Эдуард Кокойты, Оңтүстiк Осетия президентi: “ОҢТҮСТIК ОСЕТИЯНЫҢ БОЛАШАҒЫ РЕСЕЙМЕН БIРГЕ”
Эдуард Кокойты, Оңтүстiк Осетия президентi: “ОҢТҮСТIК ОСЕТИЯНЫҢ БОЛАШАҒЫ РЕСЕЙМЕН БIРГЕ”
Былтыр осы уақытта, яғни, тамыздың 7-сiнен 8-iне қараған түнде Ресей мен Грузия арасында соғыс өртi тұтанғаны белгiлi. Ресей мен Грузия арасындағы қарулы қақтығыстан кейiн, Грузияның келiсiмiнсiз тәуелсiздiгiн жариялаған Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны тәуелсiз мемлекет ретiнде тек Ресей Федерациясы ғана мойындаған болатын. Содан берi жыл өтсе де, Кавказ бен Ресей арасындағы алауыздық әлi де реттелер емес.
Керiсiнше, екi тарап былтырғы соғысқа бiрiн-бiрi кiналап, бiрiне-бiрi территориялық тұрғыдан өкпе арта бастады. Ал, Оңтсүтiк Осетия президентi Эдуард Кокойты Reuters агенттiгiне берген сұхбатында “Оңтүстiк Осетияның болашағы – Ресеймен бiрге” дегендi айтып салды. Бүгiнде сарапшылар Кокойтының осы бiрауыз мәлiмдемесiне көбiрек маңыз бере бастады.
Кокойты: “Бiз өз мемлекеттiгiмiздi орнатамыз. Бiрақ, Ресей Федерациясының құрамына кiретiндiгiмiздi жоққа шығармаймыз. Оңтүстiк Осетиядағы 70 мың тұрғынның көбi Ресейге қосылуға мүдделi. Әрi тұрғындардың 98%-ы Ресей азаматы. Батыс бұған түсiнiстiкпен қарауы керек” делiнген онда.
Жалпы, Оңтүстiк Осетияның Ресейге қосылу туралы әңгiмесi бiр бүгiн ғана туындап отырған жоқ. Ресей Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн ешкiмнiң келiсiмiнсiз жариялағаннан кейiн екi ай өтер-өтпестен дәл осы әңгiме көтерiлген. Бұл туралы “КоммерсантЪ” газетiнiң №179 санындағы (03.10.2008) “Восстановление без границ” атты мақалада былай жазады: “Өткен аптада Ресей премьерi Владимир Путин Оңтүстiк Осетия мен Солтүстiк Осетия арасындағы шекараны жою туралы айтқан едi. Көп өтпей Мәскеу мэрi Юрий Лужков “Оңтүстiк Осетияның Ресей Федерациясы құрамына енуi аяқталды. Ендi бұл процестi заңды түрде бекiту ғана қалды” деп мәлiмдеген болатын. Бұлардың соңынан Кокойты да екi Осетияның бiрiгуi жөнiнде сөз қозғады. “Оңтүстiк Осетияның Солтүстiк Осетиямен қосылуы әрбiр осетиннiң арманы” дедi ол жақында”. Юрий Лужков Цхинвалиге арнайы ат басын бұрып ондағы құрылыстың кiрпiшiн қалап, Кокойтымен жасырын Ресейге қосылу мәселесiн талқылағандығы айтылған арықарай мақалада. Демек, Ресей Грузиямен қақтығыста тек қарулы жеңiске қол жеткiзiп қоймайтын сынды. Сондай-ақ, өзiнiң шекарасын Грузияға жылжытуға да кiрiсе бастағандай.
Әрине, былтырғы тамыз оқиғасы кезiнде сарапшылардың көбi 80 мың ғана халқы бар елдiң жеке мемлекет болуының екiталай екендiгiн айта отырып, Ресейдiң түпкi мақсатының өзi – бұл екеуiн (Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны) құрамына енгiзiп алу болып отырғандығын айтқан едi.
Сондай-ақ, өткен жұмада Эдуард Кокойты Грузия жерiнде Оңтүстiк Осетияның аумағы қалып барады деген мәлiмдеме жасап, ондағы Трусово шатқалы осетиндердiң тарихи мекенi екендiгiн көлденең тартты.
Кокойты қос Осетияның қосылуын арман ғып жүргенде осы сейсенбiде АҚШ-тың Халықаралық қауiпсiздiк жөнiндегi қорғаныс ведомствосы бастығының орынбасары Александр Вершбоу “АҚШ Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның жеке ел ретiнде ешуақытта мойындамайды” деген мәлiмдеме жасады.
