да, орыс тiлiнде сөйлейдi. Қазақшаны түсiнбейдi де. Бiзде бәрiмiз өзбекше сөйлеймiз. Бiздiң тiлiмiз өз ана тiлiмiзде шығады» дейдi тағы да. Дау тағы басталып кете бередi. Қанша даулассам да, менiң сөзден сүрiнiп жататынымды ол да байқайды. Iштей намыстанып: «бiреудiң тiрлiгiн iстеп жүрсе де, мынаның пәлесiн-ай» деймiн. Бiрақ, оның менен әлдеқайда биiк екенiн мойындаймын. Ол өз елiнде жүрмесе де, тiлiн, ұлтын, дәстүрiн ұмытпайды. Өзге елде жүрiп, өз отбасының нәпақасын тауып жүр. Нанынан, тамағынан жырып, балаларын асырайды. Балалары да бiз сияқты мәңгүрттенiп бара жатқан жоқ. Бiз Рүстемнiң орнында болсақ, не iстер едiк деп ойлаймын кейде. Бiз де дәл Рүстем сияқты сүйер ме едiк елiмiздi, жерiмiздi… Рүстем сияқты талайлар Алматыда құрылыста жұмыс iстедi. Олардың бәрi де өзбек тiлiнде сөйлейдi. Өзбектiң киiмiн киiп жүр, басынан тақиясын тастамайды… Кезiп жүр, ақша тапқысы келедi, үйi-күйi жоқ… Бiрақ, тiлi бар, ұлттық болмысын сақтап жүр.

БЕЙНЕКЛИПТЕРДЕ АЛА ШАПАН МЕН АЛА ТАҚИЯ ЖҮРЕДI

Көгiлдiр экранның ар жағында Гауһар Әлiмбекова шырқырап ән салып жатыр. «Оралшы махаббат» деп үздiккен әншiнiң әнiнде емес, бар гәп. Ала шапанын киiп, махаббатына қол созған өзбек жiгiтiнде… Әншiнiң әнiнде бiр мiн жоқ. Мiн, тек әнге түсiрiлген бейнеклипте… Рас, әнебiр жылдары әншiлерiмiздiң көбi көршi өзбек ағайындардың елiне барып, бейнеклип түсiруге әуес болып алған едi. Оның себебiн Ташкентте сақталған мықты ән жазу студиялардан iздейтiн бiз әншiлердiң бұл әрекетiне кешiрiммен қарайтын да едiк. Ән жаздырды, бейнеклиптер түсiрдi. Мұның көбi эстрада жанрында жүрген «жұлдыздарымызға» тән әрекеттер екенi даусыз. Әнiн жазсын, бейнеклипiн түсiрсiн…Қазақтың әнi, қазақтың сөзi. Оқиға да белгiлi. Бiрақ, бiз түсiнбейтiн тағы бiр нәрсе… Бейнеклиптердегi ала шапан мен ала тақия… Қазақтың әнi мен сөзiнде өзбектiң ұлттық киiмi неге жүредi? Оның мәнiсi бейнеклиптi өзбек ағайындарымыздың түсiргенiнде жатқан шығар. Расында, Ташкентте түсiрiлiп келетiн бейнеклиптердiң көбiнде өзбектiң ала шапаны мен тақиясы жүредi. Сенбесеңiз, Гауһар Әлiмбекованың «Оралшы махаббатынан» бөлек, «Жiгiттердiң» «Жан досымын» қараңыз. Онда да төрт достың кигенi өзбектiң ала шапаны. Оны елiмiзде мыңдаған, миллиондаған көрермен тамашалап отыр емес пе? Сонда әншiлерiмiз бейнеклиптерде өзбектiң ұлттық киiмi түсiрiлмесiн деп айта алмайды ма? Өзбек жерiнде түсiрiлгенiмен, қазақтың қаржысына жасалып жатқан дүние емес пе? Оны әйгiлеп, өзбек режиссерiнiң түсiргендiгiн жеткiзу үшiн, ала шапан мен ала тақия мiндеттi түрде қажет пе? Мұнда өзбек режиссерiнiң өзiнiң ұлтына деген сүйiспеншiлiгiн байқауға болады. Олар өз жерiнде отырса да, өзбектiң ұлттық киiмiн бiзге насихаттап отыр. Бар мәселе осында…

