Ерлан САИРОВ: ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТI — ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТIНIҢ ӨЗЕГI БОЛУЫ КЕРЕК

Ерлан САИРОВ: ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТI — ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТIНIҢ ӨЗЕГI БОЛУЫ КЕРЕК

Ерлан САИРОВ: ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТI — ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТIНIҢ ӨЗЕГI БОЛУЫ КЕРЕК
ашық дереккөзі
238

Газетiмiздiң жуырдағы сандарының бiрiнде Алматыда, “Алатау” шипажайында “Тарихи мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы ролi” атты конференция өткендiгi туралы жазған едiк. Конференцияға Ресейден “Өркениеттер диалогы” форумының өкiлдерi, алыс-жақын шет елдерден мамандар қатысып, “Мәдени мұра” бағдарламасы төңiрегiнде қызу пiкiр-талас жүргiзген. Келелi мәселелердi қозғаған кеңес жайында аталмыш конференцияны ұйымдастырушылардың бiрi, Мәдени саясат және өнертану институтының директоры Ерлан Саировқа бiрер сауал қойған едiк.

— Ерлан аға, “Тарихи мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы ролi” атты конференция аяқталды. Конференцияның “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында өткiзiлгенiн де бiлемiз. Конференция өзiнiң көздеген мақсатынан шықты деп ойлайсыз ба?

— Бiрiншiден, бұл iс-шара Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң стратегиялық басымдылықтарына сәйкес өткiзiлгендiгiн атап өткен жөн. Ендi мәселенiң түйiнiне келетiн болсақ, «Мәдениет» деген ұғымның өзiн түсiне алмай жүрмiз. Кеңестiк идеологиядан қалған кейбiр ұғымдардың салдарынан мәдениет деген — музей, кiтапхана, театр болып ғана қалды. Ал шын мәнiнде Мәдениет деген – бүкiл елдiң саяси жүйесiн, әлеуметтiк-саяси институттарды қалыптастыратын құндылықтар. Белгiлi бiр елдiң экономикасы, сол елдiң қаржысы деп айта аламыз ба? Сол елдiң мәдениетi деймiз ғой. Ежелгi Египеттiң әскерi деп айтпайды ғой, ежелгi Египеттiң мәдениетi деп айтамыз. Римнiң философиясы демеймiз, тiптi сол елдiң философиясы мықты дамыса да, Римнiң мәдениетi деймiз. Сонымен бiрге тағы атап өтетiн жайт, Қазақстандағы Қазақстанның емес, қазақтың мәдениетi екендiгi бүгiн аксиома болуы қажет. Бұл бiздiң елдiң ең негiзгi идеологиясы болуы керек. Қазақстанның мәдениетi — қазақтың мәдениетi. Қазақтың мәдениетi — Қазақстанның мәдениетiнiң өзегi болуы керек. Басқа мәдениеттер қазақтың мәдениетiнiң айналасына топтасуы керек. Ол өте үлкен проблема және басқа әңгiменiң арқауы болары сөзсiз. Бiз осы конференцияны өткiзбес бұрын “Түрiк әлемiнiң өркениеттер диалогындағы ролi” деген симпозиум өткiздiк. Осы екi iс-шараны бiр-бiрiнен бөлiп-жарып қарауға болмайды. Оның негiзгi себебi — бүгiн әлем мәдени-гуманитарлық, қоғамдық-экономикалық салада алапат өзгерiстердiң алдында тұр.

Қазiргi таңда бiз өткерiп отырған дағдарыстар адамзат тарихында 500 жылда бiр кездесетiн құбылыс. Осы дағдарыстан кейiн бiзге табиғаты мүлдемге белгiсiз геосаяси, геогуманитарлық құбылыстар болуы ықтимал. Мысалы үшiн көршi Қытай мен Үндiстан басқа мемлекеттерден бос жатқан жерлердi сатып алу мемлекеттiк бағдарламаларын қабылдаған. Бұл бағдарлама бойынша сатып алынатын жерлер болып Африка елдерi, Австралия материгi белгiленген. Бiрақ осы геосаяси бағдарламалардың қай жаққа емеурiн тартып отырғандығы бес саусақтай белгiлi болып тұрғандығы бiзге айқын. Мен БРИК ұғымы жөнiнде осыдан бiрнеше жыл бұрын айтқанмын. Ендi сол шындыққа айналып отыр. БРИК дегенiмiз – Бразилия, Ресей, Үндiстан, Қытай дегендi бiлдiретiн аббревиатура. Жиырма бiрiншi ғасырда осы елдер дүниежүзiнiң лидерi болады деген геосаяси теориялар көптеп шығып жатыр.

