МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ — БIРЛIКТIҢ БАСТЫ ФАКТОРЫ

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ — БIРЛIКТIҢ БАСТЫ ФАКТОРЫ

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ — БIРЛIКТIҢ БАСТЫ ФАКТОРЫ
ашық дереккөзі

Дүйсенбi күнi Астанадағы Бейбiтшiлiк пен келiсiм сарайында Қазақстан халқы ассамблеясының XV сессиясы өттi. Жиынның тақырыбы — «Ұлт бiрлiгi — бiздiң стратегиялық таңдауымыз» деп аталды.

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ — ХАЛЫҚ БIРЛIГIНIҢ НЕГIЗГI ФАКТОРЫ

Ассамблеяның кезектi сессиясында баяндама жасаған Елбасы ассамблеяның ендiгi мақсат-мiндеттерiн айқындап, Қазақстан халқын интеграцияға бағыттайтын шаралар ретiн анықтады. Соның бiрi — ұлт бiрлiгiнiң доктринасы талқыға салынды.

Әрине, ассамблеяның негiзгi мақсаты елдегi ұлтаралық татулыққа ұйытқы болу және Қазақстан халқының интеграциялануын жеделдету болғаны белгiлi. Ассамблея дүниеге келген 1995 жылдан бастап, елдегi саны басым өзге ұлт өкiлдерi ана тiлi мен туған мәдениетiн сақтап қалуды және осы мәдениет төңiрегiнде топтасуды басты мұрат тұтты. Сондай-ақ, бұрыннан қалыптасып қалған ескi сүрлеу бойынша, ұлтаралық қарым-қатынас тiлi ретiнде орыс тiлi таңдалып алынды. Нұрсұлтан Әбiшұлы бұл жолғы баяндамасында бүгiнгi таңда ассамблея жұмысын қазақ тiлiнде өткiзудiң мүмкiн емес екендiгiн айта отырып, күндердiң күнiнде ұлтаралық қарым-қатынас тiлi ретiнде қазақ тiлi қолданылатын болатындығын шегеледi.

Демек, елдегi өзге ұлт өкiлдерiнiң ендiгi мақсаты — мемлекетке атын берген жетекшi де, негiзгi ұлт қазақ мәдениетiнiң төңiрегiнде топтасу. Қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде мойындай отырып, саяси лояльдылықтан, лингвистикалық лояльдылық сатысына өту. Бұған дейiнгi елдегi тыныштықтың саяси курстың дұрыс таңдалып алынғандығынан және титулды ұлттың төзiмдiлiгi мен толеранттылығының арқасында болып отырғандығы дәлелдеудi қажет етпейтiн қағида. Ендiгi таңда қазақ тiлiнiң бiрiншi аренаға шығатындығын мiнбеге шыққан әрбiр адам ерекше ежiктедi. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қоғамын бiр жұдырыққа жұмылдырудың ең басты тетiгi — мемлекеттiк тiл екендiгiн бұл жолы да баса көрсеттi: «Мемлекет барша қазақстандықтардың қазақ тiлiн бiртiндеп үйренуi үшiн барлық жағдайларды жасап отыр. Ендi Қазақстан халқы ассамблеясы ел халқының мемлекеттiк тiлдi меңгеруiнiң жалпыұлттық үдерiсiне басшылық жасауы керек. Ол үшiн ешкiмге қысым жасамай және ешкiмдi төмендетпей, қажеттi шаралар кешенiн жүйелi де табанды жүзеге асыру қажет. … Мемлекеттiк тiл — ол халық бiрлiгiнiң негiзгi факторы» дедi баяндамасында.

Ассамблея бұған дейiн қазақ мәдениетiн насихаттауда, мемлекеттiк тiлдiң рөлiн асқақтатып, оның мемлекеттiк мәртебесiн жүзеге асыруда айтарлықтай белсендiлiк таныта қоймағаны белгiлi. Бұған ұлттық мәдени орталықтың жетекшiлерiнiң кейбiрiнiң тарапынан қазақ тiлiн төрге оздыру мақсатында қолға алынған бiрқатар шара сыналып, «елдегi аз санды ұлт қысымға ұшырап жатыр» деп байбалам салатындығы да жасырын емес. Ендi мұндай мәлiмдемелерге жол берiле қоймайтын сияқты.