ҰЛТТЫ СҮЮ ДЕГЕН ОСЫ ШЫҒАР…

Түркiстанда менiң ағам тұрады. Ағамның онда көшiп барғанына да отыз жылдан асып кеттi. Ағамның үйiнiң iргесiнде Әбсамат ағаның үйi бар. Ұлты өзбек болғанымен, көршi ретiнде өте жақсы кiсiлер. Қай кезде барсаң да, жайдары қалпынан аумайтын Мухира шешемiз бар. Мухира апайдың үстiнде үнемi атлас көйлегi жүредi. Басындағы тақиясы да ауыспайды. Балалары шулап, мазасын алып жатса да қыңқ демейтiн Мухира апайдың сырбаз мiнезiн көрiп таң қаласың. Алпысты алқымдап қалған отағасы мен Мухира апайдың тiлi әлi де өзбекше… Қазақшаны қаншалықты бiлетiнiн бiлмеймiн, бiрақ, үнемi «әкалап» үстiңе түсiп кете жаздайтын осы бiр жайсаң отбасының ұлтына деген патриоттық сезiмiн көргенде, разы болам. Мұнда тұрып жатқандарына 60-70 жыл болған шығар шамамен. Соған қарамастан, киiм-киiсi, жүрiс-тұрысы, тiлi, салт-дәстүрi бiр өзгермейдi-ау. Түрiне, болмыс-бiтiмiне қарап-ақ, өзбек екендiктерiн бiрден аңғарасың. Айналасындағы үйлердiң бәрi қазақ отбасылары болғанымен, қазақ болып кете қойған жоқ. Отағасының басындағы өзбекше тақиясы бiр түспейдi. Мухира апайдан бастап, алты-жетiге келген немерелерi де өзбектiң ұлттық көйлегiн киiп жүргенi. Қандарына сiңiп қалған әдет пе, әлде туа бiттi өзбек екендiктерiн ата-анасы құлақтарына құйып қоя ма, тiлдерiнде бiр ауытқу болмайды. Қашан көрсең де, өзбекше сайрап жүргенi… Шындап келсе, қазақ тiлiн менен де жақсы бiлуi мүмкiн. Өйткенi, таңның атысы, күннiң батысы қазақ балаларымен ойнап жүрген көршiлердiң қазақша тiл бiлмеуi мүмкiн емес-ау деген ой келедi кейде маған. Сөйте тұра, өзбекше шүлдiрлеп, қасындағыларына тiл сындыртып жүргенi. Есесiне, менiң ағамның балалары өзбекше сайрағанда тiлдiң түбiн түсiредi. Көршiнiң балаларын қазақша үйретудiң орнына, олардан өзбекше үйренiп алғандарына мәз. Үйге келгенде, балаларының өзбекшелеп шүлдiрлегенiне ағам мен жеңгем де мәз болады. Бiр көшенiң бойында, iргелес жатқан екi үйдiң тiрлiгi осындай. Алпыс жылдан астам қазақ арасында тұрса да, (мүмкiн ғұмыр бойы тұрып келе жатқан шығар. — Г.Б.) қазақ болып кете алмаған жандардың рухының мықтылығына қайран қалам. Оның орнында қазақтар болса, не iстер едi деп ойлаймын кей-кейде… Бiз, мүмкiн, бес-алты жылдың көлемiнде тiлiмiзден айрылып қалатын шығармыз… Әлде өзге ортада жүрген адамдар, керiсiнше тiлiн, салтын, дәстүрiн, ұлттық ғұрпын көбiрек сүюге тырыса ма екен… Кiм бiлсiн?! Бiр ғана ақиқат, Әбсамат аға мен Мухира апайдың отбасы, немере-шөберелерiне дейiн өз ұлтын сүйетiнi, тiлiн қадiрлейтiнi, ұлтының дәстүрiн сыйлайтыны анық. Әбсамат аға мен Мухира апай сияқты отбасылар Түркiстанда өте көп. Олардың бәрi де дәл солар сияқты ұлтын сүйедi. Бiз ше? Бiз өз елiмiзде жүрiп, өз ұлтымызды қаншалықты сүйемiз? Тiлiмiздi, дiлiмiздi сүйемiз бе? Ұлттық ғұрпымызды, ұлттық дәстүрiмiздi насихаттай аламыз ба?

Гүлзина Бектасова