«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» БIР ЖЫЛДА НЕ ТЫНДЫРДЫ?
«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» БIР ЖЫЛДА НЕ ТЫНДЫРДЫ?
Дүние жүзi қаржылық дағдарыстан дағдарған сәтте әр мемлекет тығырықтан шығудың оңтайлы жолын өз бетiнше қарастыруға кiрiстi. Қазақ билiгiнiң осыдан тура бiр жыл бұрын екi мемлекеттiк қордың басын бiрiктiру арқылы құрған «Самұрық-Қазына» қоры 3 трлн. теңгеден астам халықтың қаражатын тиiмдi әрi мақсатты түрде жұмсау арқылы дағдарысты еңсеруге мiндеттi болатын. Он екi айда Қордың тындырған шаруасы қандай? Оның халыққа тигiзген пайдасы қаншалықты?
Әлемдiк қаржылық дағдарыстың алғашқы кезеңiнде қазақ Үкiметi ел экономикасын дамыту әрi жақсарту және маңызы жоғары мемлекеттiк активтердi бiр жерге шоғырландыру мақсатында, 2008 жылдың 13-қазаны күнi елiмiздегi екi iрi холдинг – «Самұрық» пен «Қазына» қорын бiрiктiрiп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын құрды. Билiктiң дағдарысқа қарсы түзген бағдарламасын жүзеге асыру барысында материалдық әрi стратегиялық тұрғыда кәдiмгiдей сеп болған бұл Қордың жарғылық капиталы 2008 жылдың қорытындысы бойынша 3 триллион 458 миллиард 923 миллион 9 мың теңге (23 млрд. АҚШ доллары) болған. Күнi бүгiнге дейiн отандық экономиканы тұрақтандыруға жұмсалған қаржы – 791,2 млрд. теңге, яғни, қаражаттың 72,7 пайыздан астамы. Оның iшiнде, 476,2 млрд. теңге – қаржы саласын тұрақтандыруға, 48 млрд. теңгесi – үлескерлiк құрылысындағы қордаланып қалған қиындықтарды шешуге, 120 млрд. теңгесi – шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға, 27 млрд. теңгесi – индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды iске асыруға бағытталған. 2007 жылдың күзiне дейiн инвестиция салуға өте тартымды болған жылжымайтын мүлiк нарығы қатты жапа шеккенi белгiлi. Осы себептi, Үкiмет «Самұрық-Қазына» қоры арқылы 455 миллиард шеңберiнде қаржы бөлiп, оның 95 млрд. теңгесi 2007 жылы қазақстандық жекеменшiк банктер арқылы жұмысы тоқтап қалған құрылыс нысандарын қаржыландыруға; 240 млрд. теңге Жылжымайтын мүлiк қоры арқылы тұрғын үй құрылысын аяқтауға; 120 млрд. теңге ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыруға бағытталды. Осының нәтижесiнде, Алматы мен Астана қалаларындағы 4538 пәтерлi 21 үй пайдалануға берiлiп, үйсiз қала жаздаған 3831 үлескер баспаналы болды. Ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыру мақсатында бөлiнген 120 млрд. теңге 31 мыңға жуық қарыз алушы азаматтың ай сайын төлейтiн қаражатын 30 пайызға дейiн азайтуға мүмкiндiк бердi. Бүгiнде Экономиканы жаңғырту жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның шешiмiне сәйкес, 35 мың пәтерлi 21,6 мың үлескерi бар 128 құрылыс нысаны Қор арқылы қаржыландырылуда. Тағы бiр маңызды мәселелердiң бiрi, елiмiздегi ұлттық компаниялардың депозиттерi (1 трлн. теңгеден астам қаражат) отандық екiншi деңгейлi ең iрi банктерге салынды. Әлемдiк экономикалық дағдарыстың кесiрiнен Жер шары қаржы тапшылығына ұрынғаны белгiлi. Бүгiнде