Ол АҚШ Конгресiнiң Сыртқы iстер жөнiндегi сенат комитетiнде “Грузия – тамыз соғысынан бiр жыл өткен соң” атты баяндама жасаған болатын. Бұл жөнiнде ИТАР-ТАСС агенттiгi таратып отыр. Вершбоу былтыр Ресейде АҚШ-тың елшiсi қызметiн атқарған, сондай-ақ НАТО-дағы АҚШ-тың тұрақты өкiлi болған. Ол баяндамасында: “АҚШ саясаты Грузияның территориялық тұтастығын, оның тәуелсiздiгi мен егемендiгiн қолдауға негiзделедi” дегендi шегелеп айтты.
Бұған қарағанда, Грузия үшiн алауыздық әлi де жалғаса беретiн сынды.
Тамыздың 3-iнде Оңтүстiк Осетия мен Грузия бiрiн-бiрi “шекарада оқ атты” деп кiнәлады. Оңтүстiк Осетия Мәскеу уақытымен сағат 22.05-те Цхинвал ауданының Отрев ауылында Грузияның Плави селосынан оқ атылды деп мәлiмдедi. Ал, Грузия жағы 4-тамызда бұл мәлiмдеменi жоққа шығарып, оқтың керiсiнше, Цхинвал жағынан атылғанын айтты. “Тамыздың 3-iнде сағат 21.35-те Цхинвал жағынан Плависмани селосында орналасқан Грузин полициясына бағытталған оқ атылды” делiнген онда.
Ал, аймақтағы АҚШ және ЕО бақылаушылары бұндай оқиғаның болмағаны жөнiнде айтып отыр. 4-тамызда мәлiмдеме жасаған Эдуард Кокойты кезектен тыс Қауiпсiздiк кеңесiн шақырып, Грузияның iсiн талқылайтындығын жеткiздi. Оның айтуына қарағанда, Грузияның арандатуына ЕуроОдақ пен АҚШ бiтiмгершiлерi көз жұма қарап отырған көрiнедi.
Ресей Сыртқы iстер министрiнiң ресми өкiлi Андрей Нестеренко Ресейдiң бұл жағдайға байланысты соғысқа дайындық iсiн күшейтiп жатқандығын мәлiмдедi. Ресей Сыртқы iстер министрлiгiнiң ресми сайтында Нестеренко: “Шекарадағы жағдай шынымен ушығудың аз алдында тұр. Былтырғы жылғы тамыз оқиғасының жылдығына орай, Грузия тарапынан арандатушылық iсi тоқтамай тұр” деген.
Әрине, ресми Тбилиси бұл тұрғыдан Мәскеу мен Цхинвалды арандатушылыққа жол бердi деп кiнәлап отыр. Реинтеграция жөнiндегi мемлекеттiк министр Темури Якобашвили “Независимая газетiне” берген сұхбатында Ресейдiң Қорғаныс министрлiгiн айыптап, “Грузия территориясындағы оккупациялық жауынгерлерiн” ақтап алу мақсатында өтiрiкке жол берiп отыр. Ресей осылай арандату арқылы аймақта әскерiн төгудi мақсат етiп отыр. Халықаралық қауымдастық бұған сенбейдi. Ресей бiздi арандатуға жетелеп отыр. Алайда, бiз бұған жол бермеймiз” деген.
P.S. Әрине, аймақтағы шиеленiстi жағдай туралы бiр жақты баға беру қиын. Дегенмен, Ресей қаншама бiтiмгер болуға тырысқанымен, белден басып, жонын көрсетiп отырғандығы байқалады. Кавказ соғысына жыл толмай жатып, екi ел арасындағы шиеленiстi ушықтырып, одан бiр пайда табуды көздеу – Ресейдiң iсi болуы ықтимал. Эдуард Кокойтының аяқасты Ресей құрамына кiру туралы әңгiме көтеруi, аяқасты оқ атылғаны жайында байбалам жасауы – жаңа соғысты тұтатудың амалынан туып отырса керек. Ал, Саакашвили соғыстың қайта тұтануына мүдделi емес. Бұл жайында өзi де мәлiмдеме жасады. Шын мәнiсiнде, Грузия президентi Саакашвили халықаралық қауымдастыққа иек сүйеуге болмайтындығын түсiндi. Өзiнiң алып Ресейге қарсы тұрар қауқары аз екендiгiн де бiледi. Сондықтан, бұл жолғы арандату iсi болған болса, ол Ресей тарапынан орын алуы әбден мүмкiн.
Есенгүл Кәпқызы