СЕГIЗ ЖЫЛДАН СОҢ

СЕГIЗ ЖЫЛДАН СОҢ

СЕГIЗ ЖЫЛДАН СОҢ
ашық дереккөзі

Жарма ауданында Болат Тұрлыханов атындағы спорт ойындарының жарысы өттi

Тамыздың 19-нан 22-сi аралығында Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында Болат Тұрлыханов атындағы спорт мектебiнiң 40 жылдығына арналған халықтық спартакияда болып өттi. Жарысқа спорттың еркiн күрес, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, футбол, волейбол, баскетболдың он түрi бойынша ауданға қарайтын 22 ауылдың 500-ге тарта жасөспiрiм түлектерi қатысып, бақтарын сынады.

Қалбатау ауылы 1895 жылы құрылыпты. Ондағы осы спорт мектебiнiң iргетасы 1969 жылы қаланып, содан берi үздiксiз жұмыс iстеп келедi екен. Қазiр Жарма ауданында шамамен 46000 халық тұрады. Оның 90 пайызы қазақтар. Аталмыш мектепте спорттың алты түрiнен 796 бала тәрбие алады.

“Аудан аясындағы 22 ауылдың бәрiнде спорт мектебi және жеткiлiктi жаттықтырушысы бар көрiнедi. 16 ауылда күрес кiлемi төселген”, — дейдi Болат Тұрлыханов атындағы спорт мектебiнiң қазiргi директоры Мейiржан. Аудандық Абай мектебiнiң қарамағында 2002 жылы ашылып, 2006 жылдан берi жұмыс iстеп келе жатқан интернаттың орны тiптен бөлек. Онда бiрiншi сыныптан он бiрiншi сыныпқа дейiнгi 80 бала жатып оқиды. Бәрi де ауылдардан қатаң талаппен iрiктелiп алынған дарынды балалар. Оның 25-i осы спортқа, 7-i музыкаға қатысады. Интернаттың қажеттi жабдықтары мен құралдары бүгiгi күннiң талабына толық сәйкестендiрiлген. Тамақ, жатын орын, дәрiгерлiк көмек, түгелдей мемлекет қаржысынан. Барлық бөлмеде теледидар, интернет қойылған. Өткен жылы облыс әкiмiнiң бас жүлдесiн жеңiп алып, екi жүз мың теңгемен марапатталыпты.

Қазақ тарихында әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегерi болған деген оқиғалар осы Тұрлыхановтардан бастау алады. Бала кезiнен бастап спорт десе iшкен асын жерге қоятын Болат ағаның жанкештi еңбекқорлығын, шебер iскерлiгiн, қатаң мiнезiн… кеше көзiн көрген үзеңгiлес жолдастары, кәсiптес серiктерi, бүгiнгi жетiлген шәкiрттерi аңызға бергiсiз әңгiме етiп айтқанының куәсi болдық. Бiр ғажабы, ол кiсi спорттың бiр ғана түрi емес, бар саласының майталманы болыпты. Қайрат, Дәулет Тұрлыхановтарды айтпағанның өзiнде, ауылдың ауыз толтырып айтатын мақтанышына айналған Диляра Қабасова, Расул Қалиева, Арман Садықбеков, Рашид Шарипов, Еркебұлан Қарсақбаев, Рауан Мұқажанов, Еркебұлан Нұрпейiсов, Таңсұлу Қайырбекова, Дастан Байгескин, Ельдар Рахигалиев, Арман Тоқтарбаев, Алмас Сәбитов, Бекжан Рауянов, Данияр Тоқтарбаев, Ернұр Садықов, Диляра Авгамбаевалардың барлығы да спорттың әр саласынан шыққан арты облыс, алды халықаралық деңгейдегi жүлделi жүйрiктер. Бұлардың жетiстiктерiн ешкiм де Болат Тұрлыхановтың еңбегiнен бөле қарамайды. “Таң бозынан тұратын Болат ағаларың бүкiл көршiлердi оятып алып, қақаған аязға қарамай, аппақ қарда қыс бойы шаңғы тебуге кететiн. Басып жатқан отбасының шаруасы мен шиеттей жас балаларға қарамай, менi де қасынан тастамай ертiп жүретiн” — дейдi, жұбайы Мәрзия апай өткен күндердi сағынышпен еске алып. Қарап отырсақ, бұл ауылда спортпен айналыспайтын бiрде-бiр адам жоқ сияқты. Жетi жастағы баладан жер таянған кәрияға дейiнгi кiсiлердiң бәрiнiң айтатын әңгiмесi бiреу ғана. Ол — спорт. Ұлы да, қызы да солай. Болат Тұрлықановтың осынау теңдессiз еңбегiн ескерген құзырлы орын, 1994 жылы осы орынды арнайы спорт мектебi етiп бекiтiп, оған Болат Тұрлыхановтың есiмiн бередi. Мектеп iшiнен бiр бөлме тек Болат Тұрлыхановтың өмiрi мен еңбек жолынан мағлұмат беретiн шағын мұражай етiлiп ашылған.