Әрине, интеграцияның басты қағидасы не болуы керек? Бұл төңiректе «Америкалық қалып» көп әңгiме болды. Әрине, Америкада «американдық ұлт» салтанат құрып, жұрттың басым бөлiгi ағылшын тiлiнде сөйлейтiндiгi мәлiм. Алайда, бұның Қазақстан моделiне жат екендiгiне назар аударылмады. Қазақстан ерте ме, кеш пе бiр мәдениет төңiрегiнде топтасып, бiр ұлт жасақтауға баратындығы ақиқат. Бұл ретте американдық тәжiрибенi жиi ауызға ала берудiң астарында күнi ертең бөтен ұлттың, отаршыл империяның тiлiнде сөйлеп кету қаупi әлi де жатқан сыңайлы болады да тұрады. Әрине, бұл мәселенiң қоғамда қызу пiкiрталас тудырып жатқаны мәлiм. Жұрт әлi де «қазақстандық» және «қазақ» ұлты төңiрегiнде айтысуда. Және бұл ретте өзге емес, қазақтардың өзi бiр тоқтамға келе алмай отыр. Демек, интеграцияның келесi сатысы — ұлттық идентификация мәселесi әлi де пiсiп-жетiлудi қажет етедi. Бұл сатыға барар жолда, әуелi қазақ тiлiн төрге оздыру мiндетi тұрғандығы айқын.

«БIЗ ҚАЗАҚТАРҒА ҚАРЫЗДАРМЫЗ!»

Ассамблеяның ХV сессиясында сөз алған шешендердiң қай-қайсысы да сталиндiк депортацияны еске алып, қиын-қыстау кезеңде қазақтардың ешкiмдi жатсынбай бауырына басқанын тiлге тиек етiп, бүгiнгi жағдайға жеткенiне бiр Алладан соң, қазаққа қарыздар екендiгiн бiлдiрiп, көл-көсiр алғыс айтты. Қазақ ел басына күн туған сонау ауыр жылдарда бiр тiлiм нанды бөлiп берiп, алақандай үйiне пана етсе, қазiр де олардың өз ұлттық келбетiн сақтап қалу үшiн қажеттi жағдайдың бәрiн жасап отыр. Айталық, Елiмiзде 88 ұлттық мектеп бар, оларда өзбек, тәжiк, ұйғыр, украин тiлдерi оқытылады. 108 мектепте 22 этностың тiлi жеке пән ретiнде оқытылады. 30 этностың тiлiн үйрету жөнiндегi 195 арнайы лингвистикалық орталықтар ашылған. Бес ұлттық театр – орыс, өзбек, ұйғыр, корей және немiс театрлары бар. 35-тен астам этникалық газет-журнал жарық көредi. Төрт iрi этникалық республикалық газет мемлекеттiң қолдауымен шығып отыр. 11 тiлде – газет-журнал, 8 тiлде – радиохабар, 7 тiлде – телебағдарлама бар. Яғни, қазақ мемлекетi өз ұлтының қамынан гөрi өзгенiң жайын көбiрек күйттеп отырған жайы бар сияқты. Олай дейтiнiмiз, күнi бүгiнге дейiн мемлекеттiк тiлде тәулiк бойы хабар тарататын бiрде-бiр телеарна жоқ. Газет-журналдардың 80пайызы орыс тiлiнде, телерадио бағдарламалардың жағдайы да солай. Демек, ассамблеяның ендiгi басты мақсаты – ұлттық патриотизмдi дамытуға, мемлекеттiк тiлдi игеруге бағытталып, елдегi тыныштық пен толеранттылықты одан әрi берiк ете түсуге тиiс.

Астанада өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХV сессиясының соңында Ассамблея төрағасының орынбасарлары сайланды. Соның бiрi – Орыс, славян және казактар ұйымдарының үйлестiру кеңесiнiң төрағасы Юрий Захаров болды. Бiз бұған байланысты «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшiсi Дос Көшiмнiң пiкiрiн бiлген едiк. Ол ассамблея ұсынып отырған «Ұлттар бiрлiгiнiң доктринасында» қазақ ұлтының жетекшi рөлi айқындалмағандығын, Қазақстанның ұлттық дамуы көрсетiлмегендiгiн және ассамблея жетекшiлерiнiң бiрi ретiнде Юрий Захаровтың сайланғандығының көңiлге күдiк ұялатқандығын айтты.

Ал, Жетiсу казактарының атаманы Сергей Васильевич Машканцев бұл пiкiрмен келiспейтiндiгiн айтты.

ТIЛДI МЕҢГЕРГЕН АТАМАН 1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ИЕ БОЛАДЫ

– Сiздердiң бас атамандарыңыз Захаровтың Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасының орынбасарларының бiрiне тағайындалғанына өзге ұлттық ұйымдардың өкiлдерi наразылық танытып жатыр. Олардың пiкiрiнше, орыс-славян және казак ұйымдарының жетекшiсi халық арасында шовинистiк пиғылын танытып жүрген адамның бiрi көрiнедi.

– Мен өз басым көптеген жылдар ұлттық қауiпсiздiк саласында iстедiм. Бiр Алланың бұйрығы болар, ауруыма байланысты бұл жұмыстан кетуге тура келдi. Жұмыстан кеткеннен кейiн, елiмiздiң жүргiзiп отырған саясатына басқаша көзқараспен қараудың мүмкiндiгi туды. Қарап отырсам, бiзде өте көреген әрi дұрыс саясат жүргiзiп келедi екен. Адамдарды жақсы, жаман деп, нәсiлiне, ұлтына қарап бөлмейдi. Бiз бәрiмiз бiр елде, бiр аумақта өмiр сүрiп жатырмыз. Барлығымыз Қазақстанның бiрлiгiн нығайтуға күш салуымыз керек. Бiздiң атаманымыз Захаров бұл iсте үлкен көмек болған тұлға. Егер оның Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасының екi орынбасарының бiрi болғанын қаламайтын адамдар болса, олар Қазақстанның да бiртұтастығын қолдамайтын адамдар. Адамды iстеген iсiне қарап бағалау керек. Бiздiң ұйымда «Казачьи курьер» атты газет бар. Онда Юрий Захаровтың әр жерде сөйлеген сөзiн жариялап келемiз. Бұл газеттiң жарық көргенiне бiраз жылдың жүзi болды. Оның идеясы мен мақсатына, жарияланған мақалаларына көз жiберсеңiз, бiздiң мақсатымыз да түсiнiктi болып қалар.

– Менiң бiлуiмше, Захаров Қазақстанның жүргiзiп отырған ұлттық саясатын бiрнеше рет сынаған едi.

– Қазақстанның жүргiзiп отырған саясатын емес, қазақстандық бюрократияны сынаған болатын.

– Қандай бюрократия?

– Бюрократияның өзi де әртүрлi. Кейбiр шенеунiктер Елбасының жүргiзiп отырған саясатын дұрыс түсiнбейдi немесе дұрыс iске асырғысы келмейдi. Кейде елдi арандатуға бастайды. Осындай саясаттарды ол сынап келгенi белгiлi. Бүгiнгiдей алып теңiзде өз кемесiнiң желкенiн тiктеп жүру бiздiң құрметтi бас атаманымыз Назарбаевқа оңай тимесi белгiлi. Захаров осы iсте көп көмек көрсеттi. Қазақстанның тәуелсiздiгi мен егемендiгiн нығайту жолында казактардың қосқан үлесi мол. Айталық, Орыс-славян және казак ұйымдарының үйлестiру кеңесi 2006 жылғы президенттiк сайлау кезiнде аз уақыт iшiнде миллион адамның дауысын жинады.

– Демек, бұл Президенттiң электораты ғой?

– Президенттiң де, мемлекеттiң де электораты. Ең бастысы, Юрий Захаров бiздiң елдегi ұлтаралық татулық пен тұрақтылық үшiн аянбай тер төгуде. Оның әйелi қазақ қызы. Демек, ол сiздiң де туысқаныңыз. Ол қалайша, шовинист әрi ұлтшыл бола алады.

– Қазақ тiлiн – мемлекеттiк тiл десек, ол қаншалықты деңгейде бiледi? Әлде үйренуге талпынып жүр ме?

– Ол қазақ тiлiнде белгiлi деңгейде сөйлей алады. Бiрақ, мемлекеттiк тiлдi бiлуге қойылатын талаптар күштi ғой. Ол үшiн iс қағаздарын қазақша жүргiзе бiлу керек. Бұл жағынан ол кiсiнiң жасы да бiразға келiп қалды. Демек, толық меңгерiп кеттi деу қиын, дегенмен, ауызша түрде тiл қатыса алады.

– Жалпы, мемлекеттiк тiлде iс жүргiзудi және орыс ұлты өкiлдерiнiң мемлекеттiк тiлдi бiлуiн қадағалайсыздар ма?

– Бiз мемлекеттiк тiлдi тек қана насихаттап қоймаймыз. Әрi оны жүзеге асырудың әртүрлi тетiктерiн iздеудемiз. Юрий Захаров өз атамандарына бiр жылдың iшiнде қазақ тiлiн үйренiп шығу жөнiнде талап қойды. Егер, казак атамандары бiр жылдың iшiнде мемлекеттiк тiлде сөйлеп шығатын болса, онда бiр миллион теңгеге қол жеткiзетiн болады. Ондай сыйақы тағайындап отырған ешқандай қоғамдық және ұлттық ұйымды бiлмеймiз.

– Бүгiн Елбасы өз сөзiнде «ұлтаралық қарым-қатынас тiлi бүгiнде орыс тiлi, күндердiң күнiнде бұл мiндеттi қазақ тiлi атқаратын болады» дедi. Бұған не дер едiңiз?

– Әрине, бұл солай болуға тиiстi. Бiздегi титулды ұлт – қазақтар. Америкаға барғаннан кейiн, бiз испан немесе португал тiлiнде сөйлемеймiз ғой. Онда тек ағылшын тiлiнде сөйлейтiн боламыз.

– Онда титулды ұлт ағылшындар емес қой.