Кеше ғана Екатеринбургта осы елдер өздерiнiң амбициясын бiлдiрiп, ортақ декларация қабылдады. Бұл дүниежүзi геосаяси, геомәдени процестерiнде жаңа процестерге алып келетiн өзгерiстер жақын тұр деген сөз. Наполеон көреген геосаяси ойыншы болған, сол кiсi “Қытай бүгiн ұйықтап жатқан айдаһар, оны ешқашан оятуға болмайды” деп өсиет айтып кеткен. Бүгiн сол айдаһар жәй ғана оянған жоқ, дүниежүзiндегi жалғыз гегемонға айналуға дайындалып жатыр. Оның ар жағында бiзге табиғаты мүлдемге белгiсiз алыс та жақын Үндiстан тұр. Осындай кезеңде бiзге түркi әлемiне иек артып, жалпытүркiлiк бiрлiктi насихаттап қана қоймай, нақты iс-қимыл жасау қажет. Бiздiң бiрiншi симпозиум осыған бағытталған болатын. Ең бiрiншi қадамдар гуманитарлық салада ортақтүркiлiк құндылықтарды жию. Сол үшiн “түркi әлемi мәдениетiнiң 100 қайраткерi” атты жобаны бастадық. Ондағы негiзгi мақсат түркiлердiң мәдениетiнiң өткенi бiр екендiгiн насихаттау. Келесi қадам айналамызға қарап бiздiң келесi одақтасымыз кiм екендiгiн анықтап алу. Қазақта “қарақытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрiнер” деген мақал бар. Бұл мақалдың табиғаты бiздiң халық қытайдан келетiн қауiптi бұрыннан берi, терең саналық тұрғыда сезiнген және рефлексiлiк тұрғыда соған дайындалған. Өйткенi бiз қанша орысша сөйлегенiмiзбен бiздiң бет-әлпетiмiз орыстардан бiздi айырып тұрады. Ал ендi бiр сәтке бiздiң қытайша сөлегенiмiздi көзiңiзге елестетiңiзшi… Мiне, мәселе осында. Сондықтан бiз түркiлiк-славяндық қауымдастыққа талпынуымыз керек. “Ескi жау соғысқанға жақсы” дейдi. Бiз орысты әбден зерттеп алған халықпыз, олардың осал жерлерiн, жақсы қасиеттерiн жiтi бiлемiз. Ал бұған барлық алғышарттар бар. Өйткенi, бүгiнгi Ресейдiң элитасы тек қана тең дәрежедегi диалог керек екендiгiн түсiнедi. Бұған тарихи алғышарттар да бар.

Мен сiзге айтайын Киев русiнде мемлекеттiк тiл — орыс тiлi болмаған. Киев русiнде ескi орыс тiлi мен ескi түркi тiлi болған. Ежелгi русь князьдерiнiң барлығының әйелдерi қыпшақтардан болғаннан ғана емес, мәдени, сауда-саттық байланыстар жүйелi түрде болған. Бүкiл Киевтiң базарларында бiздiң тауарлар сатылған. Терең гуманитарлық-рухани алыс-берiс болған, оны Олжас Сүлейменов те растап отыр.

— Әйелдерi қыпшақтардан болған соң олардың тiлдерi де таза орыс тiлiнде болмады дейсiз ғой.

