ӘЛЕМДIК ЖАҢА ВАЛЮТА: ҚИЯЛ МА, ҚАЖЕТТIЛIК ПЕ?

ӘЛЕМДIК ЖАҢА ВАЛЮТА: ҚИЯЛ МА, ҚАЖЕТТIЛIК ПЕ?

ӘЛЕМДIК ЖАҢА ВАЛЮТА: ҚИЯЛ МА, ҚАЖЕТТIЛIК ПЕ?
ашық дереккөзі

Ұлттық қордағы қаражатты тиiмдi сақтауда бiр ғана елдiң, яғни, америкалық доллардың құнына тәуелдi болудан шаршаған кей мемлекет әлемдiк қаржылық жүйенiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге қауқарлы жаңа валюта енгiзуге ұсыныс жасауда. Әрине, мұндай бастаманы Ақ Үйдiң қуана құптамасы белгiлi.

ҚР Президентi Н.Назарбаевтың ЕурАзЭҚ шеңберiнде ортақ валюта енгiзу туралы көтерген бастамасын қырғыздар құптап отыр. Өткен аптада Астанадағы II Экономикалық форумда Қырғызстандағы Ұлттық Банк жетекшiсi Марат Алапаев “мұндай валюта ЕурАзЭҚ мүшелерiнiң қаржы жүйесiн бiрiктiруге ықпал етедi. Қауымдастық құрамындағы мемлекеттердiң барлығы, әсiресе, экономикасы орташа немесе онша дамымаған елдер сыртқы жағымсыз әсерлерден қорғануда ортақ валютаның күшiне сүйенуге мүдделi болады” деп мәлiмдей келе, қазақтардың ұсынысы айырқалпақтылар елiнде де жан-жақты талқыланатынын жеткiздi. Ал Ресей үстiмiздегi жылдың 2 сәуiрiне белгiленген “Үлкен жиырмалықтың” (G20) Лондондағы саммитiнде әлем көсемдерiнiң назарын жаңа резервтiк валютаны енгiзуге қатысты ұсынысына аудармақ. АҚШ долларына деген тәуелдiлiктен құтылу керек деген ұстанымдағы Кремль “жаңа валюта Жер шарын әлемдiк қаржылық дағдарыстан құтқармаса да, дүниежүзiлiк экономиканы қиын кезеңдерде тығырықтан алып шығуға қауқарлы” дейдi. Орыстардың бұл пiкiрiмен қытайлар да келiседi. Апта басында америкалық “көк қағазға” “байланып” қалғанына қынжылыс бiлдiрген Пекин қолындағы қорын доллармен қордалауға мәжбүр екендiгiн айтады. Мәскеудiң жаңа резервтiк валютаға байланысты айтқан ойын аспанасты елiнiң қуана құптауы да сондықтан. Апта басында Қытайдағы Халық банкiнiң басшысы Чжоу Сяочуань әлемдегi қаржылық жүйенiң тұрақтылығын қамтамасыз ету үшiн жаңа жалпыұлттық валюта құру керек деген ұран тастады. Долларға қатысты тәуелдiлiктен арылу мақсатында жаңа ортақ валюта қабылдау керек” деген пiкiрдi жақтайтындар арасында ҚР Бiрiншi Президентiнiң қоры жанынан құрылған Әлемдiк экономика және саясат институтының аға ғылыми қызметкерi Қанат Берентаев мырза да бар. Оның пiкiрiнше, долларға деген тәуелдiлiктi азайту үшiн ортақ валютаны қабылдау керек. Әлбетте, ортақ валюталық одақ құруға әлем құлшынып отыр десек, қателесемiз. Бiрақ экономистiң айтуынша, 2000-жылдардың басынан берi көтерiлiп келе жатқан ұлтаралық валютаға көшуге қатысты саяси шешiм қабылданған жағдайда, мәселе оңай жүзеге асырылмақ. Осы себептi, “аймақтық валюта көшкен жағдайда, алтын-валюта қорын доллармен сақтауға ешқандай негiз жоқ. Ұзақмерзiмдiк жобаларға ден қойған Қытай қазiр өз экономикасын инвестициялауға, шет елдердегi компаниялардың активтерiн сатып алу арқылы доллардан бiртiндеп құтылуға тырысуда. Ал бiз керiсiнше, төлемдiк тепе-теңдiктiң, шикiзаттық саладағылардың мүддесiн көздегендiктен, халықтың әлеуметтiк ахуалы төмендегенiне және экономикамыздың әлсiрегенiне қарамастан, алтын-валюталық қорымызды сақтап қалуға күш салып жатырмыз. Менiңше, саяси шешiм қабылдаудың арқасында жаңа аймақтық валютаны енгiзу арқылы бiз өте үлкен көлемдегi долларды қажет етпес едiк. Девальвацияның орнына, алтын-валюта қорын бұрынғы бағамды сақтауға жұмсау керек едi. Сонда импорттық тауарлар салыстырмалы түрде әлдеқайда арзанға түсетiнi анық. Бiзде азық-түлiк өнiмдерi мен кейбiр күнделiктi тұтынатын тауарлардан басқа заттардың барлығын дерлiк сырттан тасымалдайтындықтан, девальвациядан кейiнгi баға 1 жарым есеге өстi. Яғни, экономиканы жаңғырту тым қымбатқа түсуде. Әлемдiк деңгейдегi валютаны қабылдаған жағдайда Халықаралық валюталық қордың ережесiне өзгерiстер енгiзу, есеп базасын қайта қарау қажет. Ал валютаның құнын күн сайын өзгерiп отыратын биржадағы баға анықтайды. Пекин аталған валюта ретiнде SDR (special drawing rights) – Халықаралық Қаржы Қоры шеңберiндегi есептiк ақша бiрлiктерiн қолдануды ұсынады. Банк есепшоттарында жазбаша түрде сақталатын SDR әзiр банкнот күйiнде шығарылған жоқ. Сондай-ақ ол не несиелiк мiндеттеме, не валюта емес. Қолдану аясы тар және негiзiнен резервтi толықтыру, Қордың несиесiне қатысты есептерi мен есептiк төлемдердiң қалдығы ретiнде пайдаланылады. SDR бағамы тәулiк сайын дүниежүзiндегi төрт жетекшi валюта – АҚШ доллары, еуро, иен мен фунт стерлингтiң бағамы бойынша анықталып отырады. Еуро енгiзiлгенге дейiн SDR құны бес валюта бойынша – АҚШ доллары, немiстiң маркасы, француздардың франкi, иен мен фунт стерлинг арқылы айқындалатын. Қазiргi таңда сарапшыларды толғандырған басты мәселе – халықаралық нарықта есептесудiң АҚШ долларынан басқа да жолдарын қарастыру. Ресей жағы дүниежүзiн тез арада аймақтық резервтiк валютаны қалыптастырудың механизмдерiн түзу мәселесiн талқыға салуға шақырады. Кремль Оңтүстiк Корея мен ЮАР, Үндiстан мен Қытай бұл мәселеге қырын қарамайтынын көлденең тартады. Негiзi бiр ғана елдiң (АҚШ-тың) валютасына байланып қалмаудың жолдарын қарастыру туралы бастама бұған дейiн де бiрнеше рет көтерiлгенмен, соңы ешқандай нәтижесiз аяқталған болатын. Мысалы, 1969 жылы Халықаралық Қаржы Қоры қордың есептiк бiрлiктерi ретiнде қолданып келе жатқан SDR құрды. Аспанасты елiнiң қаржылық дағдарыс әлемдi алқымнан алғанда, қаржылық түйiндердi шешiп берсiн деп Қор бiрлiгiне үмiт артуы халықаралық нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етсе деген ниетке қатысты. Ал Халықаралық Қаржы Қоры ортақ валютаның рөлiн атқаратын құнды қағаздарды ойлап табуға мүдделi. Бiрiккен Ұлттар ұйымының Комиссиясы халықаралық қаржылық жүйенi реттеу мақсатында жаңа резервтiк валюта қабылдау туралы ұсынысты әлдеқашан күн тәртiбiне шығарған көрiнедi. Ал АҚШ президентi Барак Обама сейсенбi күнi Ақ Үйдегi баспасөз мәслихатында әлемнiң жаңа ғаламдық валютаға мұқтаж еместiгiн мәлiмдедi. Оның пiкiрiнше, қаржылық дағдарыстың кесiрiнен әлсiреп қалған америкалық доллар бүгiнде қайта күш жинады, ал АҚШ экономикасын қуатты деп бiлетiн инвесторлар қауымы Америкаға иек артуға мүдделi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