ҚР Бiлiм министрi Жансейiт ТҮЙМЕБАЕВ: ҰЛТТЫҚ КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУ БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ

ҚР Бiлiм министрi Жансейiт ТҮЙМЕБАЕВ: ҰЛТТЫҚ КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУ БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ

ҚР Бiлiм министрi Жансейiт ТҮЙМЕБАЕВ:  ҰЛТТЫҚ КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУ БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ
ашық дереккөзі
267

Сонғы жылдары мемлекет тарапынан жастарға айтарлықтай қамқорлық жасалынып жатыр. Елiмiздiң болашағы – жастарды қолдау, оларға кәсiптiк бiлiм беру, елiмiздiң дамуына, өркендеуiне өз үлесiн қосатыны даусыз.

Кешегi Елбасының Жолдауы халықтың рухын көтердi, жастарды отансүйгiштiкке шақырды. Мұнда ең алдымен қазақстандықтардың еңбекпен қамтылу стратегиясын iске асыру мүмкiндiгiне даңғыл жол ашылды. Жұмыс орындарының жеткiлiктiлiгi Үкiмет мүшелерi мен әрбiр әкiмнiң Қазақстан экономикасының тұрлаулы дамуын қамтамасыз етуге қабiлеттiлiгi айқындалатын негiзгi көрсеткiш болуға тиiс делiнген Жолдауда. Әрбiр әкiм, әр министр апта iшiнде қанша жұмыс орнының қысқарғанын және жергiлiктi орындарда қаншасын ашқанын бiлу – тұрлаулы дамудың негiзi болып табылады.

Өңiрлiк жұмыспен қамтылуды және кадрлардың қайта даярлануын қамтамасыз ету үшiн Үкiметке 140 миллиард теңге бөлудi Елбасы нақты тапсырды. Жергiлiктi бюджеттерден де жұмыспен қамту стратегиясын бiрлесе қаржыландыруға ресурстар қаралатын болды. Жұмысынан айырылғандар үшiн жаңа жұмыс орындары құрылатын болды. Кем дегенде 350 мың қазақстандық жұмыспен қамтамасыз етiледi. Мемлекет оқу ақысын төлеу үшiн қаржысыз қалған студенттерге қолдау бiлдiрдi. Мемлекет барлық студенттер үшiн 11 мың грант және 40 мың несиенi қосымша бөлiп отыр. Әлеуметтiк жұмыс орындарын кеңейту және жастар практикасын ұйымдастыру қолға алынады. Халықты жұмыспен қамту туралы қолданыстағы Заң бiзге бюджет қаражатын осы мақсатқа пайдалануға мүмкiндiк бередi екен. Жолдауда 2008 жылы 13 мыңнан астам адам осы бағдарламалар бойынша өз мүмкiндiктерiн iске асырады делiнген.

Жолдауда әлемдiк дағдарыс жағдайында бiздiң жұмыспен қамту стратегиямыз кадрларды қайта үйрету және қайта даярлау жөнiндегi толық ауқымды жұмысқа бағытталғаны нақты атап көрсетiлген. Елбасы Үкiметке әкiмдермен бiрлесiп қазiргi бар оқу орындарының базасында мамандарды қайта даярлауды ұйымдастыруды тапсырды. Елбасы: “бiздiң адамдарымыз оқып – үйренуге тиiс, бүкiл әлемде адамдар өмiр бойы оқумен өтедi. Мына жағдайда қайта оқуға, сөйтiп бүгiн қажет болып отырған мамандықты игеруге мүмкiндiк те бар, қажеттiлiк те бар.

Бiз қазiр барлық iрi құрылыс кәсiпорындарының адамдарды басқа мамандықтарға оқыту үшiн қарыз бөлуге мiндеттеймiз. Барлық жерде осылай болуға тиiс. Егер Үкiмет пен әкiмдер жұмысты ойдағыдай ұйымдастыра алса, адамдар оқуға отырады да, жаңа мамандықтарды игерiп алып кетедi” .

Кадрларды қайта даярлау және қайта оқыту жөнiндегi жүйелiлiк жұмыс мемлекеттiк биiк мақсаттарды көздеп отыр. Жаңа мамандық бойынша жұмыс iстегiсi келетiн әрбiр адамның оқуға мүмкiндiгiн туғызуымыз керек.

Осы өмiр талабына орай бiз қазiрден техникалық және кәсiптiк бiлiм беру iсiн өркениеттi елдердегiдей бiр жүйеге келтiруiмiз керек. Қоғамдық-пайдалы кәсiптiк қызметтiң негiзгi бағыттары бойынша техникалық және қызмет көрсету еңбегiнiң бiлiктi мамандарын даярлауға бағытталғанын бағалайтын уақыт жеттi.

