ЖОЛ ЕРЕЖЕСI ҚАТАҢДАТЫЛДЫ! ДЕГЕНМЕН…
ЖОЛ ЕРЕЖЕСI ҚАТАҢДАТЫЛДЫ! ДЕГЕНМЕН…
“Жол қауiпсiздiгi туралы” Заңға толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлiп, күшiне мiнгелi берi көлiк жүргiзушiлерi тiзгiнiн бiршама тарта бастады. Жаңа заң талаптарына сәйкес, жол жүру ережесiн бұзғандар қатаң жазаға кесiлетiн болды. Жол тәртiбiн бiле тұра бұзған көлiк жүргiзушiлерi 10 жылға дейiн жүргiзушiлiк құқығынан айырылуы мүмкiн екендiгi ескертiлдi. Тiптi, есiрткiге елiрiп немесе жынды судан ұрттап алып көлiкке отырғандар екi жылға дейiн көлiк жүргiзу құқығынан айрылып, темiр торға тоғытылады. Егер де бұл жағдай бiрнеше рет қайталанса, жазалау мерзiмi де соншама рет ұзартылмақ. Ал жүргiзу құқы жоқ бола тұрып рөлге отырғандарға қолданар жаза да күшейтiлдi. Олар 15 күнге бас бостандығынан айрылып, қоғамдық жұмысқа жегiледi. Қауiпсiздiк белдеуiн тақпаған жүргiзушiге де, жолаушыға да 5 мың теңгеден айып салынады.
Заңның қатаңдатылған тұстары осындай. Қазiр Жол-көлiк полициясы қызметкерлерi жаңа заң бойынша әрекетке көшкен. Қоғам iшiнде көлiктi ретке келтiрiп, адамның қауiпсiздiгiне аса сақтықпен қарау басты шарт. Бүгiнде Жол полициясы қызметкерлерiнiң осы мақсатта тапжылмай еңбек етуi үшiн бар жағдай жасалған. Еңбек шарты да оңтайланып, жалақысы да көбейген. Алайда, бастапқы кезде көлiк жүргiзушiлерi де, Жол полициясы қызметкерлерi де заңның ережелерiне бағынып, көлiк мәдениетi қалыптасып қалған сияқты едi. Бiрақ айыппұл төлеуден бас тартатын көлiк жүргiзушiлерi сол ақшаның жартысын жол полициясы қызметкерiнiң қалтасына салып, тезiрек құтылуға машықтанған. Ескi әдеттен арыла алмай жүрген “көкелер” де ақшадан өздiгiнен қаша қойсын ба?
Қазiр қоғамдық көлiкпен жүрудiң өзi қорқынышты. Бiрде отырған автобусым өзiнiң бағытындағы екiншi автобуспен жарысты. Тiптi, жүргiзушi автобустың көлемi мен салмағына қарамастан, көлiк-көлiктiң арасымен басып келедi. Iшiндегi жолаушылармен мүлдем жұмысы жоқ. Бiрде жабысып қатар жүредi, бiрде зырылдап озып кетедi. Әй, сабаздарыңның аузынан ақ ит кiрiп, қара ит шығады. Анайы түрде бiрiн-бiрi боқтап келедi. Сондағысы — әуелгiсi уақытынан бұрын шығып, озып кеткен, ал бәсекелесi — жолаушыдан қағылып, артта қалған. Бар кiлтипан осы.
Жыл басынан берi Алматы қаласы бойынша жолаушы тасымалдау көлiгiн 25 жүргiзушi мас күйiнде басқарған. Ал тағы да 25 көлiк айдаушының мүлдем құжаты болмаған. Адам өмiрiне бей-жай қарайтын көлiк жүргiзушiлердi құрықтауға байланысты Алматы қалалық Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ермек Құсайынов заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған iс шараның басталғанын айтты.
Қазiргi таңда Алматы қаласында 12 мыңнан астам автобус көлiктерi тiркелдi. Олардың денi күнделiктi қозғалыста қала көшелерiнде жол ережелерiн бұзады. Таңғы сағат бестен бастап Жол полициясының қызметкерлерi жолаушыларды тасымалдау көлiгiнiң 2 жүргiзушiсiн құрықтап үлгердi. Ең сорақысы, оның бiрi көлiктi мас күйiнде жүргiзсе, екiншiсiнiң қанынан есiрткi заттары анықталған. Тiптi, Жол полициясы қызметкерлерi жолаушы тасымалдау көлiгiн тексеру барысында автобусты заңсыз жүргiзгендердi де анықтаған.
Аталмыш шара жыл басынан берi осымен төртiншi рет өткiзiлiп отыр. Осыған дейiн ұйымдастырылған тексеру нәтижесiнде 500-ге жуық ереже бұзушы әкiмшiлiк жазаға тартылған. Ал бүгiнде маскүнемдiкпен айналысып, адам өмiрiне немқұрайлық танытқан жолаушы тасымалдау көлiгiнiң басқарушылары қатаң бақылауға алып, жазаларын тартып отыр.
Алматы қалалық IIД ЖПБ бастығының орынбасары Ермек Құсайыновтың айтуынша, көлiктi мас күйiнде айдаған және есiрткi қабылдаған жүргiзушiлер 2 жылға жүргiзушi куәлiгiнен айырылып отыр. Ал қалғандары әкiмшiлiк айыппұл төлеуде.
Жыл басынан берi Алматы қаласында жолаушылар тасымалдайтын жүргiзушiлердiң кесiрiнен 5 iрi жол апаты тiркелген. Адам шығыны да бар. Оған басты себеп — көршiлес елден атап айтқанда Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген арзан жұмыс күш иелерiнiң бiздiң елде жолаушылар тасымалдауы. Бұдан былай ереженiң бұзылуына тек жүргiзушi ғана емес, сондай-ақ оған жұмыс берiп отырған жолаушылар тасымалының басшылығы да жауапқа тартылады.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