сырттан қарыз алу кез келген мемлекеттiң шамасы жете бермейтiн шаруа болды. Алайда, «Самұрық-Қазына» iрi инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды iске асыру үшiн Қытай мен Ресейден несие тартуға кiрiскен. Қазiргi кезде аспанасты елiнен тартылған несие көлемi 10 млрд. доллардан асып жығылады. Үстiмiздегi жылдың 31-шiлдесiнде Астанада Қазақстанның Даму банкi мен Қытай Импортты-Экспортты банкi арасында 15 жылдық мерзiмге 5 млрд. доллар қарыз алу туралы Бас несиелiк келiсiмге қол қойылды. Энергетикалық, көлiк және коммуникациялық инфрақұрылымды, метталургияны, химиялық, мұнай-химиялық өнеркәсiптi дамытуға бағытталатын бұл несие желiсi қазақстандық компаниялардың инвестициялық жобаларын iске асыруға күш салады. Бұл тiзiмге енуi тиiс жобаларды Экономиканы жаңғырту жөнiндегi мемлекеттiк комиссия түзбек. Ұлттық компаниялардың әлеуетi мен қажыр-қайратын бiр арнаға тоғыстыруды әп дегеннен-ақ мақсат еткен «Самұрық-Қазына» бiр жылдың iшiнде бiрқатар шаруаны тындырды. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» кәсiпорны алғашқы жарты жылда-ақ 9 миллион тоннаға жуық мұнай мен газ конденсатын өндiрдi. «Қара алтын» қорын сыртқы нарыққа теңiз арқылы тасымалдауды жолға қойған кәсiпорын мұнай экспортын 3 есеге дейiн арттырды. Каспий теңiзiнiң қазақ жерiне тиесiлi бөлiгiндегi кен орындарын игеру, көмiрсутегi шикiзатын өндiру, өңдеу мен тасымалдау iстерi жалғасын тапты. Дағдарыстың алғашқы кезеңiнде-ақ отандық қаржы саласын қысқа мерзiмде тұрақтандыру мәселесi күн тәртiбiне шықты. Осы себептi, «Самұрық-Қазына» елiмiздегi ең iрi екiншi деңгейлi банктердiң бiрi – БТА банкiнiң – 75,1%-ын, Қазкоммерцбанкiнiң – 21,2%-ын, Халық банкiнiң 20,9%-ын сатып алды. Үстiмiздегi жылдың соңына дейiн Альянс банкiне тиесiлi капиталды мемлекеттiк меншiкке өткiзу жоспарлануда. Әрине, мемлекеттiң жекеменшiк қаржылық құрылымдар iсiне араласуы, яғни, олардың акцияларын уақытша сатып алу сарапшылар тарапынан әртүрлi пiкiрге ие болды. Дегенмен, осыдан екi жыл бұрын салымшылар сенiмiне сызат түсiрiп алған банктердiң iсi алға баспай, керiсiнше, керi кете бастағанда, мемлекеттiң қаржы жүйесiн тұрақтандыру мақсатында жасаған қадамдары халықтың банктерге деген сенiмiн нығайтуға сеп болғаны анық. Оның үстiне, сырттан тартылатын арзан қаражаттан қағылған банктер несие беруде бiраз уақыт бәсең тартқаны белгiлi. «Самұрық-Қазына» арқылы бөлiнген қаражаттың арқасында қазiр екiншi деңгейлi банктер халыққа несие беруде белсене бастады. Қаржы дағдарысынан студенттер қауымы да бiраз қиындықтарға ұшырады. Әсiресе, ақылы түрде бiлiм алып жүрген жастар жыл сайын төлейтiн оқу ашқасын өтей алмай, қиналған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, «Самұрық-Қазына» Альянс банкi арқылы студенттерге 15 млрд. теңге көлемiнде жеңiлдiкпен несие беру бағдарламасын дайындады. Үстiмiздегi жылдың 17-тамызы күнгi деректерге сүйенсек, аталған қаражаттың 44 923 865 теңгесi, яғни, 0,3%-ы игерiлген. Несие алған студенттер саны – 486.
ҚР экономикасын тұрақтандыру мақсатында «Самұрық-Қазына» қоры бес маңызды мәселеге ден қойды: қаржы саласын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлiк нарығындағы қордаланып қалған қиындықтарды шешу, шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, сондай-ақ, инновациялық, индустриалдық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру. Қордың өз жауапкершiлiгiне алған жобалары арасында Екiбастұз ГРЭС-2 үшiншi блогы, Мойнақ СЭС, «Қазақстанның Солтүстiгi-Оңтүстiгi» транзиттi электр тарту желiсiн салу, Ұлттық электр желiсiн қайта жаңғырту (1-кезең), «Қазақтелеком» АҚ телекомуникациялар желiсiн қуаттылығы 1 млн. абоненттiк Next Generation Nerwork технологиясына көшiру, CDMA технологиясын пайдалана отырып, ауылдық байланыстың телекоммуникация желiлерiн жаңарту және дамыту, Астана қаласында локомотивтер жинайтын зауытты, дауын тоқыма бұйымдарын шығаратын өндiрiс пен поликристалды кремний шығаратын өндiрiстi тұрғызу, Атыраудан қазақ жерiндегi тұңғыш бiрiктiрiлген газ-химия кешенiн салу, «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» газ құбыры мен «Солтүстiк Қазақстан-Ақтөбе облысы» өңiраралық электр желiсiн тарту т.б. бар. «Самұрық-Қазына» қорының «Қазмұнайгаз» АҚ; «Қазақстан темiр жолы» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Ұлттық «Қазтеңiзтранспорт» теңiз-кеме компаниясы» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақ ұлттық-зерттеу энергетика институты» АҚ; «Қазақстанның даму банкi» АҚ, «Самұрық Инвест» ЖШС, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС, «Kazyna Capital Menegment» АҚ, «Даму» Кәсiпкерлiктi дамыту қоры» АҚ, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөнiндегi мемлекеттiк сақтандыру қоры» АҚ, «Kaznex» Экспортты дамыту және iлгерi жылжыту жөнiндегi корпорация» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық несиелердi кепiлдендiру қоры» АҚ, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ, «Қазатомпром» АҚ, «Бiрiккен химиялық компания» ЖШС, «СҚ-Фармация» ЖШС, «Тау-кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ секiлдi басқа да 400-ден астам еншiлес компаниясы бар. Сонымен қатар Қор құрамына әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар (ӘКК) кiредi. ӘКК – бұл тауарлар мен қызметтердi өндiру мен сатудан пайда алу мақсатында өз қызметiн жүзеге асыратын тұрақты бизнес құрылымдар. ӘКК қызметiнiң басты мақсаты – мемлекеттiк және жекеменшiк саланы бiрiктiру жолымен өңiрлердiң экономикалық дамуына ықпал ету, кластерлiк тәсiл негiзiнде бiрыңғай экономикалық нарықты қалыптастыру, инвестициялар мен инновациялар тарту үшiн қолайлы экономикалық орта қалыптастыру, өңiрлердi әлеуметтiк дамытуға, сондай-ақ пайдалы қазбалар – газ (көмiр қабаттарынан өндiрiлетiн метаннан басқа), мұнай, уранмен бiрге басқа да табиғи ресрустарды барлауға, өндiруге, қайта өңдеуге бағытталған бағдарламаларды әзiрлеу және iске асыру.
Президент Н.Назарбаевтың пәрменiмен, сондай-ақ, Аумақтық даму стратегиясына сәйкес, 2007 жылы Қазақстанда жетi әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорация құрылғаны белгiлi. Мысалы,
«Сарыарқа» ӘКК (Қарағанды, Акмола облыстары, Астана қ.);
«Батыс» ӘКК (Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары);
«Ертiс» ӘКК (Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары);
«Жетiсу» ӘКК (Алматы облысы және Алматы қ.);
«Каспий» ӘКК (Маңғыстау және Атырау облыстары);
«Оңтүстiк» ӘКК (Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары); «Тобыл» ӘКК (Қостанай және Солтүстiк Қазақстан облыстары). ӘКК меншiгiне қаржы активтерi, мемлекеттiк активтер (мемлекеттiк қатысу үлестерi бар АҚ, ЖШС), жер активтерi, пайдалы қазбаларды барлау мен өндiруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы, индустриалдық парктер берiледi. Осы активтердiң негiзiнде ӘКК жеке бизнеспен бiрлескен кәсiпорындар құрады, шағын және орта кәсiпкерлiктiң дамуына жәрдемдеседi. Аталған ӘКК «Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2008 жылғы 13 қазандағы № 669 Жарлығын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылғы 17 қазандағы № 962 қаулысына сәйкес, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлiк қоғамының орналастырылатын акцияларын төлеуге берiледi.