Болат Тұрлыханов атындағы спорт ойындарының жарысы бұған дейiн облыс көлемiнде 15 рет өткiзiлген. Неге екенi белгiсiз, мұндай жарыстың аталмыш мектептiң аясында өтпегенiне сегiз жылдың жүзi болыпты. Сондықтан да болар, спорт мектебiнiң 40 жылдығына арналған жарыстың маңызын ескерген аудан әкiмшiлiгi дайындық жұмыстарына мұқият дайындалған екен. Жарыстың ашылу салтына облыс әкiмiнiң өкiлi Махат Садық, Жарма ауданының әкiмi Темiрбек Қасымжанов, көршiлес Көкпектi ауданының әкiмi Дүйсенғазы Мусин, педагогика ғылымдарының кандидаты Ыбырай Алтынсарин атындағы сыйлықтың иегерi, Болат Тұрлыханов атындағы қоғамдық қордың президентi, батыр ана, Болат Тұрлыхановтың жұбайы Мәрзия Айтбайқызы, ұлдары Дәулет, Қанат, Қуат Тұрлыхановтар қатынасып, сөз сөйледi. Спортшылармен бiрге, аудан жұртшылығы өте көп жиналды. Жарыстың алауын осы өңiрдiң тумасы, ардагер спортшы, 72 жастағы Қали Иманбаев ақсақал тұтандырды. Артынан аудан әкiмi ас берiп, аруақтарға арнап құран оқытты. Сонымен бiрге аудан орталығындағы үлкен саябақта Ауған соғысы мен Чернобль апатына қатысып, құрбан болған боздақтарға арналған ескерткiш те ашылды. Айтпақшы бұл саябақтың алғашқы шыбығы сонау соғыс жылдарында аудандық комсомол комитетiнiң хатшысы болып қызмет атқарған Қожахметова Гүлжахан деген кiсiнiң қолымен отырғызылып, айналасы қоршалған екен. Көлемдi аумақты жердi алып жатқан, жасыл желектермен көмкерiлген саябақтың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi мен сәнi Алматының кез келген демалыс орнынан бiр кем емес. Iшiнде әдемi жолдар, доп алаңдары түгел бар. Көрермендер отырып жарысты тамашалайтын орын да жасалған.

Сонымен төрт күн бойы дүбiрлеп өткен жарыстың соңғы нәтижесi тамыздың 22-i күнi түсте шығарылды. Қалбатау ауылы бiрiншi, Шар қалалық окургi екiншi, Жарық ауылы үшiншi орынды жеңiп алды. Команда құрамындағы спортшылардың бәрi де жарыс медалымен және заттай сыйлыққа ие болды. Еркiн күрестiң жетi салмақ түрiнен бас бәйгенi еншiлеген Асхат Қалиясқаров, Досбол Шынарбеков, Алмас Сәпенов, Дархан Садыбеков, Нұрлыбек Қожахметов, Данияр Хамзин, Нұрдәулет Дәулетқазылар да мойындарына жарыс медалiн тақты. Волейболдан Қалбатау ауылының қыздары мен Шар қалалық окургiнiң ұлдары алға шықты. Ерасыл Қожахметова мен Жанна Байшенова тоғызқұмалақтан қарсыластарын шаң қаптырды…

Бұл жарысқа аудан әкiмшiлiгi тағайындаған жүлденiң сыртында, Болат Тұрлыханов атындағы қоғамдық қор арнайы тағайындаған жүлде белгiсi, спорт киiмдерi мен медальдар жеңiмпаз атанған он команда мүшелерiне, олардың жаттықтырушыларына табысталды. Соңғы нәтижеде бас бәйгенi алған Қалбатау ауылының спортшыларына Қуат Тұрлыханов та өз қалтасынан ақшалай сыйлық бердi.

Тағы бiр айта кететiн жағдай, Жарма өңiрiне Алтайдың арғы бетiнен-Қытайдан да бiр қауым ел көшiп келiп, қоныстанған екен. Неге екенi түсiнiксiз, солардың балаларынан осы жарыста бiрде-бiрiн көре алмадым. Серiк Қожабайұлы, Көкенай Халелұлы, Солтыкен Көкiшұлы қатарлы күрестiң апайтөстерi шыққан жерде туып, Дәулет Тұрлыхановтың кiндiк қаны тамған құтты қонысқа оралғандардың iшiнен бiр күресетiн адамның шықпауы, шынында, қызық. Мүмкiн, оралман ағайындар күзгi жиын-терiн мезгiлi болғандықтан, әзiрге “спорттың” осы түрiмен айналыса тұр деп, балаларын шөп шабуға, бидай оруға қолғанат еткен де болар. Алдағы жерде олардан да ұмiттiлер шығып жатса, Болат аталарының мектебi есiгiн айқара ашатынына менiң сенiмiм кәмiл.

Қортынды сөзiнде ауданның жаңа тағайындалған әкiмi Темiрбек Қасымжанов бұдан былайғы жерде спорттың мұндай шараларын үздiксiз өткiзiп тұратынын, халқының намысын қорғайтын Дәулет Тұрлыхановтай ұлдардың көптеп шығатынына сенiмдi екенiн тiлге тиек ете келiп, барлық спортшылар мен жанкүйерлердiң алдағы күндерiне табыс, амандық тiледi.

Ауыт Мұқибек