— Бүкiл Киев русiнде түркiлер мен славяндар жиi араласып-құраласқан. Бiздiң тарихи жадымыз кетiп қалған ғой. Қазiр бiз “орыстар сөйттi, бүйттi” деймiз. Коммунистер тек қазақтарды ғана емес, орыстарды да тарихынан айырған. Он сегiзiншi ғасырға дейiн Москвада Ресейдiң дипломатиялық тiлi — татар тiлi болғандығын бүгiн орыс ғалымдарының өздерi мойындап отыр. Ол татар тiлi емес, шағатай тiлi болуы ықтимал. Шағатай тiлi — бүкiл түркiлердiң жалпы тiлi.

— Бiрақ, сол Ресей бiздiң осындай мәдениетiмiздi мойындай ма? Мойындаса қаншалықты?

— Бұл жөнiнде бiз кешендi жұмыс iстеуiмiз қажет. Өткенде “Александр Невский” туралы кино көрдiм. Мен тарихқа да зейiн қоямын. Александар Невский он бiр жыл князь болған адам. Соның бес жылын Сарайда өткiзсе, екi жылын Қарақұрымда өткiзген. Александр Невскийдiң князь болғаны Бату ханның шешесiнiң арқасы. Ол кiсi князьдi ұлындай жақсы көрген. Невскийдiң әкесiн өлтiрiп отырып, Александрды князь сайлаған. Ол Сартақтың өкiл ағасы болған. Сонымен бiрге бүкiл Ресейде яссыкты осы Александр жинаған, бұл оған деген сенiмнiң шексiз болғандығын көрсетедi. Негiзiнде Алтын Орда дiнге, тiлге, мәдениетке өте толерантты мемлекет болған. Сiз Алтын Орданың құрамында болған кезде орыс тiлiнiң проблемасын бiлесiз бе? Жоқ. Дiнге қысымшылық болған фактiлер бар ма? Жоқ. Өйткенi ол кезде Алтын Орда тарапынан үлкен толеранттылық болған. Гуманитарлық қысым жасалған кезде бүгiнгi Ресейдiң дiнi де, тiлi де басқаша болар ма едi, кiм бiлсiн. Көрдiңiз бе?! Демек мұның бәрi диалог жасауға негiз болатын дүниелер. Бiз осы мәселелер бойынша Ресей жағымен жүйелi түрде жұмыс iстеуiмiз қажет. Мысалы, аяққы кездерi, 28-панфиловшылар туралы да бiраз әңгiмелер туындап жатыр. Олар: “28-панфиловшылар болмаған” дегендi айтады. Ал, сол 28 жауынгердiң Алматыда дайындалғанын бәрiмiз бiлемiз. Тiптi, сол 28-дiң жартысы қазақтардан құралған.

Олар Москваны қорғаған. Ал, бүгiн Ресейдiң кейбiр ақпарат құралдары: “Москваны 28-панфиловшылар емес, сiбiрлiктер қорғаған” дегендi айтады. Менiң әкем 15-тен асқан кезiнде соғысқа аттаныпты. 16-дан асқанында елге жараланып қайтыпты. Екiншi топтағы мүгедек атанды. Менiң әкем былтыр қайтыс болды. Сол 28-панфиловшылар туралы фильмдi көрген кезде әкем есiме түседi. Олар не үшiн соғысты?! Не үшiн жанын қиды?! Мiне, мұның бәрi үлкен проблема емес пе? Ресейде қазiр тарихты бұрмалау жөнiнде комиссия құрды. Сол комиссияға кiрiп, бiз өзiмiздiң ұлттық мүддемiздi қорғап шығуымыз қажет. Жоғары пилотаж деген ит сияқты үйге кiрмей үрiп отыру емес, керiсiнше үйге кiрiп өз мәселеңдi шешiп шығу. Бiз осының бәрiн шешiп шықсақ, бiздiң миссиямызды ақтап аламыз. Бiздiң конференцияны өткiзiп отырғандағы мақсатымыз осы.

— Жалпы, конференцияға тек “Өркениеттер диалогы” форумының өкiлдерi ғана емес, Швейцариядан, Италиядан, Австриядан, Үндiстаннан да, Румыниядан да, Чехиядан да өкiлдер келген жоқ па?

— Бiз бұл конференцияны “Өркениеттер диалогы” атты халықаралық ұйыммен бiрiгiп өткiздiк. Соның өзiнде осы ұйымға “бiздiң негiзгi мақсат “Мәдени Мұраны” халықаралық дәрежеде насихаттау, бұл бiздiң мүддемiз, егер келiспесеңiздер бiрiгiп өткiзбеймiз” деп шарт қойдық. Олар бiзбен толық қана келiсiп қойған жоқ Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегiн өте жоғары бағалайтындықтарын, Елбасының жұмысын насихаттауға өздерiнiң қолғабысын тигiзсе қуанышты болатындықтарын жеткiздi. Сондықтан шет ел өкiлдерiне бiрiгiп “Мәдени мұра” жөнiнде хат жаздық. Оларға “Мәдени мұра” бағдарламасы туралы толық ақпаратты беруге тырыстық. Бұл бағдарламаның осындай мақсаты, мүддесi бар, соны талқылаймыз дедiк. Сонда Қытай, Үндiстан, Швейцариядан хат келiптi. Олар: “Бұл өте жақсы бағдарлама екен. Бiз келемiз” деген екен. Көрдiңiз бе, бiздiң Елбасының iстеп отырған әрбiр қадамы халықаралық дәрежеде үлкен резонанс тудырып жатыр. Олар маған соны жазды. Конференцияға көптеген елдерден адамдар келдi. Олардың бәрi: “бағдарламаларыңыздың iске асу процесi керемет екен, бiз де сөйтемiз” деп кеттi. Бұл Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың инициативасымен өмiрге келген “Мәдени Мұра” ұлттық бағдарламасының халықаралық дәрежеге шығып қана қоймай, Еуразия аумағындағы жаңашыл-инновациялық бағдарламаға айналғандығын көрсетiп отыр.

— Конференцияға қатысқан өкiлдердiң қазақ мәдениетiнен хабары бар ма екен? Жалпы, қазақтың мәдениетiн, қазақтың мәдени тарихын бiле ме?

— Үндiстаннан келген өкiлге айттым. Кезiнде “Дели сұлтанаты” болған. Дели сұлтанатының басшысы тiкелей Бабыр сұлтанның ұрпақтары. Москва Жошы Ұлысының аймағы болған. Оның да басшылары — бiздiң түркiлер. Бұлар бiздiң түбiмiздiң бiр екенiн сезедi. Бiздiң болашағымыздың бiр болатынына сенiммен қарайды. Үндiстанның кезiндегi негiзгi элитасы — олар түркiлер. Олар бес ғасыр кәдiмгiше билеп-төстеген. Москва болса, Шыңғысханның үшiншi империясы ретiнде құрылған. Бұл туралы Москваның князьдерiнiң де хаттары бар. Бiзде осындай жылы қарым-қатынас болған. Соны ары қарай дамытуымыз керек. Осының өзегi бiздiң болашағымыздың негiзi болады. Осындай фактiлер Қазақстанды өркениеттер диалогының орталығына айналдыруы ықтимал. Екiнiң бiрi Еуразияның географиялық орталығы Қазақстанда, нақтырақ айтсақ Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласының маңында орналасқандығын бiле бермейдi. Бұл бiзге Құдайдың берген артықшылығы, осыны бiз дұрыс пайдалануымыз қажет.

Мәдениеттiң жоғарғы дәрежесi басқа мәдениетке өз мәдениетiңдi күшпен таңу емес, керiсiнше сол мәдениетке түсiнiктi тiлге аударып беру. Бiздiң негiзгi миссия осында, қазақ мәдениетiн Еуразия кiндiгiнiң өзегi ретiнде басқа халық ұлт мәдениеттерiне аударып беру.