Қордың Халықаралық ынтымақтастық департаментi ТМД, Үндiстан, Қытай, бiрқатар Азия елдерi, Еуропалық Одақ, АҚШ, Канада, Парсы шығанағы елдерiмен тығыз байланыс орнатып, ортақ жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. ТМД аумағына келсек, әсiресе, Ресеймен мұнай мен газ тасымалы, құбыр желiсi, Каспий теңiзiн игеру, Орталық Азия аумағындағы көмiрсутегiлердi экспорттаудың жаңа жолдарын қарастыру секiлдi басқа да мәселелер қамтылған. Осы орайда, екi мемлекеттiң Үкiметтерi арасында қабылданған 2008-2011 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы бар. «Самұрық-Қазына» Қазақстанның стратегиялық серiктесi болып саналатын тағы бiр iрi мемлекет – Құрама Штаттардан ұзақмерзiмдiк жобаларға инвестиция тартуда белсендiлiк танытты. Мысалы, америкалық «Exxon Mobil», «Chevron», «ConocoPhillips», «Halliburton» кәсiпорындары «Қазмұнайгаз» компаниясымен бiрлесе отырып, «Қашаған», «Н блогы», «Теңiз», «Қарашығанақ», КТК сияқты қазақстандық ең iрi жобаларды жүзеге асыруда. Microsoft пен Cisco компанияларымен бiрге ақпараттық технологиялар мен инновациялық технологиялар саласындағы соны жаңалықтарды қазақстандық жүйеге енгiзудi қолға алған. «Самұрық-Қазынаның» кәрi құрлықтағы ынтымақтастығы негiзiнен Германиямен тығыз байланысты. Мәселен, мұнай-газ өндiрiсi, телекоммуникациялар, электроэнергетика, ауыл шаруашылығы өнеркәсiбi, инновациялық технологиялар, сақтандыру мен сауда т.б. салаларда. Парсы шығанағы бойынша, «Қазмұнайгаз» Иран Ислам Республикасындағы»Конокофиллипс» және «Мубадала Девелопмент Компанимен» тiзе қоса отырып, «Атырау облысындағы тұңғыш мұнай-химиялық кешенi» мен «Н» жобасы бойынша тер төгуде.
Үстiмiздегi жылдың 1-шiлдесiнен бастап «Самұрық-Қазына» қоры ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдейтiн кәсiпорындарға тiкелей несие берумен айналысатын «Даму-Қолдау» бағдарламасын iске қосты. Бүгiнде 10 млрд. теңгеден астам қаражатқа 63 өтiнiш келiп түскен. Жоспар бойынша, аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшiн Қор 3 млрд. теңге бөлсе, екiншi деңгейлi банктер 1,5 млрд. теңге (жалпы көлемi 4,5 млрд. теңге) шығындамақ. Ал шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау мақсатында жыл сайын республикалық бюджеттен 50 млрд, теңгеден бөлу арқылы 100 млрд. теңгенi отандық кәсiпкерлiктiң өркендеуiне жұмсайды. Ауылды жерлерде тұратын ағайынға несие беру iсiмен «Қазагро» айналысады.
Әрине, судың да сұрауы барын ескерсек, Қордың қоржынындағы халықтың қыруар қаржысы тиiмдi әрi мақсатты жұмсалуы тиiс. Осы мақсатта, «Самұрық-Қазынада» шартты түрде сыртқы және iшкi деп бөлуге болатын арнайы бақылау жүйесi жұмыс жасайды. ҚР Президентiнiң тапсырмаларын орындау мақсатында құқық қорғау және мемлекеттiк органдар басшыларының қатысуымен қаражаттың пайдаланылуын бақылаайтын арнайы жұмыс тобы құрылды. Жүйелi түрде өткiзiлiп тұратын отырыстарда жұмыс тобының мүшелерi қаражаттың қайда және қалай жұмсалып жатқаны туралы есеп берiп отырады. Сонымен қатар экономиканы тұрақтандыру iсi жайлы Қор мен оның компаниялары берiп отыратын есептердiң негiзiнде Есеп комитетi тексеру жүргiзедi. «Самұрық-Қазына» қоры Директорлар кеңесiнiң жанынан ҚР Қаржы министрiнiң басқаруымен, Мониторинг, бақылау және талдау комитетi және Қордың бастамасымен, отандық iскерлiк орта мен қоғамдық бiрлестiктердiң Қоғамдық кеңесi құрылған.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