ШЕТЕЛДIКТЕРГЕ — ОТАНДЫҚ МАМАНДАР

ШЕТЕЛДIКТЕРГЕ — ОТАНДЫҚ МАМАНДАР

ШЕТЕЛДIКТЕРГЕ — ОТАНДЫҚ МАМАНДАР
ашық дереккөзі
190

Үкiмет аспазы мен күзетшiсiне дейiн шекара сыртынан “таситын” шетелдiк инвесторларға отандық мамандарды көптеп жұмысқа тарту туралы талапты тағы қойғалы отыр. Бiр емес, бiрнеше рет көтерiлген бұл мәселеге онша бас ауыртпайтын жатжұрттықтар қойылған талапты қалай орындары белгiсiз.

Апта басындағы үкiметтiк отырыста Премьер Мәсiмов “Жол картасы” бағдарламасының 2010 жылы да жалғасын табатынын мәлiмдедi: “Мемлекет басшысы қазiргi экономикалық қиындықтарға қарамастан, “Жол картасын” 2010 жылы да iске асыру үшiн бюджет шеңберiнде қажеттi қаражатты табуға Үкiметке тапсырма бердi. 2009 жылғы жағымды және жағымсыз сәттердi ескере отырып, бағдарламаны жалғастырумыз керек”. Сонымен қатар Мәсiмов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықованың Ақтау, Атырау және Алматыда шетелдiк қымбат жұмыс күшiн отандық мамандармен ауыстыру мақсатында бiлiм беру орталықтарын ашуға қатысты ұсынысын қолдады. Қазақстандағы шетелдiк iрi компаниялардың арнайы мамандарымен бiрге аспаз, күзетшiлерiне дейiн шекара сыртынан таситынын Елбасы бiр емес, бiрнеше рет сынға алып, жатжұрттық инвесторларды отандық мамандарды да жұмысқа тартуда белсендiлiк танытуға шақырғаны белгiлi. Өкiнiшке қарай, қазақстандық мамандардың бiлiмi мен бiлiктiлiгiн халықаралық деңгейге сай бағалауға құлықсыз шетелдiк компания басшылары әлi күнге өз отандастарына иек артуға мүдделi. Осы жайтты ескерген Мәсiмов Әбдiхалықоваға: “Ұсынысыңызды қабылдай отырып, сiзге Бiлiм министрлiгi және жергiлiктi әкiмдербiрге жұмыс күшiн даярлау және қайта дайындау мәселесiн қатаң қадағалауда ұстауды тапсырамын” дедi. Сондай-ақ, Индустрия және сауда министрi Әсет Исекешевке шетелдiк инвесторлармен шетелдiк жұмыс күшiн қазақстандықтармен ауыстыру туралы мәселенi талқылауға тапсырма бердi.

Үкiмет жұмыссыздықпен күрестi осылайша өрбiтуге күш салып жатқанда ҚР Статистикалық агенттiгi 2009 жылдың шiлдесiндегi қазақстандық еңбек нарығындағы ахуалды таразыға тартты. Агенттiктiң хабарлауынша, ел экономикасын дамытуға тер төккендер саны 8,1 млн. адам болған. Бұл көрсеткiш былтырғы дәл осы аралықтағы санмен салыстырғанда, 219,2 мың адамға (2,8%) көп. Айтылған аралықта жалдамалы жұмысшылар саны 5,4 млн. яғни жұмысы барлардың 66,2 пайызына тең. Ал жұмыссыздарға қатысты көрсеткiш – 565,4 мың адам, пайызға шаққанда, – 6,5%. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне үстiмiздегi жылдың шiлдесiнде ресми түрде тiркелген жұмыссыздар саны 98,9 мың адам. Бұл еңбекке жарамды әрi қабiлеттi, экономикалық тұрғыда белсендi отандастарымыздың 1,2 пайызына тең. 2008 жылмен салыстырғанда, 0,4 пайызға артық. Жасырын жұмыссыздық деңгейi жыл басынан бергi 7 айда 0,9 пайызға жеткен. Жасырын жұмыссыздық (мәжбүрлi түрде толық емес жұмыспен қамтылғандар) дегенiмiз – жұмыс аптасы немесе жұмыс күнi қысқарғандар, жалақысыз әкiмшiлiк демалыстағылар немесе жартылай жалақы алатындар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары