“КӨШПЕНДIЛЕР ӨРКЕНИЕТI”

“КӨШПЕНДIЛЕР ӨРКЕНИЕТI”

“КӨШПЕНДIЛЕР ӨРКЕНИЕТI”
ашық дереккөзі
330

“Арудан асқан жан бар ма?

Жылқыдан асқан мал бар ма?

Биенiң сүтi сары бал —

Қымыздан асқан дәм бар ма?!”

— деп Ақтамбердi бабамыз жырламақшы, неше мыңжылдық тарихы бар, қазақтың мақтанышы, төл асы, асылы, шөлдесе сусыны болған асылымыздың қадiрiн ұмытқан секiлдiмiз. Ол аз десеңiз, қымыз дәмiн татып көрмеген қазекеңдер де бар екен. Өмiрiнде бiр-ақ рет қымыз-шұбатты татып көрген немiстер 500 бие ұстап, қымызды өндiрiп жатыр екен. Ал Ресейде жылқы-түйе өсiрiп, қымыз өндiретiн 80-нен астам фирмалар болса, тек қана қымызбен емдейтiн 48 санаторий бар. Бүгiнде қымызды Түркия мен Жапония да өндiредi. Яғни қымызды Қазақстаннан басқаның бәрi де өндiрiп жатқан сияқты. Әлем бойынша мойындалған сусынымыз өз арамызда кенжелеп жатқанын ескерiп, “Көшпендiлер өркениетi” атты iскерлiк топ қолға алды. Мақсаты белгiлi. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, саятшылық өнерiн шетелдiктерге таныстырып, қымыз-шұбат, iрiмшiк-құрт-май секiлдi ұлттық ас-суымызды насихаттау. Соған орай өткен аптада Республика сарайының алдында Ұлыстың ұлы күнiне байланысты “Көшпендiлер өркениетi” мен “Саржайлау” қымыз орталығының тұсаукесер рәсiмi өттi. Бұл шарада саятшылар мен құсбегiлер көрсетiлiмi, көшпендi халықтың мәдениетi мен салт дәстүрiнен үзiндiлер, “Саржайлау” қымыз орталығының өнiмдерiмен қалың бұқара етене танысты.

— Қазақтың ары қарап кеткен бетiн берi қарату өте қиын. Қонаққа барып отырған кезде көптеген адамдар арақ пен сыраны қылқытып отырады ғой. Осының бәрiне қарап отырып, не iстесе болады деп ойланатынмын. Ақылдаса келе, халық жиналатын жерге акциялар ұйымдастыруды жөн көрiп отырмыз. Бәрi халықтың игiлiгi үшiн, — дейдi Ахметбек Нұрсила.

Немiстер бие сүтiнен балаға тағам дайындайды. Бие сүтi мен ана сүтiнiң құрамы бiрдей. Ал бiз балаларымызды уландырып жатырмыз. Шетелден мерзiмi өткен тағам әкелемiз. Германия буыны қатпаған баласын ғана емес, олимпиадаға қатысатын спортшыларын да қымызбен баптайды. “Көшпендiлер өркениетi” ЖШС бас директоры Ахметбек Нұрсила: “Бiзде сондай күндерге жетермiз” дейдi. Ұлттық олимпиадалық комитетке ұсыныс жасап, саңлақтарымызды сусынмен қамтамасыз ету ойда бар.

Ұлт зиялылары отандық кәсiпкерлердiң бастамаларын оң бағалап, өздерiнiң ағалық баталарын да берiп жатты. Тек елiмiзде этно ауылдар мен қымызханалар салып, ұлттық брендтердi айшықтай түсу үшiн мемлекеттiң де үлкен қолдауы қажеттiгiн жеткiздi. Олар “ұлттық брендтердiң тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында” кету үрдiсiне тоқтау салу қажет деген ойда.

Назым ӘШIМХАН

Серіктес жаңалықтары