ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ ТОҚЫРАУҒА ҰШЫРАДЫ МА?

ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ ТОҚЫРАУҒА ҰШЫРАДЫ МА?

ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ ТОҚЫРАУҒА ҰШЫРАДЫ МА?
ашық дереккөзі

Бiрде жазушы ағамның: “Қазiр поэзиядан гөрi проза саласы қартайып барады” деп қынжылғаны есiмде. Әрине, сөз маржанын терiп, көркем тiлмен кейiпкер образын сомдап жүрген қаламгердiң қиналысын түсiнуге болады. Себебi, сүйiп оқып жатқан дүниемiз де сол ХХ ғасырдың өкiлдерiнiң шығармасы. Бәлкiм, талантты жазушы туылмай жатқан болар? Әлде, жас буынды қолдау жағы кемшiн түсiп жатыр ма? Шынында да, бүгiнгi ұрпақ кiмнiң әдебиетiмен сусындап жүр? Шоқтығы биiк шығарма жазуға талпынып жүрген жазушылардың бет-алысы қандай? Оларды жас толқын қаншалықты бiледi?

Мiне, осы сынды сауалдар санамызды сан-саққа жүгiртедi. Оның үстiне дәл қазiргiдей заманауи технология дамыған компьютердiң заманында кейiнгi ұрпақтың көркем әдебиеттi оқуы мәз емес. Ғаламторға енiп кетiп, қажеттi ақпарат көзiн әп-сәтте таба бiлудi меңгерген жастар бұдан соң кiтапқа қалай телмiрсiн? Сұраныс жоқ жерде кiтап та өтiмсiз. Ал, қазiр баяғыдай жаңа бiр шығарма жарық көрсе, бiр-бiрiнен сұрап оқитын ұрпақты аға буынның аузынан ғана естiп, таңдай қағасыз. Әр уақыттың өз несiбесi бар десек, бұл әдемi сабақтастық та сол кездегi жастардың мәдени, рухани кемелденуiн көрсетсе керек. “Баспадан жарық көрiп жатқан әдеби шығармалар сөрелерде шаң басып тұр, оны оқитын жастардың жiгерi құм” деп қоғамның бас ауруына жанымыз күйзелiп жүрсек, жазушы қауымының да жағдайы мәз емес көрiнедi. Жақында “Қазақ прозасының даму барысы” деген ауқымды тақырыптағы дөңгелек үстелде айтылған әңгiме барысы осыған көзiмiздi жеткiзгендей болды. Қазақ прозасы бар ма, жоқ па? Бар болса, қандай? Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi жылдары оқырманның жүрегiне жол тартқан жұп-жұмыр шығарма қайсы? Дәл осы мәселе қазақ жазушыларын да көптен берi бiр арнаға тоғыстыра алмай, мазалап жүрген сияқты. Елiмiздiң кино, театр режиссерлерi кез келген БАҚ-қа сұхбат берсе, “Жақсы кино түсiретiн проза жоқ” деп аузын қу шөппен сүртiп жатады. Мұндайлар қазақ әдебиетiн оқымайтындар, екiншi, оқыса да, түсiнбейтiндер. Шын мәнiнде, киноның сценарийiне сұранып тұрған әдеби шығарма жоқ па? Әрине, бар. Бар дүниенi жоққа шығару бiздiң қанымызға сiңiп кеткен әдет екенiне ашынатын қазақ жазушылары мұндай шығармаға өзi сыртта жатса да, қоғамда резонанс тудырған М.Мағауиннiң “Жармағын” баса айтады. Бiрақ оны “жақсы дүние” деп айтып жатқан ешкiм жоқ, бар болғаны Герольд Бельгер ғана “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекшi, орыс тiлiнде талдап, жазды деген назын бүгiп қалмады. Себебi де түсiнiктi, бүгiнгi дәуiрдiң ащы шындығын тәптiштеп жазған жазушының еңбегiн дер кезiнде жарияламау, сусап отырған оқырманға жеткiзбеу үзiлiп қалған процесс. Проза – етек-жеңi кең, асықпай жазылатын дүние. Беретiн тәрбиелiк, рухани мәнi жоқ сюжет желiсiнен асығыс-үсiгiс көркем шығарма жазып, оны табақтай кiтап етiп шығару шын жазушыға жарасатын iс емес. Сондықтан да жазушы “өзi өлсе де, хаты өлмейтiндей” кең тынысты дүние қалдырғысы келсе, оның төрт құбыласы түгел болуына көңiл бөлетiнi түсiнiктi. “Әдебиет – ардың iсi” екенiн ескерсек, кез келген жүрегiнен шуақ төгiлген жазушының жан азабынан гөрi, ар азабын мiсе тұтатыны сондықтан болар. Қазiргi аға буын өкiлдерiнiң көшбасында келетiн белгiлi жазушы Қабдеш Жұмадiлов: “Бiздiң әдебиет 70 жыл бойы – бодандық әдебиет” болып келдi. Оның туын кезiнде Мұхтар Әуезов ұстап қалды. Сол кездегi көтерiлген тақырып та сол заманның уақыт таңбасы мен бет-бейнесi едi. Ал, тәуелсiздiк алған жылдардағы әдебиеттi қалай атауға болады? Бәлкiм, өтпелi кезеңнiң әдебиетi, мүмкiн, тәуелсiздiк алған жылдағы әдебиет деймiз бе?” дедi пiкiрiн ортаға салып. Жазушы: “Социалистiк дәуiрдiң әдебиетi – жағымсыз кейiпкердi сомдауға жиi қалам тербедi. Ал, қазiр жазушылардың 95 пайызы арнайы тапсырыспен жазатын сарай жазушыларының санатына кiредi” деп ұрпақтың болашағын емес, бiр күндiк нәпақаны мансұқ ететiн кейбiр қаламгерлердiң жасанды пердесiн ашып бердi. Әрине, осы заманның шындығын қағазға түсiрiп кетуге тырысып жүрген жазушының еңбегi мұның жанында еленбеуi де, көрiнбеуi де мүмкiн. Себебi, соңғы кезде жаңа бағыт пен стильдiң түр-түрiн батыстан сiңiрiп алған бәзбiр жазушылар “модернизм”, “постмодернизм”, “постструктурализм”, тағы басқа да бағытты ұстанып, мүлдем түсiнiксiз дүниелер жазып жүр. Көркем туындыны қалай жазуды бiлмегендiктен де, осындай нәрсеге бейiм болады дейдi. Белгiлi жазушы Қабдеш Жұмадiлов: “Бұрынғы әдебиеттi көксегендi қою керек. Қазiр әдебиет – элиталық және бұқаралық (өз ақшасына кiтап шығаратындар) болып бөлiнедi. Яғни, қоғамдағы адамдардың хал-ахуалы, эстетикалық талғамы бiрдей емес. Қазiр идеялық байлықтан материалдық игiлiкке мойын бұрып кеттiк. Әдебиеттiң қарабайыр болып кеткендiгiне бiр себеп, БАҚ техникасы басып алды. Бiр сөзбен айтқанда, әдебиеттi жасайтын, оқитын тiл құрып барады” деп мәселенiң күрмеулi тетiгiн ағытты. “Мемлекеттiң әдебиеттi дамытуға мүддесi жоқ. Ең болмаса, қаламақы да дұрыс емес. Әдебиет бар, бiрақ әдеби процесс жоқ” деп күрсiндi қағаз бен қаламды серiк еткен рухани жанымыздың емшiлерi. Ал, жазушы Ахат Жақсыбаев та әдебиет жасалып жатыр дегенге тоқтайды. “Атап айтсақ, Қ.Ысқақ, М.Байғұт, Қ.Түменбай, Н.Дәутайұлы, т.б. шығармалары бүгiнгi сұранысқа сай” дей келе, “2 мың данамен шығатын кiтап кiтапханаға ғана жiберiледi. Оқырманның қолына жеткiзудi ойлап жатқан ешкiм жоқ, оны ұйымдастыратын орталық та жоқ” екендiгiн ашып айтты. М.Әуезов атындағы әдеби зерттеу институтының ғалымы Мақпал Оразбекова: “2000 жылдан берi жақсы шығарма тумай келедi. Қазақ әдебиетiнде жас толқын неге аз?” деген сұрақты төтесiнен қойды. Бұған сценарийст-қаламгер Таласбек Әсемқұлов: “Тiптi, талай ғұламаларды өмiрге әкелген Италия, Францияның өзiнде ғасырлар бойы талант туылмаған. Бәлкiм, биологияның заңдылығына орай, талантты жарық дүниеге жiберетiн қоғам да демалыс үстiнде шығар” деп жұбату айтты. “Жазушылардың өкпе-назы түсiнiктi. Жалпылық мәдениет бәрiн таптап жатыр. Голливуд құртып жатыр. Үлкен мемлекеттiк бағдарлама жасалмай, бәрi бос сөз” дедi турасын меңзеп. Ол кейiнгi кезде жазушы Нұрғали Ораздың, Мәдина Омарованың шығармасына аса жоғары баға бере кеттi. Қысқасы, әдеби ортада шұрайлы тiлдiк қор азайып кеттi. Жаһандануға ұшырап кеткен бай тiлiмiз компьютердiң тiлiне ойысып барады. Кешегi алтын бесiк – ауылдан қаймағы бұзылмай жеткен тiлдi қалалық тiлмен шұбарладық. Ұтқанымыз не, ұтылғанымыз қайсы? Әрине, бұдан кейiн қазақ жазушыларының еңбегi еленiп, кiтабы оқылып жатыр деу қиын. Көңiлi күптi қаламгерлердiң де тау-тау әңгiме жазып, қаламақыға қарқ болатыны да күмәндi. Қазақ прозасының даму барысы мен бет-алысы осы ма? Бiр күндiк әңгiменiң өзегiне емес, талай уақыттан берi қаси-қаси қотыры шыққан мәселе әлi де алдымыздан шығатынына дау жоқ. Жазушы қауым да бұл күрмеулi мәселенiң бiр-екi пiкiрталаспен шеше алмайтынын, бұған мемлекеттiң жiтi көзқарасы қажет екенiн айтып тарқасты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