Абай облысының Бородулиха ауданындағы KAZ Minerals тобына қарасты Орлов өндірістік кешенінде қайғылы оқиға тіркелді. Шахтадағы апат салдарынан бір жұмысшы көз жұмып, екіншісі үйінді астынан құтқарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы 27 сәуірде "Шығыстүстімет" ЖШС құрамындағы Орлов шахтасында тау жынысы опырылған. Құзырлы органдар мен компания өкілдерінің хабарлауынша, апат кезінде екі жұмысшы үйінді астында қалып қойған.
Оқиға орнында жұмысшылардың бірі алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды. Ал екінші жұмысшы дер кезінде құтқарылып, медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Полицияның мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, алайда ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайды.
Оқиға орнына компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук шұғыл жеткен. Компания қаза тапқан қызметкердің отбасына қажетті көмек көрсетілетінін, сондай-ақ зардап шеккен жұмысшының емделуіне қолдау жасалатынын мәлімдеді.
Апаттың нақты себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, кешенді тексеріс жүргізілуде. Мамандар өндірістегі техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуын жан-жақты сараптайды.