Техникалық және кәсiптiк бiлiм беру жүйесi меншiк және бағыныстылық нысанына қарамастан, техникалық және қызмет көрсету еңбегi кадрларын, сондай-ақ орта буын басқарушыларын даярлаудың кәсiптiк бiлiм бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарының желiсi болып табылады.

Техникалық және кәсiптiк бiлiм беру кәсiптiк лицейлерде, училищелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде негiзгi орта және (немесе) жалпы орта бiлiм базасында жүзеге асырылады.

Кәсiптiк оқыту тiкелей өндiрiсте, оқу-өндiрiстiк комбинаттарда, жұмысшы кадрларды даярлауды жүзеге асыратын оқу орталықтарында, курстарда, заңды тұлғалардың оқу-өндiрiстiк құрылымдарында жүзеге асуы мүмкiн.

Қазiргi таңда 866 техникалық және кәсiптiк бiлiм беретiн оқу орындарында 610 498 студенттер оқып жүр.

ТжКБ-ның мазмұнын жаңарту үшiн қазiргi еңбек рыногының талаптарын ескерiп отырмыз.

Инфрақұрылымды және материалдық-техникалық базаны дамыту бағытында көп жұмыстар қолға алынды.

Техникалық және кәсiптiк бiлiмдi дамыту және бiлiктiлiктi арттырудың республикалық ғылыми-әдiстемелiк орталығы құрылды. Қарқаралы қаласында республикалық бюджет және “Тенгизшевроил” ЖШС-нiң қаражаты есебiнен Атырау облысы, Құлсары қаласында кәсiптiк лицей салынды. Астана қаласында екi кәсiптiк лицейдiң (бiреуi “Қазақмыс” ЖШС-нiң қаражаты есебiнен, екiншiсi республикалық бюджет есебiнен) және Атырау қаласында мұнай-газ саласына арналған өңiраралық орталықтың құрылысы басталды. Екiбастұз қаласында отын-энергетикасы, Шымкент қаласында өңдеу, Өскемен қаласында машина жасау салаларына арналған өңiраралық орталықтардың құрылысын бастауға қажеттi жұмыстар жүргiзiлуде.

Кадрларды даярлаудың және бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң сапасын қамтамасыз ету үшiн нақты жұмыстар жүргiзiлдi.

Ағымдағы жылдың оқу бiтiрушiлерiнiң кәсiби даярлық деңгейiн тәуелсiз бағалау жүргiзiлдi. Астана, Алматы, Щучье, Қарағанды, Шымкент, Орал қалаларында педагог қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыру жөнiнде өңiраралық орталықтар құрылды, мұнда 652 оқытушы және өндiрiстiк оқыту шеберлерi бiлiктiлiгiн арттырды.

Техникалық және кәсiптiк бiлiм беру мәселелерi бойынша жергiлiктi атқарушы билiктiң атқарар жұмысы да ауқымды болып отыр. Атқарушы билiк техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлейдi. Техникалық және кәсiптiк бiлiм берудi қамтамасыз етедi. Мамандарын даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын жасап бекiтедi. Мемлекеттiк ұйымдардың материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етудi жүзеге асырады. Ұйымдарына арналған оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендердi алады және жеткiзедi. Бюджеттiк қаражаттар есебiнен қаржыландырылатын ТжКБ-ның мемлекеттiк ұйымдары кадрларын қайта даярлауды және қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады. Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттiк қамтамасыз етудi, оларды жұмысқа орналастыруды және тұрғын үймен қамтамасыз етудi жүзеге асырады.

Тұтастай алғанда Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында соңғы жылдары ТжКБ-ның жүйесiн дамытуға жеткiлiктi деңгейде көңiл бөлiнiп келедi.

2008 жылы материалдық-техникалық базаны нығайтуға бөлiнетiн қаражат көлемi үш есеге ұлғайды.

Техникалық және кәсiптiк бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы қабылдануына байланысты жергiлiктi атқарушы және өкiлдiк органдардың жұмысы айтарлықтай жандандырылды. 2008 жылы жергiлiктi бюджет есебiнен техникалық және кәсiптiк бiлiм мамандарын даярлауға арналған мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысының көлемi 3140 орынға өстi. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасы 2,4 млрд. теңгеге нығайтылды. 2008 жылы 126 интерактивтi жабдықтар кешенi орнатылды. Бiлiм беру ұйымдарына 2,6 млрд. теңгеге күрделi жөндеу жүргiзiлдi.

Техникалық және кәсiптiк бiлiм беру жүйесiнде қордаланған проблемаларды ашық талқылап, бұқараға жеткiзу басты мiндеттi секiлдi. Өйткенi бұл салада адамдар арасында әр түрлi көзқарастар қалыптасқан. Бiреу – сенiмсiздiк бiлдiрсе, бiреу – үмiтпен қарайды.

Алайда, техникалық және кәсiптiк бiлiм беру жүйесiн басқару құрылымы ұлттық деңгейден оқу орнына шейiн тiкелей үзiлген. Басқарудың бiрыңғай жүйесiнiң болмауынан жарамсыз болып қалды. Сондықтан ол онша тиiмдi және нәтижелi емес. Облыстық бiлiм департаменттерiндегi кәсiптiк бiлiм бөлiмдерi әкiмдiктердiң құрылымында және ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiне тiкелей бағынбайды. Облыстағы оқу орындарының санына қарамастан олардың бәрiнде қызметкерлер саны өте шектеулi күйiнде қалып отыр.

Министрлiк кәсiптiк лицейлер мен колледждердiң қызметiне, кәсiпорындар мен жұмыс берушiлер арасында байланыс орнатуға тiкелей ықпал ете алмайды, өйткенi олардың барлығы дерлiк жергiлiктi атқарушы органдарға қарайды. Оқу орындарының қызметiн қамтамасыз ету бойынша барлық басқарушылық шешiмдер (бюджеттi қалыптастыру, қаржыландыру, материалдық-техникалық жарақтандыру, оқу әдебиеттерiмен қамтамасыз ету, жұмыс берушiлердi тарту т.б.) жергiлiктi деңгейде қабылданады.

Қолданыстағы басқару механизмi тұтынушыларға бағдарланбаған, кадрларды даярлауды шынайы әрi дәл бағалауға, қандай және қанша кадр даярлау қажет, оларды қалай, қайда оқыту керек деген сияқты мәселелердi анықтауға мүмкiндiк бермейдi. Адами ресурстарды дамыту жөнiнде көптеген бастамалар, iс-шаралар, бағдарламалар мен жобалар бар, бiрақ олардың қызметiн үйлестiру қарастырылмаған деуге болады, сондықтан олар әрқайсысы бiр-бiрiне байланыссыз жұмыс iстейдi. Жинақталған оң тәжiрибе оқу орны немесе облыс көлемiнде ғана пайдаланылады және тиiстi құрылымдар арқылы ұлттық деңгейде таратылмайды, өйткенi салааралық институционалды өзара қарым-қатынас жасау механизмi жоқ. Штат санының шектеулiлiгi себептi бөлiмдер еңбек ресурстары мен кадрларды кәсiби оқытудың аумақаралық, ведомствоаралық өзектi мiндеттерiн үйлестiре алмайды.

Осы саладағы кейбiр өкiлеттiлiктiң республикалық деңгейге беру мүмкiндiгiн қарастыра отырып, өңiрлер мен орталықтың өзара iс-қимылын сапалы өзгертудi қамтамасыз ету қажет. Сондықтан Мемлекеттiк бағдарлама Үкiмет жанынан Ұлттық кеңес құруды қарастырады.

Сонымен қатар тегiн техникалық және кәсiптiк бiлiм алуға жастардың өте аз бөлiгiнiң ғана мүмкiндiгi бар. 2008 жылы мектеп бiтiрушiлердiң 18,3 пайызының ғана мемлекеттiк бюджет есебiнен кәсiп иеленуiне және мемлекеттiк оқу орындарында техникалық және кәсiптiк бiлiм алу құқығын iске асыруына мүмкiндiк бередi. Салыстыру үшiн Финляндияда, Норвегияда мектеп бiтiрушiлердiң 85 пайызы мемлекет есебiнен кәсiпке ие болады, содан кейiн қалауы бойынша жоғары бiлiм ала алады. Германияда бiр жылда туылған жастардың 70 пайыздан астамы тегiн кәсiп иеленетiндiктен, кәсiпорындардың кадрларға нақты сұранысы тұрақты қамтамасыз етiледi. Осы және басқа елдерде мемлекет жастардың басым көпшiлiгiн кәсiппен және мамандықпен тегiн қамтамасыз етедi. Менiң ойымша, етiкшi болсаң да нағыз кәсiпқой етiкшi болуға тиiс деген қағида жүзеге асу керек деп ойлаймын.

Халықты техникалық және кәсiптiк бiлiммен қамту көптеген факторларға байланысты, соның iшiнде халықтың тығыздығына, халықтың кәсiптiк оқуға деген сұранысына, еңбек нарығының техникалық және қызмет көрсету еңбегiнiң кадрларына деген сұранысына, сол жастағы жастардың санына орта және басқа да мектептердiң негiзгi сатыларының бiтiрушi түлектерiне байланысты.

Жергiлiктi бюджеттiң ТжКБ-ға арналған мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын, әдетте, негiзгi орта (9 жылдық) бiлiм базасында кадрларды даярлау үшiн бөлу қалыптасқан.

Жалпы орта бiлiмнiң базасында мемлекеттiк тапсырыс бойынша 34429 адам (18 %) ғана кәсiптiк бiлiм алуда. Алайда, халық арасында 11 жылдық бiлiмнен кейiн ТжКБ алуға сұраныс көп. Ақылы түрде жалпы орта бiлiмнiң базасында 183864 адам бiлiм алады (ТжКБ бiлiм алушыларының жалпы контингентiнен 30%).

Осылайша, азаматтардың тегiн техникалық және кәсiптiк бiлiм алуға мүмкiншiлiгi, ең алдымен, бюджеттiк қаржыландыру көлемiнiң аздығынан шектелуде.

Жергiлiктi бюджеттен бөлiнетiн мемлекеттiк тапсырыс көлемiнiң тым аз болуы өзектi проблемаларға әкеп соғады.

Бiрiншiден, жыл сайын жалпы бiлiм беретiн мектептердiң көптеген түлегi не жұмысы, не кәсiбi, не жоғары бiлiм алуға мүмкiндiгi болмай қалып отыр. Ешқайда орналаспаған бiтiрушiлер саны соңғы жылдары: 2006 жылы – 13715 адамды, 2007 ж.- 11402 адамды, в 2008 ж. -11203 адамды құрады. Ешқайда бiлiм алмаған, кәсiбi жоқ жастардың өмiрге бейiмделуi қиынға соғады, жастардың жұмыссыз бос жүруi қоғамдағы әлеуметтiк шиеленiстi күшейте түседi.

Екiншiден, экономика салаларының бiлiктi мамандарға қажеттiлiгi қанағаттандырылмайды, барлық өңiрлерде мамандар тапшылығы кездеседi, бос орындар мен кадрларға үлкен сұраныс бола тұра жастардың жұмыссыздық деңгейi, әсiресе, Солтүстiк Қазақстанда – 11,3 пайыз, Астана қаласында – 11,1 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында – 10,8 пайыз байқалады.

Үшiншiден, қызметкерлерге деген сұранысты қанағаттандыруды iшкi еңбек рыногы есебiнен мүмкiн болмауынан шетелдiк жұмыс күшi әкелiнедi. 2008 жыл жұмыс берушiлер қазақстандық кәсiпорындардың жұмысына 51,3 мың шетелдiк жұмыс күшiн тартқан.

Шетелдiк жұмыс күшi ең көп тартылғаны Астана қаласында – 13,5 мың адам, Алматы қаласында – 11,3 мың және Атырау облысында – 10,3 мың адам.

Төртiншiден, кадрлар даярлаудың деңгейi мазмұны жағынан да, көлемi жағынан да экономика салаларының қажеттiлiгiн қанағаттандырмайды.

Iрi компаниялар ТжКБ жүйесiне сенiмсiздiкпен қарайды, ол алдымен қазiргi заманғы оқу-материалдық база мен жабдықтардың болмауына байланысты.

Кадрлар даярлауды ынталандыру және қазiргi заманға сай оқу орындары мен кадрлар даярлау орталықтарын дамыту мақсатында ҚР БҒМ-мен, әкiмдiктермен, облыстармен, iрi компаниялардың арасында техникалық және кәсiптiк бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы 29 келiсiмге (меморандумға) қол қойылды.

Облыстарда, Астана және Алматы қалаларында оқу орындары 8 мыңнан астам компаниялармен және кәсiпорындармен (оның iшiнде шағын және орта бизнес кәсiпорындарымен) келiсiмдер, шарттар жасалды.

Бұл келiсiмдер жұмыс берушiлердiң кәсiби стандарттар мен бағдарламаларды әзiрлеуге, бiтiрушiлердiң дағдысы мен бiлiктiлiгiн бағалауға және оларды жұмысқа орналастыруға, бiлiм алушылардың өндiрiстiк практикасын, кәсiптiк лицейлер мен колледждiң арнайы пән оқытушылары мен өндiрiстiк оқыту шеберлерiнiң тағылымдамадан өтуiн ұйымдастыруға қатысуын, сондай-ақ кәсiпорындардың iрi өндiрiс орындары жанынан оқу орталықтарын құру жөнiндегi мiндеттердi қамтиды.

Осындай беделдi ұйымдармен ынтымақтастық қазақстандық бiлiм беру қызметiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға ықпал ететiн үздiк халықаралық бағдарламаларды енгiзу, жетекшi шетелдiк жоғары оқу орындарымен тiкелей байланыстарды орнату, атақты шетелдiк сарапшылар мен оқытушыларды тарту жөнiндегi маңызды бiлiм беру жобаларын iске асыруға мүмкiндiк бередi.

Елбасының биылғы Жолдауында жастардың жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтiк жұмыс орнын ашу, қазiргi кезде жергiлiктi жердегi бiздiң тұрмысымызға қажеттi өндiрiс орындарын ашу мәселелерi нақты айтылғаны бiздi қуантып отыр.

Серіктес жаңалықтары