– Бiрақ, мемлекеттiк тiл ағылшын тiлi. Демек, бұған жету үшiн әлi де уақыт қажет. Мемлекет қазақ тiлiн дамыту мақсатында қаншама қаржы бөлiп жатыр. Ал, проблема неде? Ең бастысы – адамның қазақ тiлiн үйренуге деген ынтасында. Екiншiден, тiлдi үйрету методикасында. Бiздiң методикамыздың барлығы өте ауыр, тым болмағанда тұрмыстық деңгейде қазақ тiлiн үйренiп шығуға болатындай әдiстер әзiрге жоқ. Мен өз басым жас кезiмде әкеммен бiрге жайлауға барған едiм. Сонда тамақ әзiрлейтiн шопанның әйелiмен сөйлесiп жүрiп, қазақша әжептәуiр үйренiп алдым. Яғни, тiлдi үйренудi өте қарапайым нәрседен бастау керек.

– Бәлкiм тiл менеджментiнiң дұрыс жолға қойылмауынан осындай деңгейден аспай отырған шығармыз?

– Мәселе өте күрделi. Мысалы, ағылшындардың отарында болған Үндiстан әлi күнге ағылшын тiлiнде сөйлейдi. Әрине, Кеңестер басқарған жетпiс жыл iшiнде қазақ тiлi қай салада болса да кенже қалды. Осы уақыт аралығында коммуникация мен ғылым тiлiнде жаңа терминдер пайда болды. Өзге тiлдерден терминдер ендi. Қазiр осының қазақша баламасын табу қиынға айналды. Бiрақ, бұл шешуiн таппайтын проблема емес. Екiншi мәселе – адамның өзiне байланысты. Қазiр, әрине, бұл салада қозғалыс жоқ деп айтуға болмайды. Қазақ тiлiнде киноөнiмдер молая бастады, телерадио өнiмдердiң қазақшасы көбейдi. Демек, Елбасымыз айтқандай, бұл iсте сәл шыдамдылық таныту керек.

– Ендi қанша шыдау қажеттiгiн айта аласыз ба?

– Бұл бiр Аллаға ғана аян.

– «Қазақстандық ұлт» идеясына қалай қарайсыз?

– Егер, есiңiзде болса, ассамблея бiр кездерi «Қазақстан халықтары ассамблеясы» деп аталды. 2006 жылы «Қазақстан халқы ассамблеясы» деп өзгертiлдi. Демек, қазақстандықтардың бiр ел, бiр ұлт болу процесi уақыт өзi тудырған қажеттiлiктен туындап отыр. Бұл процеске барар алдында ұлт дегенiмiздiң анықтамасына үңiлу керек. Бiзде әлеуметтiк және саяси анықтама бар. Өте ежелден келе жатқан анықтамаға үңiлер болсақ, ұлт дегенiмiз бiр аумақта өмiр сүретiн, бiр тiлде сөйлейтiн, бiр мәдениеттiң төңiрегiнде топтасқан адамдар жиынтығы. Яғни, қазақстандық ұлтқа айналу үшiн бiзге әлi де уақыт керек. Ең бастысы, ортақ территориямыз бар. Ортақ тарихымыз қалыптасып келедi. Ортақ тiлдi де дамыту үстiндемiз. Мәдениетiмiз де бiр арнаға тоғысуда.

– Осы жылдың басынан бастап биометрикалық төлқұжат ала бастадық. Онда ұлтын көрсету әр адамның өз еркiнде. Егер, сiз осы төлқұжатқа ие болсаңыз, ұлтыңызды жазар ма едiңiз?

– Әрине, мен орыспын. Төлқұжатта өзiмнiң орыс екенiмдi жазып қоятын боламын. Егер тарихқа үңiлер болсақ, 1835 жылға дейiн казактар жеке халық болған. Өз территориясы, Дон республикасы атты өз елi, өз тiлi және мәдениетi болған. Казактардың тiлi – түрiк тiлi болған. Демек, бiзде ортақ дүние көп. Казактар кезiнде орыс армиясына барып қосылған қашқын құлдар емес. Олар жеке ел ретiнде өмiр сүргенi дәлелденiп отыр. Тiптi, мен өз паспортымда орыс емес, «казак» деп жазғанды жөн көрем. Қазiр олардың саны 27 миллионға жеткен. Сондықтан, бiз тарихи әдiлдiктiң салтанат құрғанын қалар едiк. Орыс емес, казак дегенге жетуiмiз керек. 1935 жылы Қазақ республикасы жасақталғанда Қырғыз республикасы деп аталды. Демек, олар казак және қазақ деген сөздерден қашты. Демек, бiздердiң бөлiсе алмайтын ештеңемiз жоқ. Бiз өте жақын халықпыз.

– Рахмет!

Есенгүл Кәпқызы