Қазақта тiгiн тiгу, тоқыма тоқу үлкен сакральды мағынаға ие. Бiздiң халық киiмдi тоқиды, жүн иiредi, киiз жасайды. Яғни “тоқу” “тiгiн тiгу” деген ұғымдар терең философиялық-рухани мағынаға ие. Бұл қазақтың қарым-қатынасқа өте терең қарайтындығының, жанындағы адамдарға жанашырлықпен қарайтындығының табиғатының негiзi. Кезiнде сталиндiк зұлматтың нәтижесiнде елiмiзге шешендер, немiстер айдалып келгенде ең бiрiншi болып көмек қолын созғандар қазақ болды. Табиғаты, мiнез-құлқы мүлдем бөлек шешендермен ортақ тiл тауып қана қоймай, олардың бойында мейiрiмдiлiк, адамгершiлiк қасиеттерiн дарытуға тырысты.

Сонымен бiрге, бiздiң халық цивилизациялар мен халықтарды да бiр-бiрiне жақындастырып, “тоқуға”, жақсы қарым-қатынасқа “тiгуге” қабiлеттi. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен өтетiн Әлемдiк және дәстүрлi дiндер съезiнiң өтуi, Қазақстандағы Қазақстан халқы ассамблеясы осының айғағы болып табылады.

Осы бiздiң халықаралық дәрежедегi Қазақстанның гуманитарлық бет-бейнесiнiң негiзi бола алады.

— Мұрат Әуезов өткенде конференцияға байланысты өткiзiлген баспасөз-мәслихатында: “Ресейде де бiздiң көптеген мәдени жауһарларымыз бар” дегендi айтып едi. Сол мәдени жауһарларымызды келешекте қайтарып алуға мүмкiндiгiмiз бар ма?

— Қазақтың мәдени тарихының елу пайызға жуығы әртүрлi себептермен Ресейде шоғырланған. Бiз оларды қайтарудың жаңа әдiс-тәсiлдерiн тауып отырмыз. Менiң досым, әрiптесiм Берiк Әбдiғалиев екеумiз Кунсткамерамен бiрiгiп отырып Қазақстанда әлi шықпаған 250 ғылыми құндылығы өте жоғары фотодеректердi алып келiп қазақ-орыс-ағылшын тiлдерiнде шығардық. Бүгiн бүкiл Еуропадан қызығушылар телефон шалып кiтапты сұратып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң тiкелей қолдауымен басқа да деректердi жинап жатырмыз, Алла Тағала қолдаса жақын арада шығып қалар.

— “Мәдениет деген ұғымды нақты түсiне алмай жүрмiз” деген едiңiз. Қазақтың мәдениетiн қалыптастыратын қазақтың саяси элитасы емес пе? Бiздiң мәдениетiмiздi кiмдер қалыптастырады деп ойлайсыз?

— Гуманитарлық-рухани элита.Қазақ бiз аз халықпыз. ХХ ғасырда қазақта алып бестiк болды – Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсiрепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан сияқты адамдар қазақтың кiм екендiгiн көрсеттi. Бұлар қазақтың мәдениетiн дамытуға, басқа елдерге бiздiң төл мәдениеттi таныстыруға, қазақты тануға үлкен еңбек сiңiрдi, өшпес iз қалдырды. Одан ары баратын болсақ, Абай, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрiм аталарымыз қазақтың мәдениетiн модернизациялауға өшпес еңбек сiңiрдi. Оларды бүгiнгi ұрпақ үлгi тұтады, соларға елiктейдi. Ал бүгiнгi таңда жағдай қалай? Жиырма жыл болады егемен болғанымызға. Осы жылдар iшiнде елге уағыз айта бiлетiн, басқа елдерге қазақ халқының мәдениетiн бiлдiре алатын кiмдердiң атын атап бере аласыз? Фетхуллах Гулен, Архон Памук немесе орыстың Бахтин, Лихачевi тәрiздi азаматтарды тәрбиелей алдық па? Бiздiң ұлттың негiзгi проблемасы “атың шықпаса жер өрте” демекшi, бiр нәрсе болса Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа қарсы шығып ұпай жинағысы келедi. Бiздiң оппозицияның да ұсақталып кеткендiгi ұлт, халық жөнiнде келелi ой айтқанның орнына Елбасына барлық пәленi үйiп-төгедi. Ал халық ақымақ емес қой, Елбасының төккен терi мен ерiк-жiгерiн көрiп отыр ғой. Бүгiнгi бiздiң негiзгi проблема Елбасының ерен еңбегiн халыққа жеткiзетiн, халықаралық дәрежеде уағыздайтын тұлғалар жоқ. Дүниежүзiнде ағымдағы саясатқа араласпайтын, бiрақ гуманитарлық-мәдени салада ұлттың мүддесiн қорғайтын тұлғалар бар. Солар әр-бiр ұлттың бет-әлпетiн құрайды. Қазiр Ерлан Карин, Талғат Ешен, Жанна Құрманғалиева, Арман Қырықбаев, Айдос Сарым, Берiк Әбдiғалиев тәрiздi қыз-жiгiттер бар. Айдос университет түгiлi, мектептi сырттай бiтiрген жiгiт. Сонымен бiрге ол өзiнiң таланты, еңбекқорлығының арқасында ол Ресей емес, дүниежүзiнiң кез келген бiлiктi қайраткерлерiмiн тең дәрежеде сөйлесiп қана қоймай, Архон Памуктың интеллектуалдық деңгейiне шыға алатын жiгiт. “Бұлақ көрсең көзiн аш” дейдi қазақ, осындай азаматтарды гуманитарлық -рухани тұлға дәрежесiне көтеру керек.

— Мүмкiн, бiзге қазақтың мәдени элитасын қалыптастыратын мектеп қажет шығар…

— Әрине, мектеп қажет, бұл жерде мәселе ағымдағы немесе стратегиялық саясатқа мүлдемге араласпай, бiрақ халықаралық дәрежеде гуманитарлық-рухани мәселелер бойынша пiкiрталасқа түсе алатын, қазақ ұлтының философиялық, мәдени-тарихи ойлау дәрежесiн әлемдiк деңгейге жеткiзетiн тұлғаларды тәрбиелеу жөнiнде болып отыр. Ол үшiн арнайы мемлекеттiк стипендия мен гранттар тағайындау да артық емес. Мысалы, Айдос Сарым бүгiн ойлау жүйесi, ғылыми деңгейi бойынша халықаралық дәрежеге келiп қалды. Ендi мемлекет оған арнайы стипендия қойып, оның ғылыми жұмыспен айналысып, басқа да өзi тәрiздi шет ел адамдарымен аралас-құралас болуы үшiн жағдай жасауы қажет. Конференциялар жасап, диалог ұйымдастыруымыз керек. Өйткенi, конференция дегенiмiз – мереке емес, ол диалог. Ол жерде ұлттың идеясы айтылады, табиғи бет-әлпетi ашылып, мәдениетi насихатталады. Кезiнде Мұхтар Әуезовтi Алаш тәрбиеледi ғой. Ол Алаштың ең кенжесi, еркесi болды, Әуезов “Қилы заманды” жазған кезде Алаш оған арнайы тапсырма берген. Ал ендi кейiн зұлмат басталып, 37-шi жыл келгенде, Әуезовке “бiзге жолама” деген, көрдiң бе?

— Өзiңдi сақта дегенi ғой, онда…

— Өзiңдi жоғалтпа деген. Бұл бiзге үлгi болуы қажет. Әбдiғалиев Берiк те өте интеллектуал. Егер онымен сөйлессең, сен басқа адам болып шығуың мүмкiн. Олжас Сүлейменовтi кiнәлайтындар көп. Олжас Сүлейменов планетарлық деңгейде қазақты танытып жүрген адам.

Сол Алаштың қазақтың әрбiр баласына жанашырлықпен қарап, талантын ашуға еңбек етуi бүгiн бiзге үлгi болып қана қоймай, әрбiр иiсi қазаққа басым бағдарлама болуы қажет.

Қазiр қазақтың саны елiмiзде басымдылыққа айналды, ендi қазақтың сапалық дәрежесiне еңбек ететiн уақыт жеттi. Диалектикада санның сапаға айналуы жөнiндегi заң бар. Сондықтан бiз қазақтың санын сапаға айналдыруымыз қажет. Оны iс-жүзiне асырудың бiр жолы халықаралық дәрежеде гуманитарлық салада бәсекелестiкке түсе алатын тұлғалар тәрбиелеу. Өйткенi, бүгiнгi өзгерiстер өте шапшаң жүрiп жатқан, сол өзгерiстердiң табиғатының өзi өзгерiп жатқан қым-қиғаштары, шұғыл бұрылыстары көп заманда ұлттың даму индикаторы — интелектуалдық қабiлетi терең тұлғаларды тәрбиелеу.

— Бiрақ, ол кiсiнiң мемлекеттiк тiлге қатысты кейбiр пiкiрлерi көптiң көңiлiнен шыға қойған жоқ..

— Сiз Олжас жөнiнде айтып отырсыз ғой? Ол кiсi қазақшаны бiзден жақсы сөйлейдi. Бiрақ, кейбiр кемшiлiгi болса, кешiруiмiз керек. Ол — қазақ қой. Ол көп жыл бойы сыртта жүр. Сол сыртта жүрiп, қазақтың мүддесiн көтерiп жүрген жоқ па? 70-шi жылы коммунистiк партияның “қылышынан қаны тамып тұрған кезде” “Аз и Яны” сiз жаза алар ма едiңiз? Мен де жаза алмайтын едiм, ал ол жазды ғой. Сөйткен тiрi аңыз адам Олжас Сүлейменовтi ренжiтемiз.

ХХ ғасырда қазақтан Лихачевтан артық болмаса да кем болмаған Әлкей Марғұлан қалай пайда болды? Оларға сондай жүйе жасалды. Бүгiн бiз осындай жүйе жасамасақ, ертең қазақтың кiм екенi белгiсiз болып қалады. Өйткенi ұлт дегенiмiз, ең бiрiншi мәдени-рухани тұлғалар.

Бүгiнгi таңда “Нұр Отан” партиясының гуманитарлық-рухани мәселелерге тың көңiл аударып отырғандығы өте қуантады. Бұл партия монологтың партиясынан диалогтың партиясына айналды. Бұл сапалық өзгерiс. Мүмкiн мен айтқан ойлар осы партияның бiр басымдылығына айналар. “Жас келсе iске” демекшi жас буынның келуiмен билiк партиясы қалай өзгергендiгiн барлығымыз көрiп отырмыз.

— Сонда қазақты қалай тәрбиелеуiмiз керек?

— Бұл терең сұрақ. Бiрiншiден, қазақ — қазақ болуы керек.

Бүгiнгi таңда сапалы қазақ болу дегенiмiз — мемлекеттiк, қоғамдық мүдде дәрежесiнде ойлау. Өкiнiшке орай бiздiң кейбiр аға буын өкiлдерi мемлекеттiк мүдде мен жеке мүдденiң ара жiгiн айыра алмай, шатыстырып алған. Бiз Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың “Мәдени Мұра” бағдарламасын халықаралық, дүниежүзiлiк деңгейге шығарамыз деп жүрсек, кейбiр азаматтар өздерiнiң ешкiм түсiнбейтiн жеке мүдделерiн бұра тартып, бiраз тiршiлiк жасады. Бiрақ сол қу тiршiлiктен конференция кезiнде аспан төңкерiлiп жерге түскен жоқ, Саиров ергежейлi болып қалған жоқ. Шетел қонақтары зар еңiреп жылаған жоқ. Мәселе мынада, бiзде мемлекеттiк мүдде, қайдағы бiр топтық мүдде құндылықтарымен айырбасталып кеткен.

Қазақтың саяси мәдениетiнде “бұра тарту” деген ұғым бар. Оның негiзгi мәнi ортақ мүддеге өзiнiң жеке мүддесiн сәйкес келтiре алмай әлек болу.

Мемлекеттiк ойлау дегенiмiз – кiм ұнайды, кiм ұнамайды оған қарамай белгiлi бiр жағдайда мемлекеттiк мүдде айналасында топтаса бiлу. Бұл да мәдениеттiң бiр түрi. Сонда бұлар мемлекеттiк мүдденiң не екендiгiн түсiнбесе қиын жағдай, ал егер түсiне тұрып бұра тартса, онда Елбасына қиын-қыстау кезде аяғынан шалу, бұл басқа мәселе. Бұл кiсiлерге тарих өзiнiң бағасын бере жатар.

Жастарымызды қазақ мәдениетi негiзiнде тәрбиелеуiмiз қажет. Ал бүгiн не болып жатыр. Теледидарды қосып қалсаңыз, бiздiң балаларымыз Наруто мен Спанч Бобты көредi. Басқасын қоссаңыз, рок-н-ролды көредi. Барлық жағынан қазақтар жеңiлiп, шегiнiп бара жатырмыз. Ол үшiн қазақтың мультфильмдерiн жасауымыз керек. Соны барлық арналардан беруiмiз керек. Егер бiз Нарутоға бәсекелес бола алатын дүние жасай алмасақ, онда соны қазақшалап берейiк. Оны бала өзiнiң ана тiлiнде көрсiн. Қытай да сөйттi. Ол мультфильмдердi қытай тiлiне аудартып, қытайша ұсынды. Өйткенi, оны көрмей тұра алмайтынын түсiнген соң, сондай қадамға барды. Бiз де соны ойлауымыз қажет. Сонымен бiрге Алпамыс, Ер Тарғын, Қобыландыны неге көрсетпеске?! Соларды неге шығармасқа? Солар үшiн қаржыны аяймыз ба? Кешендi түрде бағдарламалар қажет. Мысалы, көршi Ресейде балалар каналы (теленяня), балалар радиосы бар. Оны қаржыландырып отырған мемлекет емес, Газпром. Бiзге неге бизнес алпауыттарымен бiрiгiп осындай арналар жасамасқа. Мемлекетке барлық жүктi асып, қол қусырып отыра беруге болмайды. Неге осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрып, КазМұнайГаз, Қазақмыс. Еуразия тобына шықпасқа. Олар да адам ғой, елiмiздiң патриоты болса қол ұштарын бередi ғой. Менiң таң қалатыным кейбiр қандастарымыз өзiнiң мәдениетiнен жиiркене бастаған тәрiздi. Мәселен, домбыраны алыңызшы. Керемет қой. Маған гитара керек емес. Домбыра қажет. Соның қасиетiн ұғуымыз керек. Сонда қазақтың мәдениетi жоғары болады. Мәселен, Еуровидениеде бiрде-бiр қазақ жоқ. Неге сол жерге барып, қазақ ән айтпайды. Евровидениеге қазақты тәрбиелеу, ол да нысаналы бағдарлама болуы қажет. Соның барлығына көңiл аударуымыз керек. Бiрiншi орын алмай-ақ қойсын, сол жердi көрудiң өзi қандай ғанибет. Сол арқылы өзiмiздiң мәдени деңгейiмiздi көтерер едiк.

— Соңғы бiр жылдың iшiнде Институт бiраз жұмыс атқарды. Қазақтың мәдениетiн өзектендiре алды, геомәдени, гуманитарлық мәселелердi қоғамдық пiкiр дәрежесiне шығарды деген ойымыз бар.

— Менiң Институтқа келгенiме бiр жыл толды. Маған сенiм артып, осы Институтты басқаруға жiберген Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедке өзiмнiң алғысымды бiлдiргiм келедi. Менiң атам әрқашан “үй артында кiсi бар” деп отырушы едi. Шынымды айтсам, сол сөздiң мәнiн жаңа түсiнгендеймiн, Министрлiк жұмыс iстеуге барлық мүмкiншiлiк жасап, бағыт-бағдар берiп отырды. Осы жылдағы Институттың жұмысының әдiстемелiк-тәсiлдiк бағыт-бағдарын Мәдениет және ақпарат министрлiгi, Мәдениет комитетi берiп отырды. Сондықтан кешендi жұмыстың нәтижесi министрлiктiң жұмысының табысы. Өйткенi бiздiң Институт Мәдениет және ақпарат Министрлiгiне тiкелей бағынышты және соның мәдениет саласындағы стратегиялық басымдылықтарын iс-жүзiне асырып отыратын мекеме.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары