Ресейде тоғызыншы сынып оқушысы мектепте арбалетпен шабуыл жасаған

/
Ресейде тоғызыншы сынып оқушысы мектепте арбалетпен шабуыл жасаған

Төтенше жағдай Ресейдің Челябинск қаласының Ленин ауданына қарасты орта мектепте болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл ақпаратты Челябинск облысы үкіметінің баспасөз қызметі растаған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, 9-сынып оқушысы оқу орнына пластикалық арбалет, газ баллонын және дабыл пистолетін алып кіріп, соңғысын пайдаланып сыныптасының бетіне оқ атқан. Кейін ол терезе арқылы қашып шығуға әрекеттенген, алайда жарақат алып, алысқа кете алмаған.

Ural Mash Telegram-арнасының мәліметінше, шабуыл жасаған оқушы арбалетпен мұғалімге де оқ атқан, сондай-ақ тағы екі педагогқа бұрыш газын шашқан.

Оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері келді. Шабуыл жасаған оқушы мен зардап шеккен қыз бала Челябинск облыстық балалар клиникалық ауруханасына (ЧОДКБ) жеткізілді. Қазіргі уақытта олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Аталған оқиға бойынша Ресей Федерациясының Тергеу комитеті бірден үш қылмыстық іс қозғады: екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу, салғырттық және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету белгілері бойынша. Тергеушілер оқиға орнын тексеріп, мән-жайды анықтап жатыр.

Губернатордың тапсырмасымен мектепте Челябинск облысы Білім министрлігінің комиссиясы жұмыс істеп жатыр.

Тергеу жалғасуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары