ТУРИЗМ ҒАНА – “ТЕП-ТЕГIН БАТПАН ҚҰЙРЫҚ”
ТУРИЗМ ҒАНА – “ТЕП-ТЕГIН БАТПАН ҚҰЙРЫҚ”
Жаз мезгiлi нағыз демалатын уақыт. Әсiресе, қала тұрғындары еңбек демалысын алып, қолдары қалт етсе болды отбасымен бiрге демалуға асығады. Бiрақ, қайда барады? Бәзбiреу қалталылар сияқты Анталия, Бодрум асып кетуге материалдық жағдайы көтермеген соң, жақын маңайдағы Сайран, Қапшағай көлiнде демалғанның өзiне мәз-мейрам болысады да.
Қарап тұрсақ, әлгiндегi бiз айтқан елдердiң бәрi инвестиция көзiн туризм саласы арқылы тартып отыр. Соның нәтижесiнде өз ұлтының мәдениетiн, салт-дәстүрiн насихаттауды басты мұрат етiп қояды. Әлемнiң түпкiр-түпкiрiнен ағылатын туристер мен қарапайым демалушылардың толассыз келуiне бар мүмкiндiк жасалған деседi. Әрине, мұндай көтерiңкi көңiл-күй мен жергiлiктi халықтың ұлттық құндылықтарға деген ерекше махаббаты мұнда қайта айналып соғуға тәнтi етпей қоймасы анық. Тiптi, қазiр Батыс Еуропа, Орта Азия елдерiн айтпай-ақ, көршi жатқан айыр қалпақты қырғыздар да бiр ғана Ыстықкөлi арқылы туризм саласынан әжептәуiр табыс түсiрiп жатқан жайы бар. Әлбетте, онда демалушылардың 70-80 пайызы да бiздiң қазақтар. Ендi қайтсiн? Өйткенi, елiмiзде туризм саласы әлi де ақсап тұр. Оған Үкiметтен, министрлiктен жасалып жатқан қолдау аз. Басқасын айтпай-ақ, әйгiлi табиғаты сұлу Көкше мен суы мөлдiр Алакөлдi алайықшы. Неге осы талай ақын-жазушының жыры мен сырына арқау болып жүрген табиғаттың бiзге берген сыйын ұқсата алмай отырмыз? Егер Үкiмет туризм тамырына қан жүгiрткiсi келсе, ел бюджетiне едәуiр түсiм әкелгiсi келсе, туризмге әу бастан сұранып тұрған аймақтарды неге жандандырмайды?! Иә, қазiрдiң өзiнде мұнда келiп, демалушылардың қарасы басым. Десек те, аз. Ал бүкiл Алматы қаласы мен Алматы облысының жұрты демалатын Қапшағай су қоймасында жыл сайын қаншама адамның суға батып, көз жұмып жатқаны кiм-кiмдi де ойландырмай қоймасы анық.
Елiмiз бойынша жылына орта есеппен 400-дей адам суға “кетедi” екен. Ал Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiктiң ақпараты бойынша, былтыр маусым мен шiлде айларының өзiнде 160 адам суға батып кеткен. Әрине, бұл ресми дерек қана. Естерiңiзде болса, былтыр дәл осы мезгiлде бiр отбасының 7 бiрдей жанның ажалы судан келдi. Жалпы есеппен алғанда, былтыр Қапшағай жасанды көлi шамамен 40-тан астам демалушыны жұтып алған екен. Сол кезде Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiктiң жедел жәрдем беру департаментi бастығының орынбасары А.Федоренко: “Су түбiне бататындар негiзiнен суға шомылудың қарапайым ережелерiн сақтамайды. Ажал құшқандардың 70 пайызы арақ iшiп шомылатындар. Мас болған адам сақтық шараларын ұмытып, судан келер қауiптi ескермейдi, сөйтiп өлiмге бас ұрады” деген едi. Сөз жоқ, мұнымен де келiсуге болады. Алайда, суға тұншығып жатқанның бәрi iшiмдiктiң кесiрiнен қаза тапты деуге келмес. Сонда әлгi отбасының жетi бiрдей мүшесi (балалары да) де iшiмдiкке тойып алып па? Жоқ. Себебi бiреу, бүгiнгi күнге дейiн Қапшағай көлiнде қарапайым қауiпсiздiк ережелерi сақталмайды. Мәселен, жетi адамның ажалына себепкер болған “Бент” демалыс аймағында арнайы құтқару тобы да болмаған. Әрбiрден соң, демалушылардан түсетiн пайданы адам құнынан жоғары қоятын қожайындар апаттан соң, жағажайға шомылуға келгендердi түк болмағандай қабылдап, еш ескерту айтпаған көрiнедi. Әлбетте, пайдаға шаш-етектен кенелiп жатқандықтан, олардың мұндай қаралы оқиғаны айтып, демалушыларды үркiтiп алуына дәтi бара қоймас. Жақында Қапшағай көлiне бiздiң де жолымыз түскен. Сол күнi қаладан ағылып келiп жатқан көлiкте сан болмады. Кез келген жағажайға кiру үшiн әр көлiктен 1000 теңге ақша жинап тұр. Қателеспесем, бiз барған жағажайға кемiнде 20-30 көлiк иелерi жайғасты. Аптаның жай күндерiнде ғана осылай, ал сенбi, жексенбi күнi көлiктi қаңтармақ түгiлi, демалушылардың өзi құмырсқаша қаптайды. Негiзiнде бiр жағажайдан екiншiсiнiң айырмасы шамалы. Демалушыларға ешқандай жағдай жасалмаған. Егер қона жататын болсаң, түнейтiн орын да қымбат. Ал, санитарлық-гигиена жағын айтудың өзi ұят. Тазалық жоқ, жан-жақтың бәрi күл-коқыс қалдықтары. Менiңше, оған көңiл бөлiп жатқан жағажай қожайындары көрiнбейдi. Оның үстiне қазiр де құтқарушы мамандары жетiспейдi екен. Бiз тiлдескен құтқарушылар “Осындай ұшан-теңiз су қоймасын бар-жоғы 40-50 шақты маман бақылауда ұстай алмайды” деген ойын айтты. Небәрi 25-30 мың теңге жалақы төлейтiн қатерлi әрi қауiптi жұмысты құтқарушылардың да iстегiсi келмейтiнi сондықтан. Егер қаражат мәселесi қарастырылып, қосымша құтқарушылар бөлiнбесе, қайғылы оқиғалар қатары арта берерi сөзсiз.
Ал, Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментiнiң судан құтқару қызметiнiң мәлiметi бойынша, облыстың өзен-көлдерiнде биылғы жыл басынан берi 35 адам суға батып кетсе, оның 21-iнiң өлiмi суға шомылу науқаны басталған алғашқы айда-ақ орын алған. Әсiресе, адамдарды шамадан тыс жалмап жатқан ошақ – Қапшағайда жыл басынан берi 14 адам өмiрiн қиса, айналасы 20 күннiң iшiнде 7 демалушының ажалы судан келген. Сондай-ақ, Балқаш және Iле ауданында – 5, Талдықорған қаласында – 4 адам судан тұншықса, осы сынды деректер Қаратал, Көксу, Сарқан, Талғар аудандарында да тiркелiп үлгерген. Бiр қынжылтарлығы, Қапшағай көлiнде скутер қайығымен ары-берi ойқастап жүргендердiң өзi қарапайым сақтық шараларын сақтамайтын көрiнедi. Керек десеңiз, кейбiрiнiң арнайы бiлiмi, құжаты болмағаны былай тұрсын, суға шомылушылардың жанынан жылдамдықты асырып жүретiндiгi қарын аштырады.
Елiмiздiң туризм саласын жандандырудың жолын iздеген мамандар арнайы жәрмеңке ұйымдастырыпты. Бiрақ оған демалушылар қатыспаған. Себебi, отандық демалыс орындарының қызмет сапасының төмендiгi мен тазалығының жоқтығы адамдарды шетел асуына мәжбүрлеп отыр. Талдықорған қаласында өткен туристер жәрмеңкесiнде бас қосқан демалыс орталықтарының барлық өкiлдерi жекеменшiк инвестициялық жобаларымен қатар туристiк бағдарламаларын ұсынды. Алайда, кәсiпкерлер бұл жоспарларының орындалуы үшiн мемлекет тарапынан көмек күтетiндiктерiн жасырмайды. Мәселен, Қапшағай қаласының “ОАЗИС” демалыс орталығының директоры Любовь Рудяк: “Мемлекет шағын және орта бизнеске үлесiн қоспайды. Бұл iшкi туризмнiң дамуымен қатар оны насихаттауда қатысты сезiледi. Мысалға, өзiмiздiң Қапшағай жағалауын алатын болсақ, осы жерде 1986 жылдардан берi жұмыс iстеп келемiн, бiрақ ешқандай үрдiс те, өзгерiс те байқалмайды. Бiз құлдырап бара жатырмыз” деп мәселенiң мән-жайын ашып салған. Бұл салаға тiкелей жауап беретiн Туризм және спорт министрлiгi бұл жағдайларға қанық болса да, жасап жатқаны шамалы. Туризм және спорт министрiнiң орынбасары Қайырбек Өскенбаев бар болғаны: “Бiз бағаның құрылуына әсер ете алмаймыз. Мемлекет баламалы түрде арзандатып орын беруге мiндеттелу керек. Сондықтан бiз, бiрiншi кезекте Бiлiм және ғылым министрлiгiмен тығыз байланыстамыз” деп бiржақты пiкiр айтумен шектелдi.
Қалай десек те, осы сала мамандары ел туризiмiнiң өркендеуi үшiн кәсiби мамандар қажет екенiн мойындайды. Яғни, тек мамандырылған кадрлар болғанда ғана саяхат аумағын жасауға негiз бола алады. Жоғары оқу орындарындағы туризм кафедрасының оқытушылары да: “Бұл саланы жаңа жолға қою кадр мәселесiмен тығыз байланысты. Және ол бәрiне мәлiм. Онсыз соны қадамдар жасау әсте мүмкiн еместiгiн” алға тартып-ақ келедi. Әрине, естiр құлақ, көрер көз болса.
Қазақстанда туризмдi дамыту үшiн 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама қабылданғаны белгiлi. Тiптi, бұл құжатқа сәйкес үздiк жобалардың iске асырылуы қарастырылған. Неге екенi белгiсiз, демалыс аймақтарында халықаралық талаптарға сай құрылыс жұмыстарының жүзеге асып жатқандығы әзiрге байқалмайды. Баяғы жайбасарлық пен бейқамдық, самарқау әдет бұл саланың да айналасынан алыстап кете алмай жүргендiгi осыдан-ақ аңғарылса керек.